80 жолаушысы бар ұшақ әуежайда қонатын кезде аударылып қалды

Торонто әуежайында Delta Air Lines ұшағы аударылып, 15 адам зардап шекті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Канададағы Торонто қаласында орналасқан Лестер Б. Пирсон атындағы халықаралық әуежайда Delta Air Lines әуекомпаниясына тиесілі жолаушылар ұшағы қону кезінде аударылып қалды. Оқиға салдарынан кемінде 15 адам жарақат алған.
New York Post басылымының хабарлауынша, төтенше жағдай қызметкерлері оқиғаға жедел әрекет еткен. Миннеаполистен келген ұшақ қалың қар басқан ұшу-қону жолағында аударылған. Әлеуметтік желілерде тараған суреттер мен видеолардан әуе кемесінің қатты зақымданғаны байқалады.
Канадалық CP24 телеарнасының мәліметінше, жарақат алғандардың ішінде үш адамның жағдайы ауыр, олардың бірі – бала. Қалған 12 адамның жарақаттары жеңіл деп бағаланған. Барлық зардап шеккендер дереу ауруханаға жеткізілді.
Жарияланған кадрлардан ұшақтың бір қанаты айтарлықтай майысқаны, ал құйрық бөлігінің ішінара зақымданғаны көрінеді. Оқиға қарлы дауыл кезінде орын алған. Демалыс күндері жауған қалың қар салдарынан әуежай қызметкерлері түн бойы ұшу-қону жолағын тазалау жұмыстарын жүргізген.
Әуежай әкімшілігінің хабарлауынша, апаттан кейін әуе айлағындағы барлық рейстер уақытша тоқтатылды.
