Жаңалықтар

5 адамның өмірін қиған жатақханадағы өрт бойынша үкім өзгеріссіз қалды

5 адамның өмірін қиған жатақханадағы өрт бойынша үкім өзгеріссіз қалды
Фото: ©El.kz/Бауыржан ЖУАСБАЕВ 18.09.2024 21:30 492

Астанада бес адамның өмірін қиған жатақханадағы өрт ісі бойынша үкім өзгеріссіз қалды, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі. 

Қалалық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы абайсызда 5 адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактісі бойынша жатақхана иесіне қатысты 2024 жылғы 24 шілдедегі Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімін қайта қарады. 

Бірінші сатыдағы сот жатақхананың меншік иесі электр монтаждау жұмыстарын орындауға уәкілеттік берілген және жауапты тұлға бола отырып, осы жатақхананың 5 адам - тұрғындарының өліміне әкеп соқтырған өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғанын анықтаған. Оған 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған болатын.

Өрт және электр желісінің апаттық істен шығуы (ұшқын немесе қысқа тұйықталу) салдарынан бір отбасы мен көрші бөлмеден бір жас қыз қайтыс болды.

Сотталушы мен қорғаушылары сот актісімен келіспей, үкімге шағымданып, жазаны жеңілдетуді сұраған.

Апелляциялық саты сотталған адамның айыпталған іс-әрекетте кінәсінің дәлелденуіне байланысты үкімді өзгеріссіз қалдырды. Сондай – ақ, сот алқасы бес адамның, оның ішінде баланың қайтыс болуын ескере отырып, жазаны жеңілдетуге негіз таппады. Үкім заңды күшіне енді,-делінген қалалық сот хабарламасында.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға