48 сағат әлем назары Астанада болады
Кеше Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоған Қазақстанға мемлекеттік сапармен, ал бүгін Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин бірқатар халықаралық іс-шараға қатысу үшін Астана арнайы келді.
Түнде Нью- Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясы Ресейдің Украинаның 4 облысына қатысты өткізген референдумдарын айыптайтын қарар қабылдады. Қарарға 143 мемлекет дауыс берді. Төрт ел — Беларусь, Солтүстік Корея, Никарагуа және Сирия Ресейді қолдады. 35 мемлекет, оның ішінде Қазақстан, Қытай мен Үндістан қалыс қалды. Ресей тарапы өз қолдаушыларының қатарын артыру мақсатында, бұл мәселеде дауыс беру жасыры өтсін деген ұсынысын түсірген. Бірақ бүгінгі күні әлемдік тәртіптің жүйесін бақылып отырған АҚШ, оның бас қолдаушысы Ұлыбритания ашық дауыс беру қажеттігін айтты. Сонымен алфавит бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымындағы алдымен аталатын Албания елінің өкілінің «дауыс беру ашық өтсін» деген ұсынысы қабылданды. Нәтижесі өздеріңіз көргендей шықты. Айыптаушылар қатарында Түркия да бар. Бәрі тұнып тұрған саясат. Бірақ Ресей үшін бұл Украинаға қарсы өздерін айыптау шарасының ешқандай нақты әсері болмайды. Бұған дейін де айтылып-жазылып бойлары үйренген кезекті теріс пиғылды әрекеттер деп қабылдай салады. Тек БҰҰ-дағы Қауіпсіздік Кеңесінің шешімі ғана барлық мемлекеттер орындауы тиіс қағидат. Ресей БҰҰ-дағы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі болғандықтан өзіне қарсы шешімді ешқашан қабылдатпайды. Рас, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құдіреті аламан. Тұрақты мүшелері АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Қытай мен Ресей бір тоқтамға келіп Келісімге қол қойса, оны жер бетіндегі кез келген мемлекет орындауға мәжбүр болады. Ал егер біреуі «вето» қойып, қарсы шықса шешім жарамсыз, қабылданбайды.
Бүгін Астана уақытымен сағат 10:00-де Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік Сарайында кешелі-бүгін елімізге арнайы келген 11 мемлекет басшысы бас қосқан саммит, АӨСШК құру туралы бастаманың 30 жылдығына орайластырылып отырған маңызды жиынды ашты. Саммите дүниежүзі бойынша күн тәртібіне шыққан жаңа геосаяси шындықтың көкейкесті мәселелерін талқылануда. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы жиынға келген делегация жеткешілерімен жеке кездесулер де өткізуде.
Дәл қазіргі сәтте әлем жұртшылығы мен дүниежүзі мемлекеттерінің Президенттерін толғандырған басты сауал: Астана Ресейдің Еуропамен қақтығысын реттеуде делдал бола ма?
Осы тақырыпқа тоқталайық. Кеше Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Песков Режеп Тайып Ердоғанның баспасөз хатшысы Ибрагим Калынның сөзіне сүйеніп: «Түркияда Ресей Федерациясы мен Батыс елдері арасында келіссөздер жүргізу мүмкіндігі туралы нақты мәліметтер жоқ, бұл мәселе алдымен Астанада талқылануы мүмкін, өйткені Путиннің Анкараға барар-бармасы Қазақстанда айқындалады»,-деді. Сонымен қатар РФ Президенті ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына және «Орталық Азия – Ресей» саммитіне қатысатындығын айтқан.
Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоғанның Украина жеріндегі қақтығысты тоқтатуға Ресей, Германия, Ұлыбритания, Франция мен Түркия елдерінің басшылары Анкарада бас қосып, ортақ мәмілеге келіп бір шешімге келсек деген жоспарын даярлап, Астанада Путинмен жүзбе-жүз кездесуге келгенін әлемдік ақпарат құралдары жазып жатыр. Бұл жер бетінде үшінші дүниежүзілік соғысының салқыны сезілгендегі қауіптің алдын алған алғашқы нақты қадам болып отыр. Екінші ұсынысты Венгр елінің басшысы Витор Орбан айтқан: «Украинадағы соғысты Байден мен Путин арасындағы келісім тоқтата алады». Бірақ АҚШ пен Ресей тарапынан ортақ тоқтамға келетіндей екеу ара ынтымаққа бастайтын ізгілікті нышандарды байқай алмай отырмыз.
Осындай жағдайда Астана төрткүл дүниені дүрбелеңге түсірген қауіпті соғыс дабылын сабырға шақырып, халықаралық ұшыққан жағдайларды реттеу жөніндегі келіссөздер үшін тұрақты бейбіт өмір сүру Үндеуінің алаңы ретінде орнығуы мүмкін. Әлемдік қауымдастық, шетел бұқаралық ақпарат құралдары Астананы пацифизм аренасы ретінде танып, Қазақстан басшысы Тоқаевтың дәл сәтінде осындай іс-әрекет жасауы әлемдік соғыс қаупінің алдын алудағы жаңа тәсілі — өз позициясын мейірімділік пен жомарттық бағытында нығайту жолы екенін айтып-жазуда.
Путин Астанаға сапары алдында Ресей Федерациясының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданған арнайы экономикалық шараларды 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартты. Бұл АҚШ және Батыспен ұзақ қақтығысқа дайынмын, кімнің экономикасы ұзақ жанжалға шыдас берерін көрейік дегендей қыр көрсетуі екендігі анық. Сол күні Санкт — Петербургте Біріккен Араб Әмірлігінің Президенті Мұхаммед Әл-Нахаянмен кездесіп, мұнай бағасын түсірмеудін амалын қарастырды. Оның алдында Ресей мен Сауд Арабиясы мұнай құнын түсірмеу үшін өнім шығаруды азайтуға қол жеткізгенін білеміз. Жалпы мұнай нарығында баррелдің салмағы артуы бізге де оңтайлы. Мұнайды саудалаудан түсетін қаржы бюджетіміздің қомақты бөлігін құрайды.
Осының қарсаңында Америка Құрама Штаттары ОПЕК+ мұнай өндіруді азайтуға келіскен Сауд Арабиясымен қарым - қатынасты қайта қарауды ойластырып отырмыз деген. Ал кеше ғана Ақ үй бұл асығыс шешімдерінен бас тартады, алдымен одақтастарымызбен кеңес өткізуді жөн деп ұйғардық деді, Байденнің баспасөз хатшысы Карин Жан-Пьер. Өйткені қазіргідей аласапыран заманда АҚШ-қа да одақтастарының қабағына қарап, көңілін аулау ауадай қажет болып отыр.
Сонымен әлем назары Астанада. Қазақстан Басшысы дүниежүзілік саясат тығырыққа тірелген сәтте күрмелген мәселенің түйінін қалай шешер екен, Путин мен Ердоған кездесуі қандай келісіммен аяқтар деп тағатсыздана күтіп отыр.
Автор: журналист Махат Садық