Жаңалықтар

 Тәуелсіздік монументі

Тәуелсіздіктің айшығы
 Тәуелсіздік монументі
28.08.2017 09:33 33654

Әлемде тәуелсіздіктің туын биік көтеріп, егемен ел болып өмір сүріп отырған 200-ден астам мемлекет бар. Тарихтың ауыр қыспағына төтеп беріп, бодандықтың құрсауын бұзып шыққан қазақ елі де осы екі жүздіктің бел ортасынан орын алады. Халқымыз егемендікке қол жеткізген алғашқы жылдары жас мемлекетіміздің баға жетпес құндылығы тәуелсіздікті дәріптеп, абыройын асқақтатып тұратын ескерткішке зәру болды.

Бірде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Мысыр еліне жасаған сапарында тәуелсіздіктің құрметіне қойылған Луксор қаласының қақ ортасындағы монументке көзі түсіп, дәл сондай ескерткішті елімізде де орнатсақ деген ойға келеді. Кейінірек бұл ойын белгілі сәулетші Шота Уәлихановқа жеткізіп, жаңа туындының салынуы жөнінде шешім қабылданады. Осылайша, халқымыз егемендіктің бес жылдық белесінен асқан тұста, Алматы қаласының Республика алаңында Күләш Байсеитова мен Қаныш Сәтбаев көшелерінің қиылысында «Тәуелсіздік монументі» бой көтереді. Астана қаласындағы «Бәйтерек» сынды ел символына айналған бұл монумент - Қазақстан жеке мемлекет болып қалыптасқан кезеңнің алғашқы заманауи сәулет туындысы ретінде ешқашан  өз маңыздылығын жоймайтын ескерткіш. Ал оның дәл осы Алматының Республика алаңында орналасуының өзіндік мәні бар. Ескі шаһардың бұл орталығы талай тарихи сәттердің куәсіне айналғаны баршаға мәлім. Бүгінгі бейбіт күнімізге себепші болған кешегі желтоқсан оқиғасы дәл осы жерде өтті. Қазақтың қайсар мінез қыз-жігіттері орталық алаңға шығып, өз талап-мүдделерін ашық айтып, бейбіт ереуіл жасаған еді. Ұлт санасын сілкінткен бұл тарихи оқиғаның жаңғырығы әлі күнге басылар емес. Бүгінде жерасты сауда, ойын-сауық орталығы ашылып, алаң гүлзар баққа оранғанымен, сонау 86-ның қаһарлы қысында дәл осы жерде талай боздақтардың тағдыры қиылып, тәуелсіздік жолында ажал құшқанын халықтың естен шығармасы анық. 1996 жылы бой көтерген монумент сол өткен тарихтың ақтаңдақ беттерін мұнда келген жолаушының есіне салып, өткенге көз жүгіртуге итермелейді.

Шоқан Уәлихановтай дара тұлғаның ұрпағы болып саналатын Шот-Аман Ыдырысұлы өзі жетекшілік етіп, Әділет Жұмабаев, Нұрлан Далбай сынды мүсіншілер мен Қазбек Жарылғаптай дарынды сәулетшілердің басын қосып шығармашылық топ құрады. Осы ұжым жедел түрде жаңа ескерткіштің жобасын әзірлеуге кіріседі. Мемлекеттік маңызы бар монументтің идеясын жасап шығаруда Қалдыбай Монтақаев, Мұрат Мансұров, Азат Баярлин, Қазбек Сатыбалдин сынды азаматтар да атсалысады.

Монументтің жалпы биіктігі 180 метрді құрайды. Ал оның орта тұсындағы көне тарихи жазбалары бар тақтаның ұзындығы – 28 метр. Мәдени ескерткіштің негізгі бөлігі ең биігінде орналасқан. Басыңды көкке бұрып, монументтің жоғары тұсына көз жіберсең, сирек кездесетін барыс жануарының үстінде тұрған, ұзындығы 6 метрді құрайтын «Алтын адамды» көресің. Бұл мүсін елдегі мемлекеттік биліктің алып күшін,айқын болашағын бейнелейді. Жалпы, бұл өнер тундысының әр бөлігінің астарлы мәні бар. Тастағы жазбалар, көркемделіп құйылған торкөз кесіндемелер ел тарихындағы ірі оқиғалардан хабар береді. Мұнда Томирис билік еткен тұстан бастап, қазақ хандығының қалыптасу кезеңі, жоңғар шапқыншылығы, ұлт-азаттық көтерілістер, ашаршылық кезеңдері мен екінші дүниежүзілік соғыс, желтоқсан көтерілісі және көптен күткен тәуелсіздіктің жариялануы көрініс-суреттер арқылы бейнеленіп, өзінің ұтқыр шешімін тапқан. Ал монументтің ең төменгі тұсындағы мемориал тақтайға Елбасының ант беру кезіндегі Ата заңға қойған қолының тaңбасы мен сөзі түсірілген. Мұндағы тас тақтаның бір тұсында «Қоғамдағы татулық пен келісім әр адамның лайықты өмірі мен еңбегін қамтамасыз етеді. Еркіндік – бассыздық емес, әділдік пен құқықтың салтанаты» деп жазылған. Бұл тұңғыш президентіміз – Нұрсұлтан Әбішұлының сөзі. Дәл осылай мұндағы өзге де құлпытастарға белгілі тұлғалардың ғибратты сөздері ойып жазылған. Төменде діңгектің төрт жағында дүниенің төрт бұрышына қарап тұрған аллегориялық сипаттағы мүсіндерді байқайсың. Бұл даналықтың көзі болған ақылгөй ақсақал мен бәріне құшақ жайған, жүрегі кең Жер-ана және құлынға мінген ойын баласы мен кішкентай қыздың бейнесі. Осы мүсіндер өзінің шығармашылық шешімін, астарлы ойын шебер үйлестіріп, сәулет өнерінің озық үлгісін танытып тұрғандай. Жоба авторлары ескерткішті орнату барысында Күләш Байсейітова атындағы көше бойында орналасқан ескі субұрқақтар мен архитектуралық пішіндерді сақтап қалған.

Осылайша, санаулы жыл ішінде Елбасы жобасы жүзеге асып, орталық алаңның қақ ортасынан Тәуелсіздік монументі тұрғызылып, 2001 жылы үкіметтің шешімі бойынша Республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізілді. Тәуелсіздіктің сақшысындай болған «Алтын адам» биіктен айналаны бақылап тұрғанына бүгін міне – 20 жылдай уақыт болыпты. Бабалар аңсаған еркіндіктің құрметіне қойылған бұл ескерткіш әлі де талай ғасырды артқа тастары анық.                                       

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға