+997 коды резервте тұр. Министр Бағдат Мусин мәлімдеме жасады
Жыл басында қазақстандықтар +997 кодына өтетіні туралы сөз болған еді. Кейін бұл кодқа ауыспайтыны туралы ақпараттар шықты. Бұл мәселеге қатысты цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсіп министрі түсініктеме берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
БАҚ өкілі министрге «Бұған не себеп болды? Ресей тарапынан қандай да бір қысым болды ма?» деп сұрады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин аталған сауалға былай деді:
Кодты біз талап еттік. Бізге код берілді. +997 коды резервте тұр. Бірақ біз азаматтардың шағымдарын ескердік. Олар «біз неге +7 кодынан кетуіміз керек?» деп айтты. Кеңес үкіметі құлаған кезде сол +7 коды Ресейде қалды. Содан кейбір мемлекеттер шыға бастады. Ал біздің мемлекетіміз Ресей Федерациясымен ведомствоаралық келісімге қол қойды. Соның аясында +7 және 7 саны Қазақстанға тиесілі. Құжаттың ішінде екіжақтың біреуі осы келісімшарттан бас тартамын десе, жарты жылдан аспай екінші тарапты хабардар етуі керек және ол келісім бұзылады. Яғни, біз кодсыз қалуымыз мүмкін. Сол үшін осы мәселені қайта қалпына келтіру үшін қазір Ресеймен бір мәлімдемеге келдік, – дейді Бағдат Мусин.
Министрдің айтуынша, келісім үкіметаралық болады. Үкіметаралық негізінде ратификациядан өтеді. Бас тарту пунктері алынып тасталады.
Яғни, келешекте ол келісім шарттан бас тартуға болмайды. Біз +77 деген санды өзімізге қалдырып, оны мемлекетаралық деңгейде келісімшартта бекітетін боламыз. Азаматтарға ыңғайлы болып жатса, бір жылдың ішінде ауыстыру бізге қиын емес. Бірақ 20 млн абонеттеріміз басқа да интернет платформаларында тіркелген кодтарын жаңарту жұмыстары өте қиын болады, – деді министр.