Жаңалықтар

«Жастарға тегін білім беретін ІТ-мектеп ашуды көздеймін»

«100 жаңа есім-2019» жобасының жеңімпазы Алдияр Жұмажановтың арман-тілегі
«Жастарға тегін білім беретін ІТ-мектеп ашуды көздеймін»
09.01.2020 11:30 3700

Алдияр Жұмажанов – мобильді ойындардың продюссері. «Ұлы сұлтан» мен «Ұйқы шеберлері» сияқты қалтафонға арналған ойындарды ойлап тапқан. Ендігі қазақ ІТ-саласының маманы «Ұлы хан» атты әлемдегі тұңғыш 3D ойынын әзірлеп жатыр. Ол бүгінде аспан асты елінің Xiamen қаласында тұрады. Беделді Mechanist Games компаниясында еңбек етіп жүр.

Шымкент қаласының тумасы Алдиярдың Dendy, Tetris, Sega секілді ойындарға қызығушылығы бала кезінен пайда болған. Ал 13 жасында анасы компьютер әперіп, оның жаңа технологияға деген махаббатын одан сайын арттырады.

«Бағдарламалауға ынтам бірден артты» деп айтудың өзі қиын шығар. Себебі, ол кездегі интернеттің мүмкіншілігі туралы барлығымыз жақсы білеміз. Өте қымбат тұратын желіге тек аптасына бір рет қосылып жүрдім. Ал жалпы компьютермен таныстығым сол кезде басталып кетті.

16 жасына дейін ол бағдарламаулардың бірнеше тілдері мен JavaScript, Linux операциялық жүйесін меңгереді.

 Бұл уақытта бағдарламау тілі тек ағылшынша еді. Сонымен қатар, мен осы саланың даму нарықтарын зерттей келе АҚШ, Жапония не Қытайда білімімді жетілдіру керектігін түсіндім. Кәсіби жұмысты да осы өңірлерде табуға болатынын ұқтым. Ойлана келе елге жақын ғой деп Қытайды таңдадым.

Отбасымен ақылдасқан Алдияр алғашында қытай тілін үйрену мақсатында ақылы оқуға қабылданады. Бір жылдың ішінде  иерологифтерді меңгеріп шыққан бозбала Пекиндегі оқу орындарының бірінен тегін білім грантын жеңіп алады.

Мамандығым – мұнай-газ инженериясы болды. Сабақ ағылшын және қытай тілдеріне жүргізілді. Бұл кездері мен қосымша бағдарламау тілі мен веб-дизайн крустарына қатысып жүрдім. Бос уақытым бола қалса, ноутбуктан графикалық дизайнды үйренуге жұмсайтынмын.

2011-2016 жылдары жоғары оқу орнында тәлім алған Алдияр мамандығы басқа бола тұра, өзінің жанына жақын болған ойындар жағын таңдайды.

Оларды ойлап тауып, әзірлеу жұмыстарымен айналысамын деп шештім де, сол елдегі топ-15 компанияға түйіндеме жібердім. 5-6 әңгімелесуден өткеніммен, ешқайсысы мені жұмысқа алатын сыңай танытпады. Mechanist Games компаниясы менің соңғы мүмкіндігім болатын. Бұл ойындар студиясының негізін қалаған жаңа зеландиялық Дэвид Линдсейдің өзі бетпе-бет сұхбат жүргізді. Ол кезде ағылшыным да айтарлықтай деңгейге жеткен. Онымен еркін әңгімелестім. Жастығыма қарамай бағдарламауды біршама меңгерген маған көңіл толды деп ойлаймын.

Mechanist Games – Қытайдағы ойын шығаруымен айналысатын ірі компаниялардың бірі болып табылады. Мұнда үш жарым жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан Алдияр айтарлықтай жетістікке жетіп үлгерген. Алғашында техникалық қолдау көрсету бөлімінде қызмет еткен ол локализациялауға  және маркетинг пен брендинг жұмыстарына да ат салысады. Табысты еңбек етіп келе жатқан қазақ баласына жоғары жақтан жаңа ойындар идеясын ұсыну ойы тасталғанда ол аз-кем қабырғасымен кеңесіп, келісімін береді. Көп өтпей Алдияр көшпенді халықтардың ойынын жасау туралы ұсыныс айтады.

«Ұлы Сұлтан» мен «Ұйқы шеберлері» атты екі ойынның концепциясын жасадым. Басқа құрамдас бөлігі мен жарнамасы бойынша командамен жұмыс жүргіздік. ТМД нарығында ойынды насихаттап, локализациясын жасап, СММ жұмысымен де айналыстым.

«Ұлы Сұлтан» аталатын мобильді стратегия ойыншыларды Осман империясының басқарушысы етеді. Мемлекетті билеп, не түрлі әскери жорықтарға қатысып, империяны кеңейту – басты мақсатың болады. Ондай елді гүлдендіру оңай шаруа екен деп қалмаңыз. Тек дұрыс қадамдар, оңтайлы шешімдер, кеңесшілердің ақылы, басқа мемлекеттермен жүргізілген соғыстағы жеңіс қана жетістікке жетелейді. Бұл ойын әрбір қатысушыны өзіне баурап алатынына күмәніміз жоқ. Айтпақшы, қосымша AppStore және Google PlayMarket мобильді дүкендерінде сатылымда бар.

– Бүгінге дейін 20 миллион рет жүктеліп үлгерді, – дейді А.Жұмажанов.

Алдиярдың қазіргі уақытта олар әлем бойынша алғашқы болып ежелгі Қазақстан туралы «Ұлы хан« атты 3D-мобильді ойынын құрастырып жатқанын ілгеріде айтып кеткен едік.

Ол кәсіби дыбысталған. Сол сияқты ойыншылардың 360 градусқа бұрылу мүмкіндігі қарастырылған. Персонаждармен сөйлесе алады, қолдарын еркін қимылдатып, жүріс-тұрысын өзгертеді. Ойынды алдымен кішкентай нарыққа жіберіп көреміз. Ол тест ретінде болмақ. Аз нарықта жақсы сұранысқа ие болса, оны үлкен нарыққа жіберуге мүмкіндік бар. Алғашқы қадамымыз сәтті шықса, бірден АҚШ-тың, Ресейдің, Түркияның нарықтарына жіберу ойда бар.

Жоспар бойынша ойын наурыз-сәуір айында шығуы керек. Алдымен ағылшын тілінде қолданушыларға жеткізілетін «Ұлы хан» орысшаға да аударылады.

Өкінішке қарай, қазақ тіліне тәржімаланбайды. Біздің нарық өте тар. Оған қоса қазақстандықтар ақылы ойынға жүгінуге құлықсыз. Барлығымыз тегін нәрсені тартып алуға әдеттенгенбіз. Тек ПК ойындарға төлейтіндер бар. Ал мобильді ойындарға ақша шығындауға ешкім қызығушылық танытпайды.

Он жылдан бері Қытайда тұрып келе жатқан Алдияр инвесторлар мен билік талантты адамдарға көңіл бөлуді бастағанда елге оралатынын айтады.

Қазақстандық ІТ саласына қызығатын, әлеуметтік жобаларға қаржы құюға әзір кәсіпкерлер мен инвсеторларды менің жобама демеушілік танытуға шақырамын. Шымкент қаласында алғашқы болып графикалық дизайн,  бағдарламалау, веб-дизайн, СММ менеджментке үйрететін мектеп ашуды жоспарлап жүрмін. Ол үшін біршама қаржы керек екені аян. Бұл жобада ешқандай капиталистік идея жоқ. Тек шымкенттік жастардың ішінен ІТ саласының нағыз майталмандарын әзірлеуді мақсат тұтамын.

Мобильді ойындар продюссері елдегі ІТ саласының деңгейі көңіл көншітерлік емес екенін алға тартады.

«Қазақстанның 100 жаңа есім» жобасына ерікті түрде қатыстым. Ондағы мақсатым – барша қазақстандықтардың назарын өзім қызмет етіп жатқан салаға аударту. Енді Forbes  журналы ұйымдастырып жатқан «30 жас 30» жобасына еліміздің атынан сынға түсіп жеңіске жеткім келеді. Естіген болсаңыздар, бұл жобаға 18 бен 30 жас аралығындағы өз саласында айтарлықтай жетістікке жеткен жандар қатыса алады.

2019 жылы Мәскеу қаласындағы компания бөлімшесінің бас директоры болған Алдияр «100 жаңа есім» жобасында жеңіске жеткеніне өте қуанышты. Ол өзіне дауыс берген барлық отандастарға алғысын білдіреді.

Болашақты жасау бүгіннен басталады. Еліміздің ІТ саласын әлемдік деңгейге шығаруға болатынын үзбей айтып келемін. Менің жобама қолдау білдіремін деген кәсіпкерлер болса, қуана-қуана қабылдауға әзірмін. Сұхбат соңында еліміздегі ІТ саласына ерекше көңіл бөліп, оның дамуына қолдау білідіріп келе жатқан Дариға Назарбаеваға алғыс айтқым келеді – дейді Алдияр.

(Суреттер А.Жұмажановтың жеке мұрағатынан)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға