Жаңалықтар

«Тоқалды» түсірген киногерлер фильм туралы не дейді?

Әлеуметтік драма
«Тоқалды» түсірген киногерлер фильм туралы не дейді?
02.01.2017 17:13 7192

Жуырда астаналық журналистер «Тоқал» әлеуметтік драмасын тамашалады.

Премьера көрсетілмес бұрын ұйымдастырылған баспасөз мәслихатына фильмнің продюсері Гауһар Нұртас (АҚШ), режиссер Евгений Чельцов (Ресей), басты рөлдерде ойнаған әртістер Ерік Жолжақсынов пен Жанель Мақажан қатысты. Ал, «Тоқалды» тамашалауға ақын Серік Тұрғынбекұлы, киносыншы Бауыржан Нөгербек, режиссер Талғат Теменов, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов және тағы басқа танымал азаматтар келді.

«Тоқалды» түсірген киногерлер фильм туралы не дейді?

Гауһар Нұртас – 12 жылдан бері АҚШ-та тұратын қазақ қызы. Негізгі мамандығы музыкант болғанымен, жұртшылық оны қазір актриса, кинопродюсер ретінде таниды. Гауһар 2013 жылы «Hollywood Film Academy» компаниясын ашқан. Оның «Тоқалды» түсіруіне өзінің немере әпкесінің басынан өткен жағдай себепші болыпты. Драмада Гауһар Ботаның (басты кейіпкердің бірінші әйелі) рөлінде ойнайды.

Гауһар Нұртас

Гауһар Нұртас

Жаңа картинада отбасылық құндылықтар мен ұрпақтар сабақтастығы сөз болады. Әлеуметтік драма тек Қазақстанға ғана емес, әлемнің көптеген елдеріне ортақ проблеманы баяндайды.

Ерік Жолжақсынов (Қайрат) пен Гауһар Нұртас (Бота)

Ерік Жолжақсынов (Қайрат) пен Гауһар Нұртас (Бота)

«Тоқалдағы» басты кейіпкер Қайраттың рөліне алғашында Голливуд актері Марк Дакаскос шақырылған еді. Ол фильмнің промо-тизеріне түсіп үлгерді. Кейін түсірілім тобы Марк Дакаскос өзінің басқа да жұмыстарының көптігіне байланысты рөлден бас тартқанын мәлімдеді. Тағы бір айта кетерлігі, Дакаскос қатысқан промо-тизер ғаламторға жүктелген бойда желі қолданушылары «америкалық актер тағы да қазақтың рөлін ойнай ма?» деп (Дакаскос бұған дейін «Көшпенділер»тарихи фильмінде қазақ батырының рөлін алып шықты), наразылық танытқан болатын. Дегенмен, картинада басқа бір америкалық әртіске рөл берілді. Ол – кезінде атағы дүркіреген «Сумерки» фильміндегі Джаспер Хейл рөлі арқылы танылған голливудтық актер Джексон Рэтбоун.

Джексон Рэтбоун

Джексон Рэтбоун

«Тоқалды» түсірген киногерлер фильм туралы не дейді?

Гауһар Нұртас, фильмнің продюсері, актриса:

– «Тоқал» – Қазақстан мен АҚШ-тың біріккен өнімі. Картина 8 желтоқсан күні Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжанда прокатқа шығады. Түбі бір түркі жұрты болғандықтан,  «Тоқалды» осы елдерде прокатқа шығаруды ұйғардым. Бүгін әлеуметтік драма Қазақстанда таныстырылып отыр. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Алдағы уақытта «Тоқалды» әлемнің көптеген елдерінде таныстыруды жоспарлап отырмыз.

Картина өткен жылы Алматы қаласында түсірілді. Басты рөлдердің бірін голливудтық әйгілі «Сумерки» фильміне түскен актер Джексон Рэтбоун ойнағанын ерекше атап өткім келеді. Негізі, бұған дейін осы фильмдегі махаббат үштағаны туралы адамдар тек асханада өзара сыбырласып айтып келді. Ал, біз бұл мәселені алғаш рет үлкен экранға шығарып отырмыз.

ҚР Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов фильмде басты кейіпкердің ауқатты қайын атасының рөлін ойнайды

ҚР Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов фильмде басты кейіпкердің ауқатты қайын атасының рөлін ойнайды

Сценарийдің идеясы маған тиесілі. Детальдарын белгілі ресейлік режиссер Евгений Чельцов толықтырды. Алғашында Женя орыс ұлтының өкілі болғандықтан, ол біздің менталитетті түсінбей ме деп қорықтым. Бірақ, ол өз міндетін жақсы атқарып шықты деп ойлаймын.

Кезінде біздің ата-бабаларымыз тоқалды ұрпақ жалғастыру мақсатында алған.Ал, қазіргі әлеуметтік феномен бұл ізгі дәстүрді жалғастырып отыр деп айта алмаймын. Осы ретте айта кетейін, «Тоқал» арқылы ешкімге пікірімізді таңбаймыз. Қорытынды сөз – көрерменде.

Гауһар Нұртас драманың бюджеті «продюсерлік құпия» деп, жобаға жұмсалған соманы атаудан бас тартты. «Тоқалдан» көбірек табыс түссе, біз дереу жаңа жобалардың түсіріліміне кірісеміз» деді продюсер.

«Тоқалды» түсірген киногерлер фильм туралы не дейді?

Евгений Чельцов, фильмнің режиссері:

– Сценарийді жарты жыл жаздық. Сценарий ойдағыдай шығуы үшін Гауһар екеуміз көп жұмыс істедік. Тез арада промо-трейлер түсіру керек болғандықтан, оған белгілі голливудтық актер Марк Дакаскосты шақырған едік. Кейін, промо-трейлер желіге салынғанда, әлеуметтік желілерде «Неге біз Марк Дакаскосты қайта-қайта қазақтың рөлінен көруіміз керек? Рөлге лайықты қазақ актерлері құрып қалды ма?» деген қарсы пікірлер көп жазылды. Осыдан кейін Дакаскостың орнына басты кейіпкерді ұзақ іздедік. Ал, Ерік Жолжақсыновты кездейсоқ жолықтырдық. Мен оны көрген бойда «Гауһар, көктен іздегеніміз жерден табылды»  деп қатты қуандым. Жалпы, басты рөлде де, қосалқы рөлде де мықты актерлер ойнағанына қуаныштымын.

«Тоқалды» түсірген киногерлер фильм туралы не дейді?

Жанель Мақажан, тоқалдың рөлін ойнаған актриса:

– Мен бүгін қатты толқып отырмын. Бұл фильмде өзім ешқашан істемеймін деген қадамға бардым. Яғни, тоқалдың рөлін ойнадым. Бірден ескерте кетейін, картинада эротикалық көрініс бар. Оған өзім түсуге қатты ұялдым. Сондықтан, ол көрініске арнайы дублер қызды шақырдық. Бұл фильм тоқал тақырыбын насихаттамайды, керісінше, қазақ қыздарын ойлануға шақырады деп ойлаймын.

«Тоқалды» түсірген киногерлер фильм туралы не дейді?

Ерік Жолжақсынов, басты рөлде ойнаған актер:

– Бұл киноның тақырыбы өте өзекті. Ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр бойынша, ер-азаматтар тоқал алып, демография мәселесіне үлес қосқан. Біздің журналистер «тоқалыңыз бар ма?» деген сұрақты жиі қояды. Жағдай болса, неге алмасқа? Мәселен, қазір қаншама қарагөздеріміз тұрмысқа шықпай, тістегеннің аузында, ұстағанның қолында жүр. Фильм арқылы ешкімге ешқандай пікір таңбаймыз. Әркім өзінше қорытынды жасайды. Картина көңілдеріңізден шықса екен деп тілеймін.

«Тоқалды» түсірген киногерлер фильм туралы не дейді?

Гауһар – Голливудта еңбек ететін мықты маман. Осындай жобаға шақырғаны үшін, жалпы, қазір жасап жүрген жобалары үшін оған зор алғысымды білдіремін.

«Тоқалды» түсірген киногерлер фильм туралы не дейді?

Премьераға көрермен ретінде келген Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының директоры Айболат Сексенбаев өз пікірін былайша білдірді:

– Фильмде өте өзекті проблема көтерілген. Бірақ, мәселе бір жағынан ғана (басты кейіпкердің екінші махаббаты баянсыз болғаны) ашылған. Осы трактовка өзіме ұнады. Маған дұрыс сияқты көрінді. Режиссер отбасы құндылығын алға шығарған екен. «Тоқалдан» алып бара жатқан жаңашылдық көрмедім. Өзіме актерлердің ойыны қатты ұнады. Олар шығарманы бастан-аяғына дейін әдемі алып шықты, психологиялық әсерлерді көрерменге ұтымды жеткізе білді. Моральдық тұрғыдан алғанда, бұл картинаның жастарға берері мол деп ойлаймын.

Бұған дейінгі сұхбаттарының бірінде кинопродюсер Гауһар Нұртас «осы уақытқа дейін жұрт маған «тоқал тақырыбына кино арнасаң, елдің беделіне нұқсан келтіресің» деп келді. Алайда, мен Голливудта он жылдан бері істеп жүргендіктен, мықты картиналарға осындай өткір тақырыптар қажет екенін білемін» деген болатын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға