Жаңалықтар

7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық күні

Денсаулық – зор байлық
7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық күні
07.04.2017 10:43 6680

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 1946 жылы БҰҰ-ның жанынан құрылған халықаралық медициналық мекеме. Жер бетіндегі барша халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында құрылған ұйымның жарғысы 1948 жылы 7 сәуірде қабылданып, бұл күн «Дүниежүзілік денсаулық күні» болып бекітілген болатын. Денсаулық күнін жыл сайын атап өту дәстүрі 1950 жылдан басталды. Атаулы күн адамзат баласына денсаулықтың басты байлық екенін ұғындыру және әлем халықтарының сау денелі болуы үшін маңызды шешімдер қабылдау мақсатында аталып өтеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әр жылды медицинадағы көкейтесті мәселелердің біріне арнап келеді. 2017 жылғы  денсаулық күнінің тақырыбы «Күйзеліспен күрес» деп аталып отырғанын ДДҰ-ның ресми сайты хабарлады. 2017 жылдың 31 наурызындағы дерек бойынша, жер бетінде 300 млн. астам адам күйзеліске ұшыраған екен. Бұл 2005-2015 жылдардың көрсеткішімен салыстырғанда 18%-ға артқан. Сондықтан да аталған халықаралық ұйым қоғам болып күйзеліске түскен жандарға қолдау көрсетіп, олардың тығырықтан шығуына көмектесуге шақырады.  

Қазақстан Республикасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына 1992 жылдың 19 тамызында 180-мүше мемлекет болып тіркелген болатын. Географиялық тұрғыдан еліміз ДДҰ-ның Еуропалық аймағына кіреді.

Еліміздің ширек ғасыр тарихында денсаулық сақтау саласы бойынша жеткен жетістіктері мол. Оған дәлел – еліміздегі орташа өмір сүру жасының 2010 жылғы 68,45 жастан, өткен жылғы көрсеткіш бойынша 71,62 жасқа жетуі. Ал, денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы негізінде еліміздегі орташа өмір сүру жасы 2020 жылы 73-ке дейін барады деп жоспарланып отыр.

Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің есебіне сүйенсек, 2015-2015 жылдары еліміз 140 елдің арасында 42-орынға көтерілген. «Денсаулық және бастауыш білім беру» индикаторы бойынша Қазақстан әлемнің 140 елінің ішінде 93-орынға табан тіреген. Яғни, халық саны жыл сайын 1,4 пайыздық өсу қарқынымен артса, өлім-жітім 15,3 пайызға төмендеген. Туберкулезге шалдығушылар 30,3 пайызға азайса, 2007 жылдан бері есірткі заттарын тұтыну деңгейі 38,1 пайызға төмендеген. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті 2030 жылы еліміз халқының саны 21 млн. адамнан асып, егде кісілердің үлесі 7,7 пайыздан 11-13 пайызға дейін артатынын болжап отыр.

Бұдан бөлек, ел тәуелсіздігінен кейін республика көлемінде 1000-нан астам денсаулық сақтау нысаны салынып, қолданысқа берілген. Оның ішінде 8 медициналық ғылыми иниститут, 30-дан астам медициналық мамандандырылған орталық, 180-ге жуық аурухана, 100-ден астам емхана бой көтерген.

Осы жетістіктердің жалғасы ретінде сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жолға қойылмақ. Бұл жүйенің енуіне дайындық жұмыстары да күні кеше басталды. Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингіне қатысқан ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері емханаға тіркелу науқанының 5 сәуір мен 31 маусым аралығында болатынын жариялап, халықтың осы уақыт аралығында  өз мәртебесін анықтау керектігін айтқан болатын.

«Емхана – кез келген медициналық көмек алу үшін «қақпа». Қайда тіркелгеніңізді тексеру – сіз  үшін маңызды. Себебі, азаматтардың басқа қалада, ауданда тұрып, өзге өңірлерде тіркелетін жағдайлары жиі кездеседі. Мұндайда медициналық қызмет көрсету бойынша қиындықтар туындауы мүмкін. Осыған байланысты, 5 сәуір мен 31 маусым аралығында әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде өз мәртебесін анықтау керек» деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Л.Ақтаева.

Сондай-ақ, алдағы уақытта дәрігерлердің қағазбастылығы 33 пайызға азаятындығы да осы жиында айтылды. ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Ажар Төлеғалиеваның айтуынша еліміз 2019 жылы электронды медицинаға тұтастай көшпек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға