Жаңалықтар

Асқар Мұқият: «Ұстанымым – баба мұрасын аманатқа қиянат жасамай ұрпаққа жеткізу»

Жаны таза адамнан тұнық әрі таза өнер шығады
 Асқар Мұқият: «Ұстанымым – баба мұрасын аманатқа қиянат жасамай ұрпаққа жеткізу»
21.06.2019 18:19 6562

Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Ұлы дaлaның жетi қыpы» мақаласында «Aуызшa және мyзыкaлық дәcтүрді жaңғыpту қaзiргi зaмaнғы aудитopияға жaқын әpі түcінікті фopматтa бoлуы кepeк», – деп атап өткен болатын. Елордада «Жастар жылы» аясында Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуына орай өнер жолында өзіндік ерекшелігімен дараланған  өнерпаз, дәстүрлі әнші Асқар Мұқият «Бабадан қалған аманат» атты концертін өткізеді. Оның орындайтын шығармаларының баршасы көңіл түкпіріне жылы сезім ұялатып, өнер сүйер қауымның көңілінен шығуында. Осы орайда, өзінің таза табиғи дауысымен ән шырқап талайды таңғалдырып үлгерген, дәстүрлі ән өнеріне жаңа серпін әкелген дәстүрлі әнші, солист әрі Халықаралық «Шабыт» жастар фестивалінің жүлдегері – Асқар Мұқиятпен әңгімеміз ұлы ақынның туғанына орай өткізілетін кеші мен өнер жолы жайлы тақырыптар төңірегінде қозғалды.

– Жалпы өнер саласына келуіңізге не түрткі болды?

Өнерге қызығушылығым сонау мектеп қабырғасынан басталды. Алматы облысы, Талдықорған қаласы Сырымбет ауылында Жұматай Жақыпбай атындағы орта мектепте оқыдым. Сол кезде мектебімізде үйірме болатын. Өнер саласына келуіме арнайы күйден сабақ беретін мұғалімдерім септігін тигізді десем болады. Үйірмеге қатысатын өзімнен жоғары сынып оқитын оқушыларға да қызығатынмын. Үйіміздің төрінде үнемі домбыра ілулі тұрады. Домбырадан естіген әнімді балалық шақта естіп әрі дыңғырлатып жүрдім. Содан бастап өнерге деген қызығушылығым арта бастады десем болады.  

– Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай «Бабадан қалған аманат» атты концертіңіз өтпек. Өнерсүйер қауымға қандай тосын сый әзірлеп жатырсыз?

– Концерттің аты айтып тұрғандай, концертіміздің мақсаты – хәкім Абай шығармаларын ұрпақтан ұрпаққа жеткізу, мұра ретінде қалдырып кеткен аманатын халыққа жеткізе білу, әндерін орындау.

Енді ғана өнердің үлкен жолына аяқ басып келе өнерпаз ретінде айтарым, бір жағынан мен де - құрметті көрермендеріме таңсықпын. Яғни, келген көрерменге мен де тосын сый болатын шығармын деп ойлаймын. «Жастар жылы» аясында өтетін бұл кеште халық композиторлары мен халық әндері, ұлы ақын Абай Құнанбайұлы және заманауи композиторлардың әндері көрермендерге ұсынылады. Сонысымен ерекшеленеді деп ойлаймын.

– Абай әндерінің насихатталу деңгейі қандай? Көңіліңіз тола ма?

– Әрине. Қазіргі таңда Абай Құнанбайұлын қазақ халқы ғана емес, жалпы әлем біледі деп айтсам артық болмас. Өйткені, оның орыс ақындарының аударған еңбектері бар. Абайдың қаншама еңбектері әлемнің көптеген тілдеріне тәржімаланған. «Қазақ» деген кезде алдымен Ұлы Абай еске түседі емес пе?! Сондықтан, Абайдың өлеңін, жолын ұстану бізге парыз!

– Өнердегі және өмірдегі ұстаздарыңыз жайлы айтып өтсеңіз.

– Өнердегі ұстаздарым сонау мектеп кезінде басталған. Ол кезде Айсұлу деген мұғалімім болды. Кейін қалаға келген 2010-2014 жылдары Талдықорған қаласындағы Қанабек Байсейітов атындағы саз колледжнің «Бас қобыз» бөлімінде оқыдым. Сол кездегі өнер жолындағы алғашқы ұстазым Наурыз Кәміл болды. Ол кісі виолончель аспабынан сабақ берді. Есімде қалғаны, сол колледждің табалдырығынан аттап кіріп, кіреберістің оң жағында қазақ топырағынан шыққан ұлы данышпан әл-Фарабидің «Адамға ең бірінші білім емес тәрбие берілуі тиіс, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» - деген сөзі жазылған. Сол сөзді әрқашан Наурыз ұстазымыз біздің жадымызға ұстататын.

2014-2018 жылдары Елордамыздағы Қазақ Ұлттық өнер университетінде «Дәстүрлі музыкалық өнер» бөлімінде оқыдым. Ұстазым Ербол Сарин ағамыз болды. Сондай-ақ, өмірлік тәжірибесімен жиі бөлісіп, дауыстың қалай орынды шығуы мен әнді қалай ішкі жан-дүниемен айта білуде өзінің өмірлік кеңесін аямайтын Махмұт Тойкенов деген ағам бар. Осы кісілер менің ұстаздарым. Жалпы мені осы өнер саласында жүрген өзімнен үлкен немесе кіші болсын үлгі алатын кісілерді ұстазым деп білемін.

– Бұл кешке дайындық қашан басталды және репертуарыңыздағы жаңалықтар туралы айтып өтсеңіз.

Бұл кешке дайындық өткен жылы Қазақ Ұлттық өнер университетін бітіріп жатқан кез - есеп беру концертінде басталған болатын. Сол күннің дайындығы кезінде: «..оқуға түстік, енді қазір бітіріп жатырмын. Бітіргеннен кейін дипломы бар білікті маман ретінде жеке концертімді берсем» деген деген ой болған. Қазір «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының солисімін. Осы ұжымның қолдауымен осы концертті ойластырдық, ұйымдастырып жатырмыз. Бұл концертті ойластыруға 2-3 айдай уақыт кетті.  

Репертуарымдағы жаңалықтар, бакалаврдың 3-4 курсында «Опералық ән салу» мамандығы бойынша қосымша оқып жүрген кезден қалыптаса бастады. Сондықтан, Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай ұйымдастырылған кеште тек қана дәстүрлі ән емес, мен және іні-қарындастарымның орындауындағы классикалық бағыттағы әндер де орындалады.  

– Жас дәстүрлі әнші, солист ретінде қандай қиындықтарға кез болдыңыз? Оларды еңсеру үшін қандай амалдар қолданасыз?

– «Сын түзелмей, мін түзелмейді» - деп атам қазақ айтпақшы, өнердегі тәжірибенің азырақ болуынан кейбір жағдайларда сынға ұшырап жататын кездерім болды. Мәселен, сахнаға шыққан кезде әннің сөзін,  арасындағы кейбір элементтерді ұмытып қалу секілді. Сол кезде ұстаздарым түзетіп жатады. Бірақ, қатты бір сынға ұшыраған емеспін.  

– Шетелдерде жоғары дәрежеде өнер көрсетіп жүрген солист, дәстүрлі әнші ретінде білген-түйгеніңізбен бөліссеңіз.

– Ұлтым деп жүрген әр өнерпаз бен азаматты қазақ халқы әрдайым жоғары көтеруге дайын. Дейтұрғанмен, Еуропа елдерінде өнер, мәдениет бізден қарағанда шамалы ертерек дамыған болса керек. Әрқашан шетелге гастрольдік сапармен барған кезде домбырамен ән айтып тұрғанымызда оларға домбыра таңсық аспап ретінде қарағанын байқап қаламыз. Қазақ тілінде айтып тұрсақ, оларға бұл да таңсық тіл екенін байқап қоямыз. Бірақ өнерімізді түсініп отырған сияқты боп көрінеді бізге. Сеземіз де, ойлаймыз да. Сондықтан, олар сабырлықпен философиялық немесе трагедиялық ән айтып тұрғанымызды түсінеді.  Жалғыз олар емес, жалпы адамзат баласы да солай түсінеді деп ойлаймын. Маған ерекше әсер қалдырғаны домбырамен қазақ тілінде ән айтып тұрған кезімде ұлттық музыкамымызды естіп, олардың таңқалып тыңдағаны мені қатты қуантты. Соны көре тұра және сезе тұра мен қазақ болып туғаныма қуанамын... Ұлы Дала елінің музыкалық дәстүрін, атап айтар болсам, Еуропаның Австрия, Словения, Сербия, Словакия, Мажарстан, Франция, Белгия және Азияның Иордания, Египет, Ресей сияқты елдерінде бар күш-жігерімізді салып, Қазақ Елінің ұлттық әндерін танытып жүргеніме өзімді бақытты сезінемін!

– Асқар мырза, өмірлік ұстанымыңыз қандай?

– Өмірлік ұстанымым – жан дүниемді таза ұстау, қолымнан келсе бабадан қалған мұраны ұрпаққа аманатқа қиянат жасамай жеткізу. Жаны таза адамнан тұнық әрі таза өнер шығады деген ұстанымым.

– Қазіргі нарық заманында өнерпаз болу арқылы өз-өзіңізді толық қамтамасыз етіп жүрсіз бе? Қосымша табыс көзін басқаша қалай табуға болады деген ой келмей ме?

– «Шүкір етсең маған, тағы берем саған» - дейді ғой. Әр басқан қадамым мен әр өнер көрсеткен сахнама, әр тапқан табысыма Аллаға шүкір етемін. Бәрі жақсы. Ал қосымша табыстың реті келіп жатса, қарсы емеспін.

– Әнші болмасаңыз кім болар едіңіз?

– Әнші болмасам, спортшы болатын шығармын... (күледі)

– Көптеген республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты атандыңыз. Өнер адамына жетістікке жету үшін қандай қасиеттер керек?

Табандылық. Алға нақты мақсат қоя білу және терең білім қажет.

– Байқауларға қатысып болдыңыз ба, әлде тағы да қатысу ойыңызда бар ма?

– «Болдым, толдым...» деген өнерпаздың сол жерде үні өшкені дейді ғой. Әрқашан ізденіс үстінде боламын деп сенімді түрде айта аламын. Қатысамыз...

– Қандай кітаптарды оқуға ұсынар едіңіз?

– Қазақ ұлттық өнер университетінің І курс магистратурасын бітірдім. Осы бір жыл ішінде ғылым саласында біраз тәжірибе жинақтадым. Соңғы кездері ғылыми кітаптарды оқуға жаным құмартуда. Бұған дейін көркем әдеби кітаптарды оқып келдім. Жалпы, білімге деген қызығушылығын арттырғысы келген жандарға көркем әдеби кітаптарды, оның ішінде А.Құнанбайұлы, М.Әуезов және басқа да қазақ ақын-жазушыларының кітаптарын оқуды ұсынар едім.   

– Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің бас жүлдегері екенсіз. Алдағы жоспарларыңыз қандай?

Алдағы жоспарым, қазір магистратурада оқып жатқан «Опералық ән салу, вокалдық ән салу» мамандығын жақсы меңгеру, тәмамдау. Классикалық қазақ әндері мен салт-дәстүрлерінің бояуын жоғалтпай, сауатты түрде үлкен әлемдік сахнаға алып шығып, өнер көрсетсем деймін.

– Әңгімеңізге рахмет. Сіздерге шығармашылық табыстар тілеймін!

(Суреттер  Асқар Мұқияттың  жеке мұрағатынан алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға