Жаңалықтар

7 маусым кинопремьералары

Осы аптада прокатқа шықан кинопремьералар
7 маусым кинопремьералары
07.06.2018 17:55 3663

Бүгін прокатта: Динозаврлар паркі туралы әйгілі франшизаның жаңа эпизоды, Виктор Цой мен Майк Науменконың достығын суреттейтін «Лето» драмасы, қайтыс болған кейуананың аруағы жайында америкалық хоррор, диета мен фитнес туралы ромком, жоқ жерден пайда бола кететін туыстарға арналған француз комедиясы және террористермен күрескен агенттер туралы ресейлік боевик Арктиканы бағындырған орыс саяхатшылары туралы драма.

 

«Мир Юрского периода 2» (Jurassic World: Fallen Kingdom) – 2015 жылғы «Мир Юрского периода» (Jurassic World) ғылыми-фантастикалық фильмінің жалғасы және сонау 1993 жылы басталған «Парк Юрского периода» (Jurassic Park) кинофраншизасының бесінші бөлімі. Кезінде осы жобаны өмірге әкелген Стивен Спилберг продюсер міндетін атқарады.

«Юра дәуірінің әлемінің» екінші эпизодын түсірген - Хуан Антонио Байона. Ол көпшілікке «Невозможное», «Голос монстра» секілді картиналарымен белгілі. Негізгі рөлдерден Крис Пратт, Брайс Даллас Ховард, Джеральдин Чаплин, Джефф Голдблюм , Тоби Джонс секілді жұлдыздарды көреміз.

Сюжет 2015 жылғы фильмнің оқиғасын жалғастырады. Юра дәуірінің әлемі деген бұрынғы паркте өмір сүріп жатқан динозаврларға оянған вулкан қауіп төндіреді. Паркте жұмыс істеген Клэр Диринг жануарларды құтқару үшін бұрынғы әріптесі Оуэн Грэйдидің көмегіне жүгінеді.

«Лето» - қазір үйқамақта отырған Ресей режиссері Кирилл Серебренниковтың жаңа жұмысы.

Фильм Виктор Цой мен «Кино» тобының шығармашылық жолының басталуы туралы, оның Майк Науменкомен, оның әйелі Натальямен және 1981 жылы Ленинградтың рок-қозғалысының авангардында болған көптеген адамдармен қарым-қатынасы жайында баяндайды. Бұл 80 жылдардағы Ленинград туралы, махаббат, ізденіс пен үлкен үміт туралы хикая.

Виктор Цой рөлінде Германияда туған корей актері Тео Ю, ал Науменко рөлінде «Звери» тобының әншісі Роман Билык.

«Лето» биылғы Канн кинофестивалінің негізгі конкурсына қатысып, саундтрек үшін жүлде алды.

«Реинкарнация» (Hereditary) ‒ детектив элементтері бар америкалық хоррор. Фильм премьерасы «Санденс» фестивалінде өтіп, сыншылардың жоғары бағасын алды.

Сюжет бойынша қарт ана қайтыс болғаннан кейін ол тұрған үйде біртүрлі оқиғалар болады. Енді оның жақындарына қауіп төнеді. Күн өткен сайын осы шаңырақтың бұрынғы құпиялары ашыла бастайды. Қайтыс болған ананың қызы Энни үрейлі оқиғалардың себебін анықтамақ болады. Ол үшін отбасының өткен өміріне қатысты деректерді табу қажет.

«Обещать — не значит жениться», «Клятва», «В активном поиске» секілді ромкомдарды түсірген Эбби Кон мен Марка Силверштейннің жаңа жұмысы «Красотка на всю голову» (I Feel Pretty) деп аталады. Басты рөлде стэндап-комик Эми Шумер ойнайды.

Фильмде толықтау денесінен ұялатын, сол себепті мінезі тұйық Рене есімді қыз туралы айтылады. Артық салмақтан арылам деп ол спортзалға аттанады. Жаттығу кезінде велоқұрылғыдан құлап түсіп, басын ұрып алады. Осыдан кейін ойын ақыл-есінде өзгеріс болып, өзіне де көзқарасы өзгереді. Рене енді өзін сымбатты, сұлу санайды. Осыдан бастап өмірі де алға басып, өзгелердің құрметіне бөлене бастайды.

«От семьи не убежишь» (La ch'tite famille) – француздың белгілі комедия актері Дэни Бунның картинасы, басты рөлде ойнайтын да, сценарий авторы да өзі. Одан бөлек актерлік құрамда Пьер Ришар, Валери Боннетон, Ги Леклюз бен Лоранс Арне бар.

Фильмде Париждің жас та табысты дизайнерлері Валентин мен Констанция туралы айтылады. Олар миллион әкелетін контракт жасауға дайындалуда. Алайда олар ұйымдастырған көрмеге күтпеген жерден Валентиннің бүкіл отбасы кіріп келеді. Олар Валентиннің өткені туралы шындықты ашып, бүкіл жоспардың быт-шытын шығарады.

«Решение о ликвидации» - «Мосфильм» студиясында түсірілген әскери боевик. Фильм оқиғасы өмірде болған оқиғаға құрылған екен.

ФСБ арнайы тобына берілген ерекше тапсырма - террорист Шамиль Базгаевтың көзін жою. Ол нысанаға ілінгелі көп болған, алайда боевиктердің қатыгез көшбасшысы ұстатпай келеді. Базгаевтың қолына жойқын қару түсетін болса, ол ең қорқынышты мақсатын жүзеге асырмақ. Жедел өкілдерге қателік жасауға болмайды.

«Первые» – якуттың «Созвездие Марии» пьесасына негізделген ресейлік тарихи драма.

Фильм ерлі-зайыпты зерттеушілер Василий мен Татьяна Прончищевдің қарым-қатынасы мен ерлігі туралы баяндайды. Олар Лена-Енисей отрядының құрамында Ұлы Сібір экспедициясымен Арктиканы зерттеген болатын.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға