Жаңалықтар

600 кітап оқыған оқушы

Адам ағзасының қартаймауына да кітап оқудың көмегі бар
600 кітап оқыған оқушы
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 27.07.2021 11:48 9144

Адам кітап арқылы жаңа әлемді тануға жол ашады. Өзге елдің тілі, дінін, тұрмысын, салт-дәстүрін таниды. Өйткені адам баласы үшін кітап тілсіз тәрбиеші құралын атқарады. Ол адамға бала кезінен бастап өмірінің соңына дейін жақын сырлас досы бола алады.  Ал ғалымдар болса, кітап оқу, сурет салу, музыка тыңдау, жазушылықпен айналысу сынды ақыл-ой еңбегімен айналысатын адамдардың жүйке-жүйесінің өзгелерден әлдеқайда жылдам дамитынын дәлелдеген  болатын. Оған қоса, қартайған уақытта жүйке-жүйенің шаршауы мен әлсіреуі де болмайтынын айтады. Ал жазушыларымыз болса, кітап оқығанды қойған адам ойлауды да қоятынын тілге тиек етеді. Бастысы  кітап оқу өмірге деген құштарлықты және білім-ғылымға деген талпынысты күшейте түсетінін естен шығармаған абзал. 

Сетер Әсен   бес  жылда 600 кітап оқыған

Соңғы үлгідегі  түрлі гаджет-смартфондар бар қазіргі заманда баланы кітап оқуға баулу қиын дейтіндер де баршылық. Баланың кітапқа деген қызығушылығын арттыру үшін әуелі кітапты сүюді үйрету керек. Мәселен, балаларға ата-анасы алдын-ала бос уақытында оқитын кітаптарының тізімін жазып, ұсынуларына болады. 

600 кітап оқыған оқушы

Елордадағы №9 «Зерде» мамандандырылған  мектебінің  8-сынып оқушысы  Сетер Әсен   600 кітап оқыған. Осыншама кітапты оқуға оған бес жылдай уақыт жұмсаған. 15 жастағы жеткіншек үшінші сыныптан бастап алғаш ертегілер оқудан бастағанын айтады. 

– Алғашқы кітабымды әкем сатып алып берген болатын. Басында қазақтың ертегілерін оқудан бастадым. Ал бесінші сыныптан бастап  тарих пәні қосылған соң біртіндеп тарихи шығармаларды оқуға қызығушылық таныттым. Сол уақытта мен Ілияс Есенберллиннің «Көшпенділер» триллогиясын, Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романын оқыдым. 

600 кітап оқыған оқушы

Сетердің үйінде әсіресе әжесі мен әкесі кітап оқығанды ұнатады. Оған  бала кезінен әжесі түрлі ертегілерді ойдан құрастырып, айтып беріп отырған. 

– Негізінен мен тарихи, фантастикалық және детектив жанрларындағы кітаптарды қызыға оқимын. Мәселен, детектив жанрында жазылған шығармалар шытырман оқиғаларға толы болып келеді. Мұнда ақылды да тапқыр басты кейіпкер кез-келген адамды сан соқтыратын айлакер де бола алады. Сондай-ақ  кез келген тығырықтан жол тауып, сынақтардан сүрінбей, аман-есен шығады. Бұл жанрдағы оқиғалардың қалай шешімі табылатынын білгің келіп, соңына дейін дегбірін қашады. Фантастикалық жанр болса,  өз оқырманын жаңашылдыққа жетелейді. Ал тарихи кітаптарды оқуыма   ата-бабаларымыздың бұрынғы замандағы өмірі, еліміздің құрылу тарихы сынды тарихи тақырыптар қызықтырғаны себепші болды. 

600 кітап оқыған оқушы

Сетер қазіргі кезде түсінуге жеңіл шығармаларды бір-екі күнде кейде тіпті бір-екі сағатта оқып тастайды. Алғаш оқыған кезде  ол шамамен 25-50 беттік кітаптардан бастаған. Мұндай кітаптарды Сетер бір-екі сағатта кейде тіпті 15 минуттың ішінде оқып бітіруге болатынын айтады.

– Кез-келген кітапты оқып шығуға бірнеше фактор әсер етеді. Ең бастысы қызығушылық болуы қажет. Мәселен, кейбір кітаптардың сюжеті қызық бірақ тілі аздап қиындау болуы мүмкін. Сондықтан ондай кітаптарды оқуға біраз уақыт кетеді. Ал енді бір  кітаптар болса,  философиялық ойларға толы болады.  Оларды түсініп оқу үшін әрбір тараудан соң, үзіліс жасап, оқығанды санада қорытып, түсініп барып, ары қарай жалғастырған дұрыс.

600 кітап оқыған оқушы

Кітапты оқу барысында Сетер маңызды-маңызды жерлерін, аз сөзбен көп мағына білдіретін  сөздерді, әдемі айтылған ырғақтарды және т.б. қойын дәптеріне жазуды әдетке айналдырған. Осы уақытқа дейін оқыған 600 кітаптың ішінде  қазақ классиктерімен қоса, орыс жазушыларының да еңбектері бар. Олардың ішінде әсіресе орыстың ұлы жазушысы Лев Толстойдың шығармаларын сүйіп оқиды. Ал қазіргі кезде Сетер әлемдік классикалық әдебиеттерді оқуға кіріскен. 

Бір айта кетерлігі, елордалық мектеп оқушысы жылына шамамен жүз шақты кітап оқиды. 

– Жыл басынан осы уақытқа дейін шамамен отыздан аса кітап оқыдым. Олардың көбісі – фантастикалық жанрдағы кітаптар. Сондай-ақ «Абай жолының» үшінші және төртінші томдарын оқып бітірдім. Осымен мен бұл кітапты үшінші мәрте оқып жатырмын. Алғаш рет әкем бесінші сыныпты бітірген кезде сатып алып бергенде оқысам, екінші рет жетінші сыныпта оқып шықтым. Бұған дейін оқыған кезде жасым кіші болғандықтан кітаптағы біраз дүниелердің мағынасын толық түсінбедім, ал кейбіреулерін түсіну қиынға түсті. Араға бірнеше жыл салып оқығанда соларды ақырындап түсіне бастадым. Бірақ бұл кітапты толық түсіндім деп айтуға келмейді. Алдағы уақытта да тағы бірнеше рет қайталап оқып шығуым қажет. 

Оның сүйікті жазушылары –  Сайын Мұратбеков, Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Мұхтар Мағауин, Бердібек Соқпақбаев, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза. 

– Кітап оқуды әдетке айналдыру үшін алдымен қызығушылық болуы керек. Одан кейін өзінің ұнатқан жанрлары болғаны абзал. Сол кезде қажетті кітаптарды таңдау оңайға түседі. Ал егер ұнатқан кітаптары болмаса, онда рейтинг бойынша көш бастап тұрған «Топ-5» кітапты іріктеп алып, солардан бастап оқыған жөн.  Бірақ оларды бірден соңына дейін оқып тастау міндет емес. Арасында үзіліс жасап тұрса, артықтық етпейді. Ал егер кітап мазмұны ұнамаса, басқа шығармаларға ауысқаны жөн. 

600 кітап оқыған оқушы

Бастысы тілі қарапайым, түсінуге жеңіл шығармаларды оқудан бастау қажет екенін естен шығармаған жөн. 

Көбінесе Сетер кітаптарды қазақ және орыс тілдерінде оқиды. Ал соңғы уақытта  ағылшын тілінде де  оқуға кіріскен. 

– Күнделікті өмірде де көп пайдасы тиеді. Мысалы, орыс тіліндегі шығармалар орыс тілін үйренуге көп септігін тигізді. Оған қоса, мектептегі орыс тілі пәнінен үлгерімімді арттыруға да көмегі тиді. Әсіресе алтыншы сыныптан бастап орысша ойлау қабілетім арта түсті.  Және орыс адамдармен сөйлескен уақытта өзімді еркін сезіне бастағанымды байқадым. Негізінен, қай тілде кітап оқысаң, сол тілде ойлау қабілеті  одан сайын дами түседі ғой. 

Сетер кітап оқудан шаршап кеткен уақытта  аудиокітаптарды тыңдайтынын айтады. 

– Кітап оқыған кезде біріншіден, қызықты әрі тың фактілерді білуге болады. Екіншіден, оларды оқыған сайын білімін де артады. Әр сала бойынша ақпараттарды көптеп біле бастайсың. Ал бұл өз кезегінде адамдармен тілдескенде белгілі бір тақырыптар бойынша пайдалы ақпараттармен бөлісуге болмаса алмасуға көп пайдасын тигізеді, - дейді Сетер Әсен. 

Осы уақытқа дейін алты жүз кітапты оқып тастаған Сетер бұл санды алда 1000-ға жеткізуді жоспарлап отыр. 

Бос уақытын кітап оқуға жұмсайтын Сетерге «Оқуды жоспарлап жүрген кітапты сый ретінде табыс ету»   ең тамаша сыйлық болып саналады. 

Кітап оқу – егде жастағы адамдар үшін өте пайдалы

Кітап оқудың адамға тигізер пайдасы мол. Біріншіден, адамның ой-қиялын дамытады. Сол арқылы көптеген тың дүниенің ашылуына септігін тигізеді. Екіншіден, кітап оқыған адамның есте сақтау қабілеті одан сайын жақсара түседі.  Мәселен, сіз қандай да бір әдеби шығарманы оқып отырған уақытта сол жерде кездескен жер-су атауларын, адам есімдерін бірден жаттап алуға тырысасыз.  Сол уақытта адам миында нейрондық байланыс орнап,  есте сақтау қабілеті одан сайын дами түседі. Үшіншіден, адамның сөздік қорының мол болуына көп әсері тиеді. Мәселен, отырыс болмаса жиын-тойларда кей адамдар сөздің майын ағызып, барлық тыңдарманды баурап алады. Яғни кітап сөздік қорды молайтады әрі сауаттылық деңгейін арттырады. Төртіншіден, кітап оқу адамдармен қарым-қатынас жасауға көп көмегі тиеді әрі әдемі сөйлеу дағдыларын дамытады. Сондай-ақ кітап оқу адамды талдауға, сарапқа салуға үйретеді, қоршаған ортаны, әлемді, өзін тануға көмектеседі.

Тағы бір айта кетерлігі, кітап оқу адамның логикалық ойлауын дамытады. Мәселен, бұрын сөзге шорқақтық танытқан адам классикалық шығармаларды оқыған соң, көп ұзамай өз ойын еркін жеткізе алатындай дәрежеге көтеріледі. Сонымен қоса, оқығаныңызды іштей талдай бастасаңыз адам психологиясын жетік түсінуге мол мүмкіндік беретіні рас. Адам ағзасының қартаймауына да кітап оқудың көмегі бар екенін ғалымдар дәлелдеуде. Әсіресе егде жастағы адамдар үшін бұл өте пайдалы болып келеді. Өйткені біріншіден, оқылған сөздерді санада бейнеге айналдыру қабілетін жақсартуға әсер етеді. Екіншіден, кітап оқу ойды жинақтауға септігін тигізеді. Сондықтан кітап оқудың қартайған шақта да ақыл-ойды сақтап қалуға пайдасы барын ұмытпаған абзал.   

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға