5 адамның өліміне кінәлі 60 жастағы жүргізушіге үкім шықты
Бес адамның өмірін қиған жол апатына қатысты сот процесі аяқталды. Ірі жол көлік оқиғасына Шымкеттің 60 жастағы тұрғыны кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Otyrar.kz-ке сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.
Жантүршігерлік оқиға былтыр 12 тамызға қараған түні Алматы-Ташкент тасжолында болған.
60 жастағы жүргізуші Mercedes-Benz Sprinter микроавтобусымен 17 адамды Шымкенттен Жамбыл облысына тойға апарған. Түнде тойдан қайтып келе жатқанда автобус жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кетіп, жолымен келе жатқан Hyundai Elantra көлігіне соғылған. Ал автобустағы куәгерлер жүргізушінің жолда ұйықтап кеткенін айтқан.
Түлкібас аудандық сотының үкімімен сотталушы Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылып, оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жаза өтеу орны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде белгіленген,-деді Түркістан облыстық сотының баспасөз хатшысы Әсет Серікбаев.