Жаңалықтар

«Орталықтың Әлжаппары...»

Әлжаппар Әбішев кім?
«Орталықтың Әлжаппары...»
09.04.2017 14:18 9700

Орталық Қазақстанның шырақшысындай болған айтулы тұлғалардың бірі Әлжаппар Әбішев болса, белгілі драматург Ә.Әбішев 1907 жылы 15 қазанда Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданының бұрынғы Жамбыл атындағы шаруашылықтың Аспантау деген жерінде кедей шаруа отбасында дүниеге келген. 

Мектеп есігін кешірек ашқан Ә.Әбішев 19 жасында ғана бірінші басқыш ауыл мектебін бітіріп, жиырма жасында яғни, 1927 жылы үш айлық мұғалімдер қурсында оқиды.  Одан кейінгі жазушы жолы өз бетімен оқып білім көтеру, үздіксіз қажымай-талмай еңбектену, іздену арқылы бойындағы әдеби дарынын ұштау, жетілдірумен жалғасты. Бұл шын мәнінде ерлік еді. 
1927 жылдан бастап Ә.Әбішев сауатсыздық жою курсының мұғалімі болып істейді. Жазушылық қызметін Қарағанды кен орындарында шахтер болып істеп жүрген кезінде бастайды. Шахтадан кейін "Қарағанды пролетариаты" газетінде әдеби қызметкер болып істейді де белсенді тілшісі атанады. Ә.Әбішевтің "Үйінді" атты бірінші әңгімесі мен очерктер жинағы 1936 жылы басылып шықты. Бұл шығарма Қарағанды шахтерлерінің қажырлы еңбектеріне арналған. 1935 жылдан бастап Ә.Әбішев "Лениншіл жас" /қазіргі "Жас алаш"/ газетінің бөлім меңгерушісі, "Әдебиет және искусство" /қазіргі "Жұлдыз"/ журналында жауапты хатшысы, редактордың орынбасары болды.  Сол кезде жазушы "Отан үшін" (1937 ж.), "Отан атынан" (1938 ж.), "Жолдастар" (1940 ж.) атты бірнеше пьесалар жазып драматург ретінде көзге түсті. Оның 1938 жылы жазған "Армансыздар" атты пьесасы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерлісіке арналған. 


Ұлы Отан соғысы жылдарында "Төлеген Тоқтаров" (1942 ж.), "Саржан" (1945 ж.) әңгімелерімен бірге "Ана" атты бір актілі пьеса жазды. 1945 жылы жазған "Жас түлектер" атты романында Қарағанды кеніштеріндегі соғыс кезіндегі жастардың өмірі мен қажырлы еңбегі суреттеледі. 1942 жылы жазган "Бір семья" деген пьсасында жазушы совет адамдарының семья құру және адамгершілік мәселесін көтереді. 
Сол қырқыншы жылдардан бастап жазушы проза және драматургия жанрында жемісті еңбек еткен. Ә.Әбішевтің өз сөзімен айтқанда: "Өмірінің соңғы жылын арнаған" және бір кесек шаруасы бар. Ол–қазақтың белгілі композиторы, әнші–ақыны Мәди өмірін зерттеу, сөйтіп, әдебитімізде, өнерімізде, Мәдиге лайық ескерткіш жасау. Қазір әуелде жоспарлаған трилогияның екі кітабы "Найзағай" (1969 ж.), "Мәди" (1977 ж.) жарық көрді. Сoл рoмандар негізінде "Мәди" және "Мәдидің соңғы шайқасы" атты пьесалары республикалық және облыстық театрларда ұзақ жылдар бойы қойылып келеді. Жерлес жазушының шығармашылығында драматургия саласы орын алды, ол 30-дан астам пьеса жазды. Олар республика театрларының репертуарларынан көп жыл түспей келді. Ә.Әбішев кейінгі жылдары "Aйтпай кетті демеңдер", "Aманат" деген естеліктерін кейінгі ұрпаққа өсиет ретінде жазып кетті. 
Ә.Әбішев осыдан төрт жыл бұрын, 90 жасқа толғанда Елбасының тікелей тапсырмасымен өзінің туған жері Қарқаралы өңірыне келіп, елдің жағдайын коріп, біліп, кіндік тамған Аспантаудың баурайындағы ата қонысына аунап, анасының басына құран оқытып қайтқан еді. 
Жазушы "Oктябрь ревoлюциясы", Еңбек Қызыл Ту, Халықтаp дoстығы, "Құpмет белгісі" оpдендерімен және медальдарымен марапатталған. 
Республикамыздың тәуелсіздік алған соң Президентіміздің пәрменімен Ә.Әбішев алғашқылардың бірі болып "Халық жазушысы" (1985) құрметті атағына ие болды. 
Қазіргі қазақ әдебиетшілерінің аға ұрпағының игілікті еңбектері көңілге жылы сезім ұялатады. Дәл осы ағалардың жуан ортасында, бәлкім, алғы шебінде халқының танымал талантты Әлжаппар Әбішевтің жүргені, оның есімі ілтипатпен аталары ақиқат. 
24 тамыз 2001 жылы Қазақстанның халық жазушысы, қазақ әдебиеті ақсалдарының бірі, жерлесіміз Ә.Әбішев 94 жасқа қараған шағында фәниден бақиға өтті.

Қазақстанның халық жазушысы Әлжаппардан қалған рухани мұра ұлт игілігіне жарайтын мазмұны терең еңбектер қатарына жатады. Тоқсан жастың төртеуіне жеткенге дейін әдеттегі дағдысы қалам тербеуді, ұлағатты өмірінен көрген білгенді еске алып, көкейге түйгенін жазудан жалықпаған Әлжекең ақтаратын сырлар әлі де көп еді. Дарынды тұлға жайында әріптестері де аз айтып, жазған емес. Солардың бірі кезінде «Редакторлардың редакторы» атанған Рамазан Сағымбеков «Советтік Қарағандыға» (Орталық Қазақстанға) Әлжаппар Әбішевтің келген кездері, ұлтымыздың ұлағатты ұлының басылымдағы рөлі  жайында былай деп еске алады:

«Алғашқы еңбек жолын ауылды жерде ағартушылық жұмыста, жергілікті өкімет орындарындағы түрлі ұйымдастырушылық қызметте бастаған Әлжаппар көп кешікпей-ақ өзіндік өмір жолын, міне, содан бері үзбестен жалғастырып келе жатқан шығармашылық қызметті бірден дәл басып, ілгері жалғастырып кетті. Ол журналымыздың осы санында орын алған «Шерлі шежіренің» кезекті хикаясында баяндайтындай, «Қазақ тілі» газетінде алғаш жарияланған шағын хабарынан кейін-ақ баспасөз органдарымен байланыс жасай бастады. Бұған әкесінің күнкөріс қамымен Спасскі, Қарағанды кен орындарын төңіректеуі де себеп болған сияқты. Әкесімен бірге Әлжаппар да аталған кен орындарында жұмысқа орналасып, осы кездерде Қарағандыда өмірге келген «Қарағанды пролетариаты», кейіннен «Советтік Қарағанды» аталған басылыммен тығыз байланыс жасай бастады, бұл байланыс біртебірте нығая түсіп, күні бүгінге дейін бір үзілмей келеді. Біраздан соң Әлжаппар осы газеттің, «Қарағанды пролетариаты" мен «Советтік Қарағандының» қатардағы тілшісі  қызметіне қабылданып, кейінірек жауапты хатшысы болып істеп тұрған шағында Алматыға шығармашылық қызметке ауысып, сонда тұрғылықты тұрақтап қалды. Ал, жоғарыда айтқанымдай, Әлжекең өзінің түлеп ұшқан ұясы «Советтік Қарағанды» (қазіргі «Орталық Қазақстан») ұжымымен тұрақты байланысын үзбестен келеді. Бұл күнде «Орталық Қазақстанның» шағын шығармашылық ұжымы Әлжекеңді «Орталық Қазақстанның» Әлжаппары» деп аса бір мақтаныш сезімімен атайды... ».

Oсы ретте Қaрaғaнды гaзеттеpінің сoнaу ойранды отызыншы жылдардағы редакторы болған, сол жылдардағы сталиндік репрессияның құрбандарының бірі, көрнекті қазақ жазушысы, білікті сыншы Жұмағали Сәрсековтың Әпжаппар Әбішев жайлы 1957 жылы «Советтік Қарағанды» газетінде жазған мына бір лебізіне назар аудара кеткеннің артықшылығы жоқ сияқты: «...Әлжаппар шығармасының негізгі тақырыбы — советтік индустрия. Осы тақырыпты ойдағыдай шешуде ол жаңа өркендеп келе жатқан Қарағандының, ондағы кеншілердің ерлік еңбектері мен қол жеткен табыстарын кеңінен суреттеді. Қарағанды бассейні оның ең елеулі шығармаларының арнасы болды. Осы тұрғыдан алғанда Әбішев жолдас қазақ совет әдебиетінің прозалық жанрында Саттардан кейінгі индустриялық тақырыпқа үзбей жазған, оны өз шағармаларына арқауы еткен жазушы болды дей аламыз. Қазақ совет әдебиеті қазынасына лайықты үлес қосу жолында көп ізденген жазушылардың бірі — Әлжаппар. Ол очерк, әңгімелерден бастап, повесть, романға дейін жазып, творчестволық күшін байқап көрді. Жазушылық толғамы мол Әлжаппардың творчествосында драмалық жанрда жазған еңбектері мол орын алады. Оның қаламынан туған пьесалар қазақтың сахналық искусствосының өсуіне үлкен көмек көрсетті...»

Қазақтың көрнекті де белгілі ақыны, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ғафу Қайырбековтың «Бес берен» деген ортақ атпен Ілияс Жансүгіров, Ғабит Мүсірепов, Әлжаппар Әбішев, Тайыр Жароков және Тәкен Әлімқұловтарға арнап жазған циклді өлеңдері бар. Сол құрамда арқалы ақынымыз өзінің Әлжаппар ағасына мынандай өлең жолдарын арнапты:

«Әлжекең» деген сөзде әл-қуат бар,

Жылдарды оннан бүктеп қарғып аттар.

Oсылай жүйткір еді қырларды асып,

Даланы дөңгеленткен арғымақтай.

Немесе Қарқаралы тауларындай,

Сан дауыл, сан боранда аударылмай.

Oрнында ойлы күйде қала берген,

Қалайша разы емессің жаңға мұндай!

Немесе Қарағанды шахтасындай,

Қайламен қашап көмір шапқышындай.

Лаваның шойын-болат тіреуіндей,

Көтерген пластарды түк қысылмай.

Немесе байпаң басқан дара нардай,

Жүк артқан қайқаң етпей, қарап алмай.

Қысқасы — қазақы исі бұрқыраған,

Қақпаңнан шығып тұрған дана ағаңдай!»

Иә, біздің Әлжекең осындай адам. Кешегі көз көрген, сұбхаттасқан Әбіш ақсақал ел сыйлаған, халқына қадырменді, әңгімешіл, сауыққой, әзілқой, әттен қу «кедейшілік қолын байлаған», солай бола түра ерлігі мен серілігі де бар ауыл кедейі еді. Сол әкесі Әбекеңе еріп, Қызылеспе, Берікқара, Спасск өндірістерінде, Қарағанды шахталарында өмір мектебінен өткен, жұмысшылар ортасында тәлім-тәрбие алған, мектебінде болған, одан кейінгі жерде «Қарағанды пролетариаты» мен «Сoветтік Қарағанды» (қазіргі «Opталық Қазақстан»), «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), «Әдебиет майданы» (қазіргі «Қазақ әдебиеті») газеттерінде істеп, баспасөз мектебінен өткен, Сәкен, Бейімбет, Ілиястардың өкшесін баса өсіп, Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Ғабидендермен қатарласа жүріп, қазақ әдебиетін, өнерін, драматургиясын дамытуға солармен бірлесе күш салған, күш салып келе жатқан, «алыптар шоғырының» ізін баса жүріп, солардың өнегесі өлшеусіз мектебінен өткен, осылар арқылы, үш түрлі, бірімен-бірі салалас, сабақтас мектептерден ізетті шәкіртке тән ілтипатпен ізгі тәрбие алған Әлжекең езінің төл әде-биетіне, құдірет тұтар, құлшылық етер қазақ әдебиетіне өзіндік әуен-нақышымен бұдан алпыс жылдан астам бұрын келген еді. Содан бергі алпыс жылдан астам созылған әдеби өмірінде Әлже - кең, өзіміздің қарқаралылық Әлжаппар Әбішев өз қазағының, қасиетті қазақ халқының бұрынғы-соңғы өмірін танбастан жырлап келеді. Ардагердің бұл тәрізді ерлік өмірі жалғаса бермек . Әлжекеңнің әлі де жырлай берері, мадақтап-марапаттай берері — сол қайран қазақ халқының, қазағының өмірі, өткендегі және бүгінгі өмірі.

Таудай талап бергенше, бармақтай бақ бер дейді.  Ал, жаратушының талап пен бақты, ең бастысы көрінгенге бұйыра бермейтін жазушылық  дарынды аямай берген бір пендесі болса, ол – Әлжаппар Әбішев. Өз қолынан: «Үлкен жолда», «Тұлпар», «Тамұқтағы таң», «Серт», «Сәуленің күлкісі», «Саржан», «Oтан үшін», «Нұpлы жаңбыр», «Нaйзaғaй», «Мұзбалақтар», «Мен өлмеймін», «Мансап пен ұждан», «Мәди», «Қыран торғай», «Күншілдік», «Көлеңкелер қалай жоғалады», «Қолға түскен шайтандар», «Кім менің әкем?», «Көкдауыл», «Кім кінәлі?», «Қайран әкелер», «Жолдастар», «Жер астындағы майдан», «Жас түлектер», «Жаралы сұңқар», «Достық пен махаббат», «Ғаламат», «Бір семья», «Белгісіз батыр», «Армандастар», «Арман болған ағалар», «Араша», «Әке үкімі», «Әке мен бала» және «Намыс гвардиясы» сияқты өрелі  оқырман қауым жақсы  қабылдаған таңдамалы туындыларды жұртымызға сыйлаған заманымыздың заңғар жазушысы жайында өз қатарластары мен қаламгер аға, інілері де ыстық лебіздерін білдірген екен.

Әлжаппар - қазақ совет әдебиетінің соңғы жылдардағы өсуіне, жаңалық табыстарына елеулі еңбек қосты. Жаңа тақырыпты жақсы меңгерді.

Мұхтар ӘУЕЗOВ.

Әлжаппар - қайнаған Қарағанды заводынан шыққан жас талап... Ол алдағы өмірде шеберлік сатысына өрмелейді деп сенемін.

Сәкен СЕЙФУЛЛИН.

Әлжаппар — көрнекті жазушы, сенімді жазушы, намысқой жазушы... Әлжаппардың намысқойлығы осы біздің әдебиетіміздің, әсіресе, мына сахнаға шығатын драмалық еңбектердің құнды болуына, егер ол шығармада шикілік болса, ол шығармада айтатын ой болмаса, Әл- жаппар бетің бар, жүзің бар демейді, айтып салады. ...Еңбектеріне үңіле қарасаңыз, Әлжаппардан ойға құрылмаған, жалпы сөз қуып кеткен шығарма таба алмайсыз. Әлжаппардың шығарма- лары біреуге ұнар біреуге ұнамас. Бірақ ол біреуге еліктеген кісі емес. Мен білетін Әлжаппар Мұхтарды жақсы көрді. Сәбитті де жақсы көре- тін. Ғабиденді де жақсы көреді, мені де жақсы көреді... Сөйте тура бір- бірімізге еліктемепті. Бағалай отыра, біздің шығармаларымызға қуана отыра, кемшілігі болса, өзіміздей ренжи отыра ашық айтатын. Ол осын- дай мінезінен, өзіндік жазу әдісінен талмай келе жатқан жазушы.

Ғабит МҮСІРЕПOВ.

Қымбатты Әлжаппар жолдас! Сәкен жөнінде жазған пьесаңызды екі рет ынтыға оқып шықтым. Бүгінгі ұрпақ басқаша болып жетілді, мұндай пьеса әбден керек, бәрі өте маңызды. Мен білетін Сәкен oбразы барынша күшті шыққан. Сізге табыс пен денсаулық тілеймін.

Галина СЕРЕБРЯКOВА.

Асылында Әлжаппар — аса дарынды адам, өмірді ғана емес, со- нымен бірге көркем өнердің барлық сиқырлы сырларын жан жүрегімен ұға білген суреткер. Оның жазушылық жолындағы бір ерекше өзгешелік: ол іздене жүріп өсті де, есіп жүріп ізденді, толысты, шеберліктің биік деңгейіне көтерілді, ұстаз атанды. Қазақстан Республикасының халық жазушысы оған берілген лайықты атақ.

Сағынғали СЕЙІТОВ.

«Екі үйім қатар тұр!» деп мақтанушы еді Әлжекең, – үлкен үйім – Сәкен ағам негізін қалаған, Мұхтар, Ғабит, Сәбит, Ғабиден ағаларымның ізі сайрап жатқан ұлы шаңырақ болса, өзімнің кіші үйім қазақтың аймаңдай ұлы Дінмұхаммед Қонаев ағамның: «Әлжаппар, саған осы үй аманат!» деп өз қолымен кілтін тапсырған үйі еді. Мен, жалпы, сол екі дәуірдің арасында өмір сүріп жатқан шырақшы секілдімін. Шырағымның қашанда жарық болғанын қалаймын, кейінгі ізімізді қуған жастардың осы жолға таза, ықыласты болғанын қалаймын», – деуші еді. Өмірінің соңғы сәтіне дейін Әлжекең осындай киелі ұранмен өтті.

Гүлім Қуанышова

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға