Жаңалықтар

«Қайрат» қарымта қайтара алмады

"Қайрат" та ұтылды
«Қайрат» қарымта қайтара алмады
18.08.2018 12:41 3345

«Қайрат» (Алматы) – «Сигма» (Оломоуц, Чехия) – 1:2 (0:1)

Голдарды салған: 0:1 Нешпор, 19, 0:2 Хоуска, 50, 1:2 Эппель, 60

«Қайрат»: Покатилов, Лунин (Соколенко, 57), Политевич, Элек, Әліп (Эппель, 34), Исаэль, Қуат, Жуан Фелипе, Аршавин (Жуков, 74), Исламхан, Эсеола

«Сигма»: Бухта, Сладки, Штерба, Йемелка, Фалта, Калвах, Заградничек (Манзиа, 67), Пльшек (Юнис, 80), Хоуска, Хала, Нешпор (Тексл, 63).

«Сигма» бас бапкері Вацлав Илек бір жеті бұрын өткен ойында қызыл қағаз алып алаңнан кеткен капитаны Ихаил Вепрек пен Оломоуцте гол салған және Сүйімбаевтың алаңнан қууылуына себепкер болған хавбек Вацлав Пиларждың көмегіне жүгін алмады. Сол себепті чехтердің негізгі құрамында өзгерістер орын алды. Фалта сол жақтың қорғанысына жауап берсе, екі қапталды Мартин Хала мен Томаш Заградничек берік ұстауға тырысып бақты. Қақпа Бухтаның иелігінде болса,  орталық қорғаныста Калвах–Пльшек–Хоуска үштігі тер төкті. «Сигма» жаттықтырушысы жасаған құрам мен берген тапсырмасы расымен де Карлос Феррердікімен салыстырғанда, мықтырақ көрінді. «Қайрат» бас бапкері бұл ойында тек жеңіс керегін білсе де, жалғыз шабуылшыға иек артты. Ал бірінші ойынды орта жолдан аяқтауға мәжбүр болған сол қапталдағы қорғаушының орнын жас Нұрәлі Әліп алмастырды. Қақпа кілтін бапкер бұл жолы Плотниковке емес, Покатиловке беруді жөн көріпті. Исламхан болса, өз позициясынан төменірек өнер көрсетті. «Сигма» бапкері алматылық команданың сапында осы Бауыржан мен Исаэльдің ойынын ерекше мадақтағанын білеміз. Чехтерге берілген тапсырма осы екі футболшыны берік ұстап, адымын аштырмау екенін түсіну қиын емес-тін. Алматының орталық стадионына жанкүйерлер ағылып жатты (тіпті төреші ысқырығы естілсе де, олардың әлі өз орындарына жайғаспағанын байқауға болады). Сүйікті командасын қолдауға келген жанкүйерлер қайраттықтардан тез салынған гол күткені рас. Алайда, олай бола қойған жоқ. Халық командасы бірден шабуылдауға ниетті екенін анық аңғартты. Алғашқы он минуттықта Исламхан орта дистанциядан соққы жасап көрген, Бухта өз орнында. Одан кейін, корнерден Политевичпен баспен допты қақпа торына түсірмек болды, тағы да сәтсіз. Ал «Сигманың» шабуылы алматылықтардан гөрі, кәдімгідей қауіпті болды. Оң қапталдан Нешпордың маңдайшадан биік жіберген соққысы тура бағытталғанда, Стастың көмекке келуі неғайбыл.  Одан кейін қарсылас команданың қорғаушысы мен қақпашысы соқтығысып қалып, медицина қызметкерлерінің көмегіне жүгінуге мәжбүр болды. Қос теңбілдопшы да ауыр жараққаттан аман екен. 19-минутта қонақтар ойда-жоқта есепте алға шықты. Нешпор ауттан келген допты қақпаға тоғыта салды. Қанша ұмтылғанмен, Покатилов көмекке келе алмады. Сонымен, ешқандай овертайм, ойын соңындағы пенальти орын алмайтын болды. Жанкүйерлердің, тіпті футболшылардың көңілі су сепкендей басылып қалғандай. Себебі, гол жіберіп алған алматылық аяқдопшылардың жүрісінде сылбырлық байқалды. Сондай-ақ, «Қайраттың» жалғыз форвардының «көлеңкеде қалып қоюы», пас алмасудағы қателіктері, сол қапталдың тіпті іске арласпауы төрт голдың соғылмайтынына куәлік еткендей. Оның үстіне, қарсыластардың қорғанысы да берік ойнады. Бір байқағанымыз, олар жасанды офсайд жасаудың нағыз шебері екен. «Қайраттың» 27-минутында керемет мүмкіндігі болды. Аршавин өз командаласынан пас алып, Бухта қорғаған қақпаның оң жағына бағыттаған. Ресейлік легионерге дәлдік жетіскенде, ойындағы тартыс қыза түсер еді. Бір жағынан, қонақтардың ұйымдастырған екі шабуылы голмен аяқталуға да шақ қалды. Бұл уақытта, «Қайрат» бапкері қорғаушы Әліптің орнына екінші шабуылшы Эппельді алаңға жіберген. Неге әу баста, Карлос Алос ойынды екі шабуылшымен бастап, Исаэльді сол лотеральдың қызметіне қоймағаны түсініксіз. Алаңға жаңа форвардтың кіруі қайраттықтардың ойын схемасына біраз өзгеріс әкелді. Жаңа ойын өрнегіне көшеміз деп жүріп, қонақтардан екінші гол жіберіп алуға аз қалды. Алда жүрген қос шабуылшыны чех қорғаушылары берік ұстауға барын салды. Соның кесірінен, «Қайрат» үзіліске дейін есепті теңестіре алмады. Өкінішті. Исламхан шабуылды өзінің өткір пастарымен күшейтуге тырысты, ал Исаэль дриблингке салып, тас қамал сигмалықтарды айналып өтуге барын салды. Сондай сәттің бірінде шабуылшы рөлінде тұрып қалған Аршавиннің соққысы қорғаушылардың біріне тиіп, корнерге кетті. «Сигма» ойыншылары гол жібермеудің амалын барынша қарастырып, алға ұмтылуларын сиретті. Алайда, олардың жылдам футболшылары «Қайраттың» әлсіз қорғанысынан ойда-жоқта өте шығып, Покатиловтың айып алаңынан табылып жатады. Сондай эпизодтың бірінде Пльшек орта дистанциядан қақпаны тура көздей алмады. Әйтпесе, чехтар бар мәселені бірінші таймда-ақ, шешіп тастар еді.

Ойынның екінші бөлігі де қонақтардың шабуылмен басталды. Алғашында қорғаныста жүрген алматылықтар Калвахтың жиырма метрдей қашықтықтан бағыттаған добына тосқауыл болса, одан кейін Политевич Пльшектің аяғынан допты тартып алды. Араға бір минут салып, Элек Хоусканы шалып жығып, стандарт орындалатын болды. Зардап шеккен ойыншы бұл айып добын өзі тебуге сұранып, есепті 0:2-ге жеткізді. Оның тоғыздыққа тоғытылған добына секірген Покатилов тағы да шарасыздық танытты. Осымен, барлық үміттің оты өшті. Қалған қырық минутта алматылық командаға бес гол салу міндеті жүктелді. Келген жанкүйерлердің алдында намысқа тырысқан қайраттықтар алға ұмтылды. Эсеола доппен таласта, қарсыласын қапы қалдырып, айып алаңына дейін жетіп, соққы жасаған. Бухта қауіптің бетін қайтарды. Ойынның 60-минутында Эппель жанкүйерлерді бір серпілтті. Оның соққысы көздеген жерден табылып, есеп қысқарды. Қуат чех қорғаушысын алдап өтіп, қақпа алдына доп жеткізген. Керек кезде, керек жерден табылған Эппель биылғы маусымда Еуропа лигасындағы 6-голын соқты. Чехтардың қорғанысын бұзуға болатындығына көзі жеткен «Қайраттың» ойыны күшейе түсті. Тағы да Аршавинге дәлдік жетіспесе, Исаэль бірнеше сигмалықтардың арасынан өтіп келіп, қақпа алдына доп жеткізген. Оны түйіндейтін жан табылмады.

Жуан Фелипенің тепкен спорттық снаряды да ойлағандай бола қоймады. Көп ұзамай, ол ойын тәртібіне келмейтін іс-әрекетке барып, төрешіден екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. Бұл тіпті, алматылықтардың ісін қиындатып жібергені анық. Кешегі еуропа лигасының кезекті ойынында қонақта «Динамо» Минсктен 4-0 боп ұтылған «Зениттің» қайсарлығы алматылықтардан табыла қоймады. Петорборлық жігіттер бір футболшыға кем қалса да, ойынды құтқарып кеткен еді. Құтқарып қана қойған жоқ, қарсыластар қақпасына сегіз гол салды. Сегіз гол! Ал «Қайрат» ше? Сол сегіздің жартысын, жо-жоқ, 3/1-ін салуға мүмкіндігі болмады.  Манзианың симулияциясын төреші шын қабылдап қалғаны, өкінішті. Ойын соңына қарай, алматылық командадан гөрі, «Сигманың» есепті еселейтін мүмкіндіктері көп болды. Хоусканың кезекті соққысын Стас қақпаға дарыта қоймады. Йемелкеге дәлдік жетіспесе, Манзиа тордың сыртын көздеді. Бұл кездесуде ерекше ойын өрнегімен көзге түскен Исаэльді айта кетсе болады. Ол дриблингтің арқасында бірнеше рет қарсыласын алдап өтіп, пас шығарып жүрді. Бірақ, хавбектің тура жеткізетін сәттері саусақпен санап аларлықтай ғана. Бразилиялық өз отандасы секілді алаңнан қуылып кетті. Ол төреші қосқан қосымша уақытта орын алған еді. Допқа таласта, қарсыласына дөрекі секірген ойыншыны төреші аяп қалмақ емес. Соққы алған футболшыға медицина қызметкерлері көмекке келген соң, ол ойынды соңына дейін жеткізе алды. Бір ойында қос бірдей футболшының қызыл қағаз алуы «Қайратта» бұрын болып көрмеген оқиға шығар. Оның үстіне, еурокубоктық ойындарда өз алаңында алыс 2002 жылдан бері ұтылмаған еді. «Сигмадан» жеңілген соң, халық командасына жанкүйерлер наразы болғаны анық. Олар кінәні сөз жоқ испан маманы Карлос Алостан іздейді. Негізгі құрамнан шатасқан бас бапкердің ендігі тағдыры клуб басшылығында болмақ. Мүмкін барлығы сәтсіздікке келіп тіреледі ме екен? Қос ойында үш ойыншысы алаңнан қуылған алматылықтардан қандай нәтиже күтуге болады? Азулы АЗ-ды орта жолда қалдырған «Қайраттан» қайрат күткенімізді жасырмаймыз. «Сигманы» ойламай, «Севильяға» іштей дайындалған жанкүйерлердің үміті желге ұшты. Бір жағынан енді халқы командасы Қазақстанның ішкі біріншілігі мен Қазақстан Кубогына барынша дайындалатын болады. Өткен жылы еурокубоктық сәтсіздіктен соң, грузиялық маман Кахабер Цхададзе бас бапкерлік қызметінен кеткен еді. Ал Карлос Феррердің қандай жоспары бар екен?

Ойыннан соң, «Сигма» бапкері Вацлав Илек ойыншыларына алғыс білдіріп, өз ойымен бөлісті:

- Өз ойыншыларыма алғысымды айтамын. Олар бүгінгі матчты өте жақсы өткізді. Қарсыласымыз, расымен де өте мықты команда екенін мойындаймын. Осындай қиын кездесуде жеңісті қолдан бермей, есепті пайдамызға аяқтай алдық. Бірінші голдың маңызы жоғары болғанын жасырмаймын. Одан соң, қайраттықтарға төрт бірдей гол салу керек болды. Біздің ойындағы басты мақсатымыз – шабуыл жасамау, сол секілді «Қайраттың» шабуылға шығып кетпеуін қадағалау. Бүгінгі ойынға келген барлық жанкүйерлерге де өз атымнан алғыс айтқым келеді. Олар командасының ойыны жүрмей жатқанына қарамай, тамаша қолдау көрсетті деп есептеймін. Сол сияқты біз орталық алаңды өз қолымызда ұстап, Исламхан мен Исаэльдің ашылып ойнауына кедергі келтіруді мақсат тұттық. Берілген тапсырманы шәкірттерім орындай алды деп есептеймін. Екінші таймда сенімдірек ойнап, допқа көбірек иелік етуге тырыстық. Бұл жағдайда «Қайраттың» біздің қақпамызға қауіпті шабуыл ұйымдастыру мүмкіндгігі төмендейтіні анық. Командам қорғаныста да беріктік танытып, қарсыластың барлық ұмтылысына тосқауыл қойып жатты. Жасыратыны жоқ, алаң иелерінің толықтай шабуылға көшуі біздің қорғаныстың жұмысын көбейтті. «Қайрат» бірінші боп есеп ашып, алға шығып кетеді деп қорыққаным да бар. Өз голымызды салып алған соң, салқынқандылықпен ойнай бастадық. Кездесу нәтижесін көріп отырсыздар.

«Қайраттың» бас бапкері Карлос Алос бірінші боп стадионға келген жанкүйерлерге алғысын білдірді:

- Бізге сеніп ойынға келген барлық жанкүйерлерге ерекше алғыс айтамын. Есеп біздің пайдамызда болмаса да, олар бізді алға жетеледі. Мен өз кезегімізде ойыншылардың тек алға ұмтылуларын өтіндім. Олар соны орындай алды. Кездесу аяталғанша барын салып, ойынды құтқаруға тырысып бақты. Осы сәтті пайдаланып, ойыншыларыма да алғыс айтамын. Шәкірттерім бүгінгі матчта барлық күшін салды.

Тек бүгін емес, бір жеті бұрын өткен ойынды есепке алсам, біз үшін бәрі керісінше болды. Чехиядағы матч біздің пайдамызға аяқталған жоқ. Жағдайымызды қиындатып алдық. Олар бүгін бір гол салып алса, үлкен проблема болатынын жақсы білдік. Өкініштісі, біздің қорқынышымыз алдымыздан шығып, ауттан ойынға қосылған доп қақпамыздан табылды. Еуропада мұндай қателіктер кешірілмейді. Бірінші таймның соңы да жүйкені жұқартатындай жағдайда өтті. Бұл раунд  барлығы 180 минутқа созылды және сол уақыт ішінде көп жағдайлар орын алды. Ол раундтардың сәтсіз өтуіне түрлі жағдаяттар әсер етуі мүмкін. Біз бірінші ойынның 60 минутын он ойыншымен өткердік. Ал бүгін өз алаңымызда ұтылып қалдық. Бүгін кездесу тағдырын өзгертуге болар еді. Бірақ, ауттан жіберіп алған алғашқы гол барлығын 180 градусқа бұрып жіберді. Қарсыластардың голы олардың сенімді ойнауына жақсы мотивация болғандай. Одан кейін шабуылшыны алаңға жіберіп, ойын өрнегіне біршама өзгертулер енгізуге тура келді. Жеңіліс тапқанымыздың себебі көп.

Мұнда сіздер емес, мен жұмыс жасап жатырмын! Сол сияқты шешімді мен немесе сіздер шығармайсыздар. Егер осы сәтсіздіктен соң, клуб менімен қоштасқысы келсе, қарсы емеспін. Бұл – футбол. Шынын айтқанда, мен қазір аз ұйықтап, көп жұмыс істеймін. Мен осы клубта жұмыс істеу арқылы осы командамен бірге өмір сүріп жатырмын. Бүгін біздің жолымыз Еуропа лигасының үшінші раундында аяқталды. Мықты деген АЗ-ды артта қалдырғанымызды да ұмытпайық. Мен үшін бұл Еуропа маусымы жаман болған жоқ. Айта кетерлігі, Чехияның ішкі біріншілігі біздің премьер-лигамен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Оны мойындау керек.

Фотосуреттер ашық ғаламтор көзінен алынды

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға