Жаңалықтар

«Қайраттан» не күтеміз?

Футболдан Қазақстан премьер-лигасы
«Қайраттан» не күтеміз?
15.05.2018 20:31 3752

Ақтөбедегі гол жауған ойын, Қостанайдағы алғашқы жеңіліс, «Ордабасының» кезекті ұпай таратуы және тағы басқа қызықты ойындар Қазақстан премьер-лигасының 10-турында орын алды.

«Тобыл» – «Қайрат» 1:0 (0:0)

Гол салған: Нөсербаев, 88

Қостанайда өткен ойын аса тартысты болды. Дарабаев пен Нұрғалиев жартылай қорғаушы міндетін тамаша атқарып, алда жүрген Бауыржан Тұрысбекті допсыз қалдырмады. Десек те, алғашқы қауіпті соққыны «Қайраттың» баразилиялық ойыншысы Исаэль жасады. Бірақ, Невпогодов бәрін бақылап тұрған болатын. Тобылдық қақпашы Луниннен пас алған Сильвейраның соққысынан кейін өз еркін тағы да аман сақтап қалды. Алғашқы таймда Исламхан да, Сүйімбаев та алыстан соққы жасап көрген, бірақ олардың тепкен доптары діттеген жерден табылмай жатты. Ойынның орта тұсында Дарабаевтан пас алған Тұрысбек 12 метр жерден Покатиловтың иелігін бағындыра алмады. Соңғы минутта «Қайрат» есеп ашуға шақ қалған Хуан Фелипенің орта дистанциядан жасаған соққысын Непогодов қайтара білді.

Ал ойынның екінші бөлігінде қос команда да есеп ашуға мүмкіндіктер болды. Бір Тұрысбектің өзі,  Федин, Дарабаев, Нұрғалиевтің қатысуымен қауіпті шабуылдар ұйымдастыра алды. Бірақ, шабуылшының соққылары өз нәтижесін бермей жатты. Матчтың екінші таймында алаңға шыққан Андрей Аршавин бірнеше рет қостанайлықтардың зәресін ұшырды. Ойынның аяқталуына бірер минут қалғанда Айбол Әбікен бұрыштамадан келген допты қақпаға баспен бағыттаған. Бұл жолы да оның жолын Непогодов кесті. Ойындағы жалғыз гол осы жерден бастау алды. Федин Хуан Фелипеден айналып өтіп, грузиялық футболшы Квеквискиридің аяғына доп салып берді. Ал ол өзімен бірген бір қорғаушы мен Покотиловты алып кетіп, бос қақпа алдында тұрған Таңат Нөсербаевқа пас берді. Шабуылшы 2 метр жерден қалай мүлт кетсін. Осылайша, таблода есеп ашылды.

Қарсыласты ұстап, қарымта шабуылдарға шығу қостанайлықтар үшін «Астанамен» өткен ойында пайдасын тигізбесе де, халық командасынан үш ұпай алуға сеп болды. Бұл жеңіс «Тобылдың» қызылордалық ойыншылардан ұтылғанын ұмыттырып жібергендей. Келесі ойынды қостанайлықтар шымкентік «Ордабасыға» қарсы өткізеді. Шын тартысты кездесу алда деп білеміз.

«Шахтер» – «Ертіс» 0:1 (0:0)

Гол салған: Пикалкин 91+4 (өз қақпасына)

Кездесудің бірінші бөлігінде біршама қауіпті шабуылдар ұйымдастырылды. «Шахтер» алаңға екі шабуылышысын жіберіп, барлығын бірінші таймда-ақ шешіп алғысы келген. Бірақ, ойлағандары іске аспады. Алғашқы шын қауіпті шабуыл қарағандылықтардың қателігінен туындады. Алаң иелерінен Эрнандес допты тартып алып, португалдық легионер Фонсекаға доп қалдырған. Оның тепкен добын Шацкий тойтара білді. Ал ойынның бірінші бөлігінің аяқталуына он минут қалғанда Владимир Журавель шәкірттері белсендірек болды. Бірақ, Қалмықов өз қақпасының кілтін «ешкімге ұстатпады». Ал екінші тайм павлодарлықтардың жойқын соққыларымен басталды. Алғашында Эрнандестен келген допты қабылдаған Фонсека есеп ашатын мүмкіндікке ие болған. Жолай Құлбековке тиген доп бағытын өзгреткеніне қарамастан, Шацкий сенімді ойнады. Бір португалдықтың қаншама мүмкіндігі болды. Бірде қақпа бағанынан жоғары тепсе, бірде аз ғана қиыс кетіп жатты.

Алаңға тыңнан шыққан «Ертіс» ойыншысы Шабалинге қарсы ереже бұзылды. Сол қапталдан Шмитд алаң иегінен доп көтеріп, Шабалинге жеткізген. Ал Павел «шахтерлық» Володькодан ысылып өте шықты. Бірақ, «жанасу» орын алып, төреші нүктені көрсетті. 11  метрлік нүктеге келген Шабалин Шацкийден айласын асыра алмай, сан соқты. Бірақ, бұл сәтсіздік «Ертіс» ойыншыларын еш жасытпады. Олар тағы бірнеше шабуылдар ұйымдастырып, қателіктің орнын толтыруға барынша тырысты.

Ойынның негізгі уақыты аяқталып, төреші қосқан қосымша минутта автогол орын алды. Тағы да өз әріптестерінен пас алған Шабалин Шацкийдің қақпалын алыстан көздеген. Тура алдына қарай қайтарған доп Пикалкиннің аяғына тиіп, қақпа торынан табылды. Нағыз сәтсіздік деп осыны айт!

Теміртаудағы кездесудің тағдырын осылай бір ғана сәтсіз қимыл шешіп кетті. «Ертістіктердің» 90 минут бойы төккен тері өз жемісін берді.

«Қызыл-Жар» – «Қайсар» 0:0

Қауіпті шабуылдар алғашқы минуттан-ақ орын алды. Қызылордалық кипер Исламқұлов шеберлігін ортаға салып, өз иелігін аман сақтап қалды. Бұған жауап ретінде Жанғылышбай алыстан соққы жасап көрген. Бірақ, ондай соққылар алаң иелерін алаңдата қоймады. Нағыз қауіпті соққы Аржановтан келді. Ол Евстигнеевтен пас алып, баспен допты қақпаға бағыттаған. Зәкіров өз орнында. Алма-кезек шабуылға иек артқан қос команда алғашқы таймды аяқтады.

Ойынның келесі бөлігінде де есеп ашуға талпынған футболшылар қарап жатпады. Ал матчтың бітуіне аз қалғанда грузин легионері Гогита Гогуа Ступичтің пасын сәтті пайдалануға тырысып, соққы жасады. Исламқұлов допты дәл алдына қарай қайтарды. Қақпашыдан қайтқан допты Пуношевац қақпаға бағыттап, тіпті гол салған. Бірақ төреші оның ойыннан тыс қалғанын байқап, гол есепке алынбады.

Осылайша, Петропавловсктегі ойын 0:0 есебімен тең аяқталды. «Қайсар» қақпашысы осымен төртінші ойында өз иелігін аман сақтап келеді. Марсельден айналып өту кімге бұйырар екен?

«Атырау» – «Астана» 0:2

Гол салғандар: Твумаси пенальтиден, 61 (0:1), Томасов, 64 (0:2)

Мұнайшылар стадионындағы ойынның алғашқы таймы аса қызыққа толы бола қоймады. Қалмұратов өзіне берілген мүмкіндікті мүлт жіберіп алса, қонақтардан Твумаси мен Томасов Пасеченконың мықтылығын байқап көрді. Матчтың келесі бөлігінде Деспотович пен Адениджи соққы алмасқан, бірақ қос теңбілдопшыға дәлдік жетіспеді. Сосын ойынды Твумаси өз қолына алып, «атыраулықтардың» айып алаңына баса-көктеп кіріп барған, Абдрахманов Патриктің ойын жүзеге асыруына мүмкіндік бермеді. Ганалық ойыншыға қарсы ережеден тыс әдіс қолданғандай. Төреші бірден пенальти тағайындады. Твумаси нүктеден мүлт кетпей, есеп ашты. Бұл голдың артын суытпай, Томасов жеке-дара «Атыраулықтардың» жасыл алаңында ойнақтады. Алдынан шыққан Пасеченкодан да айласын асырып, есепті еселеп кетті. Бұл голдардан кейін Деспотовичте жақсы мүмкіндік болған. Тоғыздықты дәл көздей алмаған серб шабуылшысы бұл ойында жарқын ойынымен көзге түсе алмады.

«Астана» «Қайраттың» Қостанайдағы сәтсіздігінен кейін, ұпай санын ұлғайта түсті. Халық командасы қамшы салмаса, бұл жылы да чемпиондыққа қол жеткізе алмауы ғажап емес.

«Ақтөбе» – «Ақжайық» 5:3 (3:0)

Гол салғандар: Қайыров, 27 (1:0), Пиззелли, 41 (2:0), Рейналдо, 45 (45), Рейналдо, 56 (4:0), Пиззелли, 67 (5:0), Басов, 73 (5:1), Эсеола, 75 (5:2), Мане, 79 (5:3)

Соққының барлығы қақпадан табылған күн болды. Қос батыстық команданың арасындағы ойында жанкүйерлер 8 голға куә болды. 5:0 есебімен басым болып тұрған «қызыл-ақтар» 3 бірдей гол жіберіп алды.

Қайыровтан бұрын Абат Айымбетов Валилуллин мен Рейналдо ұйымдастырған шабуылды түйіндеген еді. Бірақ, төреші голды есепке алмады. Офсайд! Күдік тудыратын ойыннан тыс қалу. Ақтөбелік жанкүйерлер дүр сілкінді, бірақ төреші шығарған шешім заңды күшінде қалады. Олардың көңілдерін 27 минутта Қайыровтың соққан голы басқандай. Богдан келесі голға да өз үлесін қосты. Өз қапталынан қақпа алдына тамаша пас жеткізген, бразил-армяндық ойыншы Маркос Пиззелли баспен ұрып, 2 голға көрімдік сұрады. Орал қақпашысы Боровик орнынан да қозғалған жоқ. Бірінші тайм бітуіне санаулы секундтар қалғанда Рейналдо есепті 3:0-ге жеткізді. Оның тепкен добы жолай Ткачукке тиіп бағытын өзгерткен, Боровик тағы ештеңе істей алмады.

Екінші таймда «Ақжайық» кипері өз орнын Ткачукке босатты. Бірақ, Сергей де 56 минутта Рейналдоның соққысын өткізіп, командасын кезекті голдан құтқара алмады. Орта алаңдағы тартыста «ақтөбеліктер» допты тартып алып, ортада ашық қалған бразилиялыққа жеткізді. Ол өз кезегінде дубль авторы атанды. Бұл голдан соң оралдықтар алға ұмтылды. Сондай сәттің бірінде Эсеола жақсы мүмкіндікті жіберіп алды. Керісінше, қарсыластарының алға ұмытылып, 5-голды салуына жағдай жасағандай. Пиззелли де дубль иесі атанып, ақтөбелік жанкүйерлердің төбесін көкке жеткізді.

Алаңға Малик Мане шығып, «Ақжайықтың» ойынына біраз қан жүгірткендей. Стандартты шабуылдың бірінде Басов сәтті ойнап, есепті 5:1-ге жеткізді. Бұл жерде қақпашы Трофимец алға ұмтылғанымен, сәтсіз шығып, допқа жете алмай қалды. Оралдықтардың екінші голы да «Ақтөбе» қақпашысының шеберлігіне сын келтіргендей. Тағы да сәтсіз секіру, Эсеоланың бос қақпаға допты тоғытуына мүмкіндік беріп қойды. Ал 4 минуттан соң, Мане көзге түсті. Бұрыңғы командасына салған голын тойламаған шабуылшы жергілікті жанкүйерлердің қошеметіне бөленді.

Қос батыстық клубтың арасындағы теке-тірес 5:3 есебімен аяқталды. Мұншама гол «Ақтөбе» мен «Одабасының» арасындағы шулы ойыннан кейін енді ғана соғылып отыр екен.

«Жетісу» – «Ордабасы» 4:2 (2:0)

Гол салғандар: Бойович, 28 (1:0), Бойович, 45+2 (2:0), Бойович, 60 (3:0), Джигаури, 77 (3:1), Куклис, 79 (4:2), Джигаури, 90+2, (4:2)

Шымкенттік команда ойынды жақсы бастады. Бұрыштамадан келген допты Диакате баспен қақпаға бағыттауға тырысқан, бірақ бағанадан жоғары кетті. Одан кейін Мардан Төлебек алыстан соққы жұмсады. Қанша тырысқанмен,шымкенттік капитанның тепкен добы қақпаға тура жетпеді. Одан кейін жетісулықтар алға шықты. Оганесян Марданмен таласта Бойовичке допты өзінен асыра лақтырып, пас шығарды. Ал серб ойыншысы Нарзиқұловтан айласын асырып, есеп ашты. Бірінші таймның бітуіне санаулы секундтар қалғанда Адырбеков Оганесянды шалып жығып, өз қақпасына 11 метрлік айыпдобын алып келді. Нүктеге келген Бойович есепті 2:0-ге жеткізді.

Ойынның 60 минутында Бойович хет-трик авторы атанды. 3:0 – керемет көрсеткіш болғанына қарамастан, «Жетісу» бапкері Дмитрий Огай ойыншыларын жігерлендірумен болды. 77 минутта «Ордабасының» грузиялық шабуылшысы Джигаури есепті қысқартқанымен, талдықорғандықтар қарап қалмай, 2 минуттың ішінде төртінші голдарын салып, жанкүйерлерді бір желпінтті. Ойынның нүктесін Джигаури қойды, Әлішер Сүлейден келген пасты ұтымды пайдаланып, дубль авторы атанды. «Ордабасы» Еуропа лигасына қатысу мүмкіндігігнен айырылған соң, ойындарын жоғалтып алғандай. Талдықорғандықтар бұл жеңісінен кейін 6-сатыға көтерілсе, шымкенттік команда 3-орын үшін «Тобылмен» жүргізіп келе жатқан бақталастықта есе жіберіп, 4-орынға сырғыды. Соңғы айтылған қос команда арасындағы тартысты кездесу келесі турда өтеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға