Жаңалықтар

40 мыңға жуық мүгедектігі бар адамға жұмыспен қамтуды қолдау шаралары көрсетілді

40 мыңға жуық мүгедектігі бар адамға жұмыспен қамтуды қолдау шаралары көрсетілді
Фото: © Pixabay.com 22.12.2023 16:20 976

2023 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жұмыспен қамтуды қолдаудың түрлі шараларымен 39,7 мың мүгедектігі бар адам қамтылды, олардың 31,8 мыңы Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға қатысушылар, ал 7,9 мыңы жұмыс орындарының квотасы бойынша жұмысқа орналастырылды. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жалпы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесінің мәліметтеріне сәйкес бүгінгі күнге мүгедектігі бар 138 мың адам (28,6%) жұмыспен қамтылған.

2023 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстанда мүгедектігі бар 719,3 мың адам тұрады, ол халықтың жалпы санының 3,5%-ын құрайды, оның ішінде 622 мыңы еңбекке қабілетті жаста.

ҚР Әлеуметтік кодексіне сәйкес жергілікті атқарушы органдар мүгедектігі бар адамдар үшін ауыр жұмыстардағы, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есепке алмағанда, жұмысшылардың жалпы санының 2-ден 4 %-на дейін (жалдамалы жұмыскерлердің жалпы саны кемінде 50 адам болған кезде) көлемде жұмыс орындарына квота белгілейді. 2023 жылғы 1 желтоқсанға квота шеңберінде мүгедектігі бар 7,9 мың адам жұмысқа орналастырылды.

Ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде 2023 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша тұрақты жұмыс орындарына 7,9 мың адам, жастар практикасына – 640 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына – 921 адам, қоғамдық жұмыстарға – 6,6 мың адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша – 191 адам, «Күміс жас» жобасы бойынша – 694 адам, «Ұрпақтар келісімшарты»  жобасы бойынша – 3 адам жұмысқа орналастырылды.

Қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен 426 адам, «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 12,5 мың адам қамтылды. Сонымен бірге жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 1,9 мың адам грант алды.

Сондай-ақ, 2018 жылдан бастап халықаралық тәжірибені ескере отырып, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орнын жарақтандыруға байланысты жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау тәртібі енгізілді. 2023 жылы 80-нен астам арнайы жұмыс орны құрылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға