Жаңалықтар

Atameken startup

Atameken startup бизнес жобалар жарысы
26.11.2014 04:08 4395

5-7 қыркүйек күндері аралығында Астана қаласында жастар кәсіпкерлігін қолдауға арналған Республикалық жарыс өтті. Аталмыш жоба 2012 жылдан бастау алады. Бұл жобаның мақсаты – Қазақстанда жастарды кәсіпкерлікпен айналысуға үгіттеу, жас кәсіпкерлерді қолдау. Atameken startup-тың алдыға қойған бірнеше міндеттері бар. Олар: жастар арасында кәсіпкерліктің идеясын тарату; бизнес орта қалыптастыру; бизнеске қажетті идеяларды жинақтау; жас кәсіпкерлерге білім беру; бизнес идеяларды іске асыру үшін қаржыландыру көздерін тарту. Жаңа бизнес идеяларды көпшілікке таныту мақсатында Қазақстанның барлық қалаларында тұрақты түрде өткізіліп тұрады.

Atameken startup

Астанадағы Atameken startup өтетін конференц-зал

Жиында кез келген адам өзінің кәсіпкерлік идеясын ашық ұсына алады. Осы ретте де жиналушылардың саны көп болды. Келушілердің жұмысын тиімді бағалау үшін, 3 жұмыс тобы болды. Бірінші жұмыс тобында әлеуметтік мәселелерді қамтитын жобалар жиынтығы. Екінші, ақпараттық-коммуникациялық блок. Онда интернет және компьютерлер, басқа да құралдарға негізделген идеялар жинақталды. Үшінші, өндіріс және қызмет бөлімінде аты айтып тұрғандай салаға қызығушылығы бар адамдар жиналды.

 Atameken startup

 Бизнес-жоспарды құру бойынша дәріс

Үш күнге созылған іс-шараның алғашқы күні бизнес идеяларды таныстыру, арнайы мамандардың лекциялары, бизнес канва (жоба) құруды үйретуді қамтыды. Ұсынылған жобалардың арасында сан алуан ойлар айтылды. Мысалы, оқушыларға арналған планетарий жасау. Жоспар бойынша құны арзан, тез ауыстыруға болатын жылжымалы ғимарат жасау. Пайдалы жобалардың ішінде мүмкіншілігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы интернет-портал жасау. Сол арқылы жұмыс ұсыныстарын дайындау, өзара ақпарат алмасу ортасын құрастыру. Әлеуметтік жобалардың ішінде көзге түскені, ғимараттарға QR-код орнату арқылы солар туралы ақпарат беру. Ақылды жол өткелі, жас көшбасшыларды дайындау орталығы секілді идеялар ұсынылды.

Atameken startup

Бизнес-жобаны таныстыру сәті

Іс-шараның екінші күні мемлекеттік органдардан гранттар, инновациялық бағытқа бөлінетін қаржы алу механизмдерін түсіндіру сабақтары өтті. Бизнес саласында тәжірибесі бар азаматтар жобаларды алғашқы сынақтан өткізіп, ақыл-кеңестерімен бөлісті. Бизнес үлгілерді дамыту жұмыстары жалғасын тапты.

Үшінші күні ұсынылған жобалар арасынан үздіктері алынып, ақтық кезек өткізілді. Сонымен қатар презентациялардың барлығы жинақталып, ортақ білім қоры жасақталды. Atameken startup-тың қорытындысында жекелеген блоктар бойынша жеңімпаздар анықалды. Сонымен қатар ақшалай сыйлықтар ұсынылды. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға