Жаңалықтар

«Астана ақшамында» мәдениет тақырыбының көтерілуі  

Баспөздегі мәдениет тақырыбы
«Астана ақшамында» мәдениет тақырыбының көтерілуі  
17.09.2017 09:36 6862

«Астана ақшамы» газетінің «Мәдениет» айдарының аясындағы материалдар қоғамдық сананың мәдени тұрғыда ілгерілеуіне, халықтың рухани тұрғыда баюына сүбелі үлесін қосып жатыр деуге болады. Басылым бетіндегі мақалалар жанрлық және пішіндік жағынан сан-алуан болып келеді. Олардың арасында қарапайым ақпарат, рецензия, сұхбат, эссе, репортаж, фоторепортаждар бар.

Ғылыми еңбектерде зерттеушілер эволюция ұғымын белгілі бір жүйенің бір қалыптан екінші қалыпқа келуі, оның бұрынғы қалпының айтарлықтай мерзімде біртіндеп өзгеруі нәтижесінен болады деп түсіндіреді. Сондықтан, жанр эволюциясы да газет пен радиодағы өз қалпы мен пішінін өзгерте, түрлендіре, экран заңдылығына ыңғайлана отырып, баийды, өзгереді деп түйіндейік. М.Барманқұлов жанрлар эволюциясы: а) жойылу (декрет, мәлімдеме, манифест, декларация), ә) қайта келу (репортаж, сұхбат), б) қайта түрлену және жаңа мазмұнмен толығу (публицистикалық шолу), в) дәстүрлі жанрлардағы өзгеріс; г) жанрдың басқаша мағынаға ие болуы» - деп түсіндірді. Жанр эволюциясын да біріншіден, уақытпен, екіншіден, бейнелеуші құралдармен, үшіншіден, жанрдың атқаратын функциясымен байланыстыра қарастыру керек деп байлам жасайды.

Егер  қарапайым түсінікке жүгінер болсақ, қаламмен жазылатын барлық дүниелердің, басқа да өнер туындыларының (айталық, жеке адамның күнделігінің, хаттың, мектеп шығармасының, жиналыс баяндамасының, газет-журнал мақаласының, іс қағаздарының, т.б.) өзара ішкі-сыртқы ерекшелігі бар екенін көреміз. Олардың өзіндік жазылу заңдылығы болатындығын байқаймыз, ескеріп отыруға тиісті нақты талабын танимыз.

Мысалы, бір фактінің, оқиғаның, құбылыстың өзін бірнеше тұрғыда айтуға да, жазуға да болады. Сонда біз жазу немесе сөйлеу мәнеріміздің осыған сәйкес бірнеше үлгіде шығатынын байқаймыз. Демек, «жанр» ұғымына бір нәрсенің етене түрі, шыққан тегі, нақты белгісі деп қараған жөн.

Журналистика жағдайындағы жанр – барлық жарияланымдардың газет-журналдардағы, радио мен теледидардағы көріну қалыбы, нысаны (формасы). «Жанр – тұрақты белгілері басым тұратын өмір шындығының объектілерін, жағдайлары мен құбылыстарын бейнелеудің нақты әдеби немесе публицистикалық нысаны. Бұл ретте шығарманың нысаны нақтылы идеялық мазмұнға ие болып, авторлық оймен толыға түседі» - дейді белгілі зерттеуші В.Д.Пельт.

Т.Қожакеев: «Жанр дегеніміз – газет-журнал материалдарының, радио және телевизия хабарларының өмір сүру және көрініс беру формасы» – деп тұжырымдаса, профессор Тауман Салықбайұлы Амандосов: «Әр жанрдың өзіне тән ерекшеліктерін тұтасқан синтез ретінде бір жерден тауып, танымайынша, оның жанрлық табиғатын түсіну мүмкін емес. Сондықтан қандай жанр болмасын, оның тек сыртқы белгілерін ғана жіпке тізе бермей, ішкі мазмұнындағы сырлардың байыбына барыңқырап, жанрлық болмысындағы заңдылықты аша білу керек» - деген қорытындыға келеді және жанрларды, өзіміз білетіндей, публицистің алдына қойған осы мақсаттарына байланысты: хабар, талдамалы және көркем-публицистикалық деп жүйелеп, өзара іштей салаларға бөледі. Амандосовтың айтуы бойынша, әрбір жанрдың өзіне тән заңдылығы, өз ерекшеліктері, өмір шындығын көрсетуде өз әдістері бар. Бұл бұлтартпас қағида десек те, бүгінгі бұқаралық ақпарат құралдарында жанрлардың «көрініс беру мен өмір сүру формасы» қаншалықты деңгейде?

Белгілі сөз зергері Зейнолла Қабдолов: «Жанрлар туады, өседі, өзгереді, жоғалады, жаңадан пайда болады» деген болатын. Дәл қазіргі журналистикада қайраткер ағамыз айтпақшы, жанрлар туып, өсіп, өзгеріп, осы шақта жоғалу, тоқырау кезеңіне келе жатқан сияқты. Т.Амандосов, Т.Қожакеев сынды ғалымдар зерттеп, талдап жазатын жанрлардың көпшілігін бүгінде баспасөзден ұшырата бермейміз. Атап айтар болсақ, очерк, репортаж бен баспасөзге шолуды ара-тұра басылым беттерінен көзіміз шалып қалғанымен, бас мақала, памфлет, фельетон жанрларының келмеске кеткені қашан. Газетте жарияланатын дүниелердің дені ақпарат, эссе, сұхбат пен корреспонденцияны құрайды. Кезіндегі баспасөз бетінде үлкен сілкініс туғызған Камал Смайылов пен Шерхан Мұртазаның арасында өрбитін эпистолярлық жанр да ұмыт болып барады. Ал, хабарлама жанрларының ішіндегі репортажды, талдамалы жанрдан сараптамалық мақала мен рецензияны, көркем публицистикалық жанрларда жазылған материалды іздей қалсақ, еріксіз тарих қойнауына сүңгіп, О.Бөкей, А.Сейдімбек, С.Әшімбав, М.Қабанбай, А.Егеубай сынды көсемсөз шеберлерінің еңбектерін іздейміз сарғайған газет беттерінен. Мәселен, Оралхан Бөкей төгілтіп жазар көркем очерктер, Сағат ағамыз саралап, сараптай жазатын әдеби сын мен рецензиялар, Марат Қабанбай талдап-таразылар мақалалар қазір қайда? Заман ауысқан сайын жанрлар да жаңарып отырады десек, бүгінгі баспасөз бетін сұхбат жаулап алды. Белгілі бір тұлғаны алып, көлдей-көлдей сұхбат жариялаймыз. Хош! Сұхбат – жақсы жанр. Дегенмен, Сағат Әшімбаевтың «Ғабит Мүсірепов туралы триптихындай» немесе Жанболат Аупбаевтың «Ашылмаған аралдары» сынды тың форма тауып, терең ізденбегеннен кейін, ондай бірсарындылық та оқырманын жалықтырары сөзсіз.

Журналистикаға сан қырлылық жарасады. «Жақсы тақырыптың өзі – жарты мақала» десек, Марат Қабанбай ағамыз тыңнан түрен түре қойып, оқырманын оқытпай жібермейтін өткір тақырыптарға да зәру бүгінгі баспасөз. «Міне, жазу! Жазсаң – осылай жаз. Әйтпесе, кінәсі жоқ ақ қағазды шимайлап былғама», – деп, Шерхан ағамыз сүйсіне баға беретін жауынгер жанр – очеркті бүгінде дәл Оралхан ағамыздың деңгейінде жазып жүрген қай журналисті айта аламыз? Жолсапар очерктерін газет беттерінен кездестіріп қалатынымыз болмаса, журналдарға мұндай үрдіс мүлдем жат болып кетті. Очерктің осы түрін ғалым Колосов: «Газет және журнал очеркі» деп екіге бөліп қарастырғандығын жүйелей келе, жолсапар очеркіне профессор Т.Амандосов өз еңбегінде «жол-жөнекей очерк» деп ат береді. Жол-жөнекей очерктің жолсапар очерктен өзгешелігі – жол-сапар очерктер, әдетте журналдарда жарияланса, жол-жөнекей очерктері көбінесе газет беттерінде беріледі» деп түйінделген. Сан түрлі пікірлерге сүйеніп, «мүмкін бүгінгі жаһандану аталып жүрген заманауи журналистиканың заңдылығына очерктің талаптары жат та шығар, тіпті бұл жанрдың «дәурені» өткен болар» десек те, «очерк деп аталатын көркем публицистикалық жанрдың тарихы қандай мол болса, болашағы да сондай зор». Ғалым еңбегіне үңіліп отырып, көркем публицистика, оның ішінде очерк жазу үшін журналист терең ізденуге, жер-жерлерді аралап, еленбей қалған елеулі тұлғаларды, бізге беймәлім бейнелерді, болмаса тың мәселелер тауып, көзімен көрген жайттарын оқырманымен газет арқылы бөлісуге, адамның ішкі психологиялық иірімдерін игеруге ұмтылуы қажет. Сонда ғана нағыз көркем публицистикалық дүниелер өмірге келеді деген пікірмен ұшырастым.

М.Горькийдің очеркке «адамтану жанры» деп баға беруі қандай көрегендік. Очеркистке қойылатын басты талап – сұңғыла сезімталдық пен тілдің шұрайлылығы десек, «бүгінгі оқырманға қысқалық пен нұсқалық тән, көркем дүниелерді оқып, сезімге беріліп отыруға титтей де уақыт жоқ, журналистикаға жеделділік керек» деген сарындас пікірлерге де журналистиканың еті өліп кеткені қашан. Сонда, біздің ұғымдағы, жеделділік Алматының айналасында болған іс-шаралардан ақпарат ретінде апта сайын мәлімет беру немесе еліміздің басқа аймақтарындағы болған жайттарды ғаламтор материалдары арқылы дайындалған дүниелермен толтыру ма? Ал, ондай жеделділікті талап ететін ақпаратты телеарналардың, болмаса күнделікті газеттердің еншісіне қалдырып, неге мерзімді баспасөз туындаған сол мәселенің салдарына үңіліп, сараптама жасамайды? Мәселен, апталық газет шығып кеткеннен кейін орын алған ақпарат неге бір апта бойы редакцияда сарғайып жатуы керек? Бұдан бірнеше күн бұрын болып кеткен оқиғаны, араға апта салып қайта оқығанша, соның себеп-салдарына жасалған талдауды оқу – оқырман үшін әлдеқайда қызықты һәм пайдалы да, біздіңше. Ал, очерктің орны мүлдем өзгеше. «Очерк – аяқталған белгілі бір шығарма болумен қатар, әлі аяқталмаған кең арналы, ағысы асқақ дарияның алғашқы қайнары іспетті»,- депті Оралхан Бөкей. Сөйтіп, ол кейін ұласа, дамып-толыға келе үлкен бір көркем шығармаға да өзек болары сөзсіз. Оған дәлел – кезіндегі Серафимовичтің «Темір тасқыны», Бөкейдің «Құм мінезі» сынды іргелі туындылары. Алғашында очерк болып басылған бұл еңбектер кейін кеңейтіліп, көркемденіп, адамдар бейнесі типтеніп, оқиға желісі ширатылып үлкен әдеби туындыларға арқау болғанына әдебиет сүйер қауым куә. Бәлкім, бүгінде газет беттерінен жоғалып бара жатқан осы бір жанрға жан бітіру – жаңа заманның оқырмандарының қызығушылығы мен сұранысына жауап беретін әдеби көркем шығармалардың өмірге келуіне бастау болар. Әрине, ол кезеңдегідей қойшының, болмаса болат құюшының өмірі қазіргі оқырманға қызықты болмауы орынды. Бірақ әр заманның өз кейіпкері, өз мәселесі, өз тақырыбы болмай ма? Тек сол тетікті дөп басып, жеткізе білсе болғаны. Бұл – бас мақала, әдеби сын, рецензия, памфлет, фельетон, эпистолярлық жанрларға да қатысты. Газет бетінде әр жанрдың өз орны, әрбір оқиғаны мазмұнына қарай жеткізудегі өзіндік пәрменділігі болады.

«Астана ақшамы» газетінің 2014 жылдың 23 қаңтарындағы нөмірінде журналист Асхат Райқұлдың «Мұз-аға, мощный ән жаздым» атты материалы жарияланды. Басылымдағы өзге материалдардың ішінен дәл осы материалға тоқталуымыздың бірнеше себебі бар. Біріншіден, журналистің тақырып қою шеберлігі назар аудартады. Тақырыбының өзінен мәдениет туралы дүние екендігі сезіледі. Оған қоса қаратпа сөзден басталатын тақырып оқырманды бірден өзіне қаратады, «мощный» деген орысша сөздің өзі бұл тақырыпта күшейтпелі райдың қызметін атқарып тұр. 

Екіншіден, материалдың формалық ерекшелігі. Сұхбат жанрына жатқызсақ та, ондағы дүниелер тек бірінші жақтан, сұхбат берушінің атынан баяндалады (монолог сұхбат).  Автордың материалға қатысы тек алғашқы кіріспе сөзден және мақала соңындағы аты-жөнінде ғана тұр. Автордың сұхбат кейіпкері Ілия Жақановқа қойған сұрақтары басылым бетінде көрсетілмесе де, әр тақырыпшаның арасында автордың тұрғаны сезіледі.  Елге белгілі, танымал тұлғалардың да басынан не бір қызықты уақиғалар өтіп жатады. Мақала авторы айтқандай, «қырғыз бен қазақтың колоритін қатар емген», терең сезім мен нәзік иірімді әндердің иесі Илья Жақанов вальс королі Шәмші екеуінің өмірде кездескен езу тартқызар жайттарын баяндап берген. Сұлу саз падишаларының сонау бір жылдарынан сыр шертетін әңгімені Илья ағамыздың сөзімен оқырман назарына ұсынған. Сондай-ақ, Мұзафар Әлімбаев, Бердібек Соқпақбаев сынды қазақ руханиятында айрықша орны бар тұлғалар туралы да айтылады.

Мәдениет тақырыбына қалам тербейтіндер көп болғанымен, бейнелеу өнеріне баратындар некен-саяқ. Мүсін туралы жазатындар одан да аз. 2014 жылдың 1 наурызындағы нөмірде жарияланған «Еркіннің еркіндігі» атты мақала бірінші кезекте сонысымен құнды.

Автор Әділбек Жапақ Қазіргі заманғы өнер мұражайында академизм мен соцреализмнің көбесін бұзып, авангардизмнің рухын әкелген алпысыншы-жетпісінші жылдардағы қазақ бейнелеу өнері шеберлерінің белгілі өкілі Еркін Мергеновтің «Еркіндік» атты жеке көрмесі туралы сөз қозғайды. Мақала авторы өзі көтерген тақырыптан біршама хабардар екендігін, қазақ бейнелеу өнері мен мүсін өнерінің тарихын, түрлі бағыттарын білетіндігін алғашқы сөйлемінен-ақ байқатады. Мүсінші туралы айтқан ақпараттары оның кейіпкері мен халықты жақындастыра түседі. Еркін Мергеновтің кім екенін білмейтін жандардың өзі мына жолдарға қарап оның шығармаларымен таныс екенін біледі: «Мүсіншілердің арасында жазылмаған заңдылық бар. Егер мүсіншінің қолтумасы кіші формасында, шеберхана аясында қалып, сыртқа танылмай қалса, ол ортанқол суреткер саналады. Ал, бұл тұрғыдан алғанда Мергеновтің монументальды мүсіндері біраз жердің шырайын кіргізіп тұрғаны анық. Мәселен, Алматыдағы Италия елшілігінің алдындағы үш метрлік «Екеу» немесе «Анкара» қонақ үйінің жанынан өткен жұрт көзін суармай қалмайтын «Сағым»  композициясы…»

Журналистің баяндауымен қатар, мәдениет саласының, оның ішінде мүсін мен бейнелеу өнерінің белді өкілінің пікірі мақала кейіпкеріне қатысты ақпараттардың салмағын арттыра түсетіні белгілі. Автор бұл тәсілді де үйлесімді пайдаланаып, мәскеулік сыншы Алим Сабитовтың пікірін ұсынған: «Оның  көптеген жұмыстарында XX ғасырдағы ерекше сәнге айналған еуропалық пластикаға еліктеген ізденістер байқалады. Бірақ көтерген тақырыбының көкейкестілігі жағынан дала мәдениетіне, Шығысқа жақын».

Жалпы, ең жетілген, бірақ соңғы жылдары сиреп кеткен жанрлардың бірі эссе жанры. Мәдениет тақырыбына қатысты дүниелер одан аз. Қандай да бір дүниеге қатысты автордың өзіндік сезінуі, ой қорытуы, шешім шығаруы оңай дүние емес. Сезінгенін көркем тілмен оқырманға түсінікті әрі тартымды етіп баяндау да журналистік шеберлікті қажет етеді. Эссе журналистиканың емес, көркем әдебиеттің жанры екендігінің өзі оның қаншалықты салмақты дүние екендігін білдірсе керек. «Астана ақшамы» газетінде (03.04.2014 ж) қаламгер һәм әдебиетші ғалым Айгүл Кемелбаеваның «Ол өлді «мәңгіге тіріліп» атты эссесін шынайы шабыттан және кейіпкердің шығармашылығы мен өміріне деген махаббаттан туындаған сүбелі дүние деп бағалаймыз. Айгүл Кемелбаваның кейіпкері әйгілі ақын Марина Цветаева.

Марина Цветаева өлеңдерінің қазақ тіліне тәржімалануы туралы айта отырып, автор Пушкин, Пабло Неруда, Блок сынды әлем ақындарының тәржімалануы туралы да ой қозғайды. Орыс және қазақ тіліндегі мәтінді қатар қоя отырып салыстырады, екі тілдегі мағыналық ерекшеліктері мен көркемдік бояуларын алады: «Күн астындағы Күнекейдейін» қазақтың маңдайына біткен ақын қызы Гүлнәр Марина Цветаеваның тұпнұсқадағы «Моим стихам, как драгоценным винам,/ Настанет свой черед» деген тұлғалық «менін» – «Жырларымның – жазған бала жасымнан, / Байлығымның бағалы, / жырларымның – / шаң қабаты жасырған / ашылады бағы әлі…» деп аударды. Шараптың қазақы ұғымдағы «бағы ашылумен» ауыстырылуы артық емес».

Туындының «Тылсым тағдыр тыншыды бейуақта» деп аталған екінші бөлімінде автор Марина Цветаеваның өмірі мен өліміне шығармашылығымен салыстыра отырып ой жүгіртеді.

Жалпы, «Астана ақшамы» газетінің мәдениет тақырыбын насихаттау арқылы қоғамға ықпал етуінде негізгі тақырыптарын жекелей атап көрсетуге болады:

1. Алаш идеясы. «Айтып тауыспас, жазып сарқымас Ақселеу» (11.09.2010 ж. Раушан Төленқызы), «Алаштың азаматы» (04.09.2011 ж. Бекен Қайрат),  «Мырзашөлде Мұхтардың ізі қалған» (06.09.2013 ж. Авторы М.Ерімбетов), «Астанадан Абай мектебін ашу керек» (09.09.2013 ж. Авторы Нәзира Байырбек);

2. Музыкалық мұра. «Елінің еркесі, сахнаның сандуғашы еді...» (10.02.2011 ж. Раушан Төленқызы), «Секен Тұрысбек: Қазақтың күй өнері тоқырауға ұшырап отыр» (27.03.2010 ж. Нәзира Байырбек), «Қайрат Байбосынов: Халықтың әні мен тілін бөліп-жаруға болмайды», (20.05.2010. ж Серікгүл Сұлтанқажы), «Бардшылар фестивалі» (20.06.2010 ж. Жәния Шайманова), «Сейіл серенадасы» (31.06.2010 ж.), «Алаш әнінің антологиясы» (05.10.2010 ж. Раушан Төленқызы), «Әміренің әншілігін әспеттеді» (18.01.2011ж.), «Жақсы еді, дариға, Жайлаукөл кештері!» (27.02.2010 ж.), «Әншілік әліппесі» (17.05.2011 ж. Гүлнәр Абдолла), «Астана Опера: Ақын Сара Петерборда ат ойнатты» (27.03.2013 ж. Еркежан Сәтімбек), «Қобыз шалсам, тылсым күйге енемін» (17.04.2013 ж. Асхат Райқұл), «Тамаша әнмен келіп еді көктемде» (03.04.2013 ж. Аманғали Қалжан), «Бостоннан келген Шахзада» (27.09.2012 ж. Еркежан Сәтімбек);

3. Мемлекеттік тіл. «Қазақтар мені қатты жақсы көреді» (01.05.2013 ж. Еркежан Сәтімбек), «Тіл – тұтастық тірегі» (09.09.2013 ж.).

4. Әлемдік мәдениет. «Сильфиданың» сыры» (26.03.2011 ж. Айнұр Шошаева), «Крутой» композитор» (01.07.2010 ж. Серікгүл Сұлтанқажы), «Тимур және оның командасы» (26.06.2010 ж. Қымбат Тоқтамұрат), «Біртума Бочелли» (24.06.2010 ж. Нәзира Сайлауқызы), «Басбұзар» – Безруков» (22.06.2010 ж. Гүлмира Аймағанбет), «Джаз өнерінің дүлділдері» (19.06.2010 ж. Жәния Шайманова), «Майталман Денис Мацуев» (15.06.2010 ж. Айнұр Шошаева), «Атақты Мария театры – Астанада» (30.04.2011 ж. Айнұр Шошаева), «Италиялық үштік – Тосқа операсында. Отқа түскен көбелек» (11.09.2014 ж.), «Сычуан сазы тербетті» (08.02.2012 ж. Нұргүл Аханқызы), «Ағылшын әртістері қазақты тануға құштар» (04.09.2012 ж.), «Бұхар билігінің мәдениеті» (09.10.2013 ж. Аманғали Қалжан);

5. Ұлттық театр өнері. «Бағыбек Құндақбайұлы: Кімнің режиссері талантты болса, соның театры мықты» (04.02.2010 ж. Раушан Төленқызы), «Бауыржан Ибрагимов: Сахна сайқымазақтардың төрі емес» (15.04.2010 ж. Раушан Мырза-Ахмет), «Астана театры – режиссураның мықты мектебі» (27.05.2010 ж. Әсем Чапай), «Ақмола театрының алғашқы қарлығашы» (08.06.2010 ж. Серікгүл Сұлтанқажы), «Кенесары – Күнімжан» (10.06.2010 ж. Раушан Төленқызы), «Сахнаның Баян сұлуы» (17.06.2010 ж. Айнұр Шошаева), «Керекуден «Айман-Шолпан» келді» (03.07.2010 ж. Жәния Шайманова), «Сыған серенадасы»» (10.07.2010 ж. Серікгүл Сұлтанқажы), «Болат Аюханов: Біздің қоғамда балетке деген көзқарас әлі қалыптасқан жоқ» (09.10.2010 ж. Қымбат Тоқтамұрат), «Бекжан Тұрыс: 27 жасымнан бастап шалдың рөлінде ойнаппын» (07.10.2010 ж. Серікгүл Сұлтанқажы), «Сахна қоғамның айнасы болуы керек» (30.06.2011 ж. Серікгүл Сұлтанқажы), «Өз бейнеңді өзің сомдасаң» (11.01.2014 ж. Жолтай Жұмаш), «Театр анасы» 13.02.2014 ж. Асхат Райқұл), «Мюзикл әншілігіміз бен актерлігімізді жарастырып жіберді» (29.04.2014 ж. Мәдина Жақып), «Алтын бесігін ән тербеген» (22.04.2013 ж. Гүлжан Рахман), «Астана балет әлемдік турнеге аттанады» (18.09.2014 ж. Сағи Орал), «Мәңгілік махаббат биі» (16.01.2014 ж. Тойған Ізім);

6. Ұлттық әдебиет. «Қадыр Мырза Әли: Жақсы сөздің бәрі найзағай сияқты. Жарқ ете түседі» (03.03.2011 ж. Раушан Төленқызы), «Жұбан Молдағалиев: Қазақ ең риза болғанда «Шіркін, ақын екен» дейді» (28.09.2010 ж.), «Қуаныш Жиенбай: Шығармашылық адаманың рахатқа кенелгенін көрген жоқпын» (08.04.2010 ж. Раушан Төленқызы), «Тұрсынбек Кәкішев: Сын әдебиетке абыройлы дүние әкелгенде өркендейді» (06.11.2010 ж. Раушан Төленқызы), «Мөлдір махаббат маздағы немесе Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың соңғы сұхбаты» (24.03.2011 ж. Мұратбек Тоқтағазин), «Мұқағали бейнесі арқылы қоғамның мұңын айттық», «Күпі мен Шекпен» (08.02.2011 ж. Бауыржан Омарұлы),  «Қадырдың сабағы» (22.02.2011 ж. Бауыржан Омарұлы), «Тауман ағайдың тағылымы» (17.05.2011 ж. Бауыржан Омарұлы), «Із» (25.06.2011 ж. Раушан Төленқызы), (22.02.2013 ж. Нұргүл Ахан), «Жусан қыз» - менің мәртебелі жастығымның символы» (13.03.2014 ж.), «Ол өлді «Мәңгіге тіріліп» (03.04.2014 ж. Айгүл Кемелбаева), «Айтыспен қоштассам да, әдебиетпен қоштаспадым» (10,04,2014 ж. Айша Дамбулшаева), «Дара дарын – Дүкенбай» (20.09.2013 ж.), «Қара өлеңнің қара шаңырағы» (30.09.2013 ж. Орынбек Өтемұрат);

7. Кино өнері.  «Ка Мырзамен» кездесу» (21.01.2010 ж. Серікгүл Сағынған), «Асанәлі Әшімов: Киноның тілін табу керек» (26.01.2010 ж. Серікгүл Сұлтанқажы), «Балалар киносына бетбұрыс керек» (12.03.2011 ж.), «Сатаевтың кезекті сыйы» (09.04.2011 ж. Әсем Чапай), «Аймановтың «Атамекені» (01.05.2014 ж. Қымбат Тоқтамұрат), «Құндылығы басым «Құнанбай» (19.05.2015 ж. Ырысбек Дәбей);

8. Бейнелеу және мүсін өнері. «Суретшіер күш-қуатты табиғаттан алады» (23.09.2010 ж. Раушан Төленқызы), «Төлеген туындыларының тағылымы» (14.01.2010 ж. Айнұр Шошаева), «Нұржан Қарымсақов: Шындықтан алыстағым келмейді» (02.03.2010 ж. Нәзира Байырбек), «Ерболат Төлепбай: Өз өнерімнің қандай екенін өзім де әлі түсіне бермеймін» (22.05.2010 ж. Нәзира Байырбек), «Сәйгүліктерімен сүйсіндіретін суретші» (23.01.2013 ж.), «Қылқалам тартып қазанат-тағдыр желеді» (13.02.2014 ж. Аманғали Қалжан), «Сәкен ескерткішінің сыры» (15.02.2014 ж. Гүлмира Аймағамбет), «Еркіннің еркіндігі» (01.04.2014 ж. Әділбек Жапақ), «Кейде өз суреттерімді өзіме қимай жатады» (16.04.2014 ж. Нәзира Байырбек);

Біз жоғарыда қоғам үшін барынша маңызды әрі жиі жарияланатын тақырыптарды тілге тиек еттік. Бұдан өзге мәдениет пен әлеуметтік проблемаларды ұштастырған материалдар да жарияланады. Мысалы «Жетістірер сені жалаң төс «Уолл-Стрит» (11.02.2014 ж.), «Тұлғалар тағдыры таңбалана түссе» (16.01.2014 ж), «Тартыс өнерінің тағдыры қыл үстінде» (02.01.2014 ж) сынды мақалаларды айтуға болады.

Қазіргі таңда дүниежүзілік ақпарат әлеміндегі ірі өзгерістерден, белең алып келе жатқан жаһандану үдерістерінен ешбір елдің саяси өмірі мен бұқаралық ақпарат құралдары тыс тұра алмайтын күрделі кезеңмен бетпе-бет жүздесіп отырмыз. Академик Ғарифолла Есім айтқандай: «... біздің өмір сүріп жатқан қоғамымыздың мазмұнын анықтайтын фактор – ақпарат. Оны біз ақпараттық қоғам деп те жүрміз. Бүкіл әлем бір сәтте үйіңізге сыйып кетеді. Интернет, электрондық пошта жүйесі, жетілген коммуникация әлемді тұтастырып барады. Бұрынғыдай әр елдің «сырын» жасыру мүмкін емес. Ел ішіндегі оқиға күні ертең әлем тілдеріндегі басылым беттерінде жария естілмек. Мұның бәрі қазақстандықтардың ой-өрісіне, сезім-санасына, мінезіне, тұрмысына сапалы өзгерістер енгізуде».

Заманауи ақпарат тарату құралдарының дамуы алғашында баспасөздің басына бұлт үйірген тәрізді көрінгені рас. Алайда, мерзімді басылымдар қазіргі таңда заманауи технологияны ертеп мініп алуды үйреніп жатыр десек, артық айтпаймыз. Бастапқыда сайттардың қарқынынан абдырап қалған баспасөз редакциялары бірнеше жылдың ішінде есін жинап алды. Қазіргі таңда ақпараттық порталдарға лайықты бәсекелес бола алатын жағдайға жетті. Ол үшін бірінші кезекте, редакциялар өз басылымының электронды нұсқаларын жасауды қолға алды. Кәнігі газет журналистері интернет журналистиканы кәсіби түрде меңгеруге кірісті. Бұл қатарда «Астана ақшамы» газетін де атап өтуге болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға