Жаңалықтар

"37 пайызға дейін су үнемдеу": Министрлік мажарлық препарат сынағын жариялады

"37 пайызға дейін су үнемдеу": Министрлік мажарлық препарат сынағын жариялады
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі 10.01.2025 23:36 102

Қазақстанда су үнемдеуге мүмкіндік беретін мажарлық препаратты сынақтан өткізудің алғашқы кезені аяқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасы бойынша сынаққа 4 ғылыми-зерттеу институты қатысты. Бұл Тараз қаласындағы «Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты», Қызылордадағы «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты», «Мақта және бақша ауыл шаруашылығы тәжірбие станциясы» және «Аграрлық инновациялар институты». Сынақ барысында әр түрлі топта және климаттық жағдайда препараттың топырақты ылғалдандыруға әсері, аз мөлшерде суару жағдайында өнімділікті арттыру сынды зерттеу жүргізілді.

Ғалымдар препаратты қолдана отырып күріш алаңында 37%-ға дейін су үнемдеуге болатынын мәлімдеді. Себебі, дәстүрлі әдіс бойынша күріш 90 күн бойы суарылады. Ал, ылғал сақтайтын препаратты пайдаланған кезде 51 күн суару жеткілікті. Қант қызылшасы алаңында 23,9%, жүгеріде 28,7%-ға дейін су үнемделген. Бұдан бөлек, сарапшылар өнімділік те артқанын айтады.

Сынақтың алғашқы кезеңі жақсы нәтиже көрсетті. Келесі кезекте үлкен көлемдегі егіс алқаптарында препараттың тиімділігін тексеру керек. Ол үшін шаруалармен кездесіп, сынақ нәтижесін көрсету керек. Түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Себебі, жыл өткен сайын суармалы суға сұраныс артып келеді және біздің дихандар заманауи су үнемдеу әдістеріне көшуге мүдделі, - деді министр Нұржан Нұржігітов.

Өз кезегінде мажарлық «Soil solution» компаниясының өкілдері шаруалар тарапынан үлкен сұраныс болса Қазақстанда препарат шығаратын зауыт ашуға ниетті екендіктерін мәлімдеді.

Біз бүгінгі таңда Қазақстанда өз өнімімізді шығаратын зауыт ашу мүмкіндігін де қарастырып жатырмыз. Осы арқылы жол шығынын азайтуға болады. Яғни, шаруалар үшін препараттың бағасы бірнеше есе арзандайды. Сондай-ақ, Қазақстанда жасалған өнім ретінде шетелге де экспорттауға болады,- деді «Soil solution» компаниясының өкілі Даниел Репасси.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға