Жаңалықтар

«Астананың» алғашқы ұпайы

Еуропа лигасының топтық кезеңі басталды
«Астананың» алғашқы ұпайы
21.09.2018 13:00 3250

«Динамо» (Киев, Украина) – «Астана» (Қазақстан) – 2:2 (2:1)

Гол салғандар: 1:0 Цыганков, 11, 1:1 Аничич, 21, 2:1 Гармаш, 45+2, 2:2 Муртазаев, 90+5

«Динамо»: Бойко, Кендзера, Бурда, Кадар, Пиварич, Сидорчук, Буяльский (Шепелев, 90+3), Цыганков (Морозюк, 90+1), Гармаш (Дуэллунд, 79), Вербич, Русин

«Астана»: Эрич, Рукавина, Постников, Аничич, Шомко, Томасов (Муртазаев, 88), Маевский, Кляйнхайслер, Педро Энрике, Алмейда (Мұжықов, 80), Кабананга (Янга, 82)

«Динамо» командасының бапкері негізгі құрамда ойнайтын Артем Беседин жарақат алып қалған соң, оның орнына Гармашты шығарды. Дәл сол позициядан жас Шепелев пен бразилдік Че Че де үмітті еді. Бірақ, Александр Хацкевич Дениске сенім артқанды жөн деп тауыпты. Ал өткір шабуыл өтіне Русинді бекітсе, екі қапталдан шабуылдау жұмысы Цыганков пен Вербичке тапсырылды. Ал қорғаушылардың төрттігін Кендзера-Бурда-Кадар-Пиварич құрады. Қақпа кілті тәжірибелі Бойкоға берілді. «Астананың» негізгі құрамын болжау қиын емес еді. Тек Бабаянға Алмейда мен Мұжықовтың қайсысын алаңға жіберу сұрағын шешу ғана қалған. Бапкер әзербайжандық-бразилге көбірек сенім артқандай. Ришард орталық жартылай қорғаушылар Маевский мен Кляйнхайслерден жоғарырақ, өткір шабуылдағы Кабанангаға жақын жүрді. Григорий Бабаян командасы 4-2-3-1 схемасын таңдаған секілді.

Ойынның алғашқы минуттары алаң иелерінің басымдығымен өтті. Динамолықтар қонақтарды қарымта шабуылда жазалауға шақ қалды. Бурданың лангболлы Русинге жетсе, соңғысы Цыганковқа пас берді. Буяльскиймен доп алмасқан Виктор Эричтің бағына қарай, жұмсақ соққы жасады. Одан кейін Сидарчук ширақ қимылдап, «Заряға» салған голын қайталауға тырысқан. Алмейда алғашында футболшыны жіберіп қойғанмен, қателігінің орнын толтырып, соққыға кесе-көлденең тұра білді. Киевтіктердің қарқыны мұнымен басыла қоймады. Біздің қақпаның алдында туындаған қарбаласта Маевский қарсыласын тоқтатуға тырысқанымен, онысынан түк шықпады. Керісінше, Алмейда ережеге сай емес тәсілдерді ортаға сала жүріп, динамолық ойыншының жылдамдығын бәсеңдеткен еді. «Астана» Кабананганың көмегімен бір соққы жасап үлгерді. ДР Конга құрамасының жейдесін киетін форвардтің соққысы Бойко қақпасының маңынан өте шықты. Алаң иелерінің келесі шабуылы өз нәтижесін берді. Гармаштың тағы бір керемет пасы алаңның ортасын кесіп өтіп, Русинді тапты, ал ол ала допты Цыгановке жеткізді. Тағы да Маевский өз аймағынан қателікке бой алдырып, Виктордың есеп ашуына жол беріп қойды. Ненад барынша ұмтылғанмен, доптың жолына бөгет бола алған жоқ. Есеп ашылған соң, қонақтар қарап қалмай қарқынды шабуылдауға көшті. Ойынның 15-минутында Кендзера Томасовтың доп қабылдауына кедергі келтіре алмай, оның соққысына көз жүгіртумен шектелді. Қиындықпен болса да кипер хорваттың добынан өз қақпасын аман алып қалды. Одан кейін Гармаш командасына гол алып келуге шақ қалған. Ол қараптан қарап, Томасовқа доп беріп қойды. Марин Бойконы алдап өтіп, бірден соққы жасай алмады. Бойкоға көмекке келген Бурдо спорттық снарядты қауіпсіз аймаққа шығарып үлгерді. Алайда, корнер ақыры өз нәтижесін берді. Бұрыштамадан келген допты Бойко әрірек ұрып тастағанмен, Кабанангаға жетті. Джуниор допты қақпа алдында тұрған командаластарына көтерді. Бұл жерде Аничичке кедергі келтіретін динамолықтар табылмай, есеп теңесіп кетті. Енді, бәрі қайтадан басталады.

Жалпы, Цыганокв пен Аничичтің голы ешқандай жаңалық әкелген жоқ. Себебі, Виктор дәл сондай аймақтан талай команда қақпасының торын тулатқан, сол секілді Аничичте стандарт кезінде өте қауіпті ойыншы. Қос команданың футболшылары да қауіп келетін голедорларды берік ұстай алмаған сыңайлы. Таблодағы есеп тең болған соң, қонақтардың ойынына қан жүре бастады. Томасов пен Алмейде алма-кезек өз орындарын ауыстырып жүрді. Бірақ, олардың бұл тактикасы соншалықты жемісті бола қойған жоқ. Тғы бірде Марин Ришардтан пас алып, соққы жасады, доп маңдайшадан биік ұшты. Ендігі Кляйнхайслер «Мидтьюлланд» қақпасына  доп салған тұстан бағын сынап көрген. Бұл жолы Бойконың суперсейвіне жанкүйерлер қол соқты! Томасовты командаластары кипермен бетпе-бет шығарған. Қорғаушы Кадар өзінің тамаша тәсілін іске қосып, хорваттың аяғынан допты алып үлгерді. Алғашқы таймды жоғары деңгейде өткізіп жатқан Григорий Бабаян шәкірттері жоқ жерден гол жіберіп алды. Кеңінен тарқатсақ: Вербич Эрич маңына пас жеткізген, оның добын Ненад қабылдағанмен, қолынан шығарып алды. Ал Гармаш керек кезде керек жерден табылып, қақпашыдан сусыған допты торға тебе салды. 2:1! Ненадтың қандай жоғары деңгейде қақпашы екенін білеміз, қателік кім-кімде де болып тұратыны белгілі ғой... Алғашқы ойын бөлігінде «Динамо» расымен жақсы ойнады, бірақ «Астана» қауіптірек болды. Енді, уақыт алаң иелері үшін жұмыс істейтін болады. Үзіліс алдындағы гол кез келген командаға жайсыз тиеді.

Екінші таймды қонақтар өте сылбыр бастады. Олардың не жоспары барын түсіну қиын еді. Алғашқы таймдағы белсенді ойын өрнегінің ізі қалмаған. Тек Томасовтың жақсы шабуылды тұншықтырғанын, Педро Энрикенің шалқалай тепкен сәтсіз соққысын ғана айтуға болар. Оған жауап ретінде киевтіктер керемет шабуыл ұйымдастырды. Десе де, қақпаға он метр қашықтықтан тепкен Цыганковтың соққысы Эричтің тамаша сейвімен аяқталды. Одан кейін пенальти болуы әдбен мүмкін еді. Доп Постниковтың қолын тапқанымен, түрік қазысы елемеген сыңай танытты. Гол салатын мүмкіндік алаң иелерінде бірінен соң бірі туып жатты. Соның бірінде Цыганков бұрыштамадан допты ойынға қосқан, Гармаш қақпаға тура соққы жасай алмады. «Астана» алаң иелерінің қарқынын бәсеңсіту үшін алға қарай ұмтыла бастады. Қос қапталдағы футболшылар ойынға араласып, «Динамоның» қақпасын сөгу үшін тырысып бақты. Алайда, сәтсіз: Шомконың кроссына Маевскидің аяғы жетпеді, Рукавина Кабанангаға дұрыс пас шығара алмады. Оған қосымша Томасов пен Ласлоның  бір-бірден нәтиже әкелмеген соққыларын айта кетуге болады.  Негізгі уақыттың соңғы 15-минуттығы тағы да Киев ойыншыларының басымдығымен өтті. Цыганков қарымтаға шығып, Русинге пас берген, соңғысы Викторды доппен жарылқай алмады. Оның жолын Постников дер кезінде жауып үлгерді. 20 жастағы украин футболының болашағы саналатын Цыганковтың талантты ойыншы екенін астаналықтар да байқады. Ол әр уақыт сайын, елордалықтардың қақпасына қауіпті шабуылдар ұйымдастырып, өз командасын алға жетелеумен болды. Виктор тағы бірде Шомконы айналып өтіп, соққы жұмсады. Эрич аса қиындықпен допты алып шықты. Тағы Ненад корнерден келген Цыганковтың добын қайтарып, бірінші таймдағы қатесін жуып-шайды деуге толық негіз бар. Бұдан кейін алаң иелері гол соғатын үш бірдей қауіпті сәттерді ұйымдастырды. Буяльский Эричпен бетпе-бет келіп, одан айласын асыра алмады. Содан соң, Цыганковтан доп алған Сидорчук (оның жолына Мұжықов тосқауыл болған жоқ) маңдайшаның төменгі тұсын көздеген. Эрич тағы да кірпік қақпай, украиндықтың добын күтіп алды.

Григорий Бабаян алда жүрген футболшыларын алмастыра бастады. Бүгінгі ойында жақсы қырынан танылған Кабананганың орнына Янга шықты, Томасовтың орнын Муртазаев басты. Рангело әлі де команданың ойынына бой үйрете алмай жүргенін аңғару қиын емес. Ал Муртазаевтың шығуы «Астанаға» бір ұпай әперді. Төреші қосқан қосымша уақытта қонақтар сол қапталдан корнер ұруға мүмкіндік алған. Мұжықовтың көтерген добы, қақпа алдындағы таласта алаң иелерінен кері қайтып Педро Энрикені тапты. Ол Вербичті керемет алдап өтіп, Бойко қақпасының маңына пас жеткізді. Бұл жерде Муртазаев барлығынан бұрын допқа секіріп, баспен гол салып кетті. Тамаша!

Расында да, «Динамо» екінші таймда есепті еселеп, ойын тағдырын ертерек шешіп тастауына мүмкіндіктер көп болды. Эричтің қателігі бірнеше сейвтен кейін білінбей кеткендей. Соңғы минутта есепті теңестірген «Астана» ұпай алуға лайықты болды ма?» деген сұрақ туындайды. Ойын соңындағы статистикаға көз жүгіртсек, бұл сауалдың жауабын көруге болады. Тек екінші таймда қарқынын аздап бәсеңсітіп алды демесеңіз,  олар шабуыл ұйымдастырудан қарсыласынан кем түспейді. Егер Эричтің қателігі болмаса, ойын 1:1 аяқталуы да ғажап емес еді. Таблодағы көрсеткіш біздің топтағы фовариттің соншалықты қауіпті емес екенін көрсетеді. «Астана Аренада» бұл есептің қаншалықты әділ болғанын таразылайтын уақыт келеді. Қазақстанға Киев ойыншылары қыркүйектегі сәтсіздіктің орнын толтыру үшін аттанатыны анық. «Астананың» екінші таймдағы ойыны әлі де команданың біраз жинақы ойнап, өз қателіктерімен жұмыс істеу керектігін білдіреді. Француздың «Ренні» «Динамоның» футболшылары секілді өз мүмкіндіктерін желге ұшырмайтыны белгілі. Бәрібір жоғары деңгейлі чемпионаттың командасынан келер қауіп басым.

Ойын аяқталған соң, «Динамо» бас бапкері Александр Хацкевич былай деді:

– Матч басында керемет басымдыққа ие едік. Гол салдық, бірнеше мүмкіндіктер туындады. Ал 15-20 минуттары ойында қателіктер орын алып, гол жіберіп алдық. Қарсыласты барынша жауып, қорғанысты берік ұстау жұмысы дұрыс жүргізілмеді. Оған қоса, Гармаштың үлкен қателіктері бар. Екінші таймды жақсы бастап, бірнеше қауіпті шабуылдар ұйымдастырдық. Қарсыластың ізін бағып, қос қапталдан да соққылар жасалды. Алайда, ойыншылар шеберлігінің кемшін болуы бізді «орға түсірді». Қосымша минуттары «Астана» тағы да стандарттан есепті теңестіріп кетті. Бұл жеке индивидуалды қателіктерден туындағанын айта кету керек. Тең есеп біз үшін жеңіліспен тең.

«Астана» командасының бас бапкер қызметін атқарушы Григорий Бабаян бұл тең есепке командасы әбден лайық болғанын жеткізді.

– Шәкірттеріме алғашқы минуттан динамолықтар қысым жасайтынын ескерттім. Өкінішке қарай, тез-ақ гол жіберіп алдық. Бірақ, ойыншылардың салы суға кетпей, жылдам есепті теңестірдік. Алғашқы таймда ойынымыз жүріп, басымдық танытып, мүмкіндіктер туындап, жақсы ойын өрнегін көрсеттік. Бірақ, үзіліс алдында гол жіберіп, жағдайымызды қиындатқанымыз рас. «Динамо» қауіпті қарымта шабуылдар ұйымдастырып, есепті еселеуге тырысқанымен, біз өз «сөзімізді» айта алдық. Өте қуаныштымын! Мінез танытып, командам нәтижелі ойын көрсете алды. Тыңнан қосылған футболшылар кездесуге жақсы кірігіп кетті. Меніңше, бұл тең есепке әбден лайық болдық.

(Фотосуреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға