550 астаналық. 550 метр. 550 теңге.
Астана қаласы әкімдігі «Қазақ хандығының 550 жылдығына» орай 550 астаналықтың қатысуымен 550 метрге жүгіруден марафон өткізгелі жатыр деген соң атаулы шарадан тыс қалмауды жөн көрдік. Осы шараға қатысатын 550 адамның қатарында болу арман еді. Марафон «Қазақ Елі» монументінің алдында өтеді екен. Оған еліміздегі танымал спортшылар қоғам қайраткерлері, студенттер мен қала тұрғындары, жалпы саны 550 адам қатысады делінген. Басталуы сағат 11.00-де деген соң такси тоқтатып, ерте жетуді ұйғардық.
– Сәлеметсіз!
– Сәлеметсіз!
– Қайда барасыздар?
– «Қазақ елі» монументі.
– Қанша төлейсіз?
– 550 теңге.
– Отырыңыздар..
Содан таксиге жайғасып ап, діттеген жерімізге жетуге асығып отырдық. Такси жүргізушісі сөзін қайта жалғастырды.
– Жігіттер, неге 500 не 600 емес, 550 теңге?
– Оу, ағасы қазір 550 деген сан трендте ғой!
– Қалай сонда, тренд деген не?
– Биыл Қазақ хандығына 550 жыл, қазір «Қазақ елі» монументінің алдында осы 550 адамның қатысуымен 550 метр қашықтыққа жаппай жүгіру болады.
– Мынау қызықты екен!
– Сіз де қатысып көріңіз.
– Жоқ, жігіттер, мен бүгін 550 шақырым жүріп, таксилетейін қаланы.
Осылай «Қазақ елі» монументіне де жеттік. Әсірелеп айтсақ, еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін осында жиналыпты. Әсіресе, дені жастардан құралған.
Күн суық, Арқаның ақ боранына қарамастан 550 адам марафонға бақ сынауға келіпті.
Санат есімді 7 сыныптың оқушысы «550 метр не тәйірі, мектепте стадионды 10 рет айналып жүрміз ғой» деп аязға қарамастан бәйгеге қатысатын жүйріктей жер тепкілеп тұр. Бірақ, Санатты алғашқы үздіктердің қатарынан көре алмадық.
Елорда бұл мерейтойды «Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына 550 метр» деген марафон-флешмобпен бастапты. Бұл шараның өтуіне ұйытқы болған Астана қаласының әкімдігі мен Қазақстанның әуесқой триатлон федерациясы. Жарыс басталмас бұрын марафонға қатысушыларды Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев арнайы құттықтады. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, бұл марафон үлкен тойдың бастамасы болатын. Жарысқа Алматыдан Әуесқой триатлон федерациясының президент Мұратхан Тоқмади мырза да келді. Одан бөлек қазақтың ең атақты альпинисі, әлемде биіктігі 8 000 метрден асатын не бары 14 тау болса, соның барлығын бағындырған Мақсұт Жұмаев, Азия, Африка, Аустралия, Американы жеті айналып шыққан жер бетіндегі жалғыз адам, Гинесстің рекордтар кітабына енген Марат Жыланбаев секілді мәртебелі қонақтар болды.
Фотоларды толықтай мына сілтемеге өтіп көре аласыздар.
Әзірлеген – Жандос Смайлов.