Жаңалықтар

8 наурызда болған әлемдік оқиғалар

8 наурызда болған әлемдік оқиғалар
Фото: коллаж El.kz 08.03.2025 16:15 420

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні ретінде ғана емес, әлем тарихында көптеген маңызды оқиғаға, жетістіктер мен өзгерістерге толы күн. Бұл күні әлемнің әр түкпірінде түрлі революциялар, ғылыми жаңалықтар, саяси шешімдер және мәдени өзгерістер болды. El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі 8 наурызда болған тарихи оқиғаларды топтастырып, біршама зерттеп көрді.

 Халықаралық әйелдер күнінің бастау алуы

1910 жылы 8 наурызда Копенгагенде өткен Халықаралық социалистік әйелдер конференциясында неміс социалисті Клара Цеткин Халықаралық әйелдер күнін атап өтуді ұсынды. Бұл мереке әйелдердің еңбек құқықтарын қорғау, дауыс беру құқығы және теңдік үшін күресіп жүрген қозғалыстардың символы болды. Бұл күні басталған мереке кейіннен бүкіл әлемге тарады. Оның негізгі мақсаты әйелдердің әлеуметтік және саяси құқықтарын қорғау болды.

1911 жылы – Алғашқы Халықаралық әйелдер күні Германия, Австрия, Дания және Швейцарияда атап өтілді. ​

1917 жылы – Ресейдегі Ақпан революциясы

8 наурызда Петроградта (қазіргі Санкт-Петербург) әйелдер жұмысшылардың үлкен ереуілін ұйымдастырды. Олар қолайлы еңбек жағдайын талап етіп, азық-түлік тапшылығына қарсы шықты. Бұл көтеріліс кейіннен Ақпан революциясының басталуына сеп болды. Нәтижесінде Николай II тақтан бас тартып, Ресейдегі монархия құлады. Бұл оқиға Ресей тарихында терең із қалдырып, кейіннен социалистік қозғалысқа жол ашты.

Ғылыми жаңалықтар мен техникалық жетістіктер

1618 жылы – Неміс астрономы Иоганн Кеплер планеталардың қозғалысының үшінші заңын тұжырымдады.

1857 жылы – Нью-Йоркте тігін және аяқ киім фабрикаларының жұмысшы әйелдері еңбек жағдайларын жақсарту және жалақыны көтеру талаптарымен манифестацияға шықты. Бұл оқиға кейінірек Халықаралық әйелдер күнінің пайда болуына негіз болды.

Тарихтағы алғашқы «Бос кастрюльдер шеруін» осы датамен байланыстырады. 1857 жылғы 8 наурызда Нью-Йоркте өткен, Халықаралық әйелдер күнін атап өтуге негіз болған оқиға болды. Осы ереуілге қатысушылар әйелдердің еңбек ақысын көтеру, еңбек шарттарын жақсарту және әйелдер үшін тең құқықтар талап етті.

«Бос кастрюльдер шеруі» атауын осы әйелдер бос кастрюльдер мен басқа да үй заттарын соғып, шу шығара отырып алды. Олар осылайша өздерінің мәселелеріне көпшіліктің назарын аударуды мақсат еткен. Бірақ, ақырында, шеруді полиция таратып жіберді.

Бұл - әйелдердің теңдік үшін жасаған алғашқы ірі демонстрациясы. Назардан тыс қалмады. 50 жылдан соң, 1908 жылғы 8 наурызда 15 мың социал-демократ әйелдер, алдыңғы буынның ерлігін еске ала отырып, Нью-Йорк көшелерімен қайта өтті. Кейінірек әйгілі коммунистік белсенділер Клара Цеткин мен Роза Люксембург 8 наурызды Халықаралық әйелдер күні деп жариялауды ұсынды.

Халықаралық әйелдер күні алғаш рет 1911 жылы Еуропа елдерінде аталып өтті. Ал 1975 жылы БҰҰ шешімімен бұл күн Халықаралық әйелдер күні ретінде ресми мәртебеге ие болды. Сол уақыттан бері әйелдердің құқықтары мен халықаралық бейбітшілікті қорғау күні ретінде тойланып келеді.

1965 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумының Жарлығымен 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні жұмыс істемейтін күн деп жарияланды.

1910 жылы - 1910 жылдың 8 наурызында француз баронессы Раймонда де Ларош әлемдегі ең алғашқы әйел ұшқыш атанды. Гелиополисте өткен жарыстардың нәтижесінде Францияның аэроклубы де Ларошқа №36 ұшқыш куәлігін берді. Осылайша, ол ресми түрде Францияның алғашқы әйел ұшқышы атанды.

1919 жылдың 18 шілдесінде де Ларош және кәсіби ұшу емтиханын тапсыратын екі орынды ұшақтың ұшқышы Кротуа әуежайында ұшақ апатынан қаза тапты. Раймонда де Ларош осы ұшу кезінде жолаушы болатын.

1979 жылдың 8 наурызында «Pinkeltje» кодтық атаумен бірінші CD прототипі таныстырылды.

Ол сол уақыттағы танымал музыкалық пластинкаларға балама ретінде ұсынылды. Бұл оқиға Голландияның Эйндховен қаласында «Optical digital audio disc demo» шарасында өтті. Сол кезден бастап шамамен 3,5 миллиард CD аудио-плеерлер мен 240 миллиард CD дискілерінің сатылғаны есептеледі.

CD форматтың таралуына Philips компаниясы ғана емес, Sony компаниясы да мол үлес қосты. Өйткені олар форматты стандарттауға көмектесті. Біраз уақыттан соң ол «Red Book» деп атала бастады. Оған уақытты ойнату (74 минут), диск диаметрі және дискреттеу жиілігі сияқты барлық параметр енгізілді. Екі компанияның қызметкерлері жазған «The Compact Disc Story» кітабында былай делінген: «CD ұжымдық түрде, екі компанияның көптеген қызметкері бірігіп, команда ретінде ойлап табылды».

Алайда компакт-диск тарихы мұнымен аяқталмады. Бұл тек кіріспе ғана болатын. Алғашқы тарауы 1982 жылдың 1 қазанында аяқталды. Сол күні Билли Джоэлдің (Billy Joel) «52nd Street» альбомы шын мәнінде бірінші музыкалық компакт-диск ретінде шығарылды. Ол алғаш рет Жапонияда Sony CDP-101 плеермен бірге тыныш түрде нарыққа шықты. Бұл күн ақпараттық тасымалдаушылар саласында кішігірім революцияға айналды.

2014 жылы - 2014 жылы 8 наурызда АҚШ-та биологиялық тіндердің 3D баспасы жасалды. Бұл жаңалық медицинада жаңа дәуірдің бастауы болды. Себебі ол ағза тіндерін қайта құру және қалпына келтіру әдістерін жаңа деңгейге көтерді.

Саяси оқиғалар мен әлеуметтік өзгерістер

1658 жылы – Дат-швед соғысын аяқтаған Роскилль келісіміне қол қойылып, Швеция үлкен аумақтарға ие болды.

1702 жылы 8 наурыздан бастап Анна Стюарт Ұлыбританияның алғашқы королевасы болып таққа отырды. Ол 1707 жылы Англия мен Шотландияның бірігуіне әкелген заңды қабылдағаннан кейін билік жүргізді. Бұл тарихи оқиға Ұлыбританияның саяси және мәдени өміріндегі маңызды кезең болды.

Шотландия Англия парламентінің Лордтар палатасында 16 орын және Қоғамдар палатасында 45 орын алды.

Ұлыбритания патшайымы Анна Стюарт 1714 жылдың 1 тамызында 49 жасында қайтыс болды. «Тағдыр туралы акт» бойынша таққа Ганновер әулетінен Георг I отырды.

1945 жылы – БҰҰ Әйелдер құқықтары жөніндегі комиссия құрылды.

1945 жылы 8 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымы әйелдердің құқықтарын қорғауға бағытталған арнайы комиссияның құрылуын жариялады. Бұл комиссия гендерлік теңдік, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты тоқтату және олардың әлеуметтік, экономикалық жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстарды басқарды. Бұл оқиға әлем әйелдері үшін маңызды құқықтық жаңалық болды.

1952 жылдың 8 наурызы «жасанды жүректің» туған күні саналады. Осы күні Филадельфиядағы Пенсильвания ауруханасында операция барысында пациенттің жүрегі тоқтап, оның қызметін тарихта алғаш рет механикалық құрылғы атқарып, дәрігерлерге 50 минут бойы науқасқа ота жасауға мүмкіндік берген еді.

Жасанды қан айналымы құрылғыларының ең жақын ізашары ретінде 1935 жылы Чарльз Линдберг пен Алексис Каррель ойлап тапқан «перфузиялық насос» деп аталады. Бұл құрылғы жануарлардың ампуттацияланған ағзаларынан қан алмастырғышын айдап, оларды трансплантациялау кезінде өмір сүру қабілетін қолдауға арналған еді. Айта кету керек, «жасанды жүрек» терминін Time журналының редакторлары 1938 жылы осы құрылғының суреті журналдың мұқабасында жарияланған кезде ұсынған болтын.

1975 жылы БҰҰ 8 наурызды Халықаралық әйелдер күні деп жариялады.

1975 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы 8 наурызды Халықаралық әйелдер күні деп ресми түрде бекітті. Бұл шешім әлемнің көптеген елінде әйелдердің құқықтары мен теңдігін насихаттау үшін маңызды қадам болды.

1983 жыл – IBM алғашқы графикалық интерфейсі бар дербес компьютерін таныстырды.

8 наурызда IBM компаниясы алғашқы графикалық интерфейсі бар дербес компьютерін таныстырды. Бұл компьютердің іске қосылуы қазіргі заманғы ақпараттық технологиялардың дамуына үлкен серпін беріп, дербес компьютерлердің кеңінен таралуына себеп болды.

Әлеуметтік қозғалыстар және мәдени өзгерістер

1950 жылы – Кеңес Одағы атом бомбасына ие екенін ресми түрде жариялады. ​

КСРО-ның өз атомдық қаруы бар екендігі туралы ресми түрде 1950 жылғы 8 наурызда КСРО Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Кеңес Одағының Маршалы Климент Ворошилов мәлімдеді.

КСРО-да ядролық жарылыс болғаны туралы америкалық, британдық және канадалық газеттер АҚШ-тың барлау қызметіне сілтеме жасай отырып, 1949 жылдың қыркүйегінде хабарлаған. Бірақ сол кезде АҚШ президенті Гарри Труменнің жұрт алдында жасаған мәлімдемесіне жауап ретінде КСРО басшылығы тек 1949 жылғы 24 қыркүйектегі ТАСС-тың бейтарап хабарламасымен шектелді. Онда «1947 жылдың 6 қарашасында КСРО Сыртқы істер министрі В.М.Молотов атом бомбасының құпиясы туралы мәлімдеме жасап, “бұл құпия емес” деп айтқан болатын» деп көрсетілген.

Америка Құрама Штаттарының ғылыми қауымы Молотовтың бұл мәлімдемесін күдікпен қабылдап, орыстар атомдық қаруға 1952 жылдан бұрын қол жеткізе алмайды деп есептеген. Бірақ бұл жансақ пікір болды. 

1949 жылдың 29 тамызында Семей облысында (қазіргі Қазақстан Республикасы) арнайы жабдықталған полигонда КСРО-да жасалған алғашқы ядролық құрылғы РДС-1 сәтті сынақтан өтті.

2008 жылы – Малайзиядағы парламенттік сайлау

8 наурызда Малайзияда өткен парламенттік сайлау елдегі саяси тұрақтылыққа үлкен өзгеріс әкелді. Сол сайлауда оппозиция жеңіске жетіп, билікке қарсы күштердің беделі артты. Бұл сайлау саяси сахнада жаңаша ойлау мен әдістердің пайда болуына ықпал етті.

Ұлы тұлғалардың дүниеге келуі

- Карл Филипп Эммануил Бах (1714-1788) — Германияның ұлы композиторы, Иоганн Себастьян Бахтың ұлы, классикалық музыкаға айтарлықтай үлес қосқан тұлға.

- Гэри Ньюман (1958) — британдық музыкант. Электронды музыка жанрында маңызды рөл атқарып, музыка тарихында өзіндік із қалдырған тұлға. Оның шығармашылығы 1980 жылдардың басында электронды музыка мен синтезаторлар арқылы жаңа толқын әкелді. Оның "Cars" және "Are 'Friends' Electric?" сияқты танымал туындылары 80-жылдардағы музыкалық мәдениеттің символы іспеттес.

- Фредди Принц-кіші (1976) — 1990-жылдары танымал болған америкалық актер.  Фредди Принц-кіші 1976 жылы 8 наурызда дүниеге келді. Ол «Скуби-Ду» және «Меніңше, өткен жылы не істегеніңді білемін» сияқты фильмдер арқылы көрерменге танымал.

- Отто Ган (1879-1968) — неміс физигі, ядролық химияның негізін қалаушылардың бірі. 1938 жылы ол Уранның ядролық бөлінуін ашты. Бұл атом энергетикасы мен ядролық қарудың дамуына алып келді. 1944 жылы Нобель сыйлығын алған ғалымның бұл жаңалығы атом энергетикасы мен ядролық физика саласында төңкеріс жасады.

Қызықты фактілер мен ерекше оқиғалар

Қытайда әйелдерге демалыс беріледі

8 наурыз Қытайда, біздің елдегідей, аналарға, қыздарға, әйелдерге, әжелерге, қарындастарға сыйлықтар табысталып, құттықтау мен тілектер айтылады. Ең қызығы бұл мерекенің атауы сөзбе-сөз аударсақ,  «Халықаралық еңбек етуші әйелдер күні» дегенді білдіреді.

Италиядағы дәстүр

Италияда 8 наурызда әйелдерге мимоза гүлдерін сыйлау дәстүрі бар. Бұл гүлдер әйелдердің әдемілігі мен нәзіктігін білдіреді.

8 наурызда әйелдерге мимоза сыйлау дәстүрі 1946 жылдан бастау алады. Соғыс аяқталуының мерейтойын тойлау қарсаңында Италья әйелдері одағының мүшелері Рита Монтаньяна, Тереза Ноче және Тереза Маттеи Халықаралық әйелдер күні символы ретінде осы гүлді пайдалануды ұсынды.

Хатиконың өлімі 

1935 жылғы 8 наурызда әлемге әйгілі акита-ину тұқымды ит Хатико қайтыс болды. Ол Жапонияда адалдық пен сенімділіктің символы болып табылады.

Хатико 1923 жылдың 10 қарашасында Жапонияның Акита префектурасында дүниеге келді. Оны Токио университетінде жұмыс істейтін профессор Хидэсабуро Уэноға сыйға тартқан.

Хатико өскенде, үнемі иесінің артынан еріп жүрген көрінеді. Профессор қалаға жұмысқа кеткенде, Хатико оны Сибуя станциясының кіреберісіне дейін шығарып салып, түстен кейін сол жерден күтіп алатын.

1925 жылдың 21 мамырында профессор университетте инсульт алып, тіл тартпай кетеді. Содан Хатико иесін күн сайын станцияға келіп, кешке дейін адалдықпен күтіп тұрған деседі.

Ит тоғыз жыл бойы, қайтыс болғанша, күн сайын станцияға келіп тұрыпты. 

Хатико 1932 жылы Токионың ірі газетінің бірінде «Адал қарт ит жеті жыл бұрын қайтыс болған иесін күтіп жатыр» деген мақала жарияланғаннан кейін бүкіл Жапонияға танымал болды. Бұл оқиға жапон халқының жүрегін елжіретті. «Хатико: ең адал дос» фильмі әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдардың жүрегінен орын алды.

1993 жылы – MTV арнасында «Бивис және Баттхед» атты мультфильм кейіпкерлері алғаш рет көрерменге жол тартты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға