Жаңалықтар

23 жасында ұшақ тізгіндеген қазақ жігіті жетістігінің құпиясын бөлісті

23 жасында ұшақ тізгіндеген қазақ жігіті жетістігінің құпиясын бөлісті
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 25.04.2024 13:00 2933

Бала кезімізде көбіміздің арманымыз аспанды бағындыру болған шығар? Біріміз ұшқыш, біріміз ғарышкер болғымыз келетін. Ұшқыш болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Мұндай мамандық иесі атанғысы келетін жанға білімділігі мен біліктілігінен бөлек, қойылатын талап та қатаң болса керек. Осы орайда ұшқыштың қызметімен жақын танысу мақсатында тілшіміз Астана қаласының әуежайына барып, «Qazaq air» әуекомпаниясы Bombardier Q400 әуе кемесінің екінші ұшқышы Мади Оразбаевпен әңгімелесіп қайтты.

«Ұшқыш болатынымды бала кезден білдім»

Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері Мади Оразбаевтың жасы 23-те. Жас ұшқыш Тараз қаласында дүниеге келген. Анасы бүгінде сол Тараз қаласындағы мектептердің бірінде мұғалім болып қызмет етеді. Ал ұшқыштың өзі Астана қаласына көшіп келген.

23 жасында ұшақ тізгіндеген қазақ жігіті жетістігінің құпиясын бөлісті

Сурет: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Мади өзінің болашақта қандай мамандық иесі атанатынын бала кезінен бері білген.

Кішкентай кезімнен авиация саласына деген қызығушылығым жоғары болды. Әуежайды, ұшақты көргенде ерекше сезімге бөленіп, өзімді болашақта ұшқыш ретінде көретінмін. Сол себепті арманымды мақсатқа айналдыру жолында әрекет ете бастадым, - дейді ұшқыш.

Ол бастапқы білімді Тараз қаласында қарапайым ауыл мектебінінен алған. Кейін 2013 жылы Назарбаев зияткерлік мектебіне оқуға түскен.

Мектеп қабырғасында жүргенде физика, математика пәндеріне баса назар аудардым. Сондай-ақ космонавтика саласы, ракета құрылысы жөнінде көптеген зерттеулер мен тәжірибелер жасадым. Соның арқасында авиация саласына деген қызығушылығым одан әрі арта түсті. Сөйтіп, 2018 жылы Назарбаев мектебін үздік аяқтадым. ҰБТ тапсырып, 111 балл жинадым. Осылайша, Алматы қаласындағы Азаматтық авиация академиясына ұшқыш мамандығына грантқа оқуға түстім, – деді ол.

23 жасында ұшақ тізгіндеген қазақ жігіті жетістігінің құпиясын бөлісті

Сурет: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Жас ұшқыш Азаматтық авиация академиясына оқуға түскен кезден-ақ ағылшын тілін Advanced деңгейінде біліп барған. Оқу орнында білім алу барысында авиациялық ағылшын тілін де жетік үйренді. Атап айтқанда, Мади Оразбаев академияның тарихында алғаш рет авиациялық ағылшын тілін Advanced деңгейінде меңгеріп шыққан жалғыз студент атанған.

Ақылы бөлімде оқу үшін қанша қаражат қажет

Кейіпкеріміз ұшқыш мамандығын таңдаған әрбір мектеп бітірген түлекке грантқа оқуға түсу үлкен бақыт деп есептейді.

23 жасында ұшақ тізгіндеген қазақ жігіті жетістігінің құпиясын бөлісті

Сурет: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Ұшқыш мамандығын ақылы бөлімде оқу өте үлкен қаражатты қажет етеді. Жалпы оқу бағдарламасының құны қатты қымбат емес. Көп қаражатты талап ететін ол – ұшу тәжірибесі. Егер 4 жылдық оқуды алатын болсақ, оған шамамен 40 миллионнан астам ақша керек болады, – деді ол.

Жұмысқа әуекомпания өзі шақыртып алған

Мади Оразбаев Азаматтық авиация академиясында 5 жыл бойы білім алып, 2023 жылдың маусым айында оқуын қызыл дипломмен тәмамдайды. Осылайша академияны бітіре сала Қазақстандағы әуекомпаниялардың бірі «Qazaq air-ге» жұмысқа шақырту алады.

Әуекомпаниядан жұмысқа шақырту алу мен үшін керемет жаңалық болды. Қызметімді бастамас бұрын компанияның тренингтерінен өттім. Ұшақтарының типін меңгеру үшін олар мені Швеция мемлекетінің астанасы Стокгольм қаласына 1,5 айға оқуға жіберді. Елге қайтып оралғаннан кейін маған артылған сенімді ақтау үшін жұмысқа бар ынтаммен кірісіп кеттім, – деді кейіпкеріміз.

Жас ұшқыш жұмысқа орналасқалы бері Астана қаласына көшіп келген. Бүгінде ол әуекомпанияның кез келген рейсі бойынша сапарларын сәтті жүргізіп жүргенін айтты.

Басты талаптар қандай

Кейіпкеріміз ұшқыш болғысы келетін мектеп оқушыларына мамандық таңдау барысында асығыс шешім қабылдамауға кеңес берді. Себебі ұшқыш мамандығы қиын әрі басқа салалармен салыстырғанда үлкен еңбек пен ізденісті қажет етеді.

23 жасында ұшақ тізгіндеген қазақ жігіті жетістігінің құпиясын бөлісті

Сурет: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Болашақ ұшқыштың бойынан жауапкершілік, білімге деген құштарлық, төзімділік сынды қасиеттер табылуы тиіс. Сонымен қатар балалар мектеп кезінен оқуға, әсіресе оның ішінде физика, математика, ағылшын пәніне баса назар аударуы керек. Себебі аталған үш пән ұшқышқа өте қажет, – деді Мади Оразбаев.

Ұшқыштың сөзінше, ағылшын тілінің авиация саласындағы маңызы орасан зор.

Мектеп бітіріп, ҰБТ тапсырған түлектер ағылшын тілінен де емтихан тапсырады. Олардың тілді кем дегенде Intermediate деңгейінде меңгеруі шарт. Себебі ағылшын тілін жеткілікті деңгейде жетік білмеген талапкерлер оқуға түсе алмай қалып жатады. Жалпы авиацияның тілі ол – ағылшын тілі. Барлық кітаптар мен құжаттардағы ақпараттан бастап, ұшақтың жүйелеріне дейін ағылшын тілінде жазылған. Сондықтанда бұл шет тілі бізге ауадай қажет, – деп атап өтті ол.

Кейіпкеріміз жоғарыда атап кеткен пункттерден де ең маңыздысы адамның денсаулығы дейді. Түлектер оқуға тапсырмас бұрын алдымен денсаулығын толығымен тексерістен өткізуі тиіс.

Ұшқыштардың денсаулығы жыл сайын тексеріліп тұрады. Егерде оның денсаулығында қандай да бір ақау пайда болса, онда ол әрі қарай ұшу мүмкіндігінен айырылады. Себебі ұшқыштың денінің саулығы ұшу қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді, – деді Мади Оразбаев.

Рейске қалай дайындалады

Ұшқыш әр рейс сайын бір сағат бұрын әуежайға келіп алады.

Рейстің уақыты таңғы 06:00-де деп алатын болсақ, біз таңғы 5-ке қарай әуежайға келеміз. Содан міндетті түрде брифингке қатысамыз. Борт командирі, екінші ұшқыш, екі бортсерік кездесіп, орындағалы отырған рейс жайлы маңызды ақпараттармен танысады. Ең басты назарда ұстайтыны ол әрине, ауа-райының жағдайы. Сонымен қатар біз үшін ұшаққа отыратын жолаушылардың санын білу де маңызды. Барлық ақпараттармен танысып шыққан соң борт командирі ұшу туралы шешім қабылдайды. Егер ұшуға рұқсат етілсе, жанармай көлемін анықтап, дайындықтың келесі кезеңіне өтеміз, – деді ол.

Мади Оразбаев ары қарай медициналық тексерістен өтетіндерін айтты. Денсаулықтары жақсы болса, олар рейске аттанады.

Ұшақтағы қауіпсіздік туралы

Мади Оразбаевтың айтуынша, авиация басқа салалардан қауіпсіздік деңгейінің жоғары болуымен ерекшеленеді.

23 жасында ұшақ тізгіндеген қазақ жігіті жетістігінің құпиясын бөлісті

Сурет: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Кез келген әуекомпания сапарға аттанбас бұрын тексеріс жұмысына жауапкершілікпен қарайды. Мәселен, ұшақтың техникалық тексерістен өтуі міндетті болып саналады. Оны инженерлер, техниктер қарап шығады. Сондай-ақ әр рейс сайын әуе кемесінің командирі де ұшақты өзі тексерістен өткізеді және ұшу немесе ұшпау туралы соңғы шешімді осы мамандар қабылдайды, –  деді ол.

Тізгіншілердің міндеті

Бір ұшақты борт командирі мен екінші ұшқыш басқарады. 

23 жасында ұшақ тізгіндеген қазақ жігіті жетістігінің құпиясын бөлісті

Сурет: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Борт командирі ұшақтың, ондағы жолаушылардың қауіпсіздігіне жауап береді. Кез келген жағдайға маңызды, соңғы шешімді қабылдайды. Ал екінші ұшқыш ұшақта қандай да бір ауытқушылық болса, оны командирге уақытында жеткізеді. Бір жағдай орын алса, командирдің нұсқауы бойынша әрекет етеді, – дейді Мади Оразбаев.

Сондай-ақ жас ұшқыш ұшақтағы борт командирі мен екінші ұшқыш белгілі бір бағыттар бойынша кезектесіп ұшатынын айтады.

23 жасында ұшақ тізгіндеген қазақ жігіті жетістігінің құпиясын бөлісті

23 жасында ұшақ тізгіндеген қазақ жігіті жетістігінің құпиясын бөлісті

Суреттер: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Жас ұшқыштар алдымен екінші ұшқыш болып қызмет етіп, біршама тәжірибе жинақтайды. Ал борт командирі болуы үшін ұшқыш белгілі бір уақыт жұмыс істеп, көптеген жылдар бойы білімділігі мен біліктілігін шыңдауы тиіс. Сондықтан бұл қызметке орналасу таза маңдай тер мен еңбекті, қажырлықты талап етеді, – деп атап өтті ұшқыш.

Ұшқыштардың үнемі өзімен алып жүретін заттары

Сұхбат барысында ұшқыштардың үнемі өзімен бірге нені алып жүретініне қызығушылық танытып, кейіпкерімізден чемоданында не бар екенін сұрап көрдік. Мади Оразбаев оның ішінде өздеріне қажетті заттарды салып жүретінін айтты.

Шабаданымызда жүретін ең маңызды заттардың бірі – сигналдық кеудеше. Оны біз әуежайға келгенде әрдайым киіп жүруіміз керек. Оған қоса ұшқыш өзінің жеке куәлігін, ұшуға рұқсат етілгендігі туралы медициналық сертификаты мен паспортын алады. Одан кейін түнгі уақытта ұшақты көруге арналған фонаригі, арнайы электронды құрылғылары болады, – деп жауап берді ұшқыш.

Ұшқыштардың жұмыс режимі

Мади Оразбаевтың айтуынша, ұшқыштардың ұшуға берілетін шектеулі уақыты бар.

Бізге 28 күннің ішінде 100 сағаттан артық ұшуға рұқсат етілмейді. Бірақ ол әркезде әрқалай болады. Мәселен, бір аптада 6 күн жұмыс істеп, бір күн демалсақ, келесі аптаның 5 күнін жұмысқа, екі күнін демалысқа арнауымыз мүмкін, – дейді кейіпкер.

Сондай-ақ ол ұшқыштың демалу уақыты міндетті түрде сақталуы қажет деп есептейді.

Ұшқыш күнде рейске шығатын болса, онда оның демалыс уақыты 12 сағатты құрауы тиіс. Жеткілікті деңгейде демалған ұшқыш келесі күнге дайындала алады, – деді ол.

«Аспанда қалықтап ұшу – Алланың берген сыйы!»

Кейіпкерімізбен әңгімелесу барысында алғаш ұшқан кезде қандай сезімде болғанын сұрадық. Ол әуеге көтерілген кез өзін ең бақытты сезінген сәттердің бірі болғанын айтты.

Кез келген ұшқыштың ең алғаш ұшуы ерекше есінде қалады. Сол сәт керемет сезімдерді сыйлайтыны сөзсіз. Себебі бірнеше тоннадан асатын әуе кемесін аспанға көтеру терең білімділік пен үлкен рухты қажет етеді. Әлбетте басында кішігірім қобалжу, қорқыныш сезімдері болуы мүмкін. Дегенмен көкке самғағанда өз-өзіңді мақтан тұтып, мұндай деңгейге жете білгеніңе риза боласың. Аспанда қалықтап ұшу – Алланың берген сыйы! Оның мына әлемде жаратқан керемет дүниелерінің бірі ұшақ деп есептеймін, – деді ұшқыш.

Мади Оразбаев 2020 жылы бірінші рет жеңіл ұшақпен жалғыз өзі Тараз қаласынан Түркістанға ұшып көрген.

Академияда ұшу практикасында болғаннан кейін бізге жалғыз ұшуға мүмкіндік берді. Үлкен жауапкершілікті мойныма артып, әуе кемесін аспанға көтергенде керемет сезімде болдым, – деді ол.

Мади Оразбаев әуекомпанияға жұмысқа тұрғанда алғаш рет Астана-Петропавл бағыты бойынша ұшқан.

Ол кезде ерекше күйде болдым. Өзімнің ұшқыш екенімді сезініп, жолаушыларды бір жерден екінші жерге аман-есен жеткізуді мақсат еттім. Адам өзінің еңбегінің ақталғанын, нәтижесін көргенде риза болып қалады емес пе?!, – деді ұшқыш.

Кейіпкеріміз жалғыз ұшу мен жолаушылармен ұшудың жер мен көктей айырмашылығы бар дейді.

Жолаушылармен ұшатын болған соң мойныңдағы жауапкершілік еселене түседі.  Сол себепті әрбір жасаған іс-әрекетіңе жауап бере алатындай өте тиянақты жұмыс істеуің қажет. Ол қауіпсіздікке тікелей әсер етеді, – деп пікірін білдірді Мади Оразбаев.

Ұшқыштардың айлығы қандай

Көптеген адам ұшқыштың тек жұмысына ғана емес, алатын жалақысына да қызығушылық танытып жатады. Осы орайда біз де бұл туралы ұшқыштан сұрап көрейік деп шештік.

Жалпы ұшқыштардың жалақысына бірнеше фактор әсер етеді. Мысалы, оның білімі, біліктілігі, дәрежесі есепке алынады. Оған қоса ұшқыштың ұшу сағатына да байланысты болады. Әрине көп жыл бойы әуеде ұшып жүрген ұшқыш пен жас ұшқыштың арасында айтарлықтай айырмашылық бар, – деді ол.

Мади Оразбаевтың сөзінше, ұшқыштардың біліктілігі оның жұмыс істеп жүрген жылымен емес, ұшып жүрген сағатымен анықталады. Сондықтан ұшқыш неғұрлым әуеде көп ұшқан сайын, соғұрлым бағалы болып есептеледі.

 «Зейнетке басқа жұмысшылар сияқты шығамыз»

Ұшқыштардың жұмысы қанша күрделі, қауіпті болса да олар ел қатарлы зейнетке шығады. Бүгінде оларға қойылатын қандай да бір жас шектеуі де жоқ.

Біз де басқа жұмысшылар сияқты 63 жасымызда зейнетке шығамыз, – дейді Мади Оразбаев.

Бос уақытын қалай өткізеді

Ұшқыш жұмыстан тыс уақытын пайдалы өткізуге тырысады.

Спортпен шұғылданғанды, жүзгенді, жүгіргенді, таза ауада серуендегенді жақсы көремін. Себебі әрқашан салауатты өмір салтын ұстанамын. Денсаулығым менің жұмысыма тікелей әсер етеді ғой. Сондықтан біз үшін денсаулығымызға күтіммен қарау маңызды, – деді ол.

«Авиация саласының дамуына өз үлесімді қосқым келеді»

Мади Оразбаев болашақта аспанда қалықтап, әлі көптеген бағыттарға ұшқысы келеді.

23 жасында ұшақ тізгіндеген қазақ жігіті жетістігінің құпиясын бөлісті

Сурет: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Кез келген ұшқыш мейлінше көбірек әуеде құстай самғағысы келеді. Сол себепті менің де арманым – көбірек ұшу. Алдағы уақытта ел, жер аралап, еліміздегі авиация саласының дамуына өз үлесімді қосқым келеді, – деп әңгімесін аяқтады жас ұшқыш.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға