Жаңалықтар

​​​​​​​Жұрнақтар арқылы жасалған қолданыстағы жаңа сөздер

Аталмыш санаттағы жаңа сөздер қазақ баспасөзінен бірден орын алды
​​​​​​​Жұрнақтар арқылы жасалған қолданыстағы жаңа сөздер
10.09.2017 18:21 155659

Бүгінгі баспасөзде қолданылып жүрген жаңа атаулар мен жаңа қолданыстарды жинақтап, оларды жасалу жолдарына қарай іштей жіктелгенде, олардың едәуір бөлігінің сөз тудырушы жұрнақтар арқылы жасалған сөздер екендігін аңғардық.

Олар мына төмендегі атаулар:

-шы/-ші: айтушы, аяқдопшы, әкімші, әрлеуші, байқаушы, байланысшы, жолшы, жүргінші, зілтемірші, кеденші, көсемсөзші, көшбасшы, мәндіөзші, мұрағатшы, парашы, пәтерші, салықшы, салымшы, сәйкестеуші, тапсырысшы, т.б.

-м, -ым/-ім: әзірленім, басылым, белсенім, елтаным, жарияланым, жинам, жөнелтім, көрсетілім, қантаным, оқылым, өтінім, өсім, салым, сұраным, таныстырылым, таралым, төтем, төлем, ұстаным, шақырылым, т.б.

-лық/лік, -дық/дік, -тық/тік: әкімдік, балапаздық, біртектілік, достастық, елжандылық, жемқорлық, зайырлылық, зияткерлік, кәсіпкерлік, қауымдастық, отансүйгіштік, парашылдық, серіктестік, сыбайластық, шығармашылық, ықпалдастық, іскерлік, т.б.

-нама/-дама: әдепнама, әдіснама, әлеуетнама, дерекнама, жаднама, жарнама, жұлдызнама, заңнама, қазанама, құбылнама, сауалнама/сауалдама, сырқатнама (қағазнама),  тұжырымдама, тұғырнама, т.б.

-гер/-кер: алаугер, әкімгер, борышкер, білімгер, бітімгер, дәріскер, заңгер, зейнеткер, кәсіпкер, қарызгер, сазгер, сахнагер, сөзгер, талапкер, үлескер, іскер, (киногер) т.б.

-ма/-ме, -па/-пе: бүктеме, жүктеме, көшірме, қағытпа, қайталама, мәлімдеме, мөлшерлеме, түйіндеме, үстеме, хаттама, т.б.

-хана: зертхана, құмархана, мейрамхана, ойынхана, тойхана, тауықхана, намазхана, т.б.

-ыс/-іс: доғарыс, отырыс, тапсырыс, тексеріс, үдеріс, т.б.

-ақ/-ек: кептелек, өткелек; -ғыш/гіш: суреттегіш, оқтаулағыш; -уыш/-уіш: тыңдауыш; -ша/-ше: парақша; -ман/-мен: оралман; -паз: масқарапаз; -кес: лаңкес; -шілік/-шылық: бітімгершілік.

Қазақ тіліндегі бірқатар жұрнақтар сөз тудырудағы қалыптасқан белсендігін сақтап қалған. Солардың бірі –шы/ші жұрнағы. Бұл жұрнақ сөз жасау үдерісіне бұрыннан-ақ өнімділік танытып келген. Баспасөз материалдары бұл жұрнақтың қазіргі таңда да өнімділік танытып, сөз тудыру жағынан алдыңғы орында тұрғанын көрсетеді. Бұл үлгімен жасалған атаулардың арасынан айтушы, аяқдопшы, жолшы, зілтемірші, мәндісөзші, көсемсөзші, парашы, пәтерші, салықшы, сәйкестеуші сынды атаулардың бірі жеке ұсыныс, түрінде айтылумен шектеліп, енді бірі сирек қолданылып жүрсе, әкімші, әрлеуші, байқаушы, байланысшы, жүргінші, кеденші, көшбасшы, мұрағатшы, салымшы, тапсырысшы тәрізді бір топ сөздер негізінен қазір жиі қолданылатын, жұрт жатсынбайтын дәрежеге жетті.

Өнімді жұрнақтар қатарында саналып келген –лық/-лік (-дық/дік, -тық/тік) жұрнағы да сөзжасам үдерісіндегі белсенділігін сақтап қалған. Бұл жұрнақтың көмегімен жасалған әкімдік, достастық, жемқорлық, зияткерлік, кәсіпкерлік, қауымдастық, серіктестік,  сыбайластық, шығармашылық, ықпалдастық, іскерлік тәрізді атаулар бүгін жаппай қолданатын атаулар қатарына қосылып үлгерді. «Әкімдік» атауының жарыспа нұсқасы «әкімият» ішінара қолданылып жүрегенімен, Мемтерминком ресми бекіткен «әкімдік» сөзі айқын басымдыққа ие бола бастағанын аңғаруға болады. Ал балапаздық, біртектілік, елжандылық, елшілдік, зайырлылық, отансүйгіштік, отаншылдық, парашылдық сынды атаулар әлі сұрыпталу кезеңінен өте қойған жоқ. Мәселен, орыс тіліндегі бір ғана «патриотизм» сөзінің баламасы ретінде елжандылық, елшілдік, отаншылдық, отансүйгіштік сөздері жарыса қолданылып жүр. Әрине, бұл атаулардың бірін «патриотизмнің» баламасы ретінде орнықтырғанның өзінде, қалғандары өзіндік мағыналық реңктерімен синоним сөздер ретінде жалпы тілде қолданыла берсе, артықтық етпейді деп ойлаймыз.

Кейінгі жылдары –дық/-дік үлгісімен жасалып, қолданысқа еніп үлгерген атаулардың бірі «әкімдік» сөзі екендігін жоғарыда айттық. Бұл терминді 2002 жылы Мемлекеттік терминология комиссиясы ресми бекітіп, жаппай қолдануға ұсынған. «Әкімдік» атауы тілімізде қолданыста бар өкілдік, елшілік, хандық, әмірлік сөздерінің үлгісімен жасалған. Дәлірек айтқанда бұл атау XX ғасыр басында жасалған. «Әкімдік» сөзі 1925 жылы Қ.Кемеңгерұлының редакторлығымен Мәскеуде жарық көрген «Қазақша-орысша тілмаш» деп аталған еңбекте «административность» және «власть» сөздерінің қазақша баламасы ретінде көрсетіледі. Бұл термин сол кезеңде біраз қолданылып, сөздіктерге еніп, алайда 30-жылдардан кейін шеттетілген сөздердің бірі. Орыс тіліндегі «администрация» сөзінің баламасы ретінде бұған дейін «әкімшілік» сөзі пайдаланылып келген. Президент әкімшілігін де, облыстық әкімшілікті де, қала, аудан, ауыл немесе қонақүй әкімшілігін де солай атап келген едік. Тілімізде әбден орныққан «әкімшілік» сөзін жаңа сөзбен алмастырудың қандай да бір қажеттігі де туындаған жоқ болатын. Ол қажеттілік облыстық және қалалық, аудандық әкімшіліктерді орысша «администрация» емес, «акимат» сөзін «әкімият» деп орыс тілі үлгісімен тілімізге бейімдеп алушылар табылды. Бұл сөз орыс тілі үлгісін тікелей көшіру болғандықтан, басқаша сөздер ұсыныла бастады. Орыс тілінде –ат суффиксі екі түрлі мағынаны білдіреді:

1) Адам (лиц). Мысалы, адрес/ат, ази/ат, депут/ат, степенди/ат, т.б.

2) Бірнеше адамдар жиынтығы, мекеме (учреждения). Мысалы: декан/ат, дирек/тор/ат, комбин/ат, старост/ат, чемпион/ат, ректор/ат, халиф/ат, султан/ат т.б. сондай-ақ, бұл жұрнақтың варианты – иат. Мысалы, комиссар/иат, пролетар/иат, секретар/иат т.б. Біздің әкімияттың жасалуына негіз болған осы орыс тілінің жұрнағы еді. Ал қазақ тілінде 1) – ат жұрнағы қыр/ат, су/ат, сыз/ат  2) – ат араб тіліндегі көптік көрсеткіші. Мысалы, ақпар/ат, мағлұм/ат, салам/ат т.б.

Бұл жұрнақтар араб елдерінің мемлекеттік құрылымына қатысты атаулар құрамында да кездеседі. Мысалы: Сұлтанат – сұлтан басқаратын монархтық мемлекет. Халифат – VII ғасырда құрылған араб мемлекетінің атауы. Халиф – мемлекет басшысының титулы. Ол мұсылмандардың дінбасы да болған. Халифтер Мұхаммедтің ізбасарлары саналған. Эмират – Кейбір Азия мен Африка елдеріндегі феодалдық мемлекет немесе оның иелігі. XVIII ғасырдан XX ғасырдың басына дейін Бұхар хандығы Эмират деп аталған. Қазір біз орыс тіліндегі Эмиратты (объединенные арабские эмираты) – Әмірлік «Біріккен  араб әмірліктері» деп атап жүрміз. Басқаларын осы ізбен алғаннан кейін, халифат, сұлтанат атауларын да –лық/-лік (-дық/-дік, -тық/-тік) жұрнақтары арқылы халифтік, сұлтандық деп бірізді атаған орынды болар еді.

Бұрын сөз тудыру үдерісінде сирек пайдаланылып келген –м, -ым/-ім жұрнағы соңғы жылдары өнімділік таныта бастады. Кейінгі жылдары бұл жұрнақ арқылы жасалған салалық терминдердің саны күрт өсті. Олардың арасынан қазіргі баспасөзде басылым, жарияланым, жөнелтім, оқылым, өсім, салым, таныстырылым, таралым, төлем, ұстаным, шақырылым сияқты тұрақты қолданысқа көшкен атаулар жиі кездеседі. Ал әзірленім, белсенім, елтаным, жинам, көрсетілім, қантаным, өтінім, сұраным, төтем сияқты бірқатар сөздер сирек қолданыс тауып жатады. Бұлардың әзірленім, төтем тәрізді бірқатарының қолданысы арнаулы сала шеңберімен шектелсе, қалғандары әлі кең тарай қоймағандықтан және жарыспа нұсқалары болуына байланысты баспасөзден сиректеу көрініс тауып жүр.

Бүгінгі баспасөз беттерінде біршама жиірек қолданылып жүрген атаулардың бір тобы –нама (-дама) үлгісімен жасалған сөздер. Осы тұлғадағы сөздердің әдепнама, әдіснама, әлеуетнама, дерекнама, сырқатнама сынды бірнешеуінен өзге басым көпшілігі қазақ тілді басылымдарда бірізді әрі жиі қолданылып жүр. Мысалы, жарнама, жұлдызнама, заңнама, қазанама, сауалнама, тұжырымдама, тұғырнама атауларын бүгінгі жұртшылық жаппай қолданатын сөздер қатарына қосуға болады.

Бұрын аса белсенділігімен ерекшелене қоймаған –гер/-кер жұрнағы 90-жылдардан бастап өнімділік таныта бастады. Соңғы 15-20 жылдай уақыт көлемінде бұл жұрнақтың қатысуымен көптеген сөздер туындады. Солардың бірқатары қазіргі қазақ баспасөзінде жиі қолданылып жүр. Жоғарыда біз келтірген мысалдардағы осы жұрнақ арқылы жасалған атаулардың арасында борышкер, дәріскер, зейнеткер, кәсіпкер, талапкер, үлескер, іскер сынды бірнеше сөз сала мамандары да, жалпы жұртшылық та жатсынбай қолданылатын, тілде орныққан атаулар қатарына қосылды. Бұл атаулардың барлығы да (үлескерден басқалары) салалық терминологиялық сөздіктер мен екі тілді аударма сөздіктерде беріліп жүр. Мемтерминком ресми бекіткендері (талапкер, кәсіпкер, зейнеткер) де бар. «Үлескерден» өзгелері 2007 жылы 100 000 (жүз мың) дана таралыммен жарық көрген орфографиялық сөздіктің соңғы басылымына да енген. Кейінгі 1-2 жыл көлемінде ғана пайда болған «үлескер» атауы да қазір жаппай бірізді қолданылып жүр. Бұл атау орыс тіліндегі «дольщиктің» баламасы ретінде бірден жаппай қолданысқа көшкен әрі баспасөзде, электронды ақпарат құралдарында өте жиі кездесетін сөзге айналды.

БАҚ-тардың термин қалыптастырудағы рөлін, ықпалын да байқауға болады. Дәл осы атаудың аз мерзім ішінде жұртшылықтың санасына сіңіп, құлағы үйреніп кетуіне ақпарат құралдарының айрықша ықпал еткенін айту керек. Ал алаугер, әкімгер, білімгер, бітімгер, қарызгер, сазгер, сахнагер, сөзгер, киногер сияқты атаулар баспасөзде біршама қолданылып жүргенімен әзірге тілде орныға қоймаған сөздер тобынан. Мәселен, «білімгер» сөзі осы жуырда ғана пайда болды, жиі қолданыла бастады. Ал «алаугер» сөзі 2007 жылдың жазында Бейжің олимпиадасы кезінде пайда болды да, қазір көп кездесе бермейді. «Қарызгер» термині экономикалық сөздіктерде орыс тіліндегі «заемщик» сөзінің баламасы ретінде қолданыла бастады. Ал «алаугер» сөзі 2007 жылдың жазында Бейжің олимпиадасы кезінде пайда болды да, қазір көп кездесе бермейді. «Қарызгер» термині экономикалық сөздіктерде орыс тіліндегі «заемщик» сөзінің баламасы ретінде қолданыла бастады. Баспасөзде де кейінгі уақытта жиірек ұшырасады. «Сазгер» сөзінің «композитордың» баламасы ретінде қолданылып жүргеніне едәуір уақыт өткенімен, бірізді жұмсалатын деңгейге жете алмады. Кәсіби музыканттар мен бірқатар тіл мамандары бұл сөздің «мелодисть» сөзіне жақсы балама болатынын айтып жүр. Осы пікірдің негізі бар. Сахнагер, сөзгер, киногер сөздері кейінгі уақытта жекелеген авторлар тарапынан қолданыс тауып жүрген жаңа қолданыстар. Бұлар көпшілікке аса таныс емес. –гер жұрнағының кірме сөздерге жалғануы бұрын байқала бермейтін. «Киногер» сияқты будан сөздердің пайда болуы бір жағынан қазақ тіліндегі термин шығармашылығының біршама жандана бастауына байланысты туындап отырған құбылыс болса, екінші жағынан бұл –гер жұрнағы өнімділігінің арта түскендігін аңғартады. «Әкімгер» мен «әкімші» жарыса жұмсалып жүргенімен, соңғысының алдыңғысына қарағанда, әлдеқайда жиі қолданылатынын айту керек. Дұрысы «бағдарлама әкімшісі», «қонақүй әкімшісі» түрінде қолдану. Жалпы –гер/-кер жұрнағын жалғау арқылы жасалған атаулардың бірқатары қалыптасып үлгергенімен, осы жұрнақтың семантикасына мән бермей, орынсыз жұмсау, мамандыққа, кәсіпке қатысты атауларға талғамсыз жалғай беру орын алып жүр.

XX ғасыр басындағы термин шығармашылығында біршама пайдаланылып, одан кейінгі кеңестік кезеңде белсенділік таныта қоймаған –ма/-ме (-па/пе, -ба/бе) жұрнағы 90-жылдардан бастап, ең өнімді жұрнақтардың біріне айналды. Бұл жұрнақтың қатысуымен жасалған атауларды қазір арнаулы салалардың бәрінен дерлік кездестіруге болады.

Олардың арасынан қазіргі баспасөзде жиі қолданылып жүрген жүктеме, көшірме, мәлімдеме, үстеме, хаттама тәрізділерін арнаулы салада да, жалпыхалықтық тілде де негізінен бірізді, тұрақты түрде қолданылатын терминдер деп атауға болады. Осы атаулардың ішіндегі көшірме мен хаттама терминқор қалыптастырудың алаштық кезеңінде, өткен ғасырдың 20-жылдары жасалып, қолданыста болған атаулар. 30-жылдары олар тілден шеттетілді. 90-жылдардан кейін біз оларды қайта қолданысқа енгіздік. Олар екінші өмір басталған, бүгінгі күннің жаңа атаулары ретінде тілдік айналымға қайта оралған сөздер. Ал бүктеме, қағытпа, қайталама, мөлшерлеме, түйіндеме секілділерін көбінесе баспасөзде қолданылып жүргенімен тілде әлі толық орныға қоймаған атаулар деген орынды. «Мөлшерлеме» қаржы-экономика саласында, «түйіндеме» құжат тілінде біршама қолданылып жүргенімен, бұлар әлі терминжүйе мүшесі ретінде таныла қойған жоқ.

Аса белсенді түрде болмаса да, бұрын сөзжасам үдерісінде едәуір пайдаланылып жүрген –хана жұрнағының да кейінгі 15-20 жыл көлемінде өнімді жұмсала бастағанын көруге болады. Бұл жұрнақтың көмегімен жасалған сөздер аз емес. Қазіргі қазақ баспасөзінен солардың ішінен зертхана, құмархана, мейрамхана, ойынхана, тойхана, тауықхана сияқтыларын кездестірдік. Бұлардың ішінен зертхана, мейрамхана, тойхана атаулары жұртқа көбірек таныс. Жиірек қолданылатындары да осылар. Ойынхана, құмархана атаулары жарыса қолданылып жүрген, бір нұсқасы әлі басымдық танытып, тұрақтай қоймаған сөздер. Ал «тауықхана» атауына келсек, тілімізде бұрыннан бар «тауыққора» сөзі тұрғанда, онсыз да орынды орынсыз жиі жалғанып жүрген –хана жұрнағы арқылы сөз тудыруға қандай қажеттілік болғанын түсіну қиын. Жалпы бұл атауды әзірге бір реттік (аккозионал) қолданыс деп қабылдауға болады.

Кейінгі жылдарда сөзжасам үдерісінде өнімділік танытып жүрген қосымшалардың қатарына –ыс/-іс жұрнағын да жатқызуға болады. Мерзімді басылым беттерінде бұл жұрнақтың көмегімен жасалған доғарыс, отырыс, тапсырыс, тексеріс, үдеріс сынды сөздер жиі қолданылады. Алайда соңғы 15-20 жыл көлемінде осы жұрнақтың қатысуымен жасалған сөздер бұлармен ғана шектелмейді. Салалық терминдер жүйелерінде олар көптеп кездеседі.

Біз мысалға келтіріп отырғандарының арасынан отырыс, тапсырыс, тексеріс атауларын жұртшылыққа жақсы таныс, бірізді қолданылу деңгейіне жеткен сөздер қатарына қосқан жөн. Ал «үдеріс» соңғы 2-3 жыл көлемінде әсіресе баспасөзде өте жиі қолданылып жүргендіктен, бұрыннан келе жатқан кірме сөз «процестің» орнын қысқа мерзімде алмастыра бастаған атау.

Заттық ұғымдардың атауларын жасауда кейінгі жылдары өнімді пайдаланылып жүрген жұрнақтардың бірі – -ғыш/-гіш. Біз жоғарыда баспасөзден алынған суреттегіш, оқшаулағыш сияқты бірді-екілі мысалдарды ғана келтіргенмен, кейбір арнаулы салаларда бұл жұрнақ арқылы жасалған атаулар көптеп саналады. Осы сияқты –уыш/уіш жұрнағы да өнімділік таныта бастаған жұрнақтар қатарын құрайды. Ал –ақ/-ек, -ша/-ше, -ман/-мен, -паз, -кес, -шілік/-шылық жұрнақтары аса өнімділік таныта қоймағанымен, бұл жұрнақтардың да сөз жасауға қатыса бастағаны байқалады.

Сонымен, түрлі сөзжасам тәсілдері бойынша жасалып, әртүрлі деңгейде орнығып үлгерген, қоғам өмірінің барлық саласында пайдаланылып жүрген жаңа қолданыстарға газет беттерінен жиналған мысалдарды былайша топтастыруға болады.

  1. Бас әріптері бойынша қысқартылып алынған ұйым, мекеме, партия, т.б.атаулары:

ШЫҰ – Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы

БСҰ – Бүкіләлемдік немесе дүниежүзілік сауда ұйымы

БЭК – Біртұтас Экономикалық Кеңістік

ЖШС – Жауапкершілігі Шектеулі Серіктестік, т.б.

  1. Алғашқы буындары бойынша біріктірілген атау:

Мемтерминком – мемлекеттік терминологиялық комиссия.

  1. Біріккен сөздер

А) Бір сыңары кірме сөзден, екінші сыңары төл сөзден (немесе керісінше) сөздер:

Инфрақұрылым

Трансұлттық қылмыс, т.б.

Ә) Екі сыңара да қазақтың төл сөздерінен жасалған біріккен сөздер(бұл жаңа қолданыстардыі денін құрайтын аса өнімді де тиімді тәсіл):

«ақы» сыңары арқылы жасалған сөздер: жәрдемақы (пособие), зейнетақы (пенсия), төлемақы (платеж), шәкіртақы (степендия), қаламақы (гонорар), т.б.

«хат» сыңары арқылы жасалған сөздер: жеделхат (телеграмма)

«бақ» сыңары арқылы жасалған сөздер: мұхитбақ (океонариум), саябақ (парк)

«жай» сыңары арқылы жасалған сөздер: мұражай(музей), саяжай (дача), шипажай (санаторий)

-кер, -гер компоненті арқылы жасалған сөздер: талапкер (абитуриент), жалгер (арендатор), даугер (истец), заңгер (юрист).

      4. Негізгі түбірі сақталып, шет тілдерден енген, қазақ тілінің қосымшалары (жалғау-жұрнақтары) жалғанған сөздер. Бұлар көбінесе салалық күрделі ұғымдардың атауы болып келеді. Біздіңше, тілімізде мұндай ұғымдардың мәнін толық ашып көрсететін сөздер, атаулар болмаған жағдайда, оларды өз тіліміздің дыбыстық заңдылықтары бойынша, емле ережелеріне сәйкестендіріп, өзгертіп, өзімізге бейімдеп (қазақыландырып) алуға тырысу керек. Мысалы: индустриялық-инновациялық даму стратегиясы,сертификациялық орган, сапа менеджменті, т.б.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға