Жаңалықтар

3 млн-ға жуық асыл тұқымды қойды 17 бағытқа бөліп алғаннан не шықты - депутат

3 млн-ға жуық асыл тұқымды қойды 17 бағытқа бөліп алғаннан не шықты - депутат
Фото: ©pixabay.com 22.05.2024 17:13 725

ҚР Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтар өзін-өзі басқару ұйымдарын құрып, мемлекеттің қадағалауынан шығып, емін-еркін жұмыс жасауы үшін құрылған республикалық палаталарға шүйлігіп, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутат палаталар құрылғалы бері асыл тұқымды мал шаруашылығындағы мемлекеттік инспекцияның құзіреті қысқарғанын айтты.

Бастапқыда бұл палаталарға үлкен сенім артқан едік. Қой тұқымдарының стандартын өздері бекітіп, селекцияны дамытып, ғылыми мекемелермен жұмыс істеп, әртүрлі зертханалар құрып, қолдан ұрықтандыру жұмысын кеңейтеді деп күткенбіз. Мінекей 13 жыл өтті, сол реформалардан ешқандай нәтиже шықпады! Бұл проблема, әсіресе, қой шаруашылығында қатты байқалып отыр. Биязы жүннің сапасы жоқ, оның өндіру көлемі 2 есе азайып кетті. Қолдан ұрықтандыру қарқыны жыл сайын төмендеп барады. Қой өнімінің сапасын тексеретін зертханалар құрылған жоқ, геномдық селекция «қиял» болып қалды. Асыл тұқымды малды тіркейтін ИАС деген электронды жүйенің авторларының бірі ретінде айтайын, өкінішке қарай, мәлімет базасында жүрген қойдың көп бөлігі «асыл тұқымды» деген атына сай болмай тұр. Республикалық палаталар тіркеуге келген қойлардың параметрлерін көзбен көріп, қолымен ұстап, өлшеп, толығымен тексермейді, - деді депутат.   

Баққожаевтың сөзінше, алғашында асыл тұқымды қой саласында жүннің классфикациясына байланысты 4 негізгі республикалық палата құрылады деп күтілген. Соның арқасында палатаға мүше болып кіретін шаруашылықтардың саны артып, қойдың популяциясы кеңейіп, республикалық палаталардың қаражат қоры молаюы керек еді.

Қаражат қоры жақсарған соң қой палаталары әр өңірде филиал ашып, мал сапасын тәуелсіз бақылау жүйесін құрады деп күткенбіз. Бірақ бұған да қол жеткізе алмадық! Жоғарыда айтқан проблемалардың басты себебі – қой шаруашылығында біз күткендей 4-еу емес, 17 республикалық палата құрылғанында. Бақандай 17! Тілім-тілім болып ұсақталып кеткен палаталарда жөні дұрыс қаражат қоры бола ма? Көптеген палаталардың іссапарға ақшасы жоқ. Жинаған ақшасы жалақысынан артылмайтын палаталар өңірге барып барлық асыл тұқымды қойды тексере алады дегенге сенесіз бе? Әрине, сену мүмкін емес. Ал мемлекет болса асыл тұқымды қойдың саны өсті деп, жалған статистикаға сеніп жүр, - деді депутат.

Депутат Әділет министрлігінде тіркелген кезде ұқсас ұйымдар болмасын деп палаталарға ақылға қонбайтын небір атаулар берілгенін айтты.

«Етті-майлы» деген былай тұрсын, «етті-тонды», орысша айтқанда «мясо-шубное» бағыттағы қойдың палатасы дегенді қалай түсінуге болады? Немесе импорттық және отандық генофондтың біртекті емес жүні бар құйрықты қойлардың палатасы деген қандай мағына береді? Биязы, жартылай биязы және аралас біртекті жүні бар қойлар палатасы деген қайдан шыққан?  Нәтижесінде биязы жүн беретін «Меринос» тұқымын 1 емес 4 палатада тіркей аласыз. «Еділбай» мен «Сарыарқа» қойларын да 5 палатаға кіргізуге болады. Мұндай жағдайда бірыңғай мәлімет базасы не болмақ?, - деді Баққожаев.

Асыл тұқымды мал шаруашылығы заңында республикалық палаталар малдың өнімділік бағыты бойынша құрылады делінген, бірақ бұл бір-бірінің жұмысын қайталайтын бірнеше палата болсын деген сөз емес.

Көп палаталардың басшыларын танимын. Бұрыннан бірге қызмет етіп келе жатқан мықты мамандар. Бірақ шындық ащы болса да айтайын – айналдырған 3 млн-ға жуық асыл тұқымды қойды 17 бағытқа бөліп алғаннан не шықты? Палаталардың жұмысы малды тек тіркеп қойып, «асыл тұқымды қой» деген қағаз берумен ғана шектеліп отыр. Сонда мемлекеттің қалтасынан төленетін субсидияның тиімділігі қайда? Әрине, мемлекеттің меншігінде бірде бір мал басы жоқ. Сәйкесінше мемлекеттің бұл жұмысқа араласуының не қажеті бар деген пікір қалыптасады. Алайда, бюджеттің ақшасы – бұл халықтың қазынасы. Соның есебінен асыл тұқымды мал шаруашылығына жыл сайын 23,6 млрд теңге субсидия төленіп жатыр. Демек, мемлекет асыл тұқымды қойдың көп болуына сенімді болуы керек, - деді депутат.

Осыған орай Анас Баққожаев палаталардың саны қысқарып, бағыты ұқсастары бір-бірімен бірігуі керек деп есептейді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға