Жаңалықтар

26 сәуір кинопремьералары

Бұл аптада тағы екі отандық кинокартина прокатқа шықты
26 сәуір кинопремьералары
26.04.2018 12:21 3537

Бір комедия, бір фэнтези – отандық екі фильм, Ольга Куриленко ойнаған француз фантастикасы, жастарға арналған америкалық фэнтези-мелодрама, «Судный день» франшизасын жасаушылар ұсынған үрейлі триллер, Джон Кьюсак ойнаған америкалық қылмыстық триллер, Т-34 танкісі туралы ресейлік әскери драма және «Смешарики» сериясының кезекті толықметражы.

Осы аптада прокатқа Қазақстан кинематографистерінің екі картинасы шығып отыр. Біріншісі - «Не египте мне мозги!», режиссері Джами Бейсенов – бұған дейін «Аймалашы мені» мелодрамасын түсірген. Экраннан Төлепберген Байсақалов, Ерден Телемісов, Ниязбек Шәйсұлтанов, Жібек Жаппасбаева сынды актерлерді көреміз.

Кейіпкерлердің басынан кешкен оқиғалары басқа елдерде өтеді. Жанель есімді қыз каскадерлікті кәсіп қылған, алайда жұмыста да, өмірде де жолы болмай жүрген жан. Оның әкесі Шри-Ланкада полицияға түсіп қалып, қыз оны құтқару үшін сонда аттанады. Оған сапар алдында танысқан Мақсат есімді лузер серік болады. 

Тағы бір отандық фильм – «Облако на крыше». «A'Star Film» және «Bayterek production» компаниялары өндірген, «Қазақфильм» техникалық қолдау көрсеткен жоба мистика жанрында. Фильмнің сценарий авторы әрі қоюшы-режиссері – актер, режиссер, композитор Әлішер Сүлейменов.

Фильм авторларының айтуы бойынша бұл картина Қазақстандағы алғашқы қалалық сага-фэнтези. Туынды мәңгілікке жауласып келе жатқан Жақсылық пен Жамандықтың күресін қалалық жастардың түнгі өмірі мен күнделікті тіршілігі арқылы баяндайды.

Фильм көптің бірі боп жүрген жігіттің өмірін өз ойындарының ойыншығы еткен Періште пен Әзізіл туралы. Екеуі келісімге келіп, сыртынан бақылау жасап, Тимур есімді жігіттің өміріне араласады.

«Дыши во мгле» («Dans la brume») - Франция, Канада кинематографшылары бірігіп түсірген фантастикалық триллер. Басты рөлдерде - Ромен Дюрис пен Ольга Куриленко.

Негізгі оқиға бір ерлі-зайыпты төңірегінде өрбиді. Олардың перзенті - әйнек бөлмеге қамалған аурушаң қыз. Оған дертіне байланысты сыртқа шығуға болмайды, сондықтан оқшауланған ортада өмір сүріп жатыр. Бірде күтпеген зілзаладан кейін Парижді тұман басады. Тылсым тұманнан адамдар қырыла бастайды. Аман қалғандары таза ауа үшін ғимараттардың төбесіне шығады. Солардың бірі ерлі-зайыпты Анна мен Мэттью - қызының амандығы үшін бәріне дайын.

«Привидение» («Every Day») – тәні жоқ рух пен кәдімгі адам арасындағы махаббат туралы фэнтези-мелодрама. Фильмде үнемі адам денесіне еніп жүретін аруақ туралы баяндалады. Ол күн сайын жаңа тәнмен оянады. Оның таңы - жаңа үй, жаңа отбасы, жаңа достар. Ол - денесі жоқ жан, әлемді өзгелердің көзімен көреді және басқалардың өмірлік сәттерін басынан өткізеді. Алайда ол Рианнонды көргеннен кейін ғашығына қайта оралуға талпынумен болады.

Картина Дэвид Левитанның аттас шығармасына сүйеніп жасалған.

«Паранормальное явление», «Астрал», «Судная ночь», «Синистер» секілді хоррор-франшизаларды жасаған «Blumhouse» студиясынан тағы бір үрейлі триллер ұсынылып отыр. «Правда или действие» («Truth or Dare») – аты айтып тұрғандай, жастар жақсы көретін ойын туралы. Яғни өзіңе қатысты бір шындықты айтасың, айтқың келмесе белгілі бір шартты орындап, айыбыңды әрекетпен жуасың. Тек бұл жолы ойынды адам емес, әлдебір тылсым күш иесі ұйымдастырады. Талапты орындамау қатысушыларды өлімге әкелмек.

«Я заберу твои деньги» («Blood Money») – басты рөлде Джон Кьюсак ойнаған америкалық қылмыстық триллер. Сюжет Миллер есімді бизнесмен туралы, ол клиентінен ұрлап алған ақшаға жаңа өмір бастамақ. Бәрі жоспардағыдай өтіп келе жатыр еді. Алайда ақшасын орманда жоғалтып алады. Олжаны сол маңда саяхаттап жүрген үш дос тауып алады. Миллер өзіне тиесілі затты қайтару үшін бәріне дайын.

«Танки» - Ким Дружининнің («28 панфиловцев») қызық оқиғалы картинасы. Басты рөлде - Андрей Мерзликин.

Фильм оқиғасы 1940 жылы өрбиді. Т-34 танкісін жасаған Михаил Кошкин, соғыс машинасының екі прототипін құпия түрде Мәскеуге айдап апаруы тиіс. Кейіпкерлерді жолсыз сапардың ауыртпалығы ғана емес, бұл жобаның іске асуына қарсы жаудың қастандық әрекеттері де күтіп тұр.

Сюжетке өмірде болған оқиға арқау болған.

Сондай-ақ кішкентай көрермендер үшін әйгілі «Смешарики» франшизасының жаңа толықметражды эпизоды («Смешарики. Дежавю») киноға жол тартты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға