800 мектепте асхана жоқ: қай өңірде оқушылар ыстық тамақпен қамтылмай отыр?
Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова еліміздегі 800-ден астам мектепте асхана мүлдем жоқ екенін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Биылғы оқу жылында мемлекет басшысы бастамасымен барлық бастауыш сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамту міндеттелді. Бүгінгі таңда бұл қоғам тарапынан өте жоғары қолдау тапқан жоба болды. Өйткені 1,5 млн бүлдіршініміз ыстық тамақпен қамтылып жатыр. Оның болашақта да өзектілігі жоғары, бірақ аталған тапсырманың орындалуына қатысты сайлаушылар тарапынан әлі күнге дейін сын өте көп. Олардың ішінде бүгінгі таңда 800-ден астам мектепте асхана мүлдем жоқ, 303 мектепке буфеттерде тамақтану ұйымдастырылыпты. 288 мектепке бейімделген асханадан «кейтиринг» жүйесі арқылы қоғамдық тамақтану орындарынан тамақ жеткізілуде, - деді депутат.
Депутат оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтан «қоғамдық тамақтану орындарынан жеткізілетін мектептегі тамақтанудың сапасын кім қадағалайды және төтенше жағдай болса, оған кім жауап береді? Осындай мүлдем асханасы жоқ мектептерге жапсарлас асхана салу мәселесі алдағы уақытта жоспарланған ба және ол қалай шешіледі?» деп сұрады.
Бүгінгі таңда мектеп асханаларындағы баға әрқалай болып тұр, осы бағаны бірізділендіру үшін не жасайсыздар? Сонымен қатар жекеменшік мектептердегі тамақтану мәселесі де бар. Біз депутаттық корпус атынан жеке меншік мектептерге мемлекеттік тапсырыс атынан тамақтануды енгізгенбіз. Әлі күнге дейін үкіметтен жауап келген жоқ. Бұл тұрғыда ұстанымдарыңыз қандай? - деп Жұлдыз Сүлейменова Мәжіліс отырысында депутаттық сауалын жолдады.
Оқу-ағарту министрі былтыр 1-4 сыныптар арасындағы оқушылардың тегін тамақтануы тек қана 8 өңірде 600 мың оқушыны қамтыса, биыл 1,6 млн оқушыны қамтып отырғанын айтты.
Асханадағы тамақтың сапасын арттыруға қатысты бұған дейін де тиісті бұйрықтар қабылданды. Биыл Оқу-ағарту министрлігінің 598-бұйрығына және Денсаулық сақтау министрлігінің 503-бұйрығына тиісті өзгерістер енгізілді. Бүгінгі күні сол бұйрықтардағы көрсетілген талаптардың қатаң орындалу бағытында мониторинг тобы құрылып, бүкіл аймақта тексеру жұмыстары жүргізіліп отыр. Оның нәтижесі жуық арада талқыланып, тиісті нәтиже қабылданатын болады. Асханасы жоқ мектептерге байланысты, біздің мәліметіміз бойынша, аймақтардағы 591 мектепте асхана жоқ. Асханалардың барлығын ыстық тамақпен қамту бағытында буфеттік және кейтеринг бағытында тамақтар ұйымдастырылуда. Мектептерде асханалар салынуына байланысты барлық өңірге тиісті жол картасын қабылдау тұрғысынан ұсыныс берілді. Асханасы жоқ мектептер көбіне шағын жинақты мектептер, яғни бала санының аздығына байланысты, - деп жауап берді Бейсембаев.
Министрдің айтуынша, тамақтың ең жоғары бағасы – 840 теңге. Бұл Алматы қаласында. Ақмолада – 750 теңге. Ең төменгі қаржы – 480 теңге – Қарағанды облысында. Республикада орта есеппен 579 теңгені құрайды.