Жаңалықтар

«Динaмoға» кеткен есе қайта ма?

«Астана» жеңіліс тапты
«Динaмoға» кеткен есе қайта ма?
08.08.2018 20:18 2986

«Астана» (Қазақстан) – «Динамо» (Загреб, Хорватия) – 0:2 (0:1)

Гол салғандар: Будимир, 39, Ольмо, 85.

«Астана»: Эрич, Рукавина, Постников, Аничич, Шомко, Маевский, Кляйнхайслер, Томасов (Муртазаев, 80), Мұжықов (Алмейда, 46), Педро Энрике, Кабананга (Янга, 63).

«Динамо»: Загорац, Стоянович, Теофил-Катрен, Дилавер, Леовац, Адеми (Шуньич, 63), Хайрович (Кадзиор, 82), Гояк, Ольмо, Оршич, Будимир (Гавранович, 46

Қос бапкер де негізгі құрамдағы ойыншыларын ауыстыруды жөн санамағандай. Екінші раундтыі бірінші минуттан бастаған футболшылар бұл кездесуде де бірден іске араласты. Алаң иелерінің алғашқы ойын схемасы 4-2-3-1 (Мұжықов Кляйнхайслер мен Маевский ойнайтын сызықтан сәл ілгеріде қимылдады, ал шабуыл өтінде Кабананга жүрді) болса, қонақтар 4-1-4-1 тактикасын дұрыс деп тапса керек.  Бьелица шабуылда жарқын өнерімен тәнті етеді деп Будимирді алға қойды.

Алғашқы минуттан-ақ, «Динамо» ойынға дайындаған жоспарларын көрсете бастады: өз алаң бөлігінде белсенді допқа таласып, қысым жасау, реті келсе қарымта шабуылда «жазалау».  Бұл жағдайда микроқақтығыстар жиілейтіні белгілі. Аничич Будимирден көз жазбауға тырысса, Кабананга Теофил-Катреннің бақылауында болды. Бірақ, конголық ойыншы кей кездері қорғаушыны қапы қалдырып, шабуылға ұмтылса, кейде сол шабуылды қиыс пасымен «тұншықтырып» жатты. Тек 30-нөмерлі форвард емес, өз командасының шабуылын дұрыс пас беріп, жалғай алмаған Мұжықовта да кінә көп. Қонақтар қорғаушы Шомконың шабуылға арласуын расымен күтпесе керек. Дмитрийге қарсы Хаирович ережеден тыс ойнап, сары қағазбен жазаланды. Қауіпті айып добын орындауға мүмкіндік алған астаналықтардың бұл талпынысынан да түк шықпады. Кляйнхайслердің соққысы тура қақпа бағанына тиіп, бұрыштамаға кетті. Ал Маевскийдің алға ұмтылысы, қонақтардың қарымта шабуылға шығуымен аяқталды. Хаирович пен Ольмоның бірлескен шабуылын Будимир тәмамдауға тырысқан. Форвардтың жолын Эрич сәтті жаба білді.

Бірінші таймның орта беліне келгенде Томасов та қақпаға қарай ұмтылып, соққы жасап көрген. Бірақ, төреші доп Мариннің қолына тигенін анықтап, ойынды тоқтатты. Содан кейін Шомко өз қапталынан оза шауып, Томасовқа пас жеткізбек болған. Хорваттардың қорғанысы сыр бермей, допты корнерге жіберді. Корнерден көтерілген спорттық снарядты Аничич баспен ұрып, маңдайшадан биік бағыттады. Қонақтар да қарап қалмай, Ольмоның көмегімен Эричтің қақпасына жақындай түсті. Оның жолын бөгемек болған Мұжықов тәртіп бұзды. Алайда, Серікжанның өзі қателігін жуып-шайып, бағытталған допты арқасымен тосып алды. Жас испандықтың екінші форвард рөліне көшкені «Астана» қорғаушыларын алаңдатарлықтай көрінген.  Осылайша, «Динамо» қорғаныстың қос эшелонын қалыптастырып, тек қарымта шабуылға иек арытатынын байқатты. «Астана» шабуылды күшейте түсті: Кляйнхайслер қақпа алдына көтерген, сол жақтан жүгіріп келген Рукавина допты қақпаға бағыттай алмады. Одан соң, алыстан Кабананганы командаластары «таппақ» болғанымен, қорғаушы допқа бірінші жетіп, қарымта шабуылға шығып кетті. Қонақтардың бұл ұмтылысы голмен аяқталуға аз-ақ қалды. Бьелица Маевскийді орта жолда қалдырып, Ольмоға пас жеткізді. Ал Дани бір допқа жанасуымен-ақ Аничичті айналып өтіп, алға қарай оқтай зулады. Өзі қақпаға соққы жасамай, Будимирге пас берді. Ал форвардқа Постников ешқандай кедергі келтіре алмаса, Эричтің де голдан құтқарар шамасы болмағаны анық. Хорваттардың бұл голы «Астананы» шын есеңгіретіп тастағандай. Себебі, голдан қуат алған қонақтар ізін ала, тағы бір шабуылдың шетін шығарды. Алайда, Кляйнхайслер көмекке келіп, қауіптің бетін қайтарды. Хорваттардың бірінші таймдағы қорғаныс шебінде өте сауатты ойнағанын айта кеткен жөн. Мұжықовтың соққысы өтпеді, Теофил-Катрен Кляйнхайслердің тепкен добын өзіне қабылдады. Ал Ласло екінші деммен шабуылда қиыс тепкен еді. Хорваттарға қарсы ойында бар шеберлігін ортаға салады деген Томасовтың ұмтылысынан түк шықпады. «Динамо» аналитиктері біздің чемпионның ойынын әбден зерттегені көрініп тұр. Ал «Астана» қонақтар сапындағы ең белсенді ойыншы Ольмоны неге зерделеп шықпағаны белгісіз. Испандық аяғына доп тиген сәтте-ақ, қауіпті шабуылдың бір ұшын шығарады. Бірінші таймнан соң, есеп 0:1-ді көрсетті.

Екінші ойын бөлігіне Мұжықовтың орнына Альмейда кірді. Бапкердің болжауынша, бразил-азербайжандық шабуылды күшейтіп, Педро Энрикемен бірлесе, жақсы ойын өрнегін көрсетуі керек еді. «Астана» жаңа ойын схемасына көшемін дегенше, қонақтар қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Харовичтің оң жаққа тепкен добын Эрич әрең дегенде жолын бөгей алды. Содан соң. Шомконың соққысы тағы да діттеген жерге жеткен жоқ, ал оң қапталдан Рукавинаның көтерген добын Педро Энрике қақпаға тура бағыттай алмады. «Динамоның» алдағы  өткірлігі еш басылар емес. Будимирдің орнына шыққан Гавранович допты айып алаңына дейін жеткізіп, Ольмоға берді. Соңғысының соққысын Эрич аяғымен қайтарды. Екі гол хорваттардың келесі кезеңге өтуіне толық жеткілікті еді. Жас испандық тамаша сәтті мүлт жіберіп алғандай. Загребтен келген теңбіл допшылар аз уақыт қорғаныста тер төгуге тура келді. Томасовтың Кабанангаға берген пасы Загорацтың қолынан табылды. Марин тағы да шабуылдың шетін шығарғанмен, соңғы соққыға дейін бара қоймады. Осы уақыттары қорғаушы Аничич жарақат алып, орнын босатып беруге дайын болған. Бірақ, дәрігерлердің кеңесімен, босниялық футболшы ойынды соңына дейін жеткізуге бел байлаған (Маринге 90-минутта дәрігерлер тағы көмекке келіп, сіңірінің тартылғаны матчты аяқтауға мүмкіндік бермеді) сыңай танытты.  «Астана» сапында Кабананганың орнына тыңнан Янга шықса, Томасовты Муртазаев алмастырды. Бірақ, бұл ойыншылар алаң иелерінің шабуылын ешқандай қуаттандыра алмады. Ал қонақтардың шабуылы уақыт өте, тіпті жандана түсті. Дилавер астаналықтан допты тартып алып, Эричке қарай бағыт алды. Қорғанысқа көмекке келген Маевский Оршичтің аяғындағы спорттық снарядты корнерге жіберді. Бұрыштамадан келген доптың бағытын өзгертуге Теофил-Катрен жан таласқанымен, тура соққы жасауға мүмкіндігі болмады. Одан кейін сәтсіздік астаналық командаға жеткендей. Алғашында Педро Энрике сызық сыртынан соққы жасай алмаса, келесіде Ласлоның сол қапталдан көтерген пасын керегіне жарата алмады. Оған көмекке келген Янга да үлгере алмай, сан соқты. Ричард тағы шабуылға шығып, Янгаға пас жеткізген, астаналық форвард Маринге доп берді. Томасов бұл жолы да ойындағыдай соққы жасаған жоқ. Алаң иелерінің бұрыштамалары да өз пайдасын әкелмеді. Загорац допқа шығуда қателікке бой алдырғанмен, Аничич қақпаны дәл көздей алмады.

Қақпаға тура бағытталған бір де бір соққы болмаған ойында жеңістен үміттенудің ешқандай пайдасы жоғы белгілі. Сол себепті де, «Астана» жеңіске жете алмаған болар. Ендігі, Григорчук есімі «Астана» тарихында чемпиондар лигасында 2015 жылдан бері алғаш жеңілген бапкер ретінде қалары сөзсіз. Ойын соңына қарай, Янга көзге түскенімен, қапталдағы төреші жалаушасын көтеріп үлгерді. Эричтің шеберлігі болмаса хорваттар бүгінгі ойындағы екінші голын ертерек соғып қояр еді. Бұл кездесуде ең үздік ойын өрнегін көрсеткен Ненад болды. Ол тағы да Гаврановичтің соққысын қайтарып, келген жанкүйерлерді бір серпілтті. Бірақ, Ольмо Гаяктан пас алып, орта дистанциядан қақпаның торын тулатқанда, барлық қазақстандықтардың үміті сөгілгені анық.

«Астана» қонақта жеңіске жетеді дегенге сену өте қиын. Оның үстіне «Динамо» жанкүйерлері өз командаларын қалай қолдауды жақсы біледі. Ричард–Кляйнхайслер–Педро Энрике үштігі өздерінің осы маусымдағы ең үздік ойындарын көрсетеді деп сенейік. Ең бастысы, қақпаға тура соққы жасаса игі. Себебі, Загорацқа да жұмыс тауып беру керек.

By.tribuna.com сайты ойын аяқталған соң, осы матчтағы ең нашар ойын өрнегін көрсеткен футболшыны анықтапты. Беларустық сайттың сөзінше, жеңіліске бірден бір себепкер жартылай қорғаушы – Иван Маевский.

«Маевскийдің екі рет сәтсіз қимылы «Астананың» 0:2 есебімен ұтылуына алып келді. Беларус нашар ойнап, командасын алға жетелей алмады. 39-минутта Маевский орталық алаңда қарсыластардың ойыншысымен таласта жеңіліс тауып, Ольмоның қарымта шабуылға көшуіне себепкер болды. Испандықтың пасынан соң, алғашқы гол кіргені мәлім. Матчтың соңына қарай, қонақтардың шабуылы кезінде Иван тағы да өз позициясын жоғалтып алды. Ол хорват ойыншысын емес, төрешіні жауып тұрғандай көрінді. Ақыры соңында, сол Ольмо есепті еселеп кетті. Енді, «Астананың» чемпиондар лигасындағы болашағы өте тұманды болып тұр» – деп жазады сайт.

Ойын аяқталған соң, «Динамо» бапкері Ненад Бьелица былай деді:

«Жасанды төсенішке үйрену футболшыларыма оңай болған жоқ. Бірақ, соған қарамастан олар допты жақсы ұстап, қарымта шабуылда сәтті ойын өрнегін көрсетті. Таблодағы есеп көңілімнен шығады. Алайда, одан да ірі есеппен жеңуге мүмкіндігіміз бар еді. «Астана» өте мықты команда. Оларға қарсы тұру оңай шаруа емес. Менің шәкірттерім қос қапталда да, қорғаныста да қателікке бой алдырған жоқ. Десе де, алда әлі 90-минуттық матч күтіп тұр. Загребте жанкүйерлеріміз қызу қолдау көрсетеді деп сенеміз».

Ал «Астана» бас бапкері Роман Григорчук:

«Өте орынсыз қателіктерге бой алдырдық. Хорват командасы өзінің тек жақсы қырынан көрсете алды. Гол жіберіп алған соң, бұрынғы қарқынға оралу қиындық туғызды. 0:2 есебінен соң, жақсы нәтижеден үміттенуге бола ма, білмеймін. Бүгін өте ұйымшыл, техникасы жоғары футболшылардан құралған команданы көрдік. Келесі кезеңге өту мүмкіндігіміздің көрсеткіші тым аз. Үмітті үзбейміз» – деді.

Фото ашық ғаламтор көздерінен алынды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға