«90 пайыз арманым орындалмады». Талғат Теменов шығармашылық жолы туралы айтты

Өткен аптада танымал театр және кино режиссері, кинодраматург, Қазақстанның Халық әртісі Талғат Теменовтің «Ай астындағы әңгіме» атты кітабының таныстырылымы өткен еді. Жинаққа автордың соңғы жылдары жазылған эсселері мен очерктері, сұхбаттары мен сценарийлері топтастырылған.
Кітаптың таныстырылымынан кейін халқына «Адамдар арасындағы бөлтірік», «Махаббат бекеті», «Көшпенділер» сынды көркем фильмдер сыйлаған театр және кинорежиссерімен жедел сұхбат құрған едік.
El.kz: Талғат аға, сіз бала кезіңізде өлең жазыпсыз. Егер ақын болғанда қандай ақын болар едіңіз?
Талғат Теменов: Жалпы ақын бола аламын ба, бола алмаймын ба білмеймін. Екі жол өлең жаза алмайтын қазақ жоқ. Қазақтың бәрі ақын, әнші. Бірақ оның түбіне түсу, кәсіби маман болу қиынның қиыны. Сондықтан қандай ақын боларымды білмеймін. Жақсы ақын боларыма сәл-сәл күмәнім бар.
El.kz: Бірнеше повест жазсаңыз да өзіңізді жазушымын деп айтқыңыз келмейді екен. Неге жазушы болғыңыз келмеді? Сонда сіз үшін ең оңайы режиссер болу болды ма?
Талғат Теменов: Жазушылық – Алланың берген сыйы. Жазушы болу үшін талант пен уақыт керек. Мен өзімді жазушы деп есептемеймін. Бала кезде, студент шағымда институт бітіргеннен кейін Василий Шукшин туралы көп оқыдым. Оның актер, режиссер, сценарист екенін білген соң, театрда жұмыс істеп, қолымнан бірдеңе жаза бастағаннан кейін режиссерлікке кеткім келді. Жүрегімнің қалауы сол болды.
El.kz: Арман деген уақыт өткен сайын көбейе беретін секілді. Сіздің де жас кезіңізде көп дүниені армандағаныңыз белгілі. Қандай арманға жеттіңіз, қандай армандар ұстатпай кетті?
Талғат Теменов: Кез келген пенденің арманы болады. Бірақ өмірінде барлық арманына жеткен адам жоқ. 100 пайыз арманға қол жеткізу мүмкін емес. Себебі арман – белгілі бір уақытта күш, серпін беретін, адамға қанат бітіретін, жігер сыйлайтын кезең. Ал өзім жеке армандарым туралы айтпаймын. Оның 90 пайызы орындалмады.
El.kz: Қазір театрда бұрынғыда қарағанда сөз азайған секілді көрінеді. Бұл жаңалық па?
Талғат Теменов: Театрда сөз азаюы мүмкін емес. Драматург не жазса, әртіс соны сахнада айтып шығады. Сондықтан театрда режиссер сөзі аз пьесаны өзі таңдауы мүмкін.
El.kz: Бүгінгі киноның көбі комедия жанрында болып тұр. Әлде сұраныс солай ма?
Талғат Теменов: Комедияның барлығын мемлекеттік кинокомпаниялар емес, жекеменшік студиялар түсіріп жатыр. Олар – ақша табудың жолына түскен коммерсанттар. Сондықтан «Қытайдың аяқ киімін, болмаса орамалын алып келдің» деп айта алмайсың. Ол олардың жеке мүддесі. Қай коммерсанттардың аузына қақпақ боласың?
Жақсы, сапалы киноны ұсыну үшін бұл мәселені мемлекеттік тұрғыдан шешу қажет. Мемлекеттің ішкі саясат бөлімі, идеологиясы болады. Сол себепті мемлекет өзі реттеп, шешуі тиіс.
El.kz: Сіз «Ай астындағы әңгіме» атты кітабыңызда «70 жас өмірдің алтын күзі, қоғамға сапалы дүниелер беретін кезі» депсіз. Бұған дейін оншақты кино түсірдіңіз. Енді қандай кино түсіргіңіз келеді?
Талғат Теменов: Сәуір айында «Қара қыз» фильмі шығады. Оның не жайлы болатынын айтпай-ақ қояйын. Кинотеатрға барғанда көресіздер. Басқа кинолар туралы питчингі өткеннен кейін бір-ақ айтамын.
El.kz: Театрда ше? Театр сахнасына кімді немесе нені шығарғыңыз келеді?
Талғат Теменов: Кез келген әртіспен жұмыс істей беремін. Қай театр шақырса, сонда барамын. Орыстарда «Счастье любит тишину» деген сөз бар ғой. Егер бірнәрсе істеймін десең, алдын ала ешкімге айтпа. Оны көрермен бағаламайды. Бағалағанымен, ертең істелмей қалса, өтірікші боласың. Бәрін уақыт көрсетеді!
El.kz: Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!
