23 сәуір - Ұлттық кітап күні

Бүгін елімізде Ұлттық кітап күні аталып өтуде, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл күн Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы қаулысымен 23 сәуір – «Ұлттық кітап күні» ретінде ресми түрде бекітілді. Аталған бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың оқу мәдениетін дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылды.
Президент өз сөзінде былай деді:
Кітапқұмарлық – өте жақсы қасиет. Көптеген елдерде Ұлттық кітап күні атап өтіледі. Біз де осы игі дәстүрді қабылдауымыз қажет. Ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуға тиіспіз. Сонда ғана кітап сүйетін ұлтқа айналамыз.
2025 жылы бұл мереке елімізде алғаш рет кең ауқымда тойлануда. Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен бірқатар мәдени іс-шаралар өткізілуде. Мәселен, «Ұлттық кітап» байқауы аясында соңғы екі жылда жарық көрген үздік туындылар түрлі аталымдар бойынша марапатталып жатыр.
Сондай-ақ еліміздің барлық өңірлерінде кітап апталықтары, әдеби кездесулер, челлендждер мен көрмелер ұйымдастырылуда.
Ұлттық кітап күні – оқу мәдениетін нығайтуға, жастарды кітап оқуға ынталандыруға әрі ұлттың зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Айта кетерлігі, бұл мереке ЮНЕСКО белгілеген Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күнімен тұспа-тұс келіп, халықаралық мәнге де ие.
