Жаңалықтар

«Қазақша бизнес»

Комедия 
«Қазақша бизнес»
09.01.2017 15:26 15390

29 желтоқсаннан бастап кинотеатрларда «Қазақша бизнес» («Бизнес по-казахски») фильмі көрсетіле бастады.

Бұл – режиссер Жеңісхан Момышевтың дебюті. Бұған дейін көпшілікке әншілігімен және клипмейкерлігімен танылған Жеңісханға толықметражды фильм түсіру қиынға соқпапты.  Ол бұл комедияны «үйде ыстық бауырсақпен шай ішіп отырып, туысқандармен бірге көретін фильм» деп санайды.

«Қазақша бизнеспен» шоумен, продюсер Нұрлан Қоянбаев кино әлеміне қадам басты. Ол комедиядағы басты рөлде ойнап әрі фильмге продюсерлік етті. Нұрлан өзінің «Караван» газетіне берген сұхбатында актерліктен гөрі продюсерлік жұмыс жанына жақын екенін айтыпты.

– Мен кез келген жобада ұйымдастыру жұмыстарымен айналысқанды жақсы көремін. «Қазақша бизнесті» түсіру барысында біраз қобалжыдым. Сондықтан, бірде жұмысыма көңілім толып, бірде тыпыршып, екіұдай сезімде жүрдім.

Комедияда біз кәсіпкерлерді емес, қазақтың туысқандық институтын көрсеттік. Мұнда кез келген компанияда басшының әйтеуір бір туысы жұмыс істейтіндігі туралы айтылады. Концепция мынадай: егер, батыста адам адамға қасқыр болса, Қазақстанда бәрі бір-біріне туысқан. Қиын сәтте жақындарың көмектесуі мүмкін, – дейді Қоянбаев.

Комедияны түсіруге бас-аяғы бір жарым ай уақыт жұмсалыпты. Түсірілім жұмыстары Алматы қаласы мен Алматы облысында өткен. Фильм сценарийі Әлішер Үтев, Арыстан Қаунев және Нұрлан Қоянбаевтарға тиесілі.

«Қазақша бизнесте» сан қырлы кейіпкер бар. Қонақүй басшысының көмекшісі Әленнің рөлін тәжірибелі актер Жан Байжанбаев тамаша алып шыққан. Бұған дейін көрерменге өзінің жағымсыз немесе тым салиқалы кейіпкерлерімен танылған Байжанбаевтың бұл рөлі оны жаңа қырынан танытты деуге болады.

Көрермен «Бауыржан-шоу» дәуірінен бері танитын актер Әбунасыр Серіковтің Қайырбегі – аздап әпенділеу, алаңғасар персонаж. Әлішер Үтев пен Рамазан Амантайдың фильмдегі тандемі көңілде әдемі әсер қалдырды. Айтпақшы, иә, мұнда шетелдік актер де ойнайды. Ол – үндінің «Келін» телехикаясы арқылы танылған  Сиддхартх Шукла.

Бұдан бөлек, комедияның көңілді шығуына Гүлназ Жоланова, Төреғали Төреәлі, Максим АкбаровҚұралай АнарбековаДариға Бадықова, Ольга Спирина, Қажет Смағұловтар атсалысқан.

Комедияның продюсері Нұрлан Қоянбаев ecasting.kz сайтына берген сұхбатында:

– Қазақстанда кинотеатр саны және тұрғындар саны аз болғандықтан, фильммен касса жинау – өте қиын нәрсе. Сондықтан, киноөндірісті бизнес ретінде қараймын десең, нартәуекелге баруың керек.

Егерде, біз шынымен пайда табуды көздесек, шетелден әртіс шақырмас едік. Фильмнің идеясының өзі қымбат тұрады. Мұнда бір емес, алты бірдей басты кейіпкер бар. Қонақүй бизнесінің детальдарын да бастан-аяқ ойластырдық. Біз бұл комедиядан табыс табамыз деп ойламаймын. Бастысы, осы картинаны жасау үшін жанымызды беріп жұмыс істедік» депті.

«Қазақша бизнес» касса жинай алар ма екен? Оны уақыт көрсетеді. 

(Суреттер ғаламтордан алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға