Жаңалықтар

96 жастағы ардагердің естеліктері

9 мамыр
10.06.2016 03:39 4964

96 жастағы ардагердің естеліктері

Ғасырға жуық жасаған Ұлы Отан соғысының ардагері Сиқымбай Мамыров елордадағы Жеңіс даңғылының бойында тұрады. Ол – кезінде Ресей, Украина, Беларусь, Польша елдерін азат етуге қатысқан жауынгер.

Еңбек кітапшам 1948-1982 жылдар аралығында толтырылған. Осы аралықта тракторшы, комбайншы, агроном болдым. Қырмандағы бидайдың бәрін есепке алатынмын.

Кім жұмысты жапырып істесе, оны әкім де, халық та жақсы көреді. Елге оралғасын бір күн жұмыстан қалған жоқпын. Ақ-адал еңбек еттім.

Мен ауылдағы маңдайалды ардагермін. Әкім маған «Шу ауданының құрметті азаматы» деген марапат берді.

Ашаршылықта өз баласын өзі жегендерді де естідік. Қайбір жетіскеннен жейді дейсің, «ең болмаса, біреуіміз аман қалайық» деп жейді ғой.

96 жастағы ардагердің естеліктері

1932 жылдары әкем 4 орысты құлдыққа жұмсады. Олар соқамен жер айдайтын, бидай себетін. Егін мол болғандықтан, жағдайымыз жақсы болды. Бай-бағландар қуғындалғанда, әкемнің басына қауіп төнді. Сонда әлгі орыстар «Мамыр әке, сені ертең кулак деп ұстап әкетпес үшін, малдарыңды сат!» деп ұсыныс айтты. Малды өткіздік, әкемді басқа жаққа апарып, мал бақтырып қойды. Әкемнің доқтырмен қарым-қатынасы жақсы еді. Ауру аттарды атып, оның етін ағайын-туыстарға таратып беретін. Мәз ауқат жоқ қой...

Бір күні әкем мал бағып жүріп, «ашаршылықтан аман қалғандарды көрейін» деп, ақырын басып, ауыл жаққа келеді. Сонда екі-үш адам «Мамыр келді, Мамыр келді» деп орындарынан әрең тұрып жатыр дейді. Бойларында әл жоқ. Қазанның бетін таспен бастырып қойыпты. Ішінде бірдеңе бүлкілдеп қайнап жатыр екен. Қараса, адамның басы...

Әкем шошып кетеді. Ол үйден шығып, ары қарай жүрсе, бір ауылдасы көшеде жүрген әлдебір итті атып тастауын өтінеді. Ол ит анау бейшара әбден титықтап құлаған кезде жеуге дайын отыр екен. Әкем итті атып өлтіреді.

«Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген рас. Соғыста бастан-аяқ болдым. Осы аралықта үйіме екі рет қаралы қағаз келді. Олай болған себебі, қанды қырғында сені ешкім құжатыңа қарап түгендеп жатпайды. «Мамыров қайда? Жоқ!» деген де, бірден қаралы қағаз жіберген ғой.

96 жастағы ардагердің естеліктері

1941 жылы бізді немістер тырқыратып қуды. Сонда Сталин біздің соғысуға қауқарымыз жетпейді деп ойлады. «Ақырын-ақырын жылжып отырыңдар» деп тапсырма берді.

Мына қолымды көрдің бе? Оқ тиді ме, әлде басқа нәрсе тиді ме, білмеймін. Қанайды, оны медбикелер таңып береді. Ол байғұстарға да жан керек, тек траншеяларды сағалап жүреді. Өйткені, дұшпандар солдатсың, медбикесің демейді, атып тастайды.

9 мамыр күні Берлинде болдым. Он адам Одра өзенінен моторлы қайықпен өткен едік. Сонда бір адам бізге мылтық кезеген жоқ. Қаруларын жерге тастаған, қолдарын көтеріп, мелшиіп тұр. «Біз жеңдік!» деп, көңілді рухта ары қарай әндетіп кете бердік.

Қуанғаным сондай, Берлин алаңында ойқастап биледім. Жолда тұрған бір немісті көрген жоқпыз. Бәрі жылап, үйді-үйге тығылып қалды.

Сол күні Берлин екіге бөлінді. Қаланың бір жағында біз, бір жағында америкалықтар жеңісті тойлап жатты.

Соғыста айрылған жолдастарымның санында есеп жоқ. Қайсыбірін айтайын? Бір қарасаң қасыңда отырады, бір қарасаң, жоқ... Орнына бірден басқа солдатты әкеп қоя салады.

96 жастағы ардагердің естеліктері

Рақымжан Қошқарбаевты соғыста көргем жоқ. Ал, Бауыржан Момышұлы біздің жақын туысқанымыз екен. Оны анда-санда көріп тұрдым, бірақ, қасына жақын баруға болмайды. Тәртіп солай. Өңі қазақ екенін бірден байқайсың, көзге жылы ұшырайды.

Жалпы, майданда қазақтар бір-бірімізді көрсек, жымиып өтетінбіз. Одан артық қимыл жасай алмайсың. Немістер күдіктеніп қалады.

Минут сайын адам өліп жатыр. Қай ұлттың өкілі екенін білмейсің, қастарынан жүгіре басып өтесің. Бәрі ойбайлап жатады... Оқ деген жауып тұр. Қолыңды көтере қалсаң, жұлып кетеді.

«Мен елге аман оралам ба, жоқ па?» дегенді ойлауға шама болған жоқ. Оңай соғыс болмады... Балалар ондайды көрмей-ақ қойсын.

Соғыстың әкесін Украинада көрдік. Немістер қаптап келгенде, артқа жылжимыз. Михайловка деген жердегі шайқаста бірнеше неміспен бетпе-бет соғыстым. III дәрежелі «Құрмет» орденін сол үшін берді. Ал ІІ дәрежелі орденді 1945 жылы алдым.

96 жастағы ардагердің естеліктері

Адам өлтіру оңай емес.

Пулемет мені бірнеше рет састырды. Ол қанша дегенмен, техника ғой. Қызған уақытта атылмай қалады. Ондай сәтте суығанын біраз күту керек.

Соғыста адамдардың достығы қатты сыналады.

Талайлардың ажалы темекіден келді. Немістер сіріңке жаққан жерге, түтін шыққан жерге бірден оқ атады, снаряд пен бомба тастайды.

Арақты нанға айырбастайтынбыз. Өзім арақтан ұрттамадым, өйткені, оны ішкендердің қалай өліп кеткенін білемін.

96 жастағы ардагердің естеліктері

«Катюша», «Андрюша», «Ванюшалар» шын мәнінде мықты пулеметтер еді.

Жеңіске жетуімізге көптің бірлігі себепші болды деп ойлаймын. Шайқаста шын мәнінде батыр жауынгерлер көп болды.

Америка бізге көп жәрдем берді. Тамағын, қару-жарағын тасыды.

96 жастағы ардагердің естеліктері

Соғысқа барды деген аты болмаса, жасырынып жатқандар да болды. Қашып-пысып жүрген талай солдатты көрдік. Таңғалатын нәрсе емес.

Сұрапыл күндер туралы ойлаған сайын есіме жастай кеткен жолдастарым түседі. Бірінен соң бірі кетті ғой, жарықтықтар...

Екі кемпір алдым. Біреуі дүниеден озды. Екеуінен туған балаларым бір-бірімен тату.

Қырықтан аса немере-шөберем бар. Нақты санын, аттарын толық білмеймін.

96 жастағы ардагердің естеліктері

9 мамырда үйге барлық балаларым жиналады. Былтыр Шуда менің 95 жылдық мерейтойымды жасап берді.

Шайқаста бізді сыртымыздан қырғыздар деп атайтын. Ал қазір бүкіл әлем қазақ деп танып отыр. Осыған қуанамын.

Соғыс болмай-ақ қойсын! Оған біздің барғанымыз да жетеді. Сендер көрмей-ақ қойыңдар, балалар!..

Кейде сол қиын күндер түсіме енеді. Құдды бір майданда жүргендей, терлеп оянамын. Негізі, бұл туралы көп айтқым келмейді...


Әңгімелескен – Роза ӘРЕН

Суреттерді түсірген – Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға