Жаңалықтар

27 наурызда алқабилердің қатысуымен Бишімбаев соты басталады

27 наурызда алқабилердің қатысуымен Бишімбаев соты басталады
Фото: Астана қалалық соты 26.03.2024 12:10 550

Астанада Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша басты сот талқылауы басталады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған:

  • 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы (аса қатыгездікпен адам өлтіру);
  • 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы (қинау).

Ал ағасына көмектескен Бақытжан Байжановқа қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған:

  • 432-бабы (аса ауыр қылмысты жасырып қалу);
  • 434-бабы (аса ауыр қылмысты хабарламау).

Бұл істі Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарап жатыр. Бұған дейін өткен алдын ала тыңдау кезінде Қуандық Бишімбаев кінәсін мойындамады. Ал прокурордың айтуынша:

  • Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың некелері ресми түрде тіркелмеген.
  • Бишімбаев әйелінің барлық телефон қоңырауын бақылап, оған жұмыс істеуге тыйым салып, қаржылай өзіне тәуелді еткен.
  • Қызғаныштан жүйелі түрде физикалық күш қолданған.
  • 2023 жылдың наурыз айының ортасында Астанада Бишімбаев Нүкенованы соққыға жыққан. Салтанат Нүкенова ағасына бұл туралы айтқан. Ол оны Бишімбаевпен ажырасуға көндірмек болған, бірақ ол көнбеген.
  • 2023 жылдың жазында Бишімбаев Нүкенованы Алматыға көшуге үгіттейді. Ол зорлық-зомбылық тоқтатылады деген үмітпен келіскен. Алайда ол оған физикалық күш көрсетуді жалғастыра берген.

Қуандық Бишімбаев шешімді алқабилер қабылдағанын қалайтынын айтып, оның шешімі қанағаттандырылды. Ал жақында Мәжіліс алқабилер сотына қатысты жаңа ереже бекітті. Заң жобасы бойынша, қылмыстық іс алқабилердің қатысуымен қаралып, соңында алқабилер кеңесу бөлмесінде қалады.

Депутаттар істі қарап отырған судья алқабилермен бір бөлмеде қалмауы керек деген норманы енгізіп отыр. Судья өзінің кабинетінде отыруы керек, алқабилер судьясыз шешім қабылдап, сол хаттаманы кәсіби судьяға табыс етіп, сол бойынша ол шешім шығаруы қажет.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға