Жаңалықтар

30 мың сәбидің кіндігін кескен акушер-гинеколог: «Толғақ пен бала босану - ұмытшақ ауру»

30 мың сәбидің кіндігін кескен акушер-гинеколог: «Толғақ пен бала босану - ұмытшақ ауру»
Фото: Жеке мұрағаттан 04.05.2024 13:00 1595

Түркістан облысында 30 мыңнан астам сәбидің кіндігін кескен білікті акушер-гинеколог тұрады. Кенжебек Байғондиев бүгінде Сайрам аудандық орталық аурухананың бөлім меңгерушісі болып еңбек етіп жүр. Медицина саласында 45 жылдық еңбек өтілі бар дәрігер соның 34 жылын акушер-гинекология саласына арнаған. Жүктілік кезінде нені білген абзал? Бала босанарда жас аналарға қандай кеңестер беріледі? Соңғы жылдары табиғи жолдан гөрі кесарь тілігі арқылы бала өмірге әкелетін аналар неліктен көбейіп барады? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін El.kz тілшісі тәжірибелі дәрігермен сұхбаттасты.  

El.kz: Кенжебек Құдайқұлұлы, бұл салаға қалай келдіңіз? Дәл осы акушер-гинекология бағытын таңдауыңызға не себеп болды?   

Кенжебек Байғондиев: Мен 6-сынып оқып жүрген кезімнен бастап дәрігер болуды армандадым. Кейін өзімнің туыс әпкемде созылмалы ауру анықталып, содан бастап әйел адамдарын емедейтін маман болғым келді. 1979 жылы 10 сыныпты бітіріп, әскерге аттандым. Әскери борышымды Германияда өтедім. Армияда жүрген кезімде медицина саласы бойынша 5 ай курс оқып, сол жақта қызмет ете бастадым. 1983 жылы Алматыдағы С.Асфендияров атындағы медициналық институтына оқуға түсіп, 1989 жылы бітіріп шықтым. Кейін Шымкенттегі сол кездегі №4 облыстық перинаталдық орталықта, қазіргі №2 перзентханада интернатурадан өтіп, акушер-гинеколог болып еңбек жолымды бастадым. Еңбек жолымда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшыларының өтінішімен Сарыағаш, Арыс, Шымкент қалаларындағы перзентханаларда еңбек еттім. Жалпы медицина саласындағы еңбек өтілім 45 жыл болса, акушер-гинекология саласында дәрігер боп жүргеніме 34 жылдан асыпты. Соның 25 жылында бөлім меңгерушісі қызметіндемін. 

El.kz: Ең алғаш жүкті әйелді босандырып алған сәтіңізбен бөлісіңізші...

Кенжебек Байғондиев: Жоғарыда айтып өткенімдей, еңбек жолым интернатурадан басталды ғой. Ол кезде басшылар, білікті дәрігерлер болады. Ал біз сияқты жас мамандар солардың бақылауымен, бағыттауымен әйелдерді босандырып жүрдік. Шыны керек, ол кез есте қалмайды. Тіпті дүниеге ұл не қыз келгенін де нақты айта алмаймын. Кейін Сайрам ауданындағы ауруханаға жұмысқа тұрып, сол кезде алғаш рет өзім операция жасадым. Қарабұлақ деген елдімекеннен келген жүкті әйел қан кетіп, ауыр халде жеткізілді. Ол кезде қасымда көмектесетін мамандар жоқ, шұғыл түрде өзім кесарь тілігі арқылы әйелді босандырып алғаным бар. Анасы да, баласы да аман қалды. Бір аптадан соң үйлеріне шығарылды. Ол 1991 жылы болатын.

El.kz: Естуімізше, сіз 30 мыңға жуық сәбидің кіндігін кескен екенсіз. Сол туралы айтып өтіңізші...

Кенжебек Байғондиев: Жылына 400-500 операция жасайтын болсақ, 30 жылда шамамен 10 мыңнан астам операция жасаған екенбіз. Жылына мың әйелден босандырып отырсақ, демек 30 жылда 30мың баланың дүниеге келуіне себепші болдық. Нақты мынанша ұл немесе қыз деп айта алмаймын, шамамен теңдей болады. Сонда 15 мың ұл, 15 мың қыз бала дүниеге келген. Негізі  сәбидің кіндігін кесу деген жалпылама айтылатын нәрсе. Операция кезінде, әсіресе сәбиді ана құрсағынан алып шыққан сәтте кейде ассистент немесе операциялық залдағы медбикелерге кіндікті кес деп айтамыз. Себебі біз ананың жағдайы бақылауға алу керекпіз. Бірақ қолына скальпель алып, операция жасаған дәрігер «кіндік анасы» немесе «кіндік әкесі» болып есептелінеді. Енді менің жасым келгендіктен өзімді «кіндік атасымын» деп айтуға болатын шығар.

El.kz: Өз қолыңызбен кіндігін кескен сәбилермен, олардың ата-аналарымен өмірде араласып тұрасыз ба?   

Кенжебек Байғондиев: Иә, араласып тұратындары бар. Өзім кіндігін кескен Нулифар есімді бір қызым бар, өз қызымдай болып кетті.  Университетке оқуға түскен кезінде анасы «Мынау өзіңіз кіндігін кескен қызым. Кіндік атасысыз» деп қызын алып келген болатын. Содан бері шамамен 10 жылдай уақыт өтіпті. Ол қыз маған практикаға жиі келіп тұрады. Өзі де осы медицина саласын таңдаған. Өте жақсы, білімді маман боп келе жатыр. Қазір резидентурада оқып жүр.

Бізде ауданда Бақтияр есімді егде жастағы тұрғын бар. Сол кісінің қыздары мен келіндерінің барлығын өзім босандырғанмын. Манкентте тұратын тағы бір көкеміз бар. Ол кісінің де балаларының, қыздарының, тіпті немерелерінің кіндігін кесіп, әлі күнге дейін жақсы араласып тұрамыз.

Көшеде көріп қалса, сәлемін беріп тұратын қаншама балалар мен ата-аналар бар.

El.kz: Кіндік кескен адам мен баланың тағдыры ұқсас келеді дегенді жиі естіп жатамыз. Келісесіз бе?

Кенжебек Байғондиев: Иә, ол бұрыннан келе жатқан ұғым ғой. Сол үшін біз дәрігер ретінде мінсіз болу керекпіз.  Өзіміз де кейде баланың теріс әрекетін көріп қалсақ, "кіндігін кескен акушерге тартқан" деп қалжыңдаймыз ғой. Өзім кіндігін кескен сәбилердің аналары келіп, «Балам сізге ұқсаған. Оқуы да жақсы, ұқыпты» деп рахметтерін айтып жататындар бар. Ондай мақтау сөздерді естігенде марқайып қаласың, "комплимент" деп қабылдайсың. Баланың жақсы жағын бізге ұқсатып жатса, қуанасыз ғой, әрине. Бірақ маман ретінде айтар едім, кіндігін кескен адам мен баланың тағдыры ұқсас келеді деген жай халық арасында қалыптасқан ұғым.  

(Фото: Кенжебек Байғондиевтің жеке мұрағаты)

El.kz: Бала шыр етіп, жарық дүние есігін ашқан сәтте қандай сезімде боласыз?

Кенжебек Байғондиев: Шыны керек, ондай кезде бойыңды қуаныш кернейді. Адамнан адам шығу оңай емес. Әрбір ана тар құрсағын кеңейтіп, бала шыққан сәтте қиналады. Бала босанған соң алғыстарын жаудырып жатады. Шынымды айтсам, сол сәтте ананың, баланың көзіне қарасаң, үлкен сенім мен ризашылықты, қуанышты байқайсың. Өзіңді ең бақытты адам сезінесің. Біз ондай сәтте анасына да, баласына да «Берекелді, жарайсың» деп айтамыз. Әсіресе бала шыр етіп дауысы шыққанда өмірге тағы бір адам келді деп ерекше қуанасың. 

El.kz: Сирек кездесетін құбылыс – үшем, төртемнің дүниеге келуіне себепші болғансыз ба?

Кенжебек Байғондиев: Менің тәжірибемде үшем, төртемдер болмады. Тек егіздер болған. Талай егіздің кіндігін кескенмін. Негізі үшем, төртемге жүкті әйелдер босанатын мерзімі жақындағанда  бір ай бұрын облыстық перинаталдық орталыққа жатып, сол жақта дәрігерлердің жіті бақылауында болады. 

El.kz: Жұмыс барысында өзіңіздің есіңізде ерекше қалып қойған сәтті еске түсіріңізші...

Кенжебек Байғондиев: Акушерлік деген қиын сала ғой. Тек бір емес, екі адамның өміріне жауаптысың. Біз ананың да, баланың да денсаулығына қатты мән береміз. Ертең 5, 10, 20 жылдан кейін ол баланың жағдайы қалай болады? Денсаулығы қалай болар екен? Ұл бала болса, ертең ол өскенде әскерге жарай ма? Қыз бала дүниеге келсе, болашақта ана бола ала ма? Ұрпақ қалдыра ала ма? Сәби дүниеге келерде осы сұрақтардың бәрін назарға алып, бар күш-жігерімізді саламыз. Өмірге келген әрбір бала қатарынан кем болмайтындай денсаулығы жақсы болса екен деп тілейміз. Тек бала емес, анасының да өмірі маңызды. Анасы да жақсы болуы керек. Баланы өмірге әкелген соң ертең сол баланы тәрбиелей алатындай, жақсы тәрбие беріп, қатарынан кем етпес үшін денсаулығы жақсы болуы керек.  Тоғыз ай, тоғыз күн құрсағында бала көтеріп жүруден бөлек сол баланы босанарда бірінші кезекте анасына 2-3 есе ауыр тиеді. Біз алдымен ананың денсаулығын бақылаймыз. Егер қандай да бір кінәрат байқалып, өміріне қауіп төнсе, дереу босандырып аламыз. Шала туылған сәбилерді инкубатор" дейтін аппарат бар, бірден соған жатқызамыз. Онда бала ана құрсағында жатқандай ылғалдылық, температура мен оттегімен қамтылады.

Кейбір әйелдерге жүктілікке тыйым салынады. Мәселен, жүрегінде ақауы болса, қант диабеті немесе бала күнінен қан қысымы бар, бүйрегі жоқтар, бауырында гепатиттің ауыр түрі бар әйелдерге бала тууға рұқсат етілмейді. Себебі ананың өміріне қауіп төнуі мүмкін. Ондай сәтте біз әйелдің туыстарын шақырып, тіпті кейде ауыл әкімдерін ортаға салып жүктілікті үзуге кеңес береміз. Бірақ ешкімді мәжбүрлей алмаймыз. Шыны керек, ондай әйелдерге жүктілікті үзу туралы айту, түсіндіру өте қиын. Олар бірінші кезекте дәрігерді жау көреді. «Өлсем, өліп кетейін. Бірақ туамын» дейтін аналар да бар.

Кейде бала жолдасының жатырдан ажырауы деген сияқты жағдайлар да болады. Ондай кезде құрсақта жатқан бала шетінеп кетуі мүмкін. Сондықтан біз үшін әрбір минут, әрбір секунд маңызды. Бүкіл жылдамдықты, іскерлікті қосып, бала мен ананы аман алып қалудың барлық жолын жасаймыз. Соның арқасында қаншама сәби аман қалды.

Кей жағдайда егер бала жолдасы жатырдан ажыраса, әйел жатыры қарайып кетуі мүмкін. Сондай кезде әйел өмірі үшін біз жатырды алып тастауға мәжбүр боламыз. Біз үшін ең қиыны - жатырдың алынғанын әйелге, күйеуіне, туыстарына жеткізу. Ол бүкіл бір отбасының болашағына әсер етеді. Ертең ол отбасы сақтала ма, әлде ерлі-зайыптылар ажырасып кете ме? Бізді осы мәселе қатты алаңдатады.

Мың әйел босанса, мың бірінші әйелдің жағдайы ауыр болып жатады. Қысқасы, біздің салада қызығымен қатар қиындығы да қатар жүреді.   

El.kz: Кристеллер әдісін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы БҰҰ-мен бірігіп, аталған әдісті протоколдан алып тастаған екен. Бірақ ТМД-да қолданады дейді. Сол рас па? Жалпы бұл әдіс несімен қауіпті?

Кенжебек Байғондиев: Босанатын әйелдің ішін жоғарғы жағын білекпен басып, баланың шығуына ықпал жасайтын кристеллер әдісін соңғы 10 жылдан бері мүлдем қолданбаймыз. Осыдан 20-30 жыл бұрын қолданыста болған. Ол әдіс арқылы баланың миына, мойын омыртқаларына, жұлынына зақым келуі мүмкін. Сондай-ақ миы қанталап, жылдар өте неврологиялық аурулар пайда болып жатады. Кристеллер әдісін қолдану босану процесін кішкене болсын жеңілдетіп, сол мезетте жақсы болуы мүмкін. Бірақ 5-6, тіпті 10 жылдан кейін әсері жақсы емес. Сол үшін бұл әдіс қолданыстан алынып тасталған. Қазір «вакуум экстрактор» деген бар.  Бірақ ол әдісті ауыр жағдайда болмаса, жиі қолданбаймыз. Өйткені жылдар өте зияны болуы мүмкін. Егер әйел өздігінен босана алмай жатса, біз дереу кесарь тілігін жасаймыз. Бұл бала денсаулығы үшін өте дұрыс. Соңғы жылдары кесарь тілігі арқылы дүниеге келген бала саны артып отыр. Бұрындары 10-15 пайыз болса, бүгінде 18-19 пайызға жеткен. 

El.kz: Маман ретінде айтыңызшы, кесарь тілігі арқылы босану неліктен артып отыр? 

Кенжебек Байғондиев: Қазір қимыл-қозғалыс аз, бұл әсіресе жастар арасында белең алып отыр. Бұрындары апа-аналарымыз егістік алқапта, қара жұмысты көп істейтін. Оны физикалық жұмыс дейміз. Одан кейін қазір дастарханымызда тәтті тағамдар, соның ішінде ақ ұннан дайындалған тамақтар өте көп. Оны шектеусіз жегендіктен әйелдің өзінде де, іштегі балада да артық салмақ болады. Баланың төмен қарай босану жолымен жылжуына сол артық салмақ көп кесірін тигізеді. Ондай сәтте осы кесарь тілігін қолданамыз. Шыны керек, егер осындай қарқынмен кете берсе, артық салмақ есебінен алдағы уақытта табиғи жолмен босану сиреп кетуі мүмкін. Сол үшін тамақтану мәдениетін жоғарылатуымыз керек. Дер кезінде тоқтатуды үйрену қажет. Тек жүкті әйелдерге емес, жалпы кез келген адам дұрыс тамақтануды білгені абзал.

El.kz: Табиғи жолмен босану үшін тағы нені ескеру керек? 

Кенжебек Байғондиев: Жоғарыда атап өткенімдей, қимыл керек. Іштің бұлшық еттеріне,  іш қағанасына  салмақ түсірместен ақырын-ақырын жаттығу жасаған дұрыс. Ол жаттығуларды әйелдер кеңес беру бөліміндегілерден үйренуге болады. Одан кейін серіктесті (партнер) дұрыс таңдай білу керек. Бірінші кезекте бойында күш-қуаты бар серіктесті таңдаған жөн. Қазір тұмауға қарсы босану залдарына серіктестерді кіргізіп жатқан жоқпыз. Дегенмен алдағы уақытта кіріп жатса, толғағы қысқан әйелдерге қандай көмек берген дұрыс? Серіктес ең алдымен соны біліп алғаны абзал. Осы ретте мына бір қызық жайт есіме түсіп отыр.  Осыдан 3-4 жыл бұрын «партнер» деп жүкті әйелмен бірге бір әжей кірді. Шыны керек, ол кісінің өзіне күтім жасайтын бір адам керек. Себебі өздігінен отырып не тұра алмайды. Жасы келген адамдардың серіктес боп кіргені дұрыс емес. Жас демекші, тағы бір әже келініне серіктес боп кірген болатын. Акушер жүкті әйелді босандырып жатса, әлгі апамыз есінен танып, жерде жатыр. Оған су шашып, қан қысымын өлшеп, мүсәтір спиртін иіскетіп, әрең дегенде бетін бері қаратып алған едік. Сөйтсек ол кісі әлсіз екен.

Тағы бір қызық жағдай болған. Жүкті әйелін алып келген күйеуі серіктес боп кіремін деді. Әйелдің қалауы болған соң босану залына ер адамды кіргіздік. Мына жақта келіншегінің толғағы қысып, қиналып жатыр. Ал күйеу бір бұрышқа теріс қарап тұрып алған. Қолында тәспісі бар, соны айналдырып дұға оқып отыр. «Айналайын-ау, сен жұбайыңның белін, қолын уқала. Көмектессейші, көңілін алдандыр. Әйелің бір жақта, өзің бір жақта» деп айттық. Сөйтсек күйеуі «Маған қарауға болмайды» деп тұр. «Қарауға болмайтын болса, неге кірдің?» дедік.

Тағы бір ер адам серіктес боп кірген еді. Ол кезде босану залы бірінші қабатта орналасқан. Әлгі еркек қорыққаны соншалық, терезеден шығып, қаша жөнелген ғой.  Сондықтан серіктес те жүкті әйелдермен бірге әйелдерге кеңес беру бөліміне барып, толғақ кезінде нендей көмек беріледі, өзін қалай ұстау керек, қандай әңгіме айту қажет, соның бәрін біліп алғаны дұрыс.  Әйелдің табиғи жолмен босануына серіктестің де көмегі бар.

El.kz: Кейде серіктес ретінде күйеуі немесе анасы кіріп жатса, жүкті әйел босаңсып, еркелеп, күшін жоғалтып алады дегенді естіп жатамыз... 

Кенжебек Байғондиев: Иә, ондайлар бар. Әсіресе серіктес өз анасы болса, еркелікке салынып жатады. Кей әйелдер өзінің қатты қиналып жатқанын туыстарына көрсеткісі келіп, босаңсып қалады. Ондай кезде біз серіктесті сыртқа шығарып, кішкене нықтап, дауысты көтеру керектігін айтамыз. Себебі біз өзіміз әйелдерге дөрекілік таныта алмаймыз.

El.kz: Дегенмен аналарымыздан, жеңгелерімізден акушерлер қатты ұрысқанда, қалай босанғанымызды білмей қаламыз дегенді естіп жатамыз. Бұған не дейсіз?

Кенжебек Байғондиев: Рас, бұрындары ондайлар болған. Әйел де соған үйренген. Тіпті дауыс көтерген былай тұрсын, тыңдамай, бей-берекет қимылдар жасап жатқан кезде акушерлер жүкті әйелдердің  санынан салып қалатынын естігенбіз. Бірақ мен өз тәжірибемде әйелдерге жылы сөз айтып, жағдайын түсінуге тырысамын. Дәл толғақ қысқан сәтте емес, перзентханаға келген сәттен бастап «Сізге қорқатын ешнәрсе жоқ. Дәл қазір әлем бойынша миллиондаған әйел толғатып жатыр. Сіздің күшіңіз жетеді. Жамбасыңыз табиғи жолмен босануға келіп тұр. Деніңіз де сау, іштегі баланың артық салмағы жоқ. Кішкене беліңіз, ішіңіз ауырады. Босанған соң бәрін ұмытып кетесіз» деп бала сүйгеннен кейін қандай әсерді сезінетінін түсіндіремін.  Мүмкіндігінше әйелді табиғи жолмен босандыруға тырысамын. Мұндай жылы сөздер әсіресе алғаш бала сүйгелі отырған әйелдерге өте қажет. 

(Фото: Кенжебек Байғондиевтің жеке мұрағаты)

El.kz: Айтыңызшы, бүгінде әйелдің қанша жасқа дейін табиғи жолмен босануына мүмкіндігі бар? Мәселен, кей дәрігерлер 30 жасқа келіп қалған әйелдер кесарь тілігінсіз өздігінен босана алмайды деп жатады. Жалпы қазіргі статистика қандай?

Кенжебек Байғондиев: Қазір ондай шектеу жоқ. Тіпті 40 жасқа дейін алғашқы сәбиін өзі босанып жатқандар әйелдер бар. Біз ең алдымен әйелдің ішін, баланың салмағын өлшейміз. Жамбас сүйектері қандай, тар емес пе? Оны да анықтап аламыз. Егер іштегі бала салмағы үлкен болса, міндетті түрде оны ескертеміз. Кесарь тілігін ұсынамыз. Себебі жас үлкейген сайын әйел адамның еті қатаяды. «Эластичность» деп айтамыз ғой, сол жоғалады. Жас келіп, бала көтерген әйелдер және ЭКО арқылы жүкті болғандар жүктілік кезеңінде дәрігерлердің жіті бақылауында болады. Егер іштегі баланың жүрек соғысында өзгерістер байқалса, шұғыл көмек көрсетіледі. 

El.kz: Қалай ойлайсыз, толғақ басталып, перзентханаға барарда туыстарының психологиялық қолдауы да жеңіл босануға септігін тигізе ме?    

Кенжебек Байғондиев:  Ол да бар. Мысалға, жүкті әйел бізге келген кезде кейбір жас келіндердің  маңдайына ұн жағылғанын байқаймын. Бірден «Үйде үлкен әже бар ма? Қанша бала дүниеге әкелген?» деп сұрап жатамын. Бізде үлкен апаларымыз келіндері жеңіл босансын деп сондай ырымды жасап жатады. Ондай келіндерге «Енең секілді сен де 5-6 бала табасың немесе өз анаңа тартқан алтын құрсақты ана боласың. Сен де кейін көзді ашып-жұмғанша ұлыңды үйлендіріп, қызыңды ұзатасың» деп жігерлендіріп отырамын. Туыстарының психологиялық қолдауы үлкен көмегін тигізеді. Мәселен, қазір кез келген әжеден сұрасаңыз, перзентханаға бара сап босанып, үйге қайтқанмын дегенді естисіз. Бұны психопрофилактика деп атайды.  

El.kz: Ырым демекші, кейде толғағы қысқан әйелдің көйлегінің ішінен жұмыртқаны жерге тастап, жарып жататынды естиміз. Сондай-ақ жүкті әйел толғағы қысып, перзентханаға шығарда үйдегі бүкіл сөрелердің аузын ашып қойса, жеңіл босанады деп жатады. Естуіңіз бар ма?

Кенжебек Байғондиев: Әркімнің өз сенімі, нанымы болады. Ырым дегеннің жаманы жоқ деп ойлаймын. Кейде жіп іліп жататындар бар. Мен айтар едім, жіп іліп немесе ұн жаққаннан әйелге келер ешбір зиян жоқ. Оның да өзіндік психопрофилактикалық септігі тиюі мүмкін. Бірақ жұмыртқа жару, сөрелерді ашу дегенді естімеппін. Бәлкім бізге айтпай, үйде есік-cөрелерді ашып келіп жатқандар бар шығар. Бірақ біз босану залына жұмыртқаны алып кіруге рұқсат бермейміз. Себебі шикі жұмыртқада сальмонелла сияқты инфекциялар болуы мүмкін. Біз бірінші кезекте ана мен баланың денсаулығына жауаптымыз.   

El.kz: Көбіне босанар кезде әйелдер неге шағымданады? Осыдан 10 жыл бұрынғы шағымдар мен қазіргі жағдайды салыстырып өтіңізші....

Кенжебек Байғондиев: Осыдан 10 жыл бұрын әйелдер табиғи жолмен босануды қалайтын. Ал қазір босану залдарында келетін, әсіресе жастарың көбі кесарь тілігін құп көреді. Тіпті денсаулығы жарап тұрса да операция дейтіндер бар. Әрине, ондай әйелдерге барынша түсіндіреміз. Толғату, бала дүниеге әкелу ұмытшақ ауру екенін алға тартамыз. Тіпті кей адамдар қызымнемесе келіні қиналып отырғанын айтып, кесарь тілігін жасауды сұрайды. Сондықтан жастарды шыдамдылыққа, сабырлыққа үйрету керек деп ойлаймын. Баяғады әже-аналарымыз жас келіндері, қыздары қорқып қалмасын деп «Біз бір жөтеліп, қиындықсыз босанғанбыз» деп көп айтушы еді. Кейбірі егінде жүріп, босанып қап, үйге баламен қайтқанбыз дейтін. Жастарға бала босанғанда ішің кішкене ауырады, бірақ ұмытып кетесің деп көп айту керек. Бұл нағыз психопрофилактика дер едім.  Егер әйел перзентханаға келгенде қандай да бір асқыну байқалса, оны айтпауға тырысу керек. Себебі жүкті әйел ерік-жігерін тастап, күш-қуатын жоғалтып алуы мүмкін. Тағы бір атап өткім келіп отырғаны, бізде жүкті әйелдерге кеңес беретіндер көбейіп кетті ғой. Ол туысы, мейлі көршісі болсын. Тіпті кейде балаңның салмағы үлкен, өзің босана алмайсың деп кесіп айтатын УДЗ мамандары да бар. Меніңше, ол дұрыс емес. Жүкті әйелге тек жақсы әңгімелер айтқан дұрыс. Біздің сонау ата-бабаларымыздың ақылдылығын қараңыз, қыздың төркінінде жаман жағдай немесе өлім-жітім болса, оны баласы дүниеге келгенше келінге естіртпеген. Жаман хабарды келіні аман-есен босанып алған соң төркініне апарып, жеткізетін болған. Одан кейін кей әйелдерде жүктіліктің алғаш кезеңдерінде ерте токсикоз болады. Ол кезде өз үйінің тамағын жей алмай қалатындары бар. Бұрындары бір келін жүкті болса, бүкіл ауыл боп соның жағдайын жасайтын болған. Ауыр сөз айтпаған, ренжітпейтін. Кез келген көршісі үйіне кіргізіп, тамағын берген.  Бірақ қазір өкінішке қарай бұл ұмыт қалып барады. Қалалық жерлерде көршісін танымайтындар да бар. Бірақ біз жүкті әйелдерге күйеуінің достарына, туған-туыстарына барып, қажеттінің бәрін айтып, қысылмау керектігін ескертеміз. Себебі жүкті әйелдің қалауы, жеріктігі – ұят емес.  

El.kz:  Соңғы кездері жатыр бұлшық еттеріне жасалатын жаттығу - вумбилдинг босануға жақсы әсерін тигізеді деген айтылып жүр. Келісесіз бе? 

Кенжебек Байғондиев: Бізге ондай әдіс жеткен жоқ. Сондықтан ол туралы айта алмаймын, қолданып жатқан жоқпыз.

El.kz: Дәрігердің бойында болуы тиіс үш қасиетті атасаңыз?

Кенжебек Байғондиев: Бірінші қасиет - мейірім мен шапағат. Алдыңа келген пациентке өзіңнің қызыңдай немесе келініңдей, туысыңдай қарау керек. «Пациенттің көзіне сенің көзің түскенде, өз анаңның көзіне қарағандай болу керек» деп ұстаздарым айтушы еді. Сонда ғана бүкіл біліміңе сүйеніп, жақсылық жасауға тырысасың.

Екінші қасиет – әлбетте білімді болу қажет. Себебі медицинада қаншама құрал-сайман бар. Соны меңгеріп, дер кезінде қолдана білу үшін білім керек. Әйелді босандыру, әсіресе ол әйелдің алғашқы жүктілігі болса – аспандағы ұшақты әуежайға қондырумен тең деп айтар едім. Ол үшін де асқан білім қажет. Қан қысымы, жүрек соғысы, сакурация дегендер толғақ кезінде қаншама рет өзгеріп отырады. Әрбір өзгерісте бір шешім қабылдауың керек болады. Анасы, іштегі баласы қиналып қалмауы қажет. Босану жолына, баланың денесіне, денсаулығына зақым келмейтіндей әрекет ету керек.  

Үшіншісі: жора-жолдас, туыстармен, әсіресе елмен араласқанда диентология дегенді сақтау қажет. Себебі бізге кей әйелдер күйеуіне көрсетпейтін, айта алмайтын сырын айтады. Сондықтан біз оны іштей сақтай білуіміз керек. Тіпті қасыңдағы өз әйеліңе біреудің сырын, айыбын ашпау қажет. Мәселен, өмір болған соң түрлі жағдайлар болады. Кей қыздар тұрмысқа шықпай, жүкті боп қап жатады. Біз дәрігер ретінде оның сырын сақтап, абыройын төкпеуді ойлауымыз керек. Ертең оның абыройы төгілсе, суицидке баруы мүмкін.Тағы бір мысал, әйел босанғанда түрлі жайттар боп жатады. Кейде әйелдің жатырын алып тастауға тура келеді. Ондай кезде әйел рұқсат бермесе, күйеуіне айтуға қақымыз жоқ. Яғни, дәрігерік құпиялықты сақтай білген жөн. Өйткені бер жерден бір әңгіме шығатын болса, пациенттердің дәрігерге деген сенімі жоғалады. Маманның абыройы төгіледі. Тіпті ол дәрігерге ешкім қаралмайтындай жағдайға жетуі мүмкін. Мен өз қызметкерлеріме кез келген әйелді ана деп қарау керектігін үнемі айтып отырамын. Себебі әйел азаматы шашының ұшынан, аяғының ұшына дейін үлкен қасиетке ие. Әйел өмірге адам алып келеді, баласына өмір сыйлайды. Кей кезде кейбір әйелдер моншаға түсіп, тазалануға уақыты болмай толғағы қысып келеді. Кейде киімі таза болма келетіндер бар. Қызметкерлеріме ешбір эмоцияны көрсетпей, бәріне бірдей үлкен құрметпен қарау керектігін үнемі ескертіп отырамын.

(Фото: Кенжебек Байғондиевтің жеке мұрағаты)

El.kz: Жасыратыны жоқ, өкінішке қарай кейде акушерге, дәрігерге ақша бермесең, әйелге дұрыс қарамайды дегенді естіп жатамыз...  

Кенжебек Байғондиев: Әрине, ол дұрыс емес. Жоғарыда айтып өткенімдей маман әрбір әйелді өз туысындай қарау керек. Жауапкершілік дегенді ұмытпау қажет. Егер асқыну немесе басқа да жағдайлар болса, оның акушер де, дәрігер де басымен жауап береді. Пациенттің тарихын жазғандй, әрбір цифр былай тұрсын, үтір-нүктеге дейін мұқият болу керек. Рас, кейде ақша бермесе, қарамайды дегенді естіп жатамыз. Тіпті ел арасында «Әкімнің келіні босанатын болса, бүкіл перзентханада толғатады» деген әзіл бар. Кейде қымбат көлікпен келген әйелдердің алдында құр жорғалап, асты-үстінен түсетіндерді кездестіреміз. Әрине, олар пендешілікке түсіп жатады. Бірақ оларға айтарым, сен қанша рет ол әйелдің алдына барып, белін уқалап, шайыңды бергеніңмен тиісті көмек берілмесе бәрі бекер. Сондықтан адал еңбек ету керек. Әрбір пациентке аса жауапкершілікпен, ерекше құрметпен қарай білу – нағыз маманның міндеті.

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға