Жаңалықтар

«Мерейлі отбасы – 2019»: Еліміздегі ең өнегелі отбасы

Ұлттық байқау мәресіне жетті
«Мерейлі отбасы – 2019»: Еліміздегі ең өнегелі отбасы
07.09.2019 13:28 9436

Осымен алтыншы рет өтіп отырған «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының республикалық кезеңі аяқталды. Биыл 3204 отбасы еліміздегі ең өнегелі жанұя титулына ие болуы үшін бақтарын сынаған. Облыстық кезеңнен сүрінбей өткен 17 отбасы республикалық кезеңге өтсе, олардың тек біреуі ғана жеңімпаз атанды. Ұлттық байқаудың шарты солай. Ал жеңімпаз отбасы жалпыхалықтық sms және интернет дауыс беру арқылы анықталды. Бір ай бұрын басталған дауыс беру науқаны кеше тоқтатылып, бүгін берекесі жарасқан жанұя бедел биігінен көрінді. Салтанатты шарада Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев сөз сөйлеп, мемлекет басшысының алғы сөзін жеткізді.

(Суретте: Республикалық байқауға қатысушыларды марапаттау) 

«Қадірлі қазақстандықтар, құрметті конкурсқа қатысушылар! Биылғы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймын. Халқымыздың ежелден ұлттық және отбасылық дәстүрлерге беріктігі қоғамдағы рухани құндылықтардың сақталуына ықпал етеді. Бұл мемлекеттік іс-шара Қазақстанның әлеуметтік саясатының маңызды бөлігі. Елімізде жыл сайын халықтың өмір сүру жағдайы, тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды шешімдер қабылдануда. Елбасы бастамасыменен мерекелер күнтізбесіне отбасы күні мейрамы енгізілді. Ырыс-берекесімен ынтымағы жарасқан мәуелі әулеттерді насихаттайтын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауын өткізу дәстүрге айналды. Бұл шаралар сан ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық әдет-ғұрыптардың, салт-дәстүрлердің жаңғыруына, отбасы институттының нығаюына, ұрпақ тәрбиесіне жаңаша дем беріп, өнегелі отбасылардың өрісін нығайтуға ықпал етеді» делінген Президенттің құттықтауында.

(Суретте: ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев сөз сөйлеп тұр)

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген отбасыларға Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының дипломы мен Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Елбасының қорының атынан арнайы сертификаттар табысталды. Ал жобаның биылғы бас жүлдесі атыраулық Тілекқабыловтар отбасына бұйырды. Жеңімпаз отбасыға бағалы сыйлықтарды ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова табыстады.   

(Суретте: Тілекқабыловтар әулетінің автокөлік пен арнайы марапатқа ие болу сәті)

– «Мерейлі отбасы – 2019» ұлттық конкурсының барлық қатысушылары жүлдеге лайық. Олардың әрбірі еліміздің өркендеуі жолында өздерінің сүбелі үлесін қосып отырған берекелі шаңырақтың иелері деп санаймын. Жеңімпаз атану мақсат емес, десе де үлгілі отбасылар қатарынан үздік көріну ерекше қуантарлық жағдай екен. Ауыл емес, аудан емес, тіпті облыс емес, күллі қазақстандық отбасылар қатысқан байқаудың биылғы лауреты атану бізге зор жауапкершілік пен міндеттер жүктейді. Бұл әрбір отбасыға Елбасының, мемлекет басшысының сенімі мен қолдауы деп санаймын. Сондықтан «Мерейлі отбасы» деген атты мәңгі сақтауды, ұрпағымды еліміздің өркендеуі жолында аянбай еңбек етулеріне тәрбиелей беретін боламын. Шыны керек, біз автокөлік не болмаса арнайы марапат үшін келгеніміз жоқ. Оған денсаулық болса жетуге әркез болады. Біз өз отбасымызды, әулетіміздің абыройын көтере келдік, - деді Тілекқабыловтар отбасының отағасы.

(Суретте: Тілекқабыловтар отбасының отағасы)

Тілекқабыловтар отбасының отағасы 45 жыл білім саласында қызмет еткен. Ағарту ісіндегі жеткен жетістіктері де жоқ емес. Шәкірттері республикалық байқаулардың жеңімпаздары. Ал бірлігі жарасқан жанұяның 8 баласы түрлі салада нәтижелі қызмет атқаруда. Майталман мамандар ата-анасынан алған тәрбиені берік ұстанады. 
 

Ал жобаның республикалық кезеңіне Қарағанды облысының атынан қатысқан Салхауовтар әулеті көптің көзайымына айналды. Тау-кен саласында еңбек өтілі 500 жылды құрайтын отбасының отағасы: 

– Ерекше күн. Бұл сәтті біздің әулетіміз ешқашан ұмытпайтын болады. Келер ұрпағым біздің атамыз ұлттық байқаудың финалисі атанған, біздің әулет «Мерейлі отбасы – 2019» ұлттық конкурсының қатысушылары болған деп мақтанып отырса деймін. Мемлекеттің басшылығында отырған азаматтарға, осы шараны ұйымдастырғандарға алғысым шексіз. Отбасыларды осылай қолдап, ел алдына шығарып үлгі ету шаңырақ шаттығын, береке бірлігін сақтауға шақырады, үндейді,- деді ол. 

(Суретте: Салхауовтар отбасы)

Айта кету керек, аталмыш жоба басталғалы бері конкурсқа республиканың барлық аймағынан 15 мың 197 отбасы қатысса, олардың 9 мың 407-сі ауыл тұрғындары, 5 мың 562-сі көпбалалы отбасылар, 2 мың 735-і жас отбасылар болса, 2 мың 584-і еңбек династиялары. Мерекелік шара соңы елімізге танымал эстрада жұлдыздары мен өнерпаздардың концертіне ұласты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға