Жаңалықтар

«Ұлы дала сазы» – ұлттық өнерді насихаттаушы

Жаңа жоба көпшілікке жол тартпақ
«Ұлы дала сазы» – ұлттық өнерді насихаттаушы
Фото: Фото авторы - Чингиз Майсеит 11.01.2019 13:00 7417

10-қаңтар күні Орталық коммуникациялар қызметінде республикамызға есімі белгілі әншілер, жыршы-термешілер мен күйшілерді бір арнада тоғыстыратын «Ұлы дала сазы» атты жаңа жобаның таныстырылымы болды.

Бұл шараның беташар сөзін «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрағасы Ерлан Қарин алып, жаңа жобаның мақсаты мен алғашқы көрсетілімі қашан болатынын айтып кетті: «Жақында Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жариялаған еді. Міне, сонда қазақ халқының көнеден бойына құйып келе жатқан мәдени мұрасын насихаттау керектігі айтылған. Осыған орай, «Қазақстан» ұлттық телеарнасы дәстүрлі өнерімізге қосар үлесі ретінде жаңа жоба ұсынып отыр. Бұған дейін «Мен қазақпын» секілді мегажоба ұйымдастырып, халықтың арасында жүрген талантты жастарды таныту үшін жұмыс жасадық. Осындай бағдарламаның ізін суытпай, 13-қаңтар мен 28-шілде арасында, бір сағаттық «Ұлы дала сазын» ұсынбақпыз. Бұл жобаның ерекшелігі дәстүрлі өнерімізде есімі елге таныс  өнерпаздарымыздың еңбегін таныстырып, әр аймақта қалыптасқан мектептердің басын біріктіріп, елге тарту етпекпіз. Бағдарламаны прайм-тайм уақытта әр жексенбі сайын кешкі 21:05-те тамашалауға мүмкіндік бар.

Термеші, әнші Айгүл Елшібаева: «Дәстүрлі өнердің деңгейін көтеретін бірден бір жоба болатынына бек сенімдімін. Себебі, тәуелсіздік алғаннан бері, тек 2-3 минуттық бағдарламалардың арасында ғана шығып жүрген дәстүрлі өнерді халық жылы қабылдай білді. Жылт етіп теледидардан көрінгеннің өзінде ел арасында есіміміз танылып, өнеріміз бағаланып жатты. Ендігі, осындай жобаны бастап отырған Ерлан Тынымбайұлына алғысым көп. Атадан келе жатқан асыл мұрамызды болашақ ұрпақ санасына сіңірсек бақыттымыз» – деді.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, күйші Жанғали Жүзбай: «Қазақтың дәстүрлі мектептері – ата-бабамыздың бізге қалдырып кеткен ерекше рухани, музыкалық байлығы. «Ұлы дала сазы» жобасын түсіру барысында алдыңғы аға буындарды да қалыс қалдырмай, олардың өнерін таспаға түсіріп жатқан Ұлттық арнаға алғысым шексіз. Жобаның ауқымдылығы көңілімнен шығып отыр. Ұлттық рухымызды көтеретін, намысымзды жанитын, мәдениетімізді көркемдейтін, жанымызға ләззат беретін, парасатты істің болашағы жарқын болсын!» – деді. ҚР еңбек қайраткері, әнші Ерлан Рысқали сөз алып, ұлттық өнерді ұлықтайтын «Ұлы дала сазы» дүниеге келуімен құттықтай келе: «Бұл бағдарлама біздің ұлттық руханиятымыздан аларынан, берері көп болмақ. Біздің ұлттық өнерімізді қазақтан басқа ешкім керек етпейді. Біз соны ұғынуымыз керек. Қазақтың қазақылығы да, кемеңгер келешегі де шері мен шаттығын қақ бөліскен қазақтың қара домбырасының шанағына байланған. Біздің кіндігіміз осыдан үзіліп қалмауы қажет. Осы орайда, «Мен қазақпын» атты халықаралық мегажоба өткізіп, артынан осындай ұлы бастаманы қолға алу – нағыз азаматтық, еліне, жеріне деген ыстық ықыластан туып отыр деп есептеймін», – деп, өз ойымен бөлісті.

Жоба 2018 жылдың  қараша айынан бастап түсіріліп жатыр. Бүгінге дейін 177 шығарма жазылып алынды. Еліміздің түкпір-түкпірінен ұлттық өнерді бойына сіңірген 91 өнерпаз қатысты. Олардың ішінде 16 термеші, 34 күйші, 39 әнші, 2 жыршы бар. Бағдарлама арқылы Секен Тұрысбеков, Қажыбек Бекбосынов, Біләл Ысқақов секілді есімі елге таныс аға буындардың да өнерін тамашалауға болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға