Жаңалықтар

8 наурызды тойлау дұрыс па, бұрыс па?

8 наурызды тойлау дұрыс па, бұрыс па?
Фото: Коллаж El.kz 08.03.2025 14:03 974

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні, әлемнің көптеген елдерінде атап өтілетін мереке. Бұл күн әйелдер құқықтарын қорғау, теңдік пен құрмет көрсету, олардың жетістіктерін атап өту мақсатында белгіленген. Дегенмен, осы мерекені тойлау немесе тойламау туралы қоғамда пікірлер әртүрлі. Оған қатысты бірнеше көзқарастар мен аргументтер бар. Кейбіреулер әйелдерді тек осындай күндері ғана құрметтеу дұрыс емес деп санайды. Осы ретте El.kz  тілшісі мерекені атап өту мәселесін дін өкілі, этнографтан сұрап білді.

Мерекенің мәні мен маңызы

Бұл күн тек әйелдердің әлеуметтік, экономикалық және саяси жетістіктерін мойындап қана қоймай, олардың қоғамдағы рөлін тағы бір рет қадірлеудің мүмкіндігі ретінде атап өтіледі. Әрбір әйел – отбасының ұйытқысы, қоғамның тірегі. Бірақ шынын айтқанда, мереке тек осыны еске салу үшін емес, әйелдерге құрмет көрсетудің күні болып табылады.

8 наурызды тойлау мәселесіне қатысты сарапшылар арасында түрлі көзқарастар бар. Олар көбінесе мерекенің тарихи маңыздылығын, қазіргі уақыттағы әлеуметтік мәнін және оның қоғамдағы әйелдер құқықтары мен теңдігіне әсерін талқылайды.

Олардың пікірінше, көп жағдайда біз осы күнді тек гүлдермен немесе сыйлықтармен шектеп қоямыз, бірақ оның мәні тереңде жатыр. Әйелдер – қоғамдағы ең маңызды тұлғалар. Әрбір күнді олардың еңбегі мен қажырлы еңбегінің арқасында өткіземіз. Сондықтан 8 наурызды тек бір күн ғана емес, әрбір күннің мәні ретінде атап өтуіміз қажет. Әйелдерге көрсетілетін құрмет пен қадір тек осы күнмен шектелмеуі керек. Әлеуметтік теңдік, әділдік, құрмет – біздің басты ұстанымымыз болуы тиіс деп санайды.

Десе де, мерекені тойлау қажеттілігі мен мәні әрбір қоғамда әртүрлі болатынын да түсінуіміз керек. Көптеген құқық қорғаушы ұйымдар мен сарапшылар 8 наурызды әйелдер құқықтарын қорғау және теңдік мәселелерін талқылау үшін маңызды күн ретінде қарастырады. Әсіресе, әлемнің әртүрлі елдерінде әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктері әлі де шектелгенін ескере отырып, бұл мерекені атап өту – әйелдердің қоғамдағы рөлін нығайту және теңдік үшін күреске назар аударудың жақсы мүмкіндігі болып табылады.

Ислам діні мен мерекенің байланысы

«Қойайдар» мешітінің имамы Аян Байтұрғанұлының сөзінше, ислам дінінде екі үлкен мереке бар, олар – Ораза айт және Құрбан айт. Жалпы ислам мемлекеті болмаған соң, Қазақстанда өмір сүріп жатқандықтан, еліміздің заңдарына құрмет көрсетуіміз керек деп есептейді.

Бұл күнде әже-аналарымызды құрметтеп, құттықтаудың шариғатқа қайшы келмейтіні айқын. Деседе тек бір күнмен шектеліп қалмауы тиіс. Негізі біз әйелдерді, қыз балаларды, әжелер мен аналарды тек осы мереке күні ғана емес, әр күні құрметтеп, қадірлеуіміз керек. Бұл – біздің дініміздің және шариғатымыздың негізгі қағидаттарына сай келетін нәрсе. Құдайдың алдында әйел затының орны мен рөлі өте жоғары, – дейді имам.

Сонымен қатар имам әйелдерге құрмет көрсету тек 8 наурызда ғана емес, әрбір күнде жалғасуы тиіс деп санайды.

Егер біз бұл құрметті дұрыс бағытта көрсетіп, оларды лайықты бағаласақ, бұл да шариғатқа қайшы келмейді. Әйел – отбасының ұйытқысы, қоғамның маңызды бөлігі. Сондықтан, біз олардың еңбегін әрқашан бағалап, құрмет көрсетуіміз керек, – дейді «Қойайдар» мешітінің имамы Аян Байтұрғанұлы.

Қазақ қоғамындағы әйелдің орны

Республикалық «Бақытты отбасы» орталығының төрайымы, этнограф Ырза Тұрсынзаданың  айтуынша, 8 наурыз мерекесі исламға қатысты емес.

Мен қазіргі уақытта Дубайда, Араб Әмірліктерінде көп болып, ол жақта қандай мерекелер барын көріп те жүрмін. Бұл мұсылман мемлекеттерінде екі ғана ресми мереке бар, Құрбан айт пен Ораза айт. Бұдан басқа байрақ күні секілді тарихи мереке де бар, бірақ оның исламға тікелей қатысы жоқ. Енді біздің елде біраз мерекелер бар ғой. 8 наурызды тойлау керек пе, әлде тойламау керек пе дегенге келсек, оның түпнұсқасы әйел мен ер адамның теңдігі мен әйелдің құқықтарын қорғау мақсатында пайда болған. Бұл күн әлемде әйелдердің дауыс беру құқығын, бостандық алуын, теңдікке жетуін қолдау мақсатында көтерілген, – дейді этнограф.

Сарапшы қазақ қоғамында әйелдің орны әрқашан құрметті болғанын жеткізді. Қазақ халқында қыз бала, әйел адамның орны ерекше, оларды төрге шығарып, үйдің құты деп санаған деп отыр.

Ана мен қызға деген құрмет қазақ мәдениетінің негізінде жатыр. Қазақ қоғамында әйелдерге теңдік берген, олардың құқығын қорғайтын дәстүрлер бұрыннан қалыптасқан. Біз үшін әйелдерге құрмет көрсету, олардың орны мен рөлін бағалау әрқашан күнделікті өмірімізде маңызды болуы тиіс. Әйелдің құқығын қорғау мен теңдікті сақтау – бұл өз алдына үлкен мәселе, бірақ оны ерекше бір күнге ғана шектеу дұрыс емес. Әйелдерге деген құрметіміз тек 8 наурызда ғана емес, әрқашан болу керек, – дейді Ырза Тұрсынзада.

Этнограф қазақ қоғамында 8 наурыз мерекесімен байланысты мәселе жоқ екенін айтады.

Тарихқа көз жүгіртсек, біздің халқымызда әйелдердің орнын әрдайым жоғары бағалаған. Мысалы, қазақ қыздары ер азаматтармен бірге атқа мініп, жауға қарсы соғысқан. Кенесарының қарындасы он үш жасында атқа мініп, ерлік көрсеткені тарихта белгілі. Мұндай мысалдар қазақ тарихында көп. Сол себепті 8 наурыздың алғашқы пайда болуының қажеттілігі біздің тарихымызда жоқ деп есептеймін. Қазақ халқының тарихында қыз бала мен әйелдің орны әрқашан бөлек болған. Әжелеріміз бен аналарымыздың, апаларымыздың рөлі ерекше, бұл күнде де, тарихта да күн сайын айтылып келеді. Біздің мәдениетімізде әйелге деген құрмет ешқашан бәсеңдемеген, – дейді ол.

Ырза Тұрсынзада 8 наурызды тойлау әлемдік деңгейде, халықаралық мереке ретінде қабылданғанын, бұл бүкіл әлемде әйелдерге ерекше көңіл бөлінетін, гүл сыйланатын күнге айналғанын жеткізді.

Бұл – әдетке айналып, санамызға сіңген мереке. Әрине, біз үшін оның тарихи мәні мен қажеттілігі жоқ, бірақ халықаралық деңгейде бұл күн әйелдерге құрмет көрсету және олардың рөлін тану күні ретінде белгіленген. Әртүрлі мерекелерді тойлау мәселесі әркімнің жеке таңдауы. Мысалы, жаңа жыл мерекесі туралы айтатын болсақ, бізге ол қажет емес деген пікірді де естиміз. Шырша қоймау керек дегендер де бар. Бірақ егер бұл мереке адамға жақсы көңіл-күй сыйлап, демалыс беріп, ерекше бір сый-құрмет көрсетілсе, онда мен мұның ешқандай жаман тұсын көрмеймін, – дейді сарапшы.

Этнограф қазіргі қоғамда бұдан да маңызды мәселелер жетіп-артылатынын, сондықтан бұл мерекені артық талқылаудың ешқандай қажеті жоқ екенін айтады.

Бұл халықаралық мереке болғандықтан, оның мәні мен маңызы өз алдына. Біз Кеңес дәуірінен шыққан елміз, және сол кезеңде 8 наурыз мерекесі біздің өмірімізге енді. Мектепте оқып жүргенде, ұл балалар бізге гүл сыйлап, бұл күні арнайы көңіл бөлуші еді. Әлі күнге дейін, үйімізде де, балаларымыз 8 наурызда сыйлық алып келіп, бізді қуантады. Сондай-ақ бұл мереке көбінесе «Аналар күні» деп аталып, әйелдерге деген құрмет пен мейірімнің белгісі ретінде өткізілетін. Қазақ халқы өз санасына сай, бұл мерекені ерекше түрде қабылдады. Сондықтан менің ойымша, әркімнің өз қалауы бойынша тойлауы керек. Бұл әр адамның жеке шешімі, – дейді Ырза Тұрсынзада.

Сарапшының сөзінше, қазіргі қоғамда шындап қарау керек көптеген маңызды мәселелер бар.

8 наурызды тойлау керек пе, жоқ па деген сұрақты көтерудің қаншалықты қажеттігі бар деген ойдамын. Бұл сұрақты талқылаудың орнына, бізге ауадай қажет өзекті мәселелерді шешуге көңіл бөлгеніміз дұрыс. Менің пікірімше, бұл мәселе қаншалықты маңызды, оны бағамдауымыз керек. Мысалы, қазіргі уақытта балалардың буллингі, нашақорлық, әйелдер мен балалардың зорлық-зомбылыққа ұшырауы сияқты сұрақтар өте өзекті. Бұл мәселелерді шешу үшін нақты әрекеттер қажет. Сондықтан 8 наурызды тойлау керек пе, жоқ па деген сұрақтың артында тұрмысымызды жақсартуға бағытталған күрес тұрған жоқ, – деді этнограф.

Ырза Тұрсынзада демократиялық қоғамдарда, тіпті демократиялық Американың өзінде Дональд Трамп әйел мен еркек арасындағы айырмашылықтарды ашық айтатынын, бірақ біздің қоғамда бұл мәселелерге қарағанда, басқа да әлеуметтік проблемалар әлдеқайда маңызды екенін жеткізді.

Мысалы, балалардың тәрбиесі, зорлық-зомбылық, нашақорлық бұл мәселелердің бәрі біздің басты назарымызды талап етеді. Сол себепті менің ойымша, бізге қоғамдағы шынайы бұл сұраққа қарсы күресудің қаншалықты маңызы бар, соны әрқайсымыз өзіміздің жүрегімізбен сезінуіміз керек, – дейді республикалық «Бақытты отбасы» орталығының төрайымы Ырза Тұрсынзада.

Тойлауға болатын себептер

Әйелдерге құрмет көрсету: Бұл күні әйелдерге ерекше құрмет көрсетіліп, олардың қоғамдағы орны мен рөлі айқындалады. Әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін арттыруға назар аударылады.

Теңдік пен әйелдер құқықтары: 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні ретінде әйелдер құқықтарын қорғауға, олардың еңбек және білім саласындағы мүмкіндіктерін жақсартуға, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресуге бағытталған.

Қоғамдық сана қалыптастыру: Әйелдер теңдігі, олардың қоғамдағы рөлі мен мәртебесі туралы қоғамның санасына әсер ету үшін бұл мереке маңызды болып табылады. Әйелдерге арналған шаралар мен іс-шаралар әйелдер үшін мүмкіндіктерді арттырады.

Тойламауға болатын себептер

Мерекенің тарихи контексті: Кейбір адамдар бұл мерекенің бастапқы мәнін ұмытып кеткен деп санайды. 8 наурыздың тарихы жұмысшылар мен әйелдер қозғалысынан басталғанымен, бүгінде кейбіреулер бұл күнді тек коммерциялық мақсатта ғана атап өтеді деп ойлайды.

Стереотиптер мен күту: Әйелдер күні көбінесе гүлдер, сыйлықтар мен мерекелік іс-шаралармен байланысты болғанымен, бұл көптеген адамдардың әйелдердің әлеуметтік және еңбек құқықтары мәселесіне қатысты тереңірек ойлануына ықпал етпейді. Кейбіреулер әйелдерді тек осындай күндері ғана құрметтеу дұрыс емес деп санайды.

Әйелдердің теңдігін жыл бойына атап өту: Әйелдер күнін бір күн ғана атап өту жеткіліксіз деп санайтындар да бар. Олар әйелдердің құқықтарын қорғауды және олардың теңдігін жыл бойына, күнделікті өмірде қамтамасыз ету маңызды деп есептейді.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға