Жаңалықтар

«Қорқақ хоккей ойнамайды»: балаңызға бұл спорт түрі сай келе ме?

Балаңызды хоккейге берем десеңіз...
«Қорқақ хоккей ойнамайды»: балаңызға бұл спорт түрі сай келе ме?
09.01.2019 13:33 8321

Бұл спорт түрінің артықшылығы неде?

Хоккей баланың төзімділігін арттырып, физикалық тұрғыдан мықты ете түседі. Алайда, дәл осы тіркестерді басқа да спорт түрлеріне айтуға болады. Сонымен, шайбалы хоккейдің ерекшелігі қандай?

Хоккей – командалық ойындардың ішінде қимыл-қозғалысының көптігімен айырықша. Сол себепті, балғын хоккейшінің жүрек бұлшықеті мен буыны берік болады. Кей дәрігерлер жүрегінде ақауы бар балаларды осы спортпен шұғылдануға кеңес беретінін білесіз бе? Тек ондай бүлдіршіндер ақ халатты жандардың бақылауында болуы керек.

Бұлшықеттің салмағы жекпе-жек спорт түрлеріне қарағанда жылдам өсе бастайды. Ұлыңыз өзін қорғай алғанын қаласаңыз, еш ойланбай хоккейге беріңіз. Сонымен қатар, реакция жылдамдығы футбошылармен салыстырғанда хоккейшілерде жоғары. Бала тек шапшаң қимылдап қоймай, санаулы секундта шешім шығарып үйренеді.

Сол сияқты ұлыңыз суық тиіп ауырмайтын болады, өйткені құрғақ мұз тыныс алу жолдарымен берілетін дерттердің, тіптің астманың «қалқаны».

Хоккей басқа спорт түрлеріне қарағанда, баланы өз орны үшін күресуге үйрететіндігімен ерекшеленеді.  «Қорқақ хоккей ойнамайды» деген әнді білетін боларсыз?

Психолог мамандар «қиын» жасөспірімдерді хоккейге баруға итермелейді, бұл спорт түрі өз эмоциясын бақылауда ұстап, агрессияны басып отыруға көмектеседі.

Бұл спорт түрінің кемшілігі қандай?

Хоккей жарақат алу қаупі жоғары спорт. Кәсіпқой хоккейшілердің жарақаттануын боксшылармен бір деңгейге қоюға болады. Олар жоғары жылдамдықпен мұзға құлап қана қоймай, имек таяқшадан, шайбы мен коньки жүзінен ауыр соққылар мен әртүрлі жарақаттар алып жатады. Онымен қоса, хоккейде шайбы үшін нағыз төбелес басталып кетуі де мүмкін, бұл ойынның бір элементі.

Кішкентай хоккейшінің жабдықтары, спорт мектебі, білікті бапкері ата-ананың қалтасына оңай түспейді.

Шамамен есептегенде хоккейге енді барғалы жатқан баланы толық киіндіру 70 мың мен 200 мың теңгенің айналасында болады. Гердеробты екі жылда бір жаңартып отыру керек. Қақпашыны толық жабдықтау екі есе қымбат. Бұл спортпен енді айналысып жатқан тәжірибесіз ұлыңыз имек таяқшаны жиі-жиі сындыратынын да қосып қойыңыз.  

Қандай балаларға хоккеймен айналысуға болмайды?

Балаңызды спортқа бермес бұрын, оның қызығушылығымен қатар, дене бітімінің ерекшелігі мен мінез-құлқына да назар аударған жөн. Ең бастысы – денсаулығы.

Егер балаңызда төмендегі белгілер болса, хоккейге бермеңіз:
 •  орталық жүйке жүйесінің ауруы;
 •  буын мен жүрек дерті (ревмокардит) бар балалардан кәсіби хоккейші шықпайды;
 •  созылмалы бүйрек, бауыр, өт дерттері;
 •  остеохондроз;
 •  байланыстырушы тіндердің бұзылысы барлар;
 •  жалпақтабан;
 •  алыстан көру кемшілігі бар балалар (-3-тен әрі қарай).

Хоккей шымырларға арналған спорт, себебі мұнда тегеурінді қарсыласты күтіп алып, шайбы үшін талас жүргізуге бұлшықет салмағы маңызды рөл ойнайды. Егер ұлыңыз арық болса, жылдамдық талап ететін волейбол, футбол секілді спорт түрлеріне апарған жөн.

Баланы қашан және қайда хоккейге беру керек?

Балаңызды бірден хоккей үйірмесіне жетектеп апармаңыз. Алғашқы кезеңдеріне дайындықты өзіңіз-ақ  жүргізуге болады. Шамамен үш жаста балаға коньки кигізіп, сырғанатып үйретіңіз. Оқытудың үй жағдайындағы баспалдағы осыдан басталады. Сенімді сырғанап үйренген жағдайда ғана, хоккей үйірмесіне жазып қойыңыз. Шамамен бес жастан бастап, айналысқан дұрыс. Алғашқы жаттығуына бару үшін ұлыңыз толық жабдықталуы керек.  

Қосымша. Балаларын хоккейге беретін ата-аналарға 7 кеңес:

1. Алдымен, баланы қызықтырыңыз.

Күніне ең болмағанда 30 минут балаңызбен доп қуып, секіріп, жүгіріп ойнаңыз. Бұл оның спортқа деген қызығушылығын сөзсіз оятады.

2. Икемін бағамдаңыз.

Ертерек секцияға апаруға асықпаңыз. «Қаншалық ерте барса, соншалық тезірек чемпион болады» деген жалған «үміттен» арылыңыз. Алдымен бір аяқпен мұзда тұруды, шайбыны дұрыс ұруды білгені абзал.

3. Бірден хоккейге бермеңіз.

Алдымен, дайындық курсынан өтуі керек. Қазір көптеген жаттықтырушылар нәтижеге жүгіріп, бірден шайбымен жұмыс жасатып қояды. Жоқ, бірінші залда шыныққаны жақсы. Жалпы физикалық дайындықтан өту – дұрыс жасалған қадам.

4. Мұзда сырғанауды мәнерлеп сырғанаушылардан үйренгені дұрыс.

Ең дұрыс шешім – уақытша балаңызды мәнерлеп сырғанау үйірмесіне беру. Себебі, бұл спортта алғашқы уақыттары мұзда сырғанауға аса көңіл бөледі. Ал хоккейде сырғанау өнері маңызды элементтердің бірі.

5. Білікті бапкер мен жақсы мектеп керек.

Бұл өз алдына. Бапкер тек балаңызға «үйретуші» емес, жақсы жолдас та бола білуі керек.

6. Жақсы коньки сатып алыңыз.

Ақшаңызды аямаңыз. Жеңіл, жақсы тігілген коньки балаңыздың табысы үшін үлкен көмек болуы мүмкін.

7. Нәтижеге жүгірмеңіз.

Балаңызды жаттығуға баруға күштемеңіз. Өзі ұмтылған бала, спорттағы барлық қиындықтарға шыдайды. Сол сияқты, нәтижеге бірден ұмтылу – жетістікке жеткізбейтін жол.

Cонымен қатар, ұлдармен бірге, қыздар да хоккей үйірмелеріне баруына болады.

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға