Жаңалықтар

50 күнде еліміздің су айдындарында 160 адам құтқарылды

50 күнде еліміздің су айдындарында 160 адам құтқарылды
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі 20.07.2024 20:14 716

Еліміз бойынша жаз басталғалы бері 160 адам судан құтқарылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ТЖМ полициямен бірлесіп рұқсат етілген және тыйым салынған орындарда патрульдеу мен рейдтер өткізеді. Іс-шараға волонтерлер, жұртшылық, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жыл басынан бері 55 мыңнан астам осындай шара жүргізіліп, құқық бұзған 11,5 мыңға жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ағымдағы жылғы 1 маусымнан бастап 730 адам тартылды.

Шомылу кезеңінің бірінші айында еліміздің су айдындарында құтқарушылар 160 адамды, оның ішінде 44 баланы құтқарды.

Шомылу маусымы басталғаннан бері 87 адам, оның ішінде 35 бала суға батып кетті. Шомылу маусымында елімізде суға батқандардың басым бөлігі (85%) шомылуға тыйым салынған орындарда болды.

Судағы адамдардың өлімінің негізгі себептері:

-  қараусыз қалу салдарынан суға батып қайтыс болған;

-  балық аулау кезінде суға батып кеткен;

-  мас күйінде суға батып қайтыс болған;

-  өз күштерін асыра бағалап, жүзе алмау салдарынан суға батып қайтыс болған.

Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін су айдындарында ТЖМ 399 объектілік құтқару бекеті жұмыс істейді, олар үшін 3801 қоғамдық құтқарушы оқытылды. Сонымен қатар жазғы кезеңде қайықтармен және құтқару құралдарымен жабдықталған мобильді посттар құрылуда. Олар су айдындарына кезекшілік пен патрульдеуді жүзеге асырады.

Бүгінгі күні суға шомылуға және демалуға  рұқсат етілген 708 орын бар, деректер «2GIS» платформасында орналастырылған.

ТЖМ балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөледі. Суға шомылу маусымы басталар алдында және оның барлық кезеңінде балаларға жүзуді, құтқару және алғашқы көмек көрсету дағдыларын үйретеді. Бүгінгі күні 32 мыңнан астам бала жүзу дағдыларына үйретілді.

ТЖМ азаматтарды қайғылы оқиғаларға жол бермеу үшін судағы қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтауға шақырып отыр. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға