«Ұлытау өңірінде» жарық көрген белгілі қаламгерлердің тарихи шығармалары
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы Ұлытау төріндегі сұхбатында еліміздің тарихи және географиялық кіндігі, халқымыздың асыл бесігі саналған киелі жер екені жөнінде көсіле әңгімеледі. Елбасы «Ұлытау – өте қасиетті жер. Ұлытау деп аталуының өзінің тарихи мәні бар» деген болатын.
Ұлытаудың қасиетті болатындығына мына мысалды да келтіруге болады. Дәл осы жерде хандарды ақ киізге көтеріп, хан сайлап, олар болса туған халқына, еліне адал қызмет етуге ант берген. Абылайдың хан тағына отыру рәсімі де бабалар дәстүрімен Ұлытаудың етегіндегі «Хан ордасында» өткен. Қазақтың соңғы ханы Кенесары да Ұлытауда ақ киізге көтеріліп, қазақтың ханы атанды.
1993 жылдың қыркүйегінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлытауға арнайы келіп, мемлекет тұтастығы мен халық бірлігінің монументі қойылатын орынды белгіледі. Осы сапарда Ұлытау баурайында хан шатыры тігілді. Елбасын ақ киіз үстіндегі «хан тағына» отырғыздық, хан шапанын кигіздік. Осының бәрі өзімізше бабалар дәстүрін қайталағандық еді. Хан көтерілген жердің шапағаты жұғысты болсын деген ниет болатын.
Ұлытау, Ұлытауды ұлықтау жөнінде «Ана тілі» газетінде орынды мәселелер көтеріліп жүр. Ұлытау – ұлттың ұясы, бар қазақтың басын қосқан, ел, халық болуға ұрандаған жер дейтін болсақ, осында ұлы жердің, ұлттың өткенінен сыр шертетін, қазақ хандарының, қазақ батырларының даналығын, қайрат-жігерін ержүректігін көрсететін ауқымды ескерткіш-кешеннің салынуы өте қажет. Сонда Ұлытау туристік, демалыс аймағы болумен қатар, ұлы бабаларымызға тағзым ету орталығы да болар еді.
Елбасының өзі арнайы көңіл бөліп отырғаннан кейін Ұлытаудың бүгіні мен ертеңі мемлекет назарында болуы тиіс. Үкіметіміз бұл жөнінде кешенді бағдарлама қабылдаса да еш артықтығы болмайды.Мемлекет басшысы атап өткеніндей, расында да, біздің ұлттық тарихымыз – теңдессіз тарих. Ол Еуразия құрлығының ұлы өркениетінің жылнамасына өшпес, өшірілмес мәңгі қолтаңбасын қалдырды. Біздің өткенді қабылдауымыз түсіністік жағдайында, оң ниетте болуы тиіс. Ол отандастарымыздың арасына жік салуды емес, бірігуді, топтасуды көздейді.
Кезінде қазіргі Ұлы Далада төңірегіне билігі мен үстемдігін жүргізген алып мемлекеттер болған. Бұл жерде өмір сүрген халық та осал болмаған. Олар қаһармандығы мен айбарлығы арқасында Ұлы даланы еркін жайлаған. Қазіргі қазақ сол бабалардың мұрагері.
Жоғарыда тілге тиек етіп кеткендей, біздің түп тамырымыз Көк түріктерден, Алтын Ордадан басталады. Ал Қазақ хандығы бұл нағыз Отан, ел бастауы. Бүгінгі Қазақ елі тәуелсіздікке жетіп, арманын жүзеге асырды. Жарқын болашағы бар халқымыз шын мәнінде ұлы халық.
Тәуелсіздікке жету бар. Алайда оны баянды ету де зор жауапкершілік жүктейді. Сондықтан табысқа тоқмейілсімей, алға ұмтылып, биік белестерді бағындыру басты мақсат.
Ұлытау қаншалықты тарихы мол, шежірелі өлке болса, соншалықты бұл мекенге қызығып, саяхаттап, табиғатына тамсанбаған пенде кемде-кем десек артық айтқандық болмас. Бұлтпен таласқан биік тауларын, таңбалы тастары мен хандардың ордасы көптеген жазушылардың қаламына арқау болды. Бүгінгі күнге дейін жаз мезгілінде туристік орталықтың алаңына айналатын Ұлытау өз азаматтарымызбен қатар, шет ел азаматтарын да таңқалдырмай, тамсантпай қоймады.
Бозшакөлдің жалпақ жазығынан терістікке қарай қасқая жатқан қаражолмен Дулығалылатып Қаракөзден өтіп, өзеннің бергі қабағындағы үстіртке көтерілген жолаушылардың көзіне алыстан аспан түстеніп көкшіл тартып, мұнартып тұрған Ұлытаудың түстік жақ шеті - Едіге тауы шалынады. Сол ұлы биікке шыққан жанға оның түстік жағында көлденең жатқан сұлу жота «Серек» шыңды Кішітау көрінеді.
Үлкенге кіші тағзым етіп, кішіпейілділік кейіппен көрініс бергендей көңілге елес береді. Кішітау – Осы қасиетті екі биікті исі қазақ болғаннын бәрі қасиеттеп құрмет тұтады. Өйткені осы өңірден енші алып, қазағымның үш жүзі етек- жеңін жайып, ұлы далаға тарап, үлкен елге айналды емес пе? Сондықтан да қасиетті екі биіктің етегіндегі елдің Едігенің «майлы жұрты»-деп аталуы тегін емес. Әлемге атақ-даңқы жайылған Едігенің Ұлытаудың биік шыңына жерленуінің өзі көне заман тарихынын дәлелді айғағы боларлықтай үлкен белгісі болмай ма? Едігені алты алаштың баласы пір тұтып, оның аруағына сыйынады. Тарихтың төрінен орын алған, атақ-даңқы аңызға айналған түркі халқының мақтанышы болған Едіге туралы тарихи деректер мен жырлар ұрпақтан- ұрпаққа беріліп, келе жатыр. Едігені Алаштың әр елі өзінің батыры деп атайды Біреулер Едігені «Қара қылды қақ жарған» әділ би болған десе, енді біреулер Әулие деп қасиеттейді.Тарихи деректері бойынша Еуразиядағы ірі мемлекет Алтын Орданың тарихына байланысты Едіге батырдың аты бүкіл түрік түқымдас халықтардың (Қазақ, ноғай, қырымды, қарақалпақ, түрікпен, башқұрт, сібір татарлары, көшпенді өзбектер, тауды алтайлықтар) бәріне мәлім болар. Осы халықтар Едігені өзінің батыр-бабасы есебінде құрмет тұтқан. Алтын ортамен саяси байланыста болған сол кездегі елдердің ғылымға белгілі болған деректері (Араб және парсы, түрік және татар деректері, орыс және литва-польша деректері) бойынша ХІV ғасырдың екінші жартысы - ХV ғасырдың алғашқы ширегінде Едіге тарих төрінде орын алған ұлы тұлға болғандығы белгілі болып отыр. Араб тарихшысы Ибн АрабШах Едігені «ол қара торы, орта бойлы, дембелше, кең иыкты, ер кейіпті, түрі ақбарлы кісі еді» дейді. Ол кісінің ұлты қазақ, руы қоңырат болған.
Тарихи деректердегі Едігенің замандастары, оның даралығы мен даналығын, аса іскерлік терең білімді «стратег» қолбасшы екендігін мойындаған. «Ақылы кемел асқан жомарт, күлкісі биязы, аңғарымпаз да тапқыр, ғұлама оқымыстыларды сыйлаған, мәрт азаматтардықастерлеген, пақырларға мейрімді, иманлыларға қайырымды, ораза, намазын берік тұтатын шариғат жолын адал ұстаған. «Алланың аяты мен пайғамбардың хадисін Көкірегіне түйген адам еді»-деп, тарихи деректер Едігені осылайша дәріптейді. Алты алаштың да құрметтеп, қасиет тұтатыны халық қамын ойлаған Едігенің осы адамгершілік қасиеттерінен туындаған болу керек.
Дүниені дүркіреткен Алтын Орда мемлекеті ХІV ғасырдың 60 жылдарынан бастап, ішкі қайшылықтардың шиеленісуінен Шыңғыс ұрпақтарының өзара қырқысуынан әлсіреп, ыдырауға бет алған. 1360-1380 жылдар аралығында жиырма жыл ішінле 14 хан алмасып үлгерген. Дәл осы тұста тарих сахнасына Едіге батыр шыққан еді-дейді. Осы кезде, Орта Азияда Ақсақ Темірдің құрған мемлекеті де күш ала бастаған. Бақкүндес екі ірі мемлекеттің геосаясн біріншілігі үшін, бақталастығы осы тұстан басталған еді.
Темір-Мәлік ханмен өзара билікке таласқан Шыңғыс тұкымы Тоқтамыс 1380 жылы Алтын Ордаға хан болып таққа отырды. Едігенің әкесі Балташық Темір-Мәлік ханның беделді биі болған екен. Ол Тоқтамысқа қызмет етуден бас тартып, «Әміршімнің орнында сені көргенше, көзім неге шығып кетпейді»,-дегені үшін өлтірілген. Осыдан Едіге мен Тоқтамыс арасында араздықтың ұшқыны тұтанып, жалын шашқан еді. Едіге Ордада билердің бірі болып жүріп, өзіне қатерлі хауіп төнгенін сезіп, Темір-Мәлік ханның баласы Темір-Құтылық екеуі есебін тауып, ордадан қашып шығып Ақсак Темірге барып бой тасалаған. Бәсекелес екі мемлекет Мәуренахыр мен Алтын Орда арасында үш ірі шайқас болады. Бірінші шайқас 1389 жылы Сырдарияның жағасында, Сығанаққа таяу маңда болған еді. Екінші шайқас Еділдің бойында Құндызшы деген жерде 1391 жылы болады. Осы шайқасқа барар алдында Ақсақ Темір 200 мың әскерімен Ұлытау жерінде болып, Алтын Шоқыға: «Мен - Тұранның Әмірі - Темір 793 қой жылы Дешті-Қыпшақтың ханы Тоқтамысқа карсы жорықка аттандым»-деп, тасқа қашап жаздырып, тарихи құнды ескерткіш қалдырып кеткен екен. Ол ескерткіш - тас осы күні Санк-Петербургтегі Эрмитаж музей үйінің көне тарих бөлімінде тұрғанын, сол жаққа оқуға барғанымда көрген едім. Ал, енді үшінші ұрыс 1395 жылы Кавказда Терек өзенінің бойында болды. Осы жолы Алтын Орданың астанасы Сарай өртеніп,тоналды. Осы шайқастанкейін, Тоқтамыс тақтан айырылып, бас сауғалап, Литва жеріне қашты. Ордадағы хандық таққа Шыңғыс ұрпағы Темір-Құтылық отырды. Едіге, осы ханның бас әміршісі болды. Осы кезден бастап ордадағы бар билік шын мәнінде Едігенің қолына көшкен еді.
Қашып барған Тоқтамысты жылы жүзбен қабылдап, қамқорлығына алған Литваның ұлы князы Витопты Алтын Ордадағы бақталастықтан туған шиеленісті пайдаланып қалмақ болып 1399 жылы Литва әскерін, Польша әскерін, Тевтон орденінің рыцарларының (немістерді) бастап шешуші ұрыс жасамақшы болып, Ворскла өзенінің бойында Алтын Орда әскерімен кездеседі. Литва князы Витопты Алтын Орда ханы Темір-Құтылыққа: «Жаратушы мені бар жердің әміршісі етті, сен де маған бас и; маған бала бол, мен саған әке болайын, әйтпегенде құлым боласың!»-деп миғынан күле талап қойған. Бұл мазақты естіп, әскер басына келген қолбасшы Едіге батыр Витоптыға былай деп, жауап қайырады: «Ұлы Орда ханын сен өзіңнен жасы кіші деп тауыпсың, өзіңе бала болып бас июге шақырыпсың. Рас, Темір-Құтылықтың жасы сенен кіші. Бірақ мен - Едіге, сенің жасың менен кіші. Кел, сен маған бала болып бас и, алым салық төле, еліңдегі барлық теңгеге орданың таңбасын соғатын бол!», - деген. Осы сөзден кейін, бұрын-соңды болмаған үлкен шайқас басталып та кеткен еді. Бұл ұлы шайқаста Алтын Орда әскері князь Витоптының құрама көп әскерлерін быт-шытын шығарып, толық жеңіске жеткен еді. Жеңімпаз әскерінен түгелге жуық айырылған Витоп бас сауғалап, өзі әрең дегенде кұтылып кеткен. Осы ұрыста Құрама әскерлердің нелер жақсы басшылары мен көптеген князьдары ажал тауып, өмірлерінен қоштасты.
Тәуелсіздік жылдарының басында басылым бетінде ең ауқымды мәселелер мен очерк, эссе түріндегі еңбектер жиі жарық көріп тұрды. Аталған жылдар ішінде газет бетінде публицист Б.Бұлқышевтің, К.Смайыловтың пубилцистикалық еңбектері, және Баубек пен Мұқан Иманжанов жайлы жазылған естеліктер мен портреттік очерктер көрініс тапқан еді.
Ұлытауды айтқанда, «Ұлытау өңірі» газетін айтқанда, ауданның қос жұлдызы Баубек Бұлқышев пен Мұқан Иманжанов туралы сөз қозғамау мүмкін емес. Себебі, Ұлытаудан түлеп ұшқан ұландар өз туған жерінің ғана емес, елінің мақтаныштарына айналды.
Баубек Бұлқышев, 1916 Ұлытаудың бауырында туған. Публицист-жазушы Баубек Бұлқышев шығармаларын қазақ, орыс тілдерінде жазған жан, әдебиетте жарқ етіп көрініп, тез сөнген. Баубектің шағын өмірі әрі аянышты, әрі қызықты. Жаңа сілтеп келе жатқан қаламы еске түссе ойға өкініш оралады, ал дауылды өмірі, ерлік ісі, еске түссе бойыңды мақтаныш сезімі билейді. Б.Бұлқышев жастайынан алғыр, өжет болып өскен. Баубек алғашында ауыл мектебінде оқып сауатын ашқан, одан кейін оқуына жақын туысы Сейтжан Смайылов (Камал Сейтжанұлы Смайыловтың әкесі) көп ықпал жасаған. Баубектің әкесі Бұлқыш Байқоңыров (Байқоңыр мен Смайыл бірге туған көрінеді) пен анасы Бәтима көзі ашық, жазу-сызудан хабары бар, көңілі ояу адамдар болыпты. Баубектің әкесі сөзге шешен, ділмар, орақ ауызды, от тілді кісі. Ал шешесі Бәтима сызылтып, сыңғырлатып ән салғанда өз тыңдаушысын тамсандыратын болған.
Б.Бұлқышев Қарсақбайдағы фабрика-зауыт мектебін бітірген соң Алматы сауда қаржы техникумында оқи жүріп көптеген өлеңдер мен «Балалық шақ» поэмасын, «Ауылдан Алматыға» әңгімесін жазған. Ұлы Отан соғысына дейін «Лениншіл жас» газетінде әдеби қызметкер, «Қазақстан пионері» газетінде бөлім меңгерушісі болып қызмет істеген. Баубек Бұлқышев Қызыл Армия қатарына Алматыдан 1940 жылдың бірінші мартында аттанған. Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап майданда болып, Москваны қорғау, Украинаны азат ету шайқастарына қатысты. Баубектің жазушылық таланты соғыс жылдары жарқырай көрінді. Публицистикалық өршіл, отансүйгіштік рухы айқын туындылары «Комсомольская правда» газетінде үзбей жарияланып тұрды. Әйгілі «Өмір мен өлім туралы», «Мен өмір сүргім келеді», «Өмір-біздікі», «Зұлымдық пен махаббат», «Шығыс ұлына хат», «Тыңда, Кавказ!» мақалаларын көрнекті жазушы Ғабит Мүсірепов аударып республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде жариялады.
Баубек Бұлқышев 28 жасында Ұлы Отан соғысында опат болды. Отанымыз үшін шайқаста 1944 жылы 3 февральда қаза болған аға лейтенант Баубек Бүлқышев Днепропетровск облысы, Софиев ауданы, Ново-Юльевка селосындағы бауырластар бейітінде жерленген. Қысқа ғана ғұмыр кешкен Баубек аққан жұлдыздай зымырап, қазақ аспанынан жарқ етіп өте шықты. Халық өзінің асыл ұлдары, талантты перзенттері арқылы әлемге танылады, Баубек Бұлқышев туған халқын Кеңестер одағына танытқан тамаша перзенттерінің бірі. Баубек - ақын, журналист, жазушы-прозашы, жалынды публицист, патриот. Баубектің өмірі, отансүйгіштік қасиеті, өмірге құштарлығы өскелең жас ұрпаққа үлгі-өнеге.
Қысқа ғұмырында Отан алдындағы борышын адал атқарып, ел есінде қалған дарынды тұлға Баубек жайында Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Жезқазған қаласы, Ұлытау ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағы Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығының иегері, ҚР мәдениет қайраткері А. Қаражігітов толғамды толғау жазған болатын. Мақаланы толық жарияламай-ақ, әңгіменің басын ғана берсек түсінікті сияқты.
«- Бұл - адал аң. Бізге бұйырған шығар, бауыздап алайық,- деген басқамызға:
- Жоқ, әне, көзіңе қараңдаршы, жылан тұр. Жыртқыштан босатып енді оған пышақ жұмсау тағылық болар. Ол да өзіміздей жан иесі тимейік, еркін даласына барсын,-деген еді.
Осы оқиғаны ауылға айтып келгенімізде жасы сол кезде сексеннен асқан бір қарияның:
- Бұлқыштың баласы адам балады екен. Сәби күнінен жүрегінде жылылық, мейірім орнаған адам өскенде де күндей шуақты болады. Қорлық көргенде қол ұшын бергенге жетсін, дегені әлі есімде»-деп басталады.«Бірімен-бірі қырқысып жатқан ұлттар мен ұлыстарды көргенде «Ау, бауырларым ау, достықтың қаншалықты қымбат екенін түсінбесеңдер, Баубек ағаның «Өмір сүргім келеді» деген публицистикасын оқындаршы - деп айқайлағым келеді. Бірақ менің даусым-бәріне бірдей жетпейді. Кешегі қан майданда шыңдалған осы достық, терең тамырлы достық елімізді гүлдентіп, түлеткенін олардың қалай тез ұмытқанын түсіне алмаймын». Бұл журналист Ізтай Белгібайұлының Баубек ағасына жазған хатынан үзінді болатын. Ол мақала 1995 жылғы 28 мамыр күнгі санында жарық көрген. Аяулы Баубек аға! Сенің әр шығармаң, әр хатың, әр жырың біздің ойымызға нұр беретін, санамызға жарық сәуле түсіретін ақылға топтасуға шақыратын шырақ сияқты. Иә, заман біздікі! Сондықтан да оны нұрландыру, гүлдендіру біздің міндетіміз. Сен өз хатыңның соңында «Отан» жауынгер, менің , тағдырым сенің қолыңда» дегенде, 28 батырдың сертін жоғары көтеріп, бас иіп, жауап беруіңіз керек оған, Шығыс ұлы!» депсің. Біз де соған тұрдық. Ендігі ел қорғаны бүгінгі ұрпақ. Өзің үйреткен ерлік, жауға деген өшпенділік, туған жерге деген махаббат жолынан ауытқымақ емеспіз. Серт осы аяулы аға.
Міне, мұны тек журналист І.Белгібаевтың ғана емес, жалпы қазақ жастарының серті деп білу қажет.
Баубекті айтқанда, Мұқан Иманжанов жайлы айтпай кету мүмкін емес әрине. Баубек Бұлқышев пен Мұқан Иманжановтың достығы жайлы баспасөз беттерінде жазылып та жүр. «Ұлытау өңірі» газетінде Мұқан Иманжанов жайлы жарияланған материалдар аз емес.
Мұқан Иманжанов – жазушы
Иманжанов Мұқан (1916-1958), Ұлытаудың «Қызыл үй» қыстағында дүниеге келген. Халық ақыны – Иманжан Жылқайдаровтың баласы. Мұқан өз шығармаларында бала тәрбиесіндегі мұғалімдердің рөлін айрықша бағалап «Алғашқы айлар»(1950) повесін, «Таныс қыз» (1952)атты әңгімелер мен романын арнаған. 1956 жылы тың игерушілер өмірінен жазылған «Тыңдағылар» әңгіме және очерктер жинағы жарық көрді. Мұқан Иманжанұлының «Көк белес» (1960) романы, «Өркен» (1980) атты мақалалар мен естеліктер, балаларға арналған «Шаңғышылар» әңгімелер кітаптары шыққан. М.Иманжанов драматургия саласына да қалам тартқан. Соның дәлелі, «Жас өмір» (1948), «Менің махаббатым» (1954) повесі мен пьесалар жинағы, «Сөнген шам» (1957) сатирлық комедиясы. Мұқан Иманжанұлы «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері. Мұқан Иманжанов Баубек Бұлқышевтың жан досы болған. Баубектің Мұқанға жазған хаттары достық жайындағы жалынды поэма іспеттес. Ол хаттарды тебіренбей оқи алмайсың.
Ұлытаудан туған ұландар көп. Тек Ұлытаудың ұлы болмай, барша адамзаттың ұлына айналған тұлғалармен туған жері қашанда мақтан тұтады. Олардың бірсыпырасы Тайжан Қалмағанбетов, академик Төрегелді Шарманов, көсемсөз шебері Камал Сейітжанұлының еңбек жолы кімге болса да өнеге. Қазақтың Камалы Қазақ журналистикасының дамуына елеулі үлес қосқан.
Қалмағанбетов Тайжан (1878-1937) Ұлытаудың Айыртау бөктерінің Қаратал деген елді мекенінде дүниеге келген. Ақынның әкесі Қалмағанбет елге сыйлы, Ұлытау төңірегіне беделді болып, молдалық кұрған тақуа адам. Анасы Мейіз қазақтың ұлы сазгері, әйгілі «Гәкку» әнінің авторы, сыршыл ақын қайталанбас әнші Үкілі Ыбырай Сандыбайұлының туған әпкесі. Тайжан Қалмағанбетұлы жасынан Арқаның Ақан сері, Біржан сал, Сегіз сері, Балуан Шолақ, Шәрке сал, Ыбырай тәрізді өнші-ақындарының репертуарын игеріп, өзі де ән шығарып айтуға дағдыланған. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысқа үн қосқан. 1926 жылы Шеген, 1930-1936 жылдары Болман, Иманжан тәрізді Арқаның белгілі ақындарымен айтысқа түскен. А.В.Затаевичке бірнеше ән жаздырған. Сарыарқаның дүлдүлі, Ұлытаудың бұлбұлы, Қарсақбайдың ақыны Тайжан Қалмағанбетовтың ерекше дәуірлеген кезі 1934 жылдан басталды, сол жылы республикалық көркем өнерпаздар құрылтайында ең биік дәрежеге жеткен. Тайжан ақынның қара сырнайы қияға қанат қақтырып, аспандағы ұшқан құсты теңселткен үздік дауысы ел жүрегіне жылдам қонғаны нағыз өрлеу шағы туғандығы емес пе? Гармоньдатқан өжет ақын, ақиық қырандай шарықтап тұрған шағында қазақ халқының ұғымындағы әрі әнші, әрі сазгер нағыз ақын қандай болатынын айдан анық танытты.
Сондықтан да, бұл хандар тұрақтаған жердің топырағында аунап өскен дарынды талант иелері өте көп. Солардың бірегейі – журналист, публицист Камал Сейітжанұлы Смайылов. «Ұлытау өңірі» газетіне халықтың мұңын толғап, ел экономикасына қатысты саяси мақалаларды дер кезінде көтеріп, өзіне тән жеткізу тәсілдерімен сандарды сөйлете отырып, өзекті материалдар жариялап тұрды. Камал Сейітжанұлы қашанда өз туған жеріне көрсеткен ілтипаты мен ыстық ықыласы ерекше болатын.
Көсемсөз шебері Смайылов Камал Сейітжанұлы (1932-2003), Ұлытаудың Кішітау бауырайында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тамамдаған. Камал Сейтжанұлы университет бітірген соң 1954 пен 1960 жылдар аралығында республикалық «Лениншіл жас» газетінде әдеби қызметкер, «Лениншіл жастың» Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі, бөлім меңгерушісі болып істеген. Одан соң Камал аға «Білім және Еңбек» журналының редакторы, Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің секретары болып сайланды, Қазақ ССР Министрлер Советінің Киноматография жөніндегі Мемлекеттік Комитеті председателінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. 1971-1989 жылдары «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан коммунисі», «Ақиқат» журналдарының редакторы, «Қазақ фильм» директоры, республикалық мемлекеттік кино және мемлекттік телерадио комитеттерінің төрағасы, МинистрлерКеңесі мәдени бөлімінің меңгерушісі және Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бөлім меңгерушісі болды. К.С.Смайылов – өнертану ғылымының кандидаты, бірнеше мәрте Қазақстан Журналистер одағының төрағасы болып және тоғызыншы, он бірінші сайланған Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты болып та сайланды. Камал Сейтжанұлы СССР Кинематографистер одағының мүшесі, көптеген публицистикалық, ғылыми-көпшілік, сын-зерттеу мақалалар жинағының авторы. «Өмірдің өзімен өлшесек» кітабы үшін Қазақстан Жазушылар одағының Сәкен Сейфуллин атындағы сыйлығын алған, екі рет «Құрмет белгісі» орденімен және бірнеше медальдармен наградталған.
«Атадан бала туса игі, ата жолын қуса игі!» дегендей Камал аға шын мағынасында, нағыз Ұлытаудың түлегі еді. «Болатын баланың бесіктен иығы шығып жатады» дейді ғой халық. Камал ағаның атасы Смайыл мен Баубек Бұлқышевтың атасы (Бұлқыштың әкесі) Байқоңыр бірге туған екен. Баубекке Камал ағайдың өз әкесі Смайыл - ауыл мұғалімі сабақ берген көрінеді. Баубек Бұлқышев Ұлытаудан Қарсақпайға, Қарсақпайдан Алматыға аттанған кезде, Камал ағай «...мен 3-4 жастардағы бала едім» деп жазады өзінің Баукең туралы естелігінде.
Камал Сейітжанұлының «Ұлытау өңірі» газетінде жарияланған толғамды туындыларының бірі, 1992 жылғы №18 санында«Оянған ойлар» атты публицистикалық еңбегіне назар салайық.
«Иә, біз еңбек өнімділігіне қарағанда, еңбекақыны артық аламыз дейміз ғой. Ал, ұлттық табыстың құрамындағы таза, тікелей еңбекақының мөлшері, үлесі, орны басқа дамыған елдерге қарағанда әлдеқайда аз екен. Мысалы, АҚШ-та еңбекақы ұлттық табыстың 64-65 процентін алады. Ал, СССР-де 36-37 процент қана (1908 жылы-54,8 процент, 1960 жылы 32 процент болған) екен.
Демек, біздің ұлттық табыстың үштен бірін ғана еңбекшілердің жекелей, тікелей табысына жұмсап, қалган үштен екісін мемлекетке береді екенбіз.
Халыққа қажетті товарлар шығарып, қызмет көрсету жағынан Совет Одағы дүние жүзінің дамыған елдері ішінде 50-60 орындардың аралығынан алады екен.
Күнделікті тамақ ішу үшін қажет тағамдар мен өнімдер алуға Совет семьясында бар табыстың 50-60 проценті ғана кетеді екен.
Тұрғын үй салу мен алудан біз АҚШ-тан үш есе кейін қалдық. СССР-де әр адамға орта есеппен 9-10 шаршы метр үй келетін болса, АҚШ-та 27-30 шаршы метрден келеді.
Денсаулық сақтау ісіне жылына американдықтар 174,8 миллиард доллар, ал, біз 22 миллиард сом жұмсаймыз.
Халық ағарту ісіне Америкада бір жылда 178 миллиард доллар ал, бізде 39,8 миллиард сом жұмсалады екен.
Сом мен доллардың арасындағы нактылы айырмашылықты былай қойғанда, сан жағынан қанша айырма! Бұл біреуді кіналау үшін емес, түсіну үшін керек. Ал, енді осы тамақ- тағам жағдайын шетелдермен салыстырып көрсек, нені байқаймыз. СССР-да қазір әр адамға 65 килограмм ет сатылады дедік. Ал, АҚШ-та 120 килограмм, яғни екі есе көп».
Ал, К.Смайыловтың мына бір ойы бүгінгі күнге дейін әлі өзекті. Ал, бұл мақала 1992 жылы 13 маусымда жарияланған болатын.
Салынған үйлердің шаршы метрін, мыңдап, миллиондап емес, нақтылы іске қосылған пәтерлердің, сол жаңа үйлерге көшкен, өз кезегінен өткен семьялардың саны-басты өлшем болуға тиіс құрылыста. Кезек қалай тез азайса, құрылыс солай жақсы деген.
Авиация мен теміржолдың жұмысы миллиардтаған тонна, километр, не миллиондаған жолаушылар емес, жаз бен күзде аэропорттар мен вокзалдарда қанша адамның ұша алмай, жүре алмай топырлап отырғанымен өлшеу бағалау қажет. Адам қанша аз болса, транспорт сонша көп жұмыс істеген болады.
Әр жұмысты өзінің ең нақты, ең ақырғы қарама-қарсы көрсеткішімен өлшеу керек! Бізде әркім басқалар үшін емес, өздері үшін жұмыс істейтін, еңбек ететін секілді. Әсіресе, тұрмыстық сферада қызмет істеушілер өзгеден гөрі өз қамдарын, өз тыныштығын ойлайды. Ол қанша жұмыс істесін, тіпті ештеңе істемесін-кесімді айлық, жұмыс уақытының 8 сағатына шағылған ақша жүріп жатады!
Сосын олар жан қинап не қылсын!
Дәрігер аурулардың көп келгенін, алдынан көп өткенін қаламайды! Ол барынша бой тасалаға ұмтылады. Асхана, не кафедегі адамдар өздері үшін жұмысістейтін секілді-олар келушіні жібермеуге (әрдайым «орын жоқ» деп іліп қояды) ұмтылады. Қонақ үйдегі әкімшіліктер бос орынболса да қарапайым, қатардағы адамға оны ұсынбайды, бермейді, тек бронь не заказ болуы керек. Самолеттер мен поездарда бос орындар кетіп бара жатса да, оларға билет емін-еркін ашық айтып сатылмайды. Неге? Он бесжиырма күн бұрын билет жоқ деп қақсайды, шулайды. Әсіресе сатушылардың қылығы қызық – оларжұртты шақырып, өзіне тартып, керек болса жалынып-жалбарынып, товарларды, заттарды көбірек сату орнына шіреніп тұрады. Мұрнын шүйіріп, дұрыс сөйлеспейді, қайта өзіңе ұрсып, «Сендер көпсіңдер, мен жалғыз» деп жекіп тастайды. Бұл неден, неге?
Біріншіден, әлгі қызметтегі адамдардың аз-көптігіне қарамайды, түскен акшаның қанша болғанына байланысты емес. Адам аз болсын, өзінің белгілі ақшасын алады! Олай болса, жұмыстың аз болғаны, адамдардың аз келгенідұрыс. Өйткені жаның тыныш болса, жүйкең тартылып тозбаса, ұзақ өмір сүресің деген бір қарақан басын сақтаған эгоистердің шыгарып алған «теориясы» бар.
Екіншіден, олар жанағы жасырын, бүгіп қалып отырған қонақ үйдегі бос орындарды, самолет пен поезға сатылмай қалған билеттерді, магазинде аздап келген дефист товарларды өз таныстарына, не басқаларға үстеме бағамен, қосымша ақшамен сатады да, оларды өзі алады. Сөйтіп әлгі қарап отырып азайтып алған адамдардың ақшаларының есесін қайтарады. Олардың бар ынтызары көпке қызмет көрсету, жақсылық жасау емес. Бүйірден келетін жасырын-қараңғы сауда жасап, қызығын көретін өз адамдарына ауады, солардың бабын табады, көңілін алады. Олар бұларға есесін қайтарады. Сөйтіп олар халыққа қарсы жұмыс істейді! Бұларды халык жаулары демегенде кім дейміз?!
Әр сөзіне мән аса мән берсек, публицист Камал Сейітжанұлы сол кездегі өмір шындығын нақты көре білуімен қатар, талдап, сараптап сол мәселені көтере білген. Публицист – өмір шындығы екенін ескерсек, замана шындығын жаза білген көсемсөз шебері Камал Сейітжанұлының әр еңбегі құнды.
Ұлытаудың ұлы перзенті, «Ұлытауға бардың ба?» деп жырлап жүрген, қазақ өнерінің, әдебиетінің төл тумасы айтысты бүгінгі күнге жеткізген, жетелеген ақын Ерман Жүрсін Молдашұлының еңбегі орасан екені сөзсіз. Қашанда елім деген ерлер табылатын бұл өлкеден шыққан Жүрсін ақын айтыс қана емес, жазба поэзияда да өзіндік қолтаңбасы бар. «Ер туған жеріне» дегендей, Ұлытаудың ұланы өскен өңіріне келіп, «Ұлытау өңірі» газетіне жырларын жариялап тұруды ұмытқан емес. Елі де ерге лайық құрметпен қарсы алады. 2011 жылы маусым айында жарияланған бірнеше мақала, жырлар Жүрсін ағамызға арналған болатын. Жүрсін Молдашұлы 60 жасқа толу мерейтойына байланысты Ұлытауда ұлан-асыр той өз деңгейінен жоғары өтті.
Жүрсін Ерман 1951 жылы Ұлытау ауданының Сәтбаев кеңшарында туған. 1975 жылы Қазақтың Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін және 1982 жылы Алматы Жоғарғы партия мектебін бітірген. Жүрсіннің еңбек жолы Жездіаудандық «Октябрь туы» газетінде тілшіліктен басталған, одан соң ұзақ жылдар (1971-1981ж.ж.) Жезқазған қалалық, облыстық телерадиокомитетінде редактор, Бас редактор, кейіннен 1982-2003 жылдары «Жұлдыз» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі қызметтерімен жалғасқан. 2003 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде «Айтыс» зертханасының меңгерушісі қызметінде, 2006 жылдан бері Қазақ радиосының директоры болып қызмет етуде. «Ұлытауға бардың ба?», «Жанартау», «Армысың, арайлы таң» өлеңдер жинағының авторы. Ақын Жүрсін Молдашұлы Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасының Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, елімізде айтыс өнерін жаңғыртып жүрген азамат.
Тарихи шығармалар мен тұлғалар жайлы портреттік Сонымен қатар, ғалым Ақселеу Сейдімбектің талдамалы туындыларын басылым беттерінен табуға болады.
«Ұлы дала тарихына шолу» атты Ақселеу Сейдімбектің көлемді мақаласы 1995 жылғы газеттің №68 санында жарық көрген болатын.
«Көшпелі мал шаруашылығының даму жолы өз ішінде екі кезеңге бөлінеді. Бірінші кезең - біздің жыл санауымызға дейінгі ХVІІ-ХV ғасырлар. Мұны тарих ғылымында андрон мәдениетінің федоров-нұра кезеңі деп атанды. Бұл - қола дәуірінің алғашқы кезеңімен тұстас. Алғашқы кезеңде көшпелілер әлі бойлық бойынша шырқан көшуге бара қоймаған. Төрт түліктің ішінде сиыр малын көбірек ұстап, қыстауды қарайлап көшіп- қону дәстүрі басым болған. Екінші кезең біздің жыл санауымызға дейінгі ХІV-ХІ ғасырлар. Мұны, андрон мәдениетінің, яғни соңғы қола дәуірінің алакөл-атасу кезеңі дейді. Бұл кездс көшпелілер малының ішінде жылқы, түйе, қой түлігі бел алып, шырқай көшуге қалыптаса бастайды. Бойлық бойынша шырқай көшуге қалыптасу, өзін-өзі бағып, өз аяғымен жүретін төрт түлікті аз күш жұмсап, мол өнім беретін шаруашылық көзіне айналдыра білу, түптеп келгенде салт атты көшпелілердің төлтума таным-түсінігі мен мәдениетінің қалыптасуына, уақыт пен кеңістік туралы дүние танымының кеңеюіне, сөйтіп этномәдени болмысының даралануына себепші болды. Көшпелілер сол кездегі өзінің отырықшы замандастарына қарағанда әлеуметтік-мәдени деңгейі жөнінен әлдеқайда биік, әлдеқайда куатты еді»-деп жазды.
«Қос құрлықтың жапсарын алып жатқан қазақ даласында, табиғи- географиялық бітіміне орай, үш түрлі шаруашылық аймагы қалыптасты (Қ. Ақышев) Оның біріншісі - Батыс және Орталық Қазақстанның қуаң даласында қалыптасқан экстенсивті көшпелі шаруашылық. Бұл аймакта жыл он екі айда төрт түлік мал аяғымен жайылып, бойлық бойынша жүздеген шақырымға шырқай көшіп-қону өмір салт өзегі болды.
Екінші- Шығыс аймағы, Еренқабырға (Тянь-Шань) мен Алтай тауларында қалыптасқанкөшпелі шаруашылық тәсілі, мұнда жартылай отырықшылық, таулы жерлерде вертикалды көшпелілік қалыптасты. Үшінші-Оңтүстік Қазақстандағы Сырдария, Шу, Талас, Арыс сияқты өзендердің құнарлы алқаптарындағы жартылай көшпелі, жартылай отырықшы өмір салт»-деп, Ұлы қазақ даласын жіктеп, нақтылап, дәлелдеп жазған тарихи мақаласынан-ақ «Ұлытау өңірі» газеті салмақты басылым екенін көрсетіп тұрғандай.
Сонымен қатар, тарихи деректі шығармаларда «Ұлытау өңірі» газетінің байсалды келбетін нақты айғақтай түскендей. Қазақтың соңғы ханы атанған Кенесары Қасымұлының өмірдерегіне арналған «Кенесарының соңғы күндері» атты Алаш қозғалысының қайраткері, дәрігер, ұстаз, ғалым, әдебиетші Халел Досмұхамедовтың мақаласы 1991 жылы газеттің № 14 санында жарық көрген. Аталған мақалаға тоқталып кетуді жөн санадық.
1923 жылы Ташкент қаласындағы «Түркістан дәулет нәшіриятынан»«Кенесары-Наурызбай» және «Қыз Жібек» қиссалары біріктірілген кітап шыққан. Оны құрастырған және түсініктерін жазган қазақтың алғашқы оқымыстыларының бірі, белгілі қоғам кайраткері, ауыз әдебиетін зерттеуші Халел Досмұхамедов, зерттеуші әсіресе «Кенесары-Наурызбай» қиссасының авторы Нысанбай ақынның сөздеріне және Кенесары өміріне байланысты кеңірек түсініктеме берген.
Қазақ тарихының бұрын айтылмай келген құпия беттерін ашатын бұл еңбек арада көп уакыт өтсе де оқырман арасында көркем шығарма тәрізді сұранысқа ие.