Жаңалықтар

5,6 млрд теңге: жасөспірім цифрлық активтердің заңсыз айналымын ұйымдастырған

5,6 млрд теңге: жасөспірім цифрлық активтердің заңсыз айналымын ұйымдастырған
Фото: ©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney 13.03.2025 12:25 93

ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті тиісті рұқсат құжаттарынсыз цифрлық активтердің заңсыз айналымына қатысты істің тергеуін аяқтады. Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

2020 жылы қыркүйекте, кәмелеттік жасқа толмаған күдікті «Telegram» мессенджері мен «OLX» платформасында айырбастау операцияларын жүргізетіні туралы хабарландырулар орналастырған.

«Binance» криптобиржаның пайдаланушылары тек ересектер бола алатындықтан, ол аккаунт жасау үшін ағасына верификациядан өтуін сұраған, - делінген мәліметте.

2021 жылы ол айналым сомаларын бөлшектеу және бұғаттау тәуекелін төмендету мақсатында өзінің туыстарының атына қосымша тағы үш аккаунт тіркеген.

Нәтижесінде 2021-2024 жылдар аралығында жалпы сомасы 5,6 миллиард теңге цифрлық активтердің заңсыз айналымын жасаған. Ал көрсеткен қызметі үшін алынған сыйақы мөлшері 0,5%-дан 2,5%-ға дейін құраған, - деп қосты агенттік.

Күдікті өзінің заңсыз табысына Mitsubishi автокөлігін сатып алған, соттың шешімімен осы автокөлікке тыйым салынды.

Сот үкімімен ол ҚР ҚК 214-бабының 2-бөлігі 2-тармағымен (заңсыз кәсіпкерлік, аса ірі мөлшерде табыс алумен ұштасқан) кінәлі деп танылып, 2,5 жылға еркіндігін шектеу жазасына кесілген.

Сондай-ақ мемлекет кірісіне 5 172 USDТ цифрлық активтері мен Mitsubishi автокөлігі тәркіленді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға