Жаңалықтар

«Басқаға қуаныш сыйлаған жан – бақытты жан»

Best For Kids қоғамдық қорының Президенті Құралай Жарқымбаевамен сұхбат
«Басқаға қуаныш сыйлаған жан – бақытты жан»
14.09.2018 16:47 6997

Бұл қор туралы өткен жылы естіген едім. Қордың өзімен, мұнда еңбек етіп жүрген адамдармен танысудың сәті енді түсті. 21 жастағы Құралайдың бұл қоғамдық қор тұтқасын ұстағанына көп болған жоқ. Бірақ аса жауапкершілікті талап ететін мұндай істі алып жүру ол үшін ешқандай ауырлық туғызбайды. Себебі, бойжеткен біреуге қайырымдылық жасауды, көмектесуді мұрат еткен. Құралай Талғатқызымен кездесудің сәті түсіп, Best For Kids-тің тыныс-тіршілігі жайында әңгіме өрбіттік.  

Аз-кем ақпарат. Қор ынталы топ ретінде өз жұмысын 2010 жылы бастаған. Оны «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алып келген студенттер құрған. Олар қоғамға азды-көпті пайдасын тигізіп, өздерінің игерген білімі мен тәжірибелерін бөлісу мақсатында облыстағы балалар үйіне бара бастайды. Балаларға бірнеше шеберлік сыныптарын өткізіп, оқуға дайындайды. Осылайша, ынталы топ әрі қарай өз істерін дамыту үшін 2013 жылы қоғамдық қор ретінде құрылады. Содан бері, Best For Kids белсенді түрде жұмыс жасап келеді.

«Нақты бағыттар бойынша жұмыс жасаймыз»

«Барлық істе нақты жоспар ғана жетістікке жетелейді,» –  дейді Құралай.

– Қоғамдық қордың қызметі балалар үйіндегі тәрбиеленушілер мен түлектердің әлеуметтік бейімделуіне жағдай жасау. Қор Астанада орналасқандықтан, біз елордамыздан шалғай жатқан балалар үйін қамқорлығымызға алдық. Себебі, қаладағы мұндай орталықтарға көңіл бөлетін қорлар көп. Best For Kids алғаш құрылғанда Ақкөл мен Жолымбет балалар үйінен бастаған. Қазір Ақкөл, Сандықтау және Урюпин балалар үйінің тәрбиеленушілермен жұмыс жасаймыз. Біздің жұмысымыз арнайы бағыттар бойынша жүргізіледі.

1. Шеберлік сыныптары. Көшбасшылық дағдыларды дамыту, өзін-өзі жетілдіру, режиссура, кинематография секілді қызықты көптеген тренингтер өткіземіз. Ол үшін арнайы мамандар шақырамыз.

2. Кәсіптік бағдар. «Резюме қалай дұрыс толтыру керек? Армандаған мамандығыңа қалай түсуге болады? Жұмысқа қалай орналасам?» деген сияқты сұрақтардың айналасында тренингтер ұйымдастырамыз. Балаларды толық ақпаратпен қамтамасыз еткен соң, қалаға жұмыс орындарына әкеліп, таныстырамыз. Оған 7-8-9-10-11 сыныптардың оқушылары қатысады.

3. Жәрмеңке. Біздің қоғамдық ұйымның ерекшелігі – балаларға дайын сыйлық тапсырмайды. Тек олардың қолөнермен айналысуы үшін түрлі материалдар апарып береміз. Тәрбиеленушілер жыл бойы сан түрлі қолөнер бұйымдарын әзірлейді. Біз әр жылдың көктемінде жәрмеңке өткізіп, өнімдерді сатып береміз. Биыл қатарынан алтыншы жыл ұйымдастырылды. Әр баланың өз тауарында коды болады. Сол арқылы олар дайындаған заты үшін лайықты қаржысын алады. Айтпақшы, олардың барлық жасаған заттарын ретсіз әкеліп, сата береді деп қалмаңыздар. Бүгінгі қоғам талап етіп отырған заттарды, әсемдік бұйымдарды жасатуға тырысамыз. Бүйымдарды арнайы іріктеуден өткіземіз. Олар да «жоқ, жарамайды» деген сөзді естіп өсулері керек деп естептейміз. Келесіде жақсырақ жасауға талпынынады.

4. «Түлектер клубы». Бұл шараны әр жексенбі сайын қалада өткіземіз. Оған балалар үйінің түлектері шақыртылады. Мектеп бітіріп, үлкен өмірге араласқан соң, кейбірі түрлі келеңсіздікке тап болып жатады. Қоғамда өздерін жоғалтып, бұрыс жолға түсіп кетпеулерін қадағалаймыз. «Түлектер клубының» мақсаты сол. Оларға кеңес беріп, білікті мамандардың қатысумен тренингтер өткіземіз. Әр тренингте әр түрлі тақырыптар қозғалады. Мәселен, мақсат қою, оған жету жолдары, қалада өмір сүру және т.б.

5. Еріктілермен жұмыс. Алғаш келген ерікті көп нәрседен хабарсыз болады. Оларға балалармен дұрыс жұмыс жасау жолдарын көрсетіп, қандай сауалдарды қоюға болады, ал қайсысын қоймау керек деген секілді мәселелер бойынша дайындаймыз. Балалар үйіне баратын әр сапар алдында психологтармен байланысамыз. Одан бөлек ай сайын коммуникацияға, эмоционалды интеллектке және басқа тақырыптарда тренингтер өткізіледі.

6. Балалар үйіндегі әкімшілік және тәрбиешілермен жұмыс. Жоғарыда айтып кеткендей, біз қаладан тысқары жатқан балалар үйімен жұмыс жасағандықтан, онда қызмет ететін әкімшілік пен тәрбиешілер қаладағы тенденциядан аздап алшақ қалуы мүмкін. Біз сол кемшіліктің орнын толтыру мақсатында, қызметкерлерді қалаға алдырып, оқытамыз. Мәселен, қолөнерді үйрететін мұғалімді өткен жылы арнайы шеберлердің сабағына қатыстырдық. Ал биыл шәкірттері не түрлі көздің жауын алатын, тұтынушылардың да талғамындағы заттар әзірлепті. Осылай, бірден нәтижесін көрдік.

7. Kid talks. Осы жылы TED платформасында жаңа бір бағыт қосып отырмыз. Мақсатымыз – балаларды публика алдында қысылмай, өзін еркін ұстауға үйрету. Бұл тек тәрбиеленушілердің ғана емес, көптеген ауылдық жердегі балалардың осал тұсы секілді. Міне, жыл бойы біз оларды дайындап, қорытынды шарада нәтижесін көретін боламыз.

8. Менторлық (тәлімгер). Біраз жылдан бері ерікті болып келе жатқандар және жақын 1-2 жылда өзін осы бағытта көретіндер ментор бола алады. 1-2 балаға тәлімгер болып, олармен белсенді жұмыс жүргізеді. Өзім Ақкөл балалар үйінің тәрбиеленушілері Анастасия және Галина есімді екі қызға жетекші болып, оларға қордың жұмыстарынан бөлек уақыттар жиі барып, ҰБТ-ға қызу дайындап, қолымнан келген көмекті аямадым. Қыздарға қатысты жеке сұрақтар бойынша да ақыл сұрап жатады. Қазір олар Көкшетау қаласындағы педагогика колледжінде оқиды. Әлі де байланыс үзгем жоқ. 

«Еріктілерге есігіміз ашық»

«Best For Kids қорына жұмыс жасап келе жатқан бес жылдың ішінде алты мыңға жуық ерікті өз үлесін қосты,» – дейді Құралай.

– Қазір тұрақты 50 ерікті бар. Олармен әрдайым байланыстамыз. Ал жыл бойына мыңдаған ерікті қатысып кетеді. Еріктілердің жас шамасы 24-30 аралығында. Бірақ, біз оларға шектеу қоймаймыз. Десе де, мектеп жасындағы оқушыларды балалар үйіне апарып көрмедік. Себебі, олар ондағы аураны басқаша қабылдауы мүмкін. Алыс сапарларға ата-анасы да келіспей жатады. Айтпақшы, ерікті болам деген кез-келгенге есігіміз ашық. Ол үшін біздің сайтқа кіріп, өтінім қалдырса болғаны.

Best For Kids  қоғамдық қоры жыл соңында белсенді болған еріктілерге арнайы статуэткалар табыстайды. Сайтта ашық дауыс беру жүргізіліп, әр бағытта үздік болғандар марапатталмақ. Құралайдың айтуынша, еріктілер қаншама қыруар жұмыс атқарса да, сыйлық күтпейді. «Бұл біріншіден өзіміздің жанымыз қалаған жұмыс емес пе?» – дейді ол.

«Қамқоршылық кеңес деген бар»

– Тұрақты демеушілеріміз «қамқоршылық кеңес» деп аталады. Олар бізге жыл сайын ақша бөліп отырады. Ол қаржы қаладан тысқары жатқан балалар үйіне барып-қайтуға  және жәрмеңкеге дайындық кезінде заттар алуға жұмсалады. Ал қалған жұмыстардың барлығын тегін жасаймыз. Қамқоршылық кеңеске кірмейтін демеушілер де бар. Мәселен, ілгеріде айтқандай балаларды жұмыс орындармен таныстыру үшін қалаға алып келеміз ғой. Сонда оларды міндетті түрде тамақтанатын жерлерге апару керек. Көптеген кафе-ресторандар өтінішімізді жерге тастамайды. Әсіресе, Ғалия  есімді тәтеміз бірнеше рет көмек көрсетті. Сол сияқты осы жазда Agip компаниясы «Милан» фтубол клубынан арнайы мамандар алдырып, бір апталық футбол мектебін ұйымдастырды. Ол мектепке балалар үйінен бірнеше ұл тегін қатысып, дәріс алды.  

«Еріктілік жұмысым жануарларға көмек көрсетуден басталды»

– Өмір адамға бір рет қана беріледі. Сол үшін өмірді жақсы сүру керек деп ойлаймын. Шүкір, өзім ешқашан таршылық, қиындық көрген емеспін. Ал басқа адамдардың жағдайының мәз емес екені мені қатты толғандыратын. Барлық адам, иә барлық адам өмірді жақсы сүруге лайықты емес пе? Жаным жай таппай, әйтеуір қолымнан келгенше барлығына көмектесем деп шештім. Мені экология, жануарлар, өсімдіктер бәрі де толғандырады. Сол үшін шығар, алғашқы еріктілік жұмысымды жануарларды қорғайтын пансионаттан бастадым. Онда мал дәрігерлік білімім болмаса да, медбике ретінде жұмыс жасадым. Алайда, мені «мынаны дұрыс істедім бе? мынау пайдалы болды ма?» деген сауалдар әбден тығырыққа тірейтін еді. Солай жүргенімде, бір құрбым Best For Kids қорына барып көруді ұсынды. Оның үстіне, оған дейін балаларға репетитор болып көргем. Олармен тез тіл табысатын қасиетім барын байқадым. Ал ендеше неге осы қорға келіп қосылмасқа? Бірақ, болашаққа «әйел теңсіздігі үшін күресемін, қарттарға қол ұшымды созамын» деген сияқты үлкен жоспарлар құрып қойдым. Бұл қордың артықшылығы немесе ерекшелігі – тек балалар үйінің тәрбиеленушілерімен жұмыс жүргізетіндігі ғой. Ал басқа қорлар жан-жақты жұмыс жүргізіп, нәтижелерін өздері көрмей жатады. Яғни, мені «шашыраңқылықтың пайдасы аз болатыны» ойлантып тастады. Мен әрбір істен нәтиже көргенді қалаймын. Сол үшін тек осы бағытқа өз болашағымды байлап қойдым. Міне, келгеніме үшінші жыл, Президенті болып отырмын. Оған дейін жай ерікті болып бастап, координатор ретінде жалғастырған болатынмын.

«Негізгі табыс көзім – Ұлттық еріктілер желісі»

Құралай осы жылы Еуразия ұлттық университетін,экономика мен қаржы мамандығы бойынша тәмамдаған. Алайда бойжеткен болашағын бұл саладан көрмейді.

– Алған білімім өз көмегін тигізетініне күмәнім жоқ. Бірақ, мен әзірге еріктілер ісінен әріге кете алмайды екем. Ұлттық еріктілер желісінде жоба менеджері болып жұмыс атқарамын. Мұндағы жұмысым да өзінше қызық. Керемет жобаларды іске асырып жатырмыз. Жақында әлеуметтік бастамалар картасы платформасын жасадық. Сол сияқты бірыңғай еріктілер платформасын дайындау үстіндеміз. Бұл сайт арқылы Қазақстандағы барлық қоғамдық қорлардың басын біріктіреміз, сонымен қатар онда еріктілер де тіркеле алады.

 «Біздің балалар жақсылыққа ұмтылатынына сенімдімін»

– Менің қазіргі міндетім – барлық іс-шараның өз уақытында өткенін қадағалау. Барлық өткізілетін тренингтердің пайдасы барына сенімдімін. Тәрбиеленушілер өзіне керек нәрсені алып қалатына күмәнім жоқ. Болашақта осы балалар жақсы жолда жүріп, еліне пайдасын тигізіп, белгілі бір қызметте отырса, біздің жұмыстың нәтижесі деп білемін, – дейді Құралай.

Фото: Арман Мұхатов және Best For Kids қоғамдық қорының мұрағатынан.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға