Жаңалықтар

400 млн теңгеге салынған су тарату станциясы қашан іске қосылады? Министр жауап берді

400 млн теңгеге салынған су тарату станциясы қашан іске қосылады? Министр жауап берді
Фото: ©El.kz/Амангүл ТІЛЕЙ 30.01.2024 12:28 1146

Жамбыл облысына қарасты Тұрар Рысқұлов ауданындағы су тарату станциясының жарамсыз болып қалғаны жөнінде мәселе бұған дейін бірнеше рет көтерілген еді. Осыған байланысты тілшілер баспасөз брифингінде су ресурстары және ирригация министріне аталған мәселеге қатысты тікелей сұрақ қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Айта кетейік, 400 миллион теңгеге салынған су тарату станциясы 3 жыл бұрын Тұрар Рысқұлов ауданындағы Жарлысу ауылында пайдалануға берілсе де, ауыл тұрғындары су іше алмай отыр. Қазір аталған жерде тексеріс жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді.

Тілші «Тұрғындар жауапты мердігер компания 7 миллион айыппұл төлеп құтылып кетпей ме деп алаңда отыр. Бұл облысты өзіңіз басқардыңыз. Министр ретінде Жарлысу ауылына су жеткізіп беруге уәде бере аласыз ба?» деп сұрады.

Аталған мәселеге қатысты су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов аталған елді мекендегі жұмыстар 2022 жылы аяқталғанын және сол уақытта өзі Байзақ ауданында әкім болғанын атап өтті.

Дұрыс айтасыз. Бүгінгі күні құқық қорғау органдары тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тексеру жұмыстарының нәтижесі бойынша шешім қабылданады. Бұл сұрақ енді жергілікті атқарушы органдардың құзырына жатады. Солар жауап береді, – деді министр.

Тілші «Бұл мәселені шешуге министрдің мүмкіндігі жоқ па?» деп сұрағын нақтылады.

Елді мекендерді ауыз сумен қамтуда ішіндегі жүйелерді енгізу бойынша жұмыс бұл жергілікті атқарушы органдардың міндетіне жатады. Ал министрлік тарапына жалпы су саясатын жүргізу функциясы кіреді. Сіздің сұрағыңызды тек жергілікті атқарушы органдар шешеді, – деп қысқа қайырды ол.

Еске сала кетейік, осыдан үш жыл бұрын аталған ауылға су станциясы орнатылған болатын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға