Жаңалықтар

5 айлық бала мен бір адамның 82 тісін емдеу: Асхат Аймағамбетов МӘМС-тегі былықты әшкере етті

5 айлық бала мен бір адамның 82 тісін емдеу: Асхат Аймағамбетов МӘМС-тегі былықты әшкере етті
Фото: Видеодан кадр 27.01.2025 11:00 493

Мәжіліс қабырғасында өтіп жатқан «Үкімет сағаты» отырысында МӘМС жүйесі мен денсаулық сақтау саласының қазіргі жай-күйі талқыланып жатыр. Депутат Асхат Аймағамбетов МӘМС жүйесінде ақшаны заңды түрде жымқырудың түрлі әдістерін әшкереледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутат Аймағамбетов сөзін салыстырмалы аллегориядан бастады. Ол тесілген қайықты МӘМС жүйесімен салыстырды.

Өзенде жүзіп келе жатқан бір қайықты елестетсеңіздер. Қайықтың түбі тесіліп, оған су жинала береді. Су тоқтар емес, ал қайықшы бұл тесікті жамаудың орнына қолына шелекті алып, сол суды сыртқа төгумен әлек. Әрине, бұл ештеңе бермейді. Су әрі қарай жинала береді, қайық әрі қарай бата береді. Міне, дәл осындай жағдай бүгін МӘМС жүйесінде орын алып жатыр. Мәселенің негізгі себебін жоюдың орнына тек оның салдарымен ғана күрес жүріп жатыр. Жүйелі реформаның орнына уақытша шаралар, бастысы стратегиялық көзқарас жетіспейді. МӘМС-тің қазіргі моделі медицинаны халыққа қолжетімсіз етіп, шығынды көбейтіп, қаражаттың тиімсіз жұмсалуына әкеліп отыр, - дейді депутат.

Сондай-ақ депутат МӘМС жүйесі қаржы тапқысы келетін клиникалар үшін ғана ыңғайлы жағдай жасап отырғанын айтады.

МӘМС бойынша 5 айлық баланың тісін қанқұрттан емдеген екен. 5 айында тісі шықпаған баланың тісін қалай емдеуге болады? Бұдан да сорақы жағдай бар. Басқа бір адамның 82 тісі емделген, соған қаражат төленсін деп қорға есеп берілген. Бір күнде бір аурухана бір адамға 32 қызмет көрсеттік деп есеп толтырған. Мұндай мысалдар өте көп. Өйткені, МӘМС бойынша енгізілген қаржыландыру жүйесінің өзі артық қызмет көрсету мен қосып жазуға итермелейді. Себебі, қаражат әр емделген жағдай үшін емес, әр қызмет үшін төленеді. Нормативтер жоқ, цифрландыру жоқ, ал клиникалық протоколдар мен тиісті стандарттар бұлыңғыр және ашық емес. Тағы бір дәлел, бұрын остеохондрозды рентгенсіз де анықтайтын. Сосын рентген шықты, дұрыс қолдансын. Бірақ қазір остеохондрозды анықтау үшін бір науқасқа рентген, одан кейін КТ, ол қалғандай МРТ, одан кейін басқа талдаулар жүргізеді. Неге? Себебі, бұлардың бәрі ақша табудың «заңды» жолы. Себебі айтпаса да түсінікті. Неғұрлым көбірек қызмет көрсетілсе, клиника соншалықты көп пайда табады. Осындай бейберекетсіздік біреуге тиімді болып отыр ма?, - дейді депутат.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға