Жаңалықтар

«Құртафеллодан» «Ақсұңқарға» дейін

Шымкенттік жас кәсіпкер Айнаш Убайдуллаеваның сұхбаты 
«Құртафеллодан» «Ақсұңқарға» дейін
20.02.2017 15:18 16014

 «Құртафелло» атауы есіңізде шығар? Шымкенттік жас кәсіпкер Айнаш Убайдуллаева 2 жыл бұрын қазақтың құртына өзгелердің қызығушылығын ояту мақсатында осындай атпен тауар белгісін шығара бастады. Сол кезде сайттар мен әлеуметтік желі қолданушылары «не шықса да, Шымкенттен шығады» деп жарыса жазған болатын. Бүгінде Айнаш «Құртафеллодан» бөлек, «Ақсұңқар» атты жарнама орталықтың ісін дөңгелетіп отыр. Бір жыл Қытайда білімін жетілдіріп қайтты. Ары қарай Айнаштың өзі баяндасын.

Құртты ұлттық өнім ретінде шетелге танытамын

2009 жылы анам сырқаттанып, дәрігерлер «саумал ішу керек» деп кеңес берді. Әкем бие сатып әкеліп, байлады. Үш ай үздіксіз саумал, қымыз ішкен анам дертінен құлан-таза айығып кетті. Сосын қымызды басқа адамдар да тұтынсын, денсаулықтарын түзесін деген оймен қымызхана аштық. ҰБТ тапсырып, студент атанып, мойнымнан ауыр жүк түскеннен кейін туысқан әпкеме көмектесіп, мен де қымыз сата бастадым. Күніне 100 литрге дейін өткізіп, 1 мың АҚШ долларына дейін табыс тапқан сәттер де болды. Шымкентке өзге елдерден қыдырып келген туристер жол бойында тұрған киіз үйді көріп, таңырқап, ішке енетін. Қымыз ішіп, құрттың дәмін көріп, суретке түсіп, риза болып кететін. Бұдан бөлек, Алматы мен Астанадан, өзге де қалалардан арнайы келетін тұрақты тұтынушыларымыз болды. Мақтанғаным емес,біздің қымыздың дәмін бір көрген адам, ол дәмді ешқашан ұмытпайды. Сосын басқа жерден қымыз ішкенде, қоспа қосылған, қосылмағанын бірден біледі. Шымкентте халық көп. Бәсеке де көп. Сол себепті келген тұтынушыларға жаңа нәрсе ұсынғым келді.

Өзінің қалпын, дәмін бұзбай, ұзақ сақталатындықтан, адам денсаулығына пайдасы мол болғандықтан, құртқа тоқталдым. Сосын интернетті ақтарып, «Құртафаелло» деген атауға кезіктім. Идея бірден ұнады. Адамдарды ауылдың құртына қызықтыру үшін «Құртафелло» деп өзгерттім. «Құртафелло» тауар белгісін «Raffaello» шоколадының атауымен шатыстыруға болмайды. Өйткені, қораптың дизайнын өзгертіп, Астанадағы авторлық құқық саласының мамандарымен кеңесіп, тіркеуден өткіздім. Ата-анам мен бауырларым менің алғашқы тұтынушыларым болды. Талабымды құптап, қолдау көрсетті.

Ал мен танымал болуды, пайда табуды, мақсат тұтпадым. Жоспар да жасамадым. Сайт пен газет беттеріне шығып, телеарналардан көрсетілгеннен кейін жан-жақтан адамдар хабарласып, құттықтап жатты. Тіпті енді әрі қарай не істейтінімді сұрағанда, абдырап қалғаным рас. Одан кейін мен Қытайға бір жылға оқуға кеттім. «Құртафеллоның» ісі сәл баяулап қалды. Тамыз айынан бастап, қайта қолға алып жатырмын. Қытайдан қорап шығаратын арнайы қондырғылар сатып әкелдім. Құртты бредке айналдыру, ұлттық өніміміз ретінде шетелге таныту – менің басты арманым. Бүгінде құрт 100-600 теңге (қорабына байланысты) аралығында сатылып жатыр. Алдағы уақытта «Құртафелло» қаладағы ірі сауда орындарында тұрса деймін. Қазір ізденіс үстіндемін.

«Ақсұңқар» жарнама орталығын қалай аштым?

2009 жылы Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеттің «графикалық дизайн» мамандығына оқуға түстім. Сосын қашанғы қымыз сатамын, өз салам бойынша білімімді жетілдірейін деген оймен 2 курстың жазында жұмыс іздей бастадым. Жарнама, дизайн ісінде сол кезде «Ернияз» баспасының аты ауызға жиі ілінетін. Түйіндемемді қалдырып, ертеңіне басшысы Ербол Дайрашов ағаға қоңырау шалдым. Студент екенімді, қосымша жұмыс істегім келетінін айттым. Шақырды. Бір ай тегін іс-тәжірибеден өттім. Екі жыл алған білімімді қайтейін, көп дүниеден хабарсыз болып шықтым. Жұмыста көбірек қалып, ізденуге тура келді. Компьютерлік бағдарламаларды меңгердім. «Ернияз» ұжымына, Ербол ағаға айтар алғысым шексіз. Студент екеніме қарамастан жұмысқа қабылдады. Маман болып қалыптасуыма көп еңбек сіңірді. Кейін жеке кәсіп бастағым келді. Осы сала бойынша тәжірибесі мол Айжан есімді әпкемен бірігіп бастауды жөн көрдім. «Ақсұңқар» деп ат қойдық. Басында екі компьютер сатып алып, кішкентай кеңсені жалға алдық. Бар-жоғы 2х2 шаршы метр болатын. Мәтін теру, көшірме жасау, студенттерге СӨЖ жазып беру сынды компьютерлік қызмет көрсеттік. Сосын қаржы жинап, үлкен көлемдегі қағаздарды шығаратын аппарат сатып алдық. Бұзылса, жөндеп, тілін үйрендік. Өкініштісі сол, бір жарым жылдан кейін кеңсеге ұры түсіп, барлығын үптеп кетті. Өзіміз енді аяққа тұрып келе жатқанда бұл бізге үлкен соққы болды. Сондай-ақ, компьютерде қанша уақыт жинаған құнды дүниелер, көз майымызды тауысып жасаған дизайн үлгілері кетті.

Мойымай, қаржының басын біріктіріп, қайтадан қажетті заттарымызды сатып алдық. Басқа кеңсеге көштік. Бүгінде қарамағымда 5 қызметкер бар. Балабақша, мектеп, арнаулы және жоғары оқу орындарынан тапсырыстар көп түседі. Көрнекілік құралдарын жасаймыз. Өзіме балабақша ішін безендірген ұнайды. Түрлі тәжірибе жасап көремін. Университетте Ербол атты оқытушымыз «көшеде жүргенде, қоғамдық көлікте отырғанда бос отырмаңдар. Жан-жақтарыңа зер салып, дизайн үлгісіне, үйлесімділігіне, түстердің біркелкілігіне назар аударыңдар» дейтін. Сондықтан, айналамды, өзгерістерді жіті бақылаймын. Жуырда тағы бір нүктемізді ашпақ ойымыз бар.

Қытайлықтардың бос отыратын кезі жоқ

2015 жылдың тамызында ата-анаммен ақылдасып, білімімді ары қарай шыңдау мақсатында Қытайдың Гуйлинь қаласына бір жылға оқуға аттандым.Үш айдан кейін қытайша түсініп, ойымдағыны түсіндіре алатын дәрежеге жеттім. Тіпті тілді тезірек үйрену үшін кішкентай балаларға ағылшыннан тегін дәріс те беріп көрдім. Ол жақта да құртты насихаттаумен болдым. Бірде қан тапсыру орталығына барғанбыз. Сөмкеме құрт салып алғанмын. Қан өткізіп болған соң, жанымдағы құрбыларыма құрт үлестіріп бердім. Сонда Филиппиннен келген бір қыз «бұл не?» деп сұраған жоқ. Мен де айтпағанмын. Аузына сап, шайнаған. Сосын жеп болған соң, «дәмі ащы екен. Енді жемеймін» деді. Мен құртты ауызға салып, сору керектігін айтып әлекпін. Кейін құртты жақсы көріп кетті. Сұрап жейтін болды. Қазір де әлеуметтік желіде хат-хабар алмасып тұрамыз. Құрттың дәмін сағынатынын айтады. Бос уақытымда жарнама орталықтарын араладым. Идеяларды түртіп алып жүрдім. Қытай халқы қазақтар секілді өте қонақжай. Жол сұрасаң, бағыт-бағдар сілтеп, тіпті апарып та тастайды. Ауыр сөз айтпайды. Ұрыспайды. Еңбекқорлығына сөз жоқ. Шаршау дегенді білмейді. Өзімнің қанша уақытымның текке өткеніне сонда барып ішім ашыды.

Гуанчжоу қаласында жылына екі рет, күзде және көктемде «Canton fair» атты үлкен жәрмеңке өтеді екен. Бізде ауылшаруашылығы, тамақ, тоқыма өнеркәсібі, медицина, тағы басқа салалар бір көрме аясында көрсетіледі ғой. Ал ол жақта ондай емес. Әр сала бөлек-бөлек және әрқайсысына үш күннен уақыт беріледі. Тіркеліп, біздің ақшаға шаққанда 5 мың теңге төлеп қатысасың. Әлемнің әр түкпірінен ең озық компаниялар өз өнімдерін ұсынады. Мен баспа ісі, жарнама саласы бойынша өткен жәрмеңкеге қатыстым. Үш күн бойы таңғалып, тамсанып жүрдім. Қаншама ойлар келді басыма. Қытайға қыдырып барсаңыз, сол жәрмеңкенің уақытына ыңғайлап баруға кеңес берер едім. Өзім көктемде ата-анамды Қытайға апарып, жәрмеңкені көрсетсем деймін. Өйткені ол жәрмеңкеден кейін елге келіп, жеке кәсіп ашуға құлшынысың оянады. Бізде дамымай жатқан сала көп. Ниет болса, аз қаржымен-ақ  іс бастауға болады.

Суреттерді түсірген автор

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға