Жаңалықтар

«Ит жүрегі»: қызық фактілер

В.Толоконниковтің шығармашылығына құрмет ретінде оны танымал еткен кинокартина туралы деректер.
«Ит жүрегі»: қызық фактілер
17.07.2017 11:18 2915

КСРО-ның, Қазақстанның, Ресейдің белгілі актері Владимир Толоконников өмірден өтті. Толоконников десе бірден көз алдымызға «Ит жүрегі» («Собачье сердце») келеді.

Актердің шығармашылығына құрмет ретінде оны танымал еткен кинокартина туралы деректермен бөліссек.

Екі сериядан тұратын телефильм Михаил Булгаковтың аттас повестіне негізделген. Шығарма 1925 жылы жазылды, алайда 1960 жылдары кеңінен таралды. Ал экранизациясы 1988 жылы жарық көрді.

Сюжеті 1924 жылы профессор Филипп Преображенский (Евгений Евстигнеев) төңірегінде өрбиді. Оның күрделі тәжірибесінің нәтижесінде Шарик деген ит адамға айналады. Алайда уақыт өте келе Шариков деген есімге ие болған жаңа адам профессорға, төңірегіндегілерге көп проблема туғызады.

Режиссер Владимир Бортко 1920 жылдардың колоритін беру үшін камераға «сепия» деген фильтр қолданған.

Шариков рөліне 8 үміткер болған, олардың ішінде Николай Караченцев, Алексей Жарков, Валерий Носик секілді белгілі есімдер бар. Алайды сынақ-байқаулардан кейін таңдау Владимир Толоконников пайдасына шешілді.

Ал Шарик рөліне Карай деген итті түсірген. Оны да 20 үміткердің ішінен таңдап алған. Ит милицияда қызмет еткен және түсірілімнен кейін «бағы ашылып», тағы 4 картинаға түсіпті.

Фильм өз отанында бірқатар сынға іліккеніне қарамастан, Италияда өткен Prix Italia кинофестивалінде Гран-при алды.

Ал картина жарық көргеннен кейін 2 жыл өткен соң режиссер Владимир Борткоға және актерлер Владимир Толоконников пен Евгений Евстигнеев мемлекеттік сыйлық берілді.

P.S. Владимир Алексеевич Толоконников 74 жаста болатын. Ол театрдағы бүкіл өмірін Алматыдағы Лермонтов атындағы орыс драма театрына арнады. ҚазақКСР еңбек сіңірген әртісі.

Мақала авторы: Ернар Бекенов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға