Жаңалықтар

94 мың түлекке 73 мың грант: білім сапасы төмендей ме?

94 мың түлекке 73 мың грант: білім сапасы төмендей ме?
Фото: facebook.com/Ерболат Мұхамеджан 07.08.2023 12:19 10767

2023-2024 оқу жылында 88 204 студент мемлекеттік грант бойынша білім алады. Грант саны биылғы оқу жылына бөлінген мөлшерден 19 пайыз немесе 16 500 грантқа артық. Биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы 73 061 грантты құраған болатын. Грант саны мемлекеттік грант иегерлерінің тізімі шыққаннан кейін Facebook әлеуметтік желісінде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды. Бірінші топ грант санының тым көп, бәсекелестік жоқ екенін айтып, бұл білім сапасын төмендетеді деп дабыл қақса, екіншілері елдегі қымбатшылықты алға тартып, тегін білім алушылар саны көп болған сайын соғұрлым жақсы деген пікірде.

Грант санының көптігіне алаңдаушылардың бірі – журналист Ерболат Мұхамеджан. Оның сөзінше, грант тек жақсы оқитындарға бөлінуі керек.

94 мың оқушы грантқа тапсырады. Ал бөлінген грант саны – 73 мың. Бәсеке мүлдем жоқ. 1 грантқа 1,5 мектеп түлегі таласқан. Жақсы оқитын да, үлгерімі нашар да грантқа ие болады. Нәтижесінде университеттер түсініксіз жағдайда қалады. Келесі мәселе, мемлекет төлейтін грант құны нарықтық бағадан бірнеше есе төмен. Мемлекет нарықтық жағдайды әділетсіз реттейді. Мысалы, ұлттық университетте грант құны – 1 млн 300 мың теңге, ал мемлекеттік – 900 мың, жекеменшікке – 700 мың. Айтпақшы, осыдан 3 жыл бұрын 350 мың болып, сол кездегі министр қазіргі суммаға көтерген еді. Ал оқу ақысының өзіндік құны – 1 млн-мен 1,5 млн-ның арасы. Бұл мәселені жылдам арада шешпесек, керісінше, жоғары білім саласына зиян тигіземіз. Себебі министрлік осындай гранттың құнымен сапалы білімді талап етуі орынсыз, - деді ол.
Еліміздегі бірнеше университеттің тізгінін ұстаған, профессор, филолог Бауыржан Ердембеков грант санының көптігі сапаны төмендетіп жатқанын айтады.

94 мың түлекке 73 мың грант: білім сапасы төмендей ме?
facebook.com/Бауыржан Ердембеков

Кей мамандықтардың гранты жабылмай қалып, жарты жылдан соң қайта бөліске түсіп, сапырылысып жатқаны. Грант құны төмен. Кемінде бакалавриат 2 млн, магистратура 3 млн, докторантура 4 млн болуы керек. Университеттер сонда ғана еңсесін көтереді, - деді ол.
Журналист Гүлмира Әбіқай гранттың көп бөлінуі жастарды кер жалқау етіп жатыр.
Біз оқуға түскенде бір орынға 8-10 адам таласушы еді, есесіне білім сапалы болды. Қазір грант көп, жастардың дені жоғары білімді. Бірақ тиктокты қарасаң, бәрі білімсіз қуып жүрген сияқты, - дейді ол.
Гранттың көбеюіне қоғам белсендісі Аятжан Ахметжанұлы да қарсы.

94 мың түлекке 73 мың грант: білім сапасы төмендей ме?
facebook.com/Аятжан Ахметжанұлы

Соңғы жылдары грантты тым көбейтіп жіберді. Колледжге бөлінген грант одан көп. Жылда игерілмейтін қаншама грант қалады. Бірақ сонда да бөле береді, - деді ол.
Айта кетейік, соңғы 5 жылда грант саны 50%-дан астам артқаны жазылған:
• 2019 жылы – 51 023 грант;
• 2020 жылы – 51 056 грант;
• 2021 жылы – 56 561 грант.
 
2023-2024 оқу жылына бакалавриат бойынша мемлекеттік білім гранттары келесі мөлшерде бөлінді:
 
• педагогикалық ғылымдар – 15 273 грант;
• өнер және гуманитарлық ғылымдар – 1 615 грант;
• әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат – 960 грант;
• Бизнес, басқару және құқық – 1 223 грант;
• жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика – 6 988 грант;
• ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – 12 587 грант;
• инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары – 22 728 грант;
• ауыл шаруашылығы және биоресурстар – 2 195 грант,
•қызметтер – 2 200;
• Ветеринария – 925.
 
Бұлардан бөлек шетел азаматтарын халықаралық келісімдер бойынша оқытуға және қазақстандық студенттерді шетелдік университеттерді оқытуға арналған гранттар бар.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға