Жаңалықтар

 Ғасырмен құрдас кейуана

Ұзақ жасаудың құпиясы неде?
 Ғасырмен құрдас кейуана
25.04.2017 11:14 6356

Өткен ғасырды бүтіндей көзімен көрген қазыналы қарттарымыздың жыл өткен сайын сиреп бара жатқандығы қынжылтады. Бүгінде ел ішінде жасы 80-ді, кейде тіпті 90-ды алқымдаған қарияларды жиі болмаса да кездестіріп жатамыз. Ал жасы 100-ден асса да өзін сергек сезінетін ғасыр адамды кездестіру – сирек құбылыс. Міне осындай, маңдайына ұзақ ғұмыр жазылған көнекөз қарияларымыздың бірі, Алматы облысы, Кербұлақ ауданының тұрғыны – Батан Әбдіқадырқызы. Жасы 101-ге келсе де тың әрі сергек жүрген кейуанамен сұхбаттасып, ұзақ өмір сүрудің құпиясы жөнінде сұрап білген едік.

– Әже, ғасырға ұласқан ғұмырыңызда небір тарихи сәттерге куә болдыңыз. Жастық шағыңызды еске түсіріп көріңізші. Қай жерде, қашан дүниеге келдіңіз?

– Енді біздің жастық шағымыз ашаршылық, содан кейін соғыс кезеңімен тұспа-тұс келді. Көп қиындық көрдік. Ашқұрсақ жүріп, ерлер атқаратын ауыр жұмыстарды атқардық. Мен 1916  жылдың 1 қаңтарында тағдырдың айдауымен Қытай елінде дүниеге келген екенмін. Кейін отбасыммен атажұртымызға, Кербұлақ ауданының осы Алтынемел ауылына көшіп келдік. Саналы ғұмырым міне осы ауылда өтті.

– Бүгінде өніп-өскен әулеттің асыл қазынасына айналдыңыз. Қанша ұрпақ сүйіп отырсыз?

– Перзент сүюді нәсіп еткен Аллаға сансыз шүкірлік етемін. Дегенмен, өмір бар жерде, өлім қатар жүреді. Ажалдың жас талғамайтынын ұқтым. Көпбалалы ана болсам да, балаларымнан ерте айрылдым. Отағасы да өмірден ерте озды. Қанша қиын болса да, тағдыр ісіне көніп, тірі адам тіршілігін жасайды екен. Бүгінде көзі тірі үлкен ұлымның әулеті және марқұм ұл-қызымның ұрпақтары бар. Жалпы 7 құрсақ көтердім. Бүгінде 12 немере, 16 шөбере, 6 шөпшектің қызығын көру бақыты бұйырыпты.

– Ұзақ өмірдің құпиясы мықты денсаулықта болса керек. Сіздің құпияңыз неде? Қарттық жеңіп, денсаулығыңыз сыр беріп жүрген жоқ па?

– Енді бұл өмірде бәріміз қонақпыз. Тірі пендеге бір өлімнің келері ақиқат. Ал оның қашан келетінін біз шешпейміз. Алла бойға денсаулық бергеннен кейін көрер жарығымыз да көп болды. Бүгінге дейін ауырып, дәрігерге қаралып көрмеппін. Анда-санда басым ауырып тұрады. Ал жалпы жағдайым жақсы, шүкір.

Сөзі мығым, әрбір ісі тиянақты ғасыр әже шапшаңдығымен таң қалдырды. Еңбек майданында шынығып, шындалған қария әлі күнге дейін құрақ көрпе тігіп, үй шаруасына араласқанды ұнатады. Алғашқы келінімен бір шаңырақтың астында жарты ғасырға жуық уақыт тату-тәтті, берекелі ғұмыр кешіп келе жатқан Батан әжеміздің өнегелі өмірі көпке үлгі. Бұл жөнінде келіні Жаңылхан апамыздың да айтары көп.

– Келінмін деп айтудың өзі ыңғайсыз екен. Жасым болса алпысты алқымдаған апамын. Алты ұлым, немерелерім бар. Дегенмен, анамыз тұрғанда қартайдым деп айту да орынсыз болар. Құдайға шүкір, жүзден асса да өзін сергек ұстайды. Көзі де жақсы көреді. Ауырдым деп денсаулығына шағымданған кезі болған емес. Бұл кісі ұзақ жылдар колхозда сауыншы қызметін атқарған. Балаларды өсіріп-жеткізу үшін тынымсыз еңбек етті. Бір кездері осы маңдағы бау-бақшаны жайнатып қоятын. Үйдегі, түздегі жұмыстардың барлығын бір өзі атқарды. Меніңше, анамыздың осы жасқа аман-есен жетуінің құпиясы – көп еңбектенуінде. «Жасым келді, қартайдым» деп өзіне диагноз қойып алатындар бар ғой. Бұл кісіде ондай жоқ. Үнемі шапшаң қимылдап жүреді. Әрі мінезі де ашық-жарқын, көп жайттарды көңіліне жақын ала бермейді. Біздің ана мен қызы сияқты татулықта ғұмыр кешуіміз енемнің даналығының арқасында деп ойлаймын.

Ғасырмен құрдас әжені алыс-жақыннан іздеп келетін ағайын көп. Бірі қариядан бата алуды көздесе, бірі тарихтың терең қойнауынан сыр шертуді өтініп келеді. Бүгінде, жер ортасы елуге келіп-ақ, өзін шал сезініп жүрген, қайраты қайтып, қажыған ер-азаматтар аз ба?! Міне соларға, жүзге келсе де, жүрегі мен көңілін кірлетпеген кейуананың өмірі үлгі болуы тиіс.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға