Жаңалықтар

6 тілді меңгерген шымкенттік полицей: «Әке жолын қуғым келді»

6 тілді меңгерген шымкенттік полицей: «Әке жолын қуғым келді»
Фото: Нұрдәулет Елгелдиевтің жеке мұрағаты 23.06.2024 14:00 858

Полицейлер – жауапкершілігі мол, халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында өмірі мен денсаулығына қатері қатар келетін маман иелері. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтып өткендей, тәртіп сақшылары қашанда халыққа үлгі-өнеге болуы керек.

Полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай El.kz тілшісі 6 тілді еркін меңгеріп, әріптестеріне үлгі болып жүрген полиглот полицеймен сұхбаттасты. Нұрдәулет Елгелдиев соңғы алты жылдан бері Шымкенттегі жергілікті полиция қызметінің патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы болып еңбек етіп келеді.

El.kz: Алдымен өзіңіз туралы тоқталып өтіңізші... Қай жақтың тумасысыз? Қайда білім алдыңыз? Ішкі істер органына қалай келдіңіз?

Нұрдәулет Елгелдиев: Мен 1991 жылы Шымкент қаласында дүниеге келдім. 2009 жылы Төлеби ауданы Қасқасу ауылындағы Бексейіт Түлкиев атындағы жалпы орта мектепті бітіріп, Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне туризм және спорт факультетіне оқуға түстім. Жоғары оқу орнын 2013 жылы тәмамдап, кейін заңгер мамандығы бойынша білім алдым.  

2016 жылы өрт сөндіруші-құтқарушы боп жұмысқа тұрдым. Араға екі жыл салып патрульдік полиция полкіне ауыстым. Өздеріңіз білесіздер, ол жылдары өрт сөндіру қызметі Ішкі істер министрлігіне қарайтын. 2018 жылдан бері полиция қызметкері болып еңбек етіп келемін.

Негізі біздің отбасы үшін полицей болу таңсық емес. Менің әкем осы салада еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан. Бала күнімнен сол кісінің жұмысына, формасына қызығып өстім деуге болады. Әке жолын қуғым келді. Бірақ белгілі себептермен мектепті бітірген соң бірден заңгер мамандығына оқуға түсе алмадым. Өзімнің туған ағам да бүгінде осы салада еңбек етеді.       

El.kz: Тәртіп сақшысы атанып, бала күнгі арманыңыз орындалған сәтте қандай сезімде болдыңыз? Әсіресе қызметтік форманы алғаш киген кездегі әсеріңізді айтып беріңізші...

Нұрдәулет Елгелдиев: Алғаш рет полиция қатарына қабылданған кезде бірден қызметтік форма кимейсің. Сынақ мерзімі деген болады. Мен өзім бір айдай камуфляж киіп жүрдім. Тәртіп сақшысының формасын кигенше асықтым. Кейін форма берілді. Ол кездегі сезімді сөзбе жеткізе алмаймын. Басқаша сезімде боласың ғой. «Шынымен бала күнгі арманым орындалды ма? Формадамын ба?» қайта-қайта айнаға қарағаным бар (күліп).  

El.kz: Ең алғашқы жұмыс күніңіз есіңізде ме? Қорқыныш болды ма?

Нұрдәулет Елгелдиев: Әрине, есте болады. Барлық тексеруден өтіп, құжаттарымды тапсырған соң алғашқы жұмыс күнімде командиріміз күтіп алды. Мені осы салада бірнеше жылдық тәжірибесі бар Мадияр есімді әріптесімнің қасына бекітті. Екеуміз «Янги шахар» деген жердегі полиция бекетіне кезекшілікке түстік. Әлі есімде таңғы сағат 9-дан кешкі 5-ке дейін кезекшілікте болдым. Әрине, бірінші жұмыс күні болған соң қобалжисың. Әлгі әріптесімді «Анау қалай? Мынау қалай?» деп сұрақтың астына алғаным бар. Ол кезде өздеріңіз білесіздер, қазіргідей планшет деген жоқ. Хаттаманы қағазбен толтыратынбыз. Өзім дәптер арнап алғанмын. Қай жерде не жазу керек, барлығын сол дәптерге түртіп жүрдім. Тіпті үйге алып кетіп, хаттама толтыру жолдарын тез үйреніп алдым. Қазір қарап отырсам өмірімдегі керемет бір естелік болып отыр. Содан бері 6 жыл зулап өтіпті...

El.kz: Сіз үшін ең қиын шақырту қандай болды?  

Нұрдәулет Елгелдиев: Бізде күн сайын әртүрлі шақыртулар түседі. Зорлық-зомбылық, ұрлық, бұзақылық, жол апаты және тағы да сол сияқты қылмыстың түрі көп. Бір күніміз екінші күнге ұқсамайды. Сондықтан әр күннің өзінің қиын сәті, ерекшелігі бар.

Жұмысқа енді шығып жүрген күндерімнің бірінде полиция бекетінде кезекшілікке түскен болатынбыз. Сол сәттегі мына бір оқиға қатты есімде сақталып қалыпты. Түнгі уақытта бір әйел азаматы бізге еңкілдеп, жүгіріп келді. Қатты үрейленіп тұр, тіпті аяғыңда аяқ киімі де жоқ. Айтуынша, үйіне ұры түскен. Қасымдағы әріптесім екеуміз еш ойланбастан сол үйге қарай беттедік. Дереу жеткеніміз сол әлгі ұры қылмысын жүзеге асырып, үйден шығып жатыр екен. Бізді көре сала қаша жөнелді. Біз артынан қуып жетіп, ұстадық. Сенесіз бе, біраз жерге дейін жүгіріппіз. 

El.kz: Күніне неше шақыртуға шығасыздар?

Нұрдәулет Елгелдиев: Нақты мынанша деп айту қиын. Ол кезекшілікке түскен күнге байланысты. Кейде 5-6 шақырту болса, ал кейде 20-ға дейін жетеді. Негізі біздің бір кезекшілік уақытымыз 8 сағат болса, мереке күндері 12 сағатқа созылады. Ондай күндері, әрине, шақырту да көп болады. Бірақ жылдың мына мезгілінде шақырту көп немесе аз түседі деген статистика жоқ. Себебі құқық бұзушы уақыт таңдамайды. Бірақ қазіргі уақытта жол-көлік оқиғалары жиі тіркеліп отыр.  

(Фото: Нұрдәулет Елгелдиевтің жеке мұрағаты)

El.kz: Жалпы патрульдік полицейлер шақырту орнына неше уақытта жетуі керек? Белгілі бір нормативтік талаптар бар ма?

Нұрдәулет Елгелдиев: Әрине, біз бекітілген аумақ бойынша кезекшілікке түсеміз. Яғни, сол маңдағы шақыртуларға барамыз. 2-5 минут аралығында айтылған жерде болуымыз керек. 102 арнасына түскен кез келген шағым бойынша алдымен бізге хабар беріледі. Заң бұзушының қолында суық қаруы бар ма, жоқ па? Оны да хабарлап отырады. Біз мүмкіндігінше жылдам жетуге тырысамыз. 

El.kz: Кейбір тәртіп сақшыларынан жоспарды орындау қажет дегенді ара-тұра естіп қаламыз. Бір кезекшілікке түскенде осыншама хаттама толтыру керек деген белгілі бір талап қойыла ма?

Нұрдәулет Елгелдиев: Жоқ, ондай талап қойылмайды. Егер құқық бұзушы жол ережесін бұзып жатса, әрине, хаттама толтырамыз ғой. Онсыз болмайды. Ал егер кезекшілігімізде шақырту аз түсіп, тыныш өтсе, жоқ хаттаманы қайдан табамыз?  

El.kz: "Заң – бәріне ортақ" деп жатамыз. Дегенмен кей кездері тәртіп сақшылары заң бұзушыға түсіністікпен қарап, ескертумен шектелетінін көріп жүрміз. Ал өзіңіз қаншалықты кешіріммен қарайсыз?

Нұрдәулет Елгелдиев: Барлығы заң аясында. Ескертумен шектелуге болатын заң бұзушылық болса, әрине, түсіністікпен қарайсың. Әсіресе, жүкті әйелдер, мүмкіндігі шектеулі жандарға кешіріммен қарауға тырысамын. Ал егер бұған дейін де заң бұзған адам болса, ондай кезде ескерту емес, хаттама толтыруға тура келеді. 

El.kz: Жақында әлеуметтік желілерде Түркия азаматының сізге алғыс айтып, барша полицейлерге жылы лебізін білдірген сәттің видеосы тарады. Осы оқиға туралы толығырақ айтып беріңізші...  

Нұрдәулет Елгелдиев: Әдеттегідей қызметке түскенмін. Сол күні басшы құраммен жүргенбіз. Полиция департаментіне қайтып бара жатқан едік. Желтоқсан көшесі бойында келе жатып әлгі шетелдік азаматты көріп қалдым. Бір такси жүргізушісіне әлденені айтып, түсіндіріп жатыр. Қасына жақындап, мән-жайды сұрадым. Өзім бұған дейін Түркия елінде білім алып, сонда жұмыс істегенмін. Түрік тілін жақсы білемін. Ташкенте қарай бағыт алған түрік азаматы жүк көлігін тізгіндеп келе жатып қала ішіне кіріп, адасып қалғанын айтты. Әлгі такси жүргізушісі жол сілтеп жіберу үшін ақша сұрап, бағасына келісіп тұр екен. Түрікше еркін сөйлегендіктен шетелдіктке жол сілтеп, қаладан шығарып салып, қолдан келген көмекті бердім. Сол кезде шетелдік азамат жүк көлігімен жиі жолда жүретінін, бірақ полиция қызметкерлері тарапынан ешбір елде мұндай жақсылықты көрмегенін айтып, алғысын жаудырды. Содан рұқсат сұрап, видеоға түсіріп алған болатын. Бірақ ол видео әлеуметтік желілерде әп-сәтте таралып кетеді деп ойламадым.

Тек бұл жағдай емес, бұған дейін де бірнеше шетелдікке тіл білуімнің арқасында қолдан келгенше көмектескенім бар. Бүгінде бір ғана Түркия елінде тұратын 5-6 шетелдікпен жақсы байланыстамын. Біздің елге келгенде тіл жағынан қиналатын болса маған хабарласып, түсіндіріп беруімді өтініп тұрады. Олармен тіпті туыстай араласып кеттік.  Өзім де ол кісілерге «Қазақстанның қай жеріне барсаңыздар да тілді түсінбей жатсаңыздар, міндетті түрде хабарласыңыздар» деп айтып отырамын.   

El.kz: Түркияда қандай мамандық бойынша білім алдыңыз? Қай салада жұмыс істедіңіз?

Нұрдәулет Елгелдиев: Жоғарыда айтып өткенімдей, менің алғашқы жоғары білімім туризм саласымен, соның ішінде қонақ үй бизнесімен байланысты болды. Университетте оқып жүрген кезімде, қателеспесем 2010 жыл болу керек, бізге Түркия елінен бір профессор келді. Қонақ үй бизнесі бойынша Түркия елінде тәжірибеден өтуге мүмкіндік барын айтты. Бірақ ол үшін түрік тілінен сынақ тапсыру керек болды. Мен өзім оқуға түскенде ағылшын, түрік тілдерінің курстарына барып, үйреніп жүргенмін. Себебі оқып жатқан мамандығым туризм саласы, болашақта шетелге барсам деген мақсатым болған. Соның арқасында сынақтан өтіп, Түркия елінен бір-ақ шықтым. Кейін оқу-тәжірибелік мерзім біткен соң Шымкентке оралып, университетті тәмамдамын. Қолыма диплом алып, 2013 жылы Түркияға қонақ үй бизнесі саласын жетілдіру мақсатында оқуға түстім. Оқумен қатар сол салада жұмыс атқардым. Үш жылдай сол елде болдым.

El.kz: Алты тіл білетін полиглот полицейсіз. Мұнша тілді қайдан, қалай үйрендіңіз?

Нұрдәулет Елгелдиев: Қазақ тілі – өзімнің ана тілім. Орыс тілі біз үшін таңсық емес. Ал ағылшын мен түрік тілдерін Түркия елінде жұмыс істеп жүргенімде тереңірек меңгердім. Өзбек пен қырғыз тілдері біздің қазақ тіліне жақын болғандықтан оны үйрену қиындық тудырмады. Тіл үйрену үшін қызығушылық болу керек деп ойлаймын. 

El.kz: Көп тіл білудің қызметте пайдасы тиіп жатыр ма?

Нұрдәулет Елгелдиев: Әрине, тиеді. Түркия азаматы секілді шетелдіктер көмек сұраса, тілді түсінбей тұрмайсың. Менің бірнеше тілді меңгеруім әріптестеріме де пайдасын тигізіп жүр. Олардан да кейде шетелдіктер көмек сұрап келеді. Сондай сәтте әріптестерім  «Мына кісі не деп жатыр?» деп хабарласады. Ол кезде аудармашының қызметін атқарып кетемін (күліп). 

El.kz: Қызмет барысында өміріңізге қауіп төнген сәттер болған ба?

Нұрдәулет Елгелдиев: Әріптестерімнің арасында ондай оқиғалар болған. Кейде отбасының тыныштығын бұзып, жанжал шығарған ер адамдар полицейлерге тап береді. Тіпті қол жұмсап, пышақпен шабуылдаған сәттерді де естіп жатамыз. Ал өзім ондай оқиғаларды бастан өткермедім.  

El.kz: Қалай ойлайсыз, полиция қызметкерлерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына мемлекет тарапынан тиісті көңіл бөлініп отыр ма?

Нұрдәулет Елгелдиев: Әрине, тұрақты айлығымыз бар. Оған қоса бүкіл әлеуметтік кепілдіктер қарастырылған. Соның ішінде пәтер жалдап тұратын полицейлердің отбасындағы әр адамға ай сайын төлем төленеді. Бұрын ондай төлемдер жоқ еді. Мемлекет тәртіп сақшыларына барынша қолдау көрсетіп отыр.

El.kz: Шыныңызды айтыңызшы, алты жыл еңбек өтіліңізде осы салаға бекер келіппін деп өкінген, жұмыстан кеткіңіз келген кездеріңіз болды ма?

Нұрдәулет Елгелдиев: Біз кез келген уақытта сапқа дайын тұруымыз керек. Жұмыс барысында күшейтілген режим, дабыл қағылатын кездер болады. Сондай кездерде аздап шаршау деген болады. Бірақ үйге барып, отбасым, балаларымның қасына барғанда шаршауды әп-сәтте ұмытып, демалып қаласың. Бірақ бұл салаға бекер келіппін деген сияқты өкініш болған емес, болмайды да деп сенемін. Өйткені саналы түрде өзім осы мамандықты таңдадым. Оның үстіне бала күнімнен полицей болудың қыр-сырын, жауапкершілігін өз әкемнен көріп өстім.    

El.kz: «Генерал болуды армандамайтын сарбаз жоқ» дегенді жиі естиміз. Ал сіз болашағыңызды қалай елестетесіз?

Нұрдәулет Елгелдиев: Иә, әрбір офицер генерал болуды армандайды ғой. Мен негізі ішкі істер органына кеш келдім. Қатардағы қызметкер боп бастағанмын. Кейін кіші сержант, сержант, аға сержант шенін алдым. Қазіргі шенім - полиция лейнетанты. Мен де өзіме  мақсат қойып, биік белестерден көрінгім келеді. Шенімнің өскенін қалаймын. Ол үшін, әрине, бірінші кезекте елге қызмет ету керек. 

El.kz: Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтпақшы, полиция халықтың құрметіне ие мамандықтың білі болуы керек. Сіздіңше тәртіп сақшылары бүгінде қаншалықты құрметке бөленіп жүр?

Нұрдәулет Елгелдиев: Елдің алғысын алып жүрген полиция қызметкерлері жетерлік. Күн сайын демей-ақ қояйын, әлеуметтік желілерде полицейлерге алғыс айтқан тұрғындардың жазбаларын, алғыстарын жиі оқып та, көріп те жүрміз. Өзім қызмет бабында талай тұрғынның алғысы мен батасын алып жүрмін.

Халық ішінде тәртіп сақшыларына қатысты сыни пікір жазатындары да бар. Оны жоққа шығара алмаймыз.  Бастысы, біздің - міндет елге адал қызмет ету. Қандай жағдай болмасын жұрт өзін қорғайтын полицейлерге арқа сүйейтіндей сенімді ақтау. 

El.kz: Әріптестеріңізге айтар ұсыныс-тілегіңіз болса...

Нұрдәулет Елгелдиев: Ең алдымен ішкі істер органында еңбек етіп жүрген барша әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Жұмыстарына сәттілік, отбасыларына амандық тілеймін. Әрбірі алға қойған мақсаттарына жетіп, халыққа тек адал қызмет етсе деймін.  

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға