4%-дық автонесие: бағдарламаға жоғары жалақы алатындар қатыса алмайды
Қазақстанда жеңілдетілген автонесие шарттары қатаңдатылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың мәліметінше, алғашқы жарна мен шекті жалақы мөлшері енгізіледі.
Министр төрт өзгеріс енгізілетінін айтты. Ең алдымен, енді 4%-дық несиемен автокөлік алған қазақстандықтардың аты-жөні көпшілікке жарияланады.
Сонымен қатар аталған бағдарламамен көлік алғысы келетіндер 10%-ға дейін бастапқы жарна төлеуі керек.
Ведомство басшысы бұдан былай бюджеттік автокөліктерге көбірек ақша бөлінетінін тілге тиек етті. Яғни Hyundai Tucson, Kia Sportage маркалы кроссоверлер бағдарламаға енгізілмеуі мүмкін. Дегенмен бұл әлі нақты шешім емес екен.
Бізде бұған дейін 10 миллионға дейін несие алуға болатын. Ал көлік құны 15 млн теңге бола береді. Соны да төмендетеміз бе деп отырмыз. Яғни бюджеттік көліктерге көбірек ақша бөлеміз деп жоспарлап отырмыз, - деді ол.
Автонесиені беру кезінде енді жалақы мөлшері де есептеледі. Яғни белгілі бір шек болады, содан асқандарға жеңілдетілген несие берілмейді.
Біз белгілі бір жалақыны белгілейміз деп ойлап отырмыз. Одан жоғары жалақы алатындар автонесиеге қатыса алмайды. Яғни мұқтаж адамдарға көбірек мүмкіндік жасаймыз, - деді Қарабаев.
Бұл өзгерістер қазір талқыланып жатыр, шамамен бір ай ішінде қабылдануы мүмкін. Ал автонесиелеу бағдарламасының неге тоқтап тұрғанына қатысты министр былай деп жауап берді:
Осы уақытқа дейін револьверлік жүйе бойынша 4 миллиард теңгедей қайтарылды. Ол әрі кетсе 400 автокөлікке жетеді. Жиналған қаражат 500-ден астам көлікке жеткенде, яғни 5 миллиард теңге ақша қайтарылғанда ғана жариялаймыз, - деп түсіндірді Қарабаев.
Бұған дейін Өнеркәсіпті дамыту қоры басқарма төрағасының орынбасары Ринат Гаппаров автонесиелеу 2-3 миллион адамға ғана берілуі мүмкін екендігін айтқан болатын.